ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫНЫҢ ТАҢДАМАЛЫ ЖИНАҒЫ
ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫНЫҢ ТАҢДАМАЛЫ ЖИНАҒЫ
Жуырда Қазақстан Жазушылар одағының мәжіліс залында тағы бір кітаптың тұсауы кесілді. Бұл жолы «Әдебиет әлемі» сериясымен жарық көрген кітап – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Қалижан Бекхожиннің таңдамалы шығармалары.
Тұсаукесер рәсіміне белгілі ғалым-сыншы Тұрсынбек Кәкішев, ақынның жары Заида Бекхожина, кітапты шығаруға мұрындық болған «Қазақпарат» баспасының директоры Қонысбек Ботбай, белгілі жазушы Адам Мекебаев, Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай қатысып, сөз сөйледі. Рәсімді белгілі ақын Бақыт Беделхан жүргізді. Кітаптың тұсаукесер салтанатына ақынның көзін көрген қаламдас достарының жарлары, балалары келіп, мәре-сәре болысты.
Белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев бір кездері ақыннан ұлттық әдебиетіміздің тарихындағы талай шындықтың бетін ашатын баға жетпес мақалалар жарияланған «Садақ» журналының 18 данасын аттай қалап алғанын және асыл мұраны әлі күнге дейін көздің қарашығындай сақтап келе жатқанын тілге тиек етті. Өз сөзінде ғалым: «Қалижан сөз жоқ, қазақтың ұлы ақыны! Олар Хамит Ерғалиев екеуі көзі тірісінде өздерінің классик екендіктерін барша жұртқа мойындата білген ақындар. Құдайға шүкір, еліміз тәуелсіздік алғалы бері қазақ әдебиетінде, әсіресе, ақын-жазушылардың шығармаларын басып-шығаруда үлкен табыстарға жетуде» деген пікірін жеткізді.
Салтанатты жиын кезінде ақын Қалижан Бекхожиннің жары Зайда Бекхожина сөз алып кітапты шығаруға мұрындық болған Мәдениет және ақпарат министрлігі мен баспагерлерге өзінің аналық алғысын білдірді. «Қалижанның таңдамалы шығармаларының жарыққа шығуына үлкен көмек жасаған кең пейілді, дархан көңілді министр балам Дархан Мыңбаевқа, «Қазақпарат» баспасының бас директоры Қонысбек Ботбайға және Қазақстан Жазушылар одағының басшылығына шексіз алғыс айтамын. Қазақ әдебиеті мен өнерін, мәдениетін өркендету жолындағы тынымсыз еңбектерінде зор табыс тілеймін!» – деді Заида апа ағынан жарылып.
Қазақ әдебиеті тағы бір кітаппен толықты. Бұл кітапта ақынның оқырманға көп таралған өлеңдері мен дастандары топтастырылған.