ТҮРКІ ИНТЕГРАЦИЯСЫНДАҒЫ ЖАҢА ҚАДАМ

ТҮРКІ ИНТЕГРАЦИЯСЫНДАҒЫ ЖАҢА ҚАДАМ

ТҮРКІ  ИНТЕГРАЦИЯСЫНДАҒЫ  ЖАҢА  ҚАДАМ
ашық дереккөзі
293

Елбасының Стамбұлға сапары екі ел қарым-қатынасына жаңа серпін беретінін байқатты

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туысқан Түркі еліне сапары Қазақстан және Ресей қоғамында үлкен резонанс тудырып отыр. Стамбұлда өткен Түркия-Қазақстан іскерлік және инвестиция форумында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:

«Біз бүкіл түркі халқының ата жұртында тұрып жатырмыз. 1861 жылы қазақтың соңғы ханы өлтірілгеннен кейін біз Ресей патшалығының, одан Кеңес Одағының боданы болдық. 150 жылдың ішінде қазақ деген халық өзінің ұлттық салт-дәстүрін, тілін, дінін ұмытуға аз қалды. Жаратқанның қолдауымен 1991 жылы біз өзіміздің тәуелсіздігімізді жарияладық. Сіздердің бабаларыңыз атажұрттан бері қарай жылжыған кезде Түркі қағанатының ішінен түрік деген атты өздерімен алып кетті. Қазірге дейін «түркінің ішінде жігіттің сұлтаны, ең жақсы жігіт қандай дегенде – қазақ дейді. Сол қазақ – бізбіз», – деді.

Осының алдында ғана Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге жасаған ресми сапары барысында ресейлік ақпарат құралдары Қазақстанның сыртқы саясатындағы көп векторлық бағытқа нүкте қойылды. Қазақстан сыртқы саясатындағы басты әріптесін айқындады. Ендігі қадам – Еуразиялық одақ деп «уралаған» еді. Алайда Ресейден Түркияға аттанған Нұрсұлтан Назарбаев онда ешкім күтпеген мәлімдеме жасап, әлемдегі 200 миллион түркінің басы қосылса, үлкен күш болатындығын айтты. Осыған орай ресейлік басылымдар, Назарбаевты қазақ-орыс қатынасына жік түсірді деп айыптай бастады. Мәселен, ресейлік www.iarex.ru сайтында тарихшы, тәуелсіз сарапшы, РФ мемлекеттік кеңесшісі Модест Колеров «Три слова о заявлении Нурсултана Назарбаева в Турции» атты мақаласында: «Назарбаев елдегі көп ұлтты халқы мен ондағы бейбітшілікті, Ресейдің және оның президенті В. Путиннің Еуразиялық одақ құру жөніндегі жұмсап жатқан күш-қайратын бағаламайды, баяғыдан келмеске кеткен этникалық пантүріктік жобаны көлденең тартып отыр және сол үшін Күрдістан, Израиль, Иран, Сирия және Ресеймен шиеленісуге дайын. Ол өз сөзінің салмағын түсінбейді және оның бұған дейінгі мәлімдемелеріне қаншалықты қайшы екенін білмейді. Ол өзінің ең жақын әріптесін шапалақпен ұрғанымен қоймай, «Ресей оккупациясын» жазғырмақ». Колеров аталған мақалада бұл іске Президент әкімшілігінің қазіргі жетекшісі, пантюркист Кәрім Мәсімов кінәлі дей отырып, бұның соңы жақсылыққа апармайтынын ескертті. Бұл арада Модест Колеровтің «Күрдістан» деуі, өмірде жоқ, жарияланбаған мемлекетті көлденең тартып, Түркияның жылдар бойғы жарасына тұз себуді мақсат етіп отырған сияқты.

Қазақстан – саяси дамуы тұрақты, 20 жылда бүкіл әлемді мойындатып үлгерген, Түркі дүниесінде алар орны ерекше ел. Сол себепті де ресми Анкара Қазақстанмен қарым-қатынасты өте жоғары бағалайды әрі Түркі әлемінің бас қосуына ықпал етер маңызды әріптес санайды. Елбасы өз сөзінде Түркі кеңесінің мақсаты, міндеті өзара ұқсас түркітілдес мемлекеттердің ортақ ұйымы болып саналатындығын, 20 жыл бойы достық пен келісім аясында өмір сүріп келе жатқан туысқан елдердің жақсы нәтижелерге қол жеткізгендігін айтты. Түркі кеңесін құру ортақ мүдделі, ортақ тамырлы түркітілдес елдердің жақындасуына ықпал етті. Кеңес өзара бірлескен іс-қимылдардың жарқын нәтижесі. Кеңес секретариатының Стамбұлда орналасқаны маңызды. Әлемнің жетекші өркениеттері тоғысқан бұл қала – Түркі кеңесінің дамуының және қалыптасуының киелі мекеніне айналды.

Осыған орай, біз қазақстандық саясаттанушылардың пікірін білгіміз келген еді.

1. Назарбаевтың Ресейге ресми сапарынан кейін, Түркияда түркі бірлігі жайлы жасаған мәлімдемесінің астарында не жатыр?

2. Бұл мәлімдемеге орай сіздің болжамыңыз. Бұдан былай Ресей мен қазақ қатынасында түйткілдер болуы мүмкін бе?

3. Түркі конфедерациясы құрылуы мүмкін бе? Егер құрылса онда Қазақстанның рөлі қандай болмақ?

Сұлтан Әкімбеков,

саясаттанушы, «Азияны

зерттеулер» институтының

директоры:

БҰНЫҢ САЯСИ АСТАРЫ ЖОҚ

1. Біріншіден, бұл Назарбаевтың ресми сапары Түркияға жасалып отырғанымен байланысты. Сондықтан оның өз күн тәртібі, өз тақырыбы болғаны түсінікті. Бұндай жағдайда түркі бірлігі туралы мәселені көтерудің астарында ешқандай проблема жоқ. Ол логикалық тұрғыдан қисынды. Өйткені түркі бірлігі жайындағы әңгімелер көтерілгелі көп болды. Біздің ортақ тамырымыз жайлы жиі сөз болады. Меніңше, бұл саяси әңгіме емес, бұл мәдени деңгейде көтеріліп отырған мәселе. Өйткені саяси деңгейде бұл жобаның жүзеге аса қоюы екіталай. Яғни бұған Түркияға жасалған сапар кезіндегі әңгіме ретінде ғана қараған абзал.

Ал «оның Ресей сапарымен қандай байланысы бар?» дегенге келетін болсақ, мен «Хабар» арнасындағы «Жеті күн» бағдарламасын қарадым. Онда Түркияға сапар жайында Ресейге сапардан бұрын берілді. Осыған қарап-ақ, Ресей мен Қазақстан қатынасында қандай да бір түйткіл бар екенін бағамдауға болады.

2. Қазіргі Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасының деңгейі өте жоғары деп айтуға болады. Ал Қазақстанның Ресейдің отары болғаны жайындағы әңгіменің халықаралық аренада Елбасының аузынан бірінші рет естіліп тұруы – назар аудартады. Өйткені Ресей Қазақстанның отар болғанын үнемі жоққа шығарумен келеді. Оны басқа аспектіде қарастырғанды ұнатады. Ресей империясының құрамында болғанда қазақтарға орыстардың қатынасы ХV ғасырдағы еуропалықтардың басқа отар елдеріндегі халықтарға жасаған қиянатын жасамағандығын ескертумен келеді. Демек, бұл мәселеде Ресей мен Қазақстан арасында өзара түсініспеушіліктің бары рас. Қазақстан соңғы жылдары осы бір тарихи күрделі кезең мәселесін жылы жауып келген еді. Өйткені олар бұл мәселенің екі ел қарым-қатынасына сызат түсіретінін біледі. Яғни Президенттің бұл мәселеге акцент беруінің өзі маңызды. Оның үстіне ол соңғы ханымыз 1861 жылы өлтірілді дегенді айтты. Бұл жерде Елбасы Хан Кенені меңзеп тұр. Хан Кене – Ресей бодандығына қарсы соғыс ашқан соңғы қазақ ханы. Сол себепті де бұл Ресейде жақсы қабылданбайтыны анық. Алайда мемлекетаралық қатынасқа сызат түсіре алмайды. Біз соңғы кездері Ресеймен тым жақын қарым-қатынасқа түсіп кеттік. Дегенмен біз көп векторлы мемлекет болғандықтан, кейбір балансты сақтауды және оны қалпына келтіруді көздеп отырмыз.

3. Меніңше, түркі конфедерациясы туралы бүгін сөз қозғаудың қажеті жоқ. Өйткені түркі мемлекеттерінің көздеген мүддесі, даму деңгейі – тым әркелкі. Түркі мемлекеттерінің өзара интеграцияға байланысты көзқарастары да әртүрлі және өзара қайшылықтары да мол. Алысқа бармай-ақ, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың күрделілігін көлденең тартса да жетіп жатыр. Демек, түркі мемлекеттері арасындағы жақындық идеологиялық тұрғыдан жүзеге асуы мүмкін. Алайда саяси тұрғыдан әлі ерте.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

СЫРТҚЫ САЯСАТЫМЫЗДА БАСҚА КЕЗЕҢ

ТУЫП КЕЛЕДІ

1. Мен елдің сыртқы саясатында басқаша кезеңнің туып келе жатқанына сенгім келеді. Кедендік одақ, Еуразиялық одақ және басқа да интеграциялық жобалар – жақын көршімізбен «бейбіт ажырасудың» механизмдері. Ресей интеграция жайында сөз қозғағанда Қазақстанның ұлттық мүддесіне қайшы келетін мәселелерді көбірек көлденең тартады. Мұндай жағдайда Ресеймен арықарайғы интеграцияға бару – тәуелсіздігіңнен өз еркіңмен бас тарту, яғни мемлекеттің өзін-өзі тұншықтыру болып табылады. Меніңше, Президент Назарбаев осы жағдайды түсінеді. Әрі ол Ресеймен біржақты қарым-қатынастың аяғы халқы ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің баянды болуына нұқсан келтіретінін біледі. Сонымен қатар, оның Ресейге сапары тым сәтті болмағандығы жайлы айтылып жатыр. Ресей Қазақстанды екінші сортты ел ретінде қарайды және біздің тек ел ретінде құрып кетуімізді қалайды. Алайда бұл біздің проблема емес, бұл Ресейдің проблемасы. Алып әлемнің ішінде Ресей оның бір бөлшегі ғана.

2. Жоқ, бұл бірінші рет емес. Оған көз жеткізу үшін оның «Тарих таразысы» кітабын оқысаңыз да жетіп жатыр. Назарбаев бұрынғы саяси мәлімдемелерін қайта жаңғырта бастады. Бұл оны күшті және әйгілі тұлға ретінде танытады.

Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасына сызат түсуі де мүмкін. Ресей өзінің қысым көрсету механизмдерін іске қосатындығын жоққа шығаруға болмайды. Ресей құндылықтар негізінде достасатын және қарым-қатынас жасайтын мемлекет емес. Сондықтан қазірден бас­тап одан іргені аулақ салу керек. Ресей Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасын үзетін болса, барлығынан айырылады. Ал бізге ақпараттық қауіпсіздігіміз туралы мықтап ойланатын кез жетті. Ресейдің сауда және экономикалық тұрғыдан өте нашар әріптес екенін ескеру қажет. Сонымен бірге, сыртқы және қорғану саясатын қайта қараған абзал.

3. Түркі конфедерациясы – бүгін-ертең құрыла қоймайтын, алайда геосаяси стратегиялық жоба. Бұл Қазақстанның тәуелсіздігі мен ұзақмерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.

Сондықтан, бұл іспен Қазақ­станның Сыртқы істер министрлігі, басқа да мемлекеттік ұйымдар шындап кірісуі керек. Бұл – түркітілдес мемлекеттерге жасалып отырған ірі ұсыныс. Ал Қазақстанның ондағы рөлі – өте маңызды. Өйткені Қазақстан тарихи, мәдени, географиялық тұрғыдан түркі мемлекеттерінің басын қосуда ерекше маңызға ие.

Тақырыпқа орай

Қазақ-түрік ынтымақтастығы жайлы Ақпараттық интеграцияның негізін құрушы әрі үйлестірушісі Асқар Омаров мырза ой бөліскен еді.

Бұл — барша түркі әлеміне үндеу

Асқар Омаров,

Ақпараттық интеграцияның түркі миссиясы, үйлестіруші:

Түркі әлемінің бірлігі немесе түркішілдік – 19 ғасырдың соңында пайда болған керемет бастама. Идеология ретінде бұл ұғым Қырым, Поволжья мен Қазақстан түріктерінің арқасында қалыптасты. Посткеңестік кеңістікте ұзақ уақыт бойы естен шығарылған осы идеяға Түркияда кәдімгідей көңіл бөлінген. Өйткені Түркия сол кезеңде тәуелсіздігі бар жалғыз мемлекет еді. Сондықтан қаншама ұлы түркілердің еңбектерін сақтауда Түркияның еңбегі зор. Түрік түркішілдігінің негізін қалаушы Зия Гөкалып: «Барлық түркі ұлттарының ортақ әдебиет пен ортақ ғылыми тілге ие болуы өте маңызды» деп жазуы бекер емес. Ататүрік Мұстафа Кемал өмірінің соңғы жылдары сөйлеген сөздерінің бірінде ерте ме, кеш пе, Қызыл Ресей құлдырап, оның құрамындағы түркі халықтары егемендік алатынын, сол кезде Түркия олардан ештеңе дәметпей, қолынан келгенше көмектесуі керектігін ашық айтты. Ататүріктің ұлағатты ойын КСРО ыдырағаннан кейін дереу жүзеге асырған ресми Анкара сол қарқынынан әлі күнге айнымай келеді. Мәселен Үндістанда тропикалық дерттен зиян шеккен Оспан батырдың сарбаздарын ұшақтармен қалай тасығанын, оларға Түркиядан жер мен жұмыс бергенін еске алсақ, жетеді. Оған гректермен арадағы шиеленісті қосыңыз. 1974 жылы Түркия Солтүстік Кипрдегі түркілерді азат ету мақсатында Грекияға қарсы соғыс ашты.

1991 жыл КСРО-ның ыдырауымен және әлем картасында Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Өзбекстан сияқты жаңа түркі мемлекеттердің бой көтеруімен есте қалды. Ол кезде де ең алдымен көмек қолын созған – бауырлас Түркия. Түріктердің сол кездегі президенті Тұрғыт Өзал бауырлас елдерді жеке-жеке аралап, жан-жақты жәрдемдесуге уәде берді. Уәдесінде тұрды да. Тіпті ресми Анкара Батыстан несие алып, сол ақшаны түркі бауырларға қайтарымсыз көмек ретінде жолдады. Алайда түркі әлемінің бірлігіне қатысты басты мәселелер нақты жүзеге асырыла бастады. Бірінші Түркі мемлекеттері мен автономияларының мәдениет министрлерінің ұйымы – ТҮРІКСОЙ құрылды. Одан кейін Түркі парламенттік ассамблеясының іргетасы қаланды. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы Нахычеванда сөйлеген сара сөздерінен кейін түркі бірлігі жүйелілікке ие болды. Бұл жерде түркі әлеміндегі интеграциялық қадамдардың Еуразиялық Одақты бетке алған саяси тұрғыда тым әсіре әрекеттерден гөрі анағұрлым жақсы жүріп жатқанын айтқан абзал. Мәселен Түркітілдес мемлекеттері басшыларының кеңесі құрылды, ал Астанадағы Түркі академиясы жалпы тарих, тіл, терминология, жазба істерін негізге алды. Экономикалық бірлік процесі жүруде, Қазақстан түрік кәсіпкерлерінің елімізде жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасаған, Түркиядағы қазақ кәсіпкерлері жергілікті әріптестерімен тең дәрежеде тер төгуде.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 200 миллионға жуық түркі әлемінің бірлігі туралы сөзі бүкіл түркі халқын жарқын келешектің уығын бірге көтеруге шақырған үндеуі. Бұл жерде қандай геосаяси қайшылықта өмір сүріп отырғанымыз маңызды емес. Тіпті Кедендік одақтың өзін Қазақстан арқылы Ресейдегі түркі автономияларына түрік компанияларын енгізу арқылы өз мүддемізге сай пайдалана аламыз. Жаһанданудың басты талаптары бірде бір халық жалғыз өмір сүре алмайтынын айтады. Бүгінгі таңда неотүркілік идеология мен бауырлас халықтардың Еуразия құрлығына саяси және экономикалық ықпалы жоғары Суперэтнос бағытына қарай бірге қозғалуы аса маңызды. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан үйлестіруші күшке айнала алады.

Жазып алған

Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары