БАС МҮФТИ – СЫР ЕЛІНДЕ

БАС МҮФТИ – СЫР ЕЛІНДЕ

БАС МҮФТИ – СЫР ЕЛІНДЕ
ашық дереккөзі
298

Адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан кейін мұсылмандардың бірінші әмірі, халифа Әбу Бәкір ас-Сыддықтың он алтыншы ұрпағы – Һисамиддин Сығнақидың туғанына биыл 880 жыл. Ислам өркениетіне сүбелі үлес қосқан ғұлама мен Сығанақтық тағы бір ойшыл Хусам ад-дин Сығнақидың (1240-1317) өмірі мен қызметін біреу білсе, біреу білмес. Хусам ад-дин Сығнақидың бай мұрасын жалпы жұртқа паш ету мақсатында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында игілікті іс-шаралар жүзеге асты. Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының делегациясы жақсы істің куәсі болды.

Дінбасы «Һисамиддин ілімі –Ислам игілігі» атты ғылыми-танымдық конференцияда баяндама жасады. Қазақ даласының даналары мен ғұлама-ғалымдарының өмірі мен шығармаларын зерттеп, құнды деректерді кітап етіп жариялап жүрген Бас мүфти Хусам ад-дин Сығнақи бабаның жазған еңбектерін сонау араб елінен арнайы алып келгенін жеткізді.

«Хусам ад-дин бабамыз араб тілін жетік меңгерген. Оған дәлел, кез келген адам түгілі оқымыстылардың өздері де фиқһ (мұсылман заңы) бойынша жазылған көне еңбектерге түсіндірме жаза алмайды. Хусам ад-дин ас-Сығнақи ханафи мазһабының атақты ғалымы дәрежесіне жетті. Оны ғұламалар: «Даңқты ғалым, имам, мұсылман фиқ­һының білгірі, араб грамматикасын жақсы білген, зеректігімен ерек­шелен­ген», – деп сипаттаған. Ал ортаға­сырлық тарихшы ибн Тағриберди бол­са бабамыз жайлы: «Ірі дін ғалымы, тәпсірші, ғылымды жүйелеуші, «әл Һидая­ның» түсіндірушісі», – деп жаза­ды. Көрдіңіздер ме, қазақ то­пыра­ғынан шыққан ғұламалар тек Исламды қабылдап қана қоймай, оны байытты», – деді Дінбасы.

Жаңақорған қаласында «Һисамиддин Сығнақи» атындағы зәулім мешіт бар. Ол тоғыз жолдың торабында орналасқан. Оны ел игілігі үшін салдырып берген заң ғылымдарының докторы, академик Сұлтан Сартаев та алқалы жиында салиқалы сөз айтты. Академик мінберге шығып, ғұламаның шығармашылығы жайлы ойларын ортаға салды. «Қа­раңыздаршы, бабамыз қаншама еңбек қалдырған. Осыларды не үшін жазды дейсіздер? Мұның бәрі Ислам дінінің игілігі үшін еді. Ендеше біз де бабалар жүрген жолмен жүруге тырысуымыз керек», – деп парасатты пікірімен бөлісті.

Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Хусам ад-дин Сығнақидың ұрпағы үлкен ғалым, академик Сұлтан Сартаевты да 85 жылдық мүшел тойымен құттықтап, оның шығармашылығы туралы, қазақ ғылым, біліміне қосқан сүбелі үлесі жайлы да пікір білдірді.

«Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Шәмшадин Керім жуырда ғана жарық көрген «Сығнақи саңлағы» атты еңбегінде ғұлама бабамыз жайлы ғылыми деректерді кітапқа енгізгенін мәлімдеді.

Белгілі тарихшы-археолог, ғалым, профессор Сәйден Жолдасбаев көптен Сығанақ қаласын зерттеп жүргенін, соған байланысты келелі ойларымен бөлісті.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары