ХАЛЫҚТЫҢ 7 ПАЙЫЗЫ «ХАЛЫҚТЫҚ IPO»-ҒА ҚАТЫСАДЫ
ХАЛЫҚТЫҢ 7 ПАЙЫЗЫ «ХАЛЫҚТЫҚ IPO»-ҒА ҚАТЫСАДЫ
«Халықтық ІРО» бағдарламасына ел арасында күмән мен күдік басым. Саяси шешімдер институтының сарапшылары жүргізген зерттеулердің нәтижесі халықтың 34, 2 пайызы қаражаттың тапшылығына байланысты халықтық IPO-ға қатысуға мүмкіндігіміз жоқ десе, халықтың 30 пайызы бұған сенбейді екен. Ал әрбір төртінші адам бұның не екенін де білмейді. Бұл қарапайым жұрттың бағдарламаға соншалықты қанық еместігін аңғартады. Бұны мамандар халықтың экономикалық сауатсыздығы мен тұрғындардың арасында дұрыс түсіндірілмеуінен көреді.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, ҚР Үкіметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының еншілес және тәуелді ұйымдары акцияларының пакеттерін бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасын әзірлеген болатын. 2015 жылға дейін көзделген «Халықтық ІРО» бағдарламасы ірі әрі тұрақты мемлекеттік компаниялардың акцияларын қор нарығына кезең-кезеңмен шығаруды көздейді. Бірінші биыл «Халықтық ІРО»-ға «ҚазТрансОйл» АҚ шықса, келесі жылы «KEGOC» АҚ, «Air Astana» АҚ, «Қазтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ шығады. Ал 2014-2015 жылдары бұл қатарға «Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ, «Қазтеміртранс» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ кірмекші.
Бір сөзбен айтсақ, «Халықтық IPO» бағдарламасы – бұл бірінші кезекте халыққа арналған бағдарлама. Соған сәйкес, ол бірнеше мақсатты көздейді: біріншіден, Қазақстан азаматтарының еліміздегі ең ірі және беделді компанияларының акцияларына иелік етуге мүмкіндік беру, екіншіден, Қазақстандағы бағалы қағаздар рыногын дамытуды қамтамасыз ету, үшіншіден, ел тұрғындарының қаржылық сауатын арттыру. Осы тұрғыда Елбасы: «Қазір қарапайым адамның мүддесі бірінші кезекке шығып отыр. Біздің басты мақсатымыз – адам, оның мүдделері, тағдыры, білім алуы, еңбекке орналасуы, сапалы тұрғын үй. Жаңа кәсіпорындар, өнеркәсіптің жоғары өндірісті нысандары жоғары кәсіби мамандарды талап етеді. Демек, Қазақстанда өмір өзгеріп, өзіміз айтып жүрген орта тап өсіп шығады», – деген болатын. Бұл – мемлекеттің ұлттық байлығын ел азаматтары арасында бөлу деген сөз. Нәтижесінде қазақстандықтар ең ірі мемлекеттік компаниялардың ортақ иелеріне айналып, олардан тікелей табыс түсіруге мүмкіндік алуға ұмтылмақ.
«Халықтық IPO» – бұл мемлекеттік компаниялардың бағалы қағаздарын халыққа сату жөніндегі кеңінен таралған әлемдік тәжірибе. Мәселен, «Халықтық IPO» алғаш рет Германияда 1930-жылдары іске қосылған екен. Сол жылдары ірі неміс компанияларының акциялары сатылып, бұл қосымша қаражат пен инвестициялық ресурстардың жиналуына, сәйкесінше, экономиканың алға жылжуына өз септігін тигізген. Бұдан кейінгі жылдары бұл бағдарлама Польша, АҚШ, Батыстың өзге де дамыған елдерінде өз нәтижесін берген. Сол себепті, бүгінде нарықтық экономикасы дамыған елдерде мемлекетке тиесілі акциялар пакетінің бір бөлігін орналастыру қор рыногын дамытудың негізгі факторы ретінде саналады.
Бүгінде «Самұрық Қазына» ҰӘҚ «Халықтық IPO» бағдарламасын еліміздің түкпір-түкпіріндегі халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстары бойынша 40-тан астам кеңес өткізілуде. Өткен аптада ақпараттық-түсіндіру науқаны шеңберінде Алматы қаласы және Алматы облысының активімен кездесулер болып өтті. Экономикалық даму және сауда министрлігінің, Ұлттық банк және Қазақстандық Қор биржасының өкілдері қатысқан кеңесте «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев әлемдік тәжірибе негізінде қолға алынған бағдарламаның артықшылығы жөнінде жан-жақты баяндай келе, «Халықтық IPO-ны» іске асыру мақсатында көптеген жұмыстар жасалғанына, оның қағидаттарына сай келетін үміткер компаниялардың белгіленгеніне, сенімді құқықтық қор құрылғанына тоқталып өтті. «Алдымен акциясын «ҚазТрансОйл» шығаратын болады. Біз қазан айының соңына дейін бұл мәселені шешеміз. Әрине, біз уақыттан аздап кешігіп жатырмыз. Бірақ жұмыс бірқалыпты жүруде. Қысқасы, біз осы бағытта тынбай жұмыс істеп, істің жүзеге асуына күш саламыз», – деді Қуандық Бишімбаев мырза. Сондай-ақ ол орын алған азғантай кідірістер «ҚазМұнайГаз» компаниясы директорлар кеңесінің шешім қабылдауының кешігуімен байланысты болды. Қазір бұл мәселе компания басшыларымен жан-жақты қарастырылуда. Бұған дейін екі отырыс өтті. Бірақ та компания тарапынан әлі күнге бағаға, көлемге байланысты әртүрлі көзқарас бар», – дегенді де тілге тиек етті.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев тамыз айында өткізілген зерттеуге сүйене келе, «Халықтық IPO» бағдарламасына қызығушылық танытқан азаматтардың саны 34 пайызға жеткенін айтты. «Оның 7 пайызы бағдарламаға қатысатындығын нақты білдірген. Бұл 500 мыңнан астам адам. Ал Марченко мырза «Халықтық IPO» бағдарламасына 10, 20 мың адам қатысатын шығар деген болатын. Оның қандай зерттеуге сүйеніп айтқаны белгісіз. Әрине, жұмыс істемесек, ақпарат бермесек, насихат жұмыстарын жүргізбесек, жоғары сапалы қаржылық құралдарды шығармасақ, халық бұған жан-жақты қанықпайды, қызықпайды. Біз қазір бүкіл республика бойынша, аудан, шағын елді мекендерде тұрып жатқан халық арасына барып, бағдарламаны түсіндіріп, насихаттап жатырмыз. Мұның нәтижесін де көріп келеміз», – деді ол.
Ал биыл «Халықтық ІРО»-ға шығатын «ҚазТрансОйл» АҚ еліміздің магистралды құбырлардың үлкен жүйесіне иелік ететін компания. Бұл компанияның құбырлары мұнай өңдіруші үлкен мекемелердің барлығы пайдаланады. Елімізде өндірілетін мұнайдың 60 пайызы осы ҚТО арқылы тасымалданады. Компания активтерінде 8 000 шақырым магистралді құбыр, 1 млн. текше метр сыйымдылығы бар мұнай сақтайтын орын мен 35 мұнай тасымалдау стансалары бар. Ал ең бастысы компанияның табыстылығы әлем нарығындағы мұнай бағасына тәуелді емес. Сондықтан да халық компанияға толықтай сенімділік беруіне негіз бар дейді мамандар.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ