ӨМІР – АМАН.., КӨҢІЛ – АЛАҢ

ӨМІР – АМАН.., КӨҢІЛ – АЛАҢ

ӨМІР  –  АМАН.., КӨҢІЛ  – АЛАҢ
ашық дереккөзі
231

Қазақстан Жазушылар Одағының Әдебиетшілер үйінде жас ақын, аудармашы Алмат Исәділдің «Аспантаудан жаңғырып жеткен өлең» атты жыр кеші өтті. Ағымдағы жыл Алмат Исәділдің шығармашылығындағы елеулі кезең болды. Шығармашылығына 20 жыл толған ақын «Жалын» баспасынан жарық көрген «Көкжиекке сіңген жол» атты жыр жинағының тұсауын кесті. Кешке ақынның жақын достары мен белгілі қаламгерлер қатысты.

Ол 1976 жылы 20 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Алғашқы қызмет жолын №2 Кеген орта мектебінде музыка пәні мұғалімі болып бастаған. Республикалық Оқушылар сарайында қызметкер, «Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Елорда» баспасында әдеби редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, «Қазақ радиосы» бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы, «Әдебиет айдыны» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жүргізуші-редакторы қызметтерін атқарған. Қазір «Алаш айнасы» газетінде мәдениет бөлімінің редакторы. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, жыр мүшәйраларының жүлдегері, Сайын Мұратбеков атындағы арнайы сыйлықтың иегері.

Түріктің Ж. Әміре, М. Джевдет, А. Тимучин, О. Рифат сынды танымал түрік ақындарының шығармаларын тәржімалаған. А. Пушкин, С. Есенин, М. Лермонтов, И. Северянин, И. Анненский секілді орыс ақындарының шығармашылығын қазақ тілінде сөйлетті. «ХХІ ғасыр ақындарының антологиясы» сынды жыр жинақтарына өлеңдері енген. «Жолдар, жолдар…», «Көңілалаң», «Көкжиекке сіңген жол» кітаптарының авторы.

Ақын балалықтың бал шақтары қайта оралмайтынын, ендігі жол тек болашаққа бастайтынын өз өлеңдеріне арқау еткен.

Бұл күнде құбылып тұр жегі заман,

Мазасыз күй кешуде мезі қоғам.

«Қорқамын кейінгі жас балалардан», –

Өмір аман болғанмен, көңіл – алаң…

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары