ОНЫҢ АТЫ – БАҺАДҮРБЕК БАЙТАСОВ

ОНЫҢ АТЫ – БАҺАДҮРБЕК БАЙТАСОВ

ОНЫҢ АТЫ – БАҺАДҮРБЕК БАЙТАСОВ
ашық дереккөзі
498
«…біздің балаларымыз бен немерелеріміз… бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады». Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өжеттік пен қайсарлық – қазақ ұлда­ры­ның бойынан табылған асыл қасиет. Міне, сондай қайсарлығымен артына өшпес із қалдырған тау тұлғаның бірі – Баһадүрбек Байтасов. Батыр ағамыз – Кеңес Одағы тұсында шекара қызметіндегі тұңғыш генерал атанған қазақ. Біле білген, бағалай алған ұрпақ үшін оның жүрген жолы, әр ісі ұлағатқа толы. Сондықтан тәуелсіз ел патриотты ұрпақ тәрбиелеймін десек, оның негізін осындай тұлғалардың тағдырынан іздеген дұрыс. Әрине, әр тұлғаның тарихтағы орны бөлек. Дей тұрғанмен бүгінгі әңгіме Бахадүрбек батыр туралы болғандықтан, генералдың есімі қай кезде де шекара қызметімен астарласып жатқанын байқаймыз. КИЕЛІ ТҮРКІСТАННАН ТҮЛЕП ҰШҚАН Баһадүрбек Байтасовтың жастық дәурені, балаң жігіт шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Азаттық үшін қан майданда кеудесін оққа төсеп, от кешкен асыл азаматты бұл сынақ жасытқан жоқ, керісінше жігерлендірді. Ол 1942 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, майданға аттанып кетеді. Екі жыл бойы Оңтүстік-Батыс және үшінші Украина майданында зеңбірекші болып, жаумен жан алысып, жан беріседі. Кейін Сталинград майданында қатарлас жауынгерлермен бірге қалаға жақын келген жау танкілерін асқан ерлікпен тоқтатып, командир мәртебесіне көтеріледі. Майдандағы ерлігі үшін ол Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталады. 1944 жылы жиырма үш жастағы жауынгердің ерлігі ескеріліп, Ленинградтық әскери шекаралық училищеге арнайы білім алуға жіберіледі. Екі жылдан кейін оқуын аяқтаған лейтенант Байтасов Өзбекстанның Термез қаласының әскери отряд құрамына барады. Мұнда да ол азаматтығымен көзге түседі. Ал 1950-1954 жылдары Мәскеуде Жалпы әскери-офицерлерді даярлайтын институтта білімін жалғастырып, алты жыл Қырғызстанның әскери-шекаралық отряд бастығының орынбасары қызметін атқарады. Батыр ағамыздың жайсаңдығы тура­лы Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, генерал Тобаяқов: «Менің генерал-майор Баһадүрбек Байтасовтың қазақтың маңдайалды ұлдарының бірі екендігіне 1974 жылдардан бастап көзім жете бастады. Шынын айтсам, Кеңес тұсында генералдық мәртебегеге сай жарқырап тұрған қаракөздер саусақпен санарлық еді», – деп еске алады. ЕЛДЕГІ ЕРЕН ЕҢБЕК Ол туған өлкеге тек 1960 жылы оралды. Шекара қорғауда жинаған бай тәжірибесін ол бірден ел ісіне бағыттайды. Алғашында Семей қаласының Бахты шекаралық отрядына штаб бастығы болып, ал 1962-1968 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Зайсан шекарашылар отрядында командир болып қызмет атқарады. Өзінің қажырлы еңбегі арқасында полковник Баһадүрбек Байтасов Шығыс Қазақстан шекарашылар отрядының штаб бастығының орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Ал 1972 жылы оған КСРО-ның құрметті чекисі ретінде Кеңестер Одағы Үкіметі Қорғаныс министрлігі генерал-майор атағын береді. Ал 1974 жылы ақиық азамат Қазақ ССР ДОСААФ (әуе және флот, әскери салаға жәрдемдесетін еріктілер қоғамы) комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Ұланды тәрбиелеу – ұлық іс Кеңес үкіметі тұсында жас ұландарды тәрбиелейтін ДОСААФ-тың орны бөлек болды. Мәселен, Ұлы Отан соғысынан кейін әуе күштерін, қорғаныс қызметін қайта жаңартып, жақсарту мақсатында құрылған жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін Кеңестік ДОСААФ-ты отыз жылдан астам Совет Одағының үш дүркін батыры, атақты ұшқыш Александр Покрышкин басқарды. Осындай аңыз адаммен қызметтес болған Баһадүрбек Байтасовтың қанаты астынан да сол кездері талай қайсар қырандар ұшты. Бұған дәлел – дәл осы ұйымда тәрбиеленген ұшқыш-космонавт, Халық Қаһарманы Талғат Мұсабаевтың асыл ағамыз туралы естелігі. Жас Талғат 1978 жылы Алматыдағы ДОСААФ әуеклубына келеді. Бірақ аталмыш клубтың мүшесі болып тіркелуге Талғаттың сол кездегі жасы бөгет болады. Бірақ оның аспанды бағындырсам, «қос қанат бітіп» ұшсам деген арман-тілегін, құштарлығын байқаған генерал өзін өкшелей жеткен інісіне қуанышпен қарап, Покрышкинге тағы бір талантты азаматтың есік қағып тұрғанын жеткізеді. Осылай Баһадүрбек Байтасовтың қолдауымен ұшқыш Талғат Мұсабаевты Покрышкин космонавтар отрядына қабылдаған екен. Байтасовтың басты артықшылығы да­ осы деуге болады. Ол өзінен кейінгі ұрпақтың бойынан ұлттық ұстанымды іздеді. Әсіресе, ел қорғау ісіне барын салатын ұл-қыздарды көрсе, құрақ ұшып, құшақ жаятын. Сол кездері республика көлемінде ДОСААФ-тың 6,6 миллионнан астам мүшесі болыпты. Бұл, әрине, әскери патриоттық саладағы үлкен жетістік деп бағалауға тұрарлық көрсеткіш еді. Қоғам қайраткері Байтасов көпжылғы еңбек демалысына шыққаннан кейін де қол қусырып отырмады. 1987 жылы генерал Бүкілодақтық соғыс ардагерлер кеңесінің және Қазақ КСР Еңбек және соғыс ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі бола отырып, Соғыс ардагерлер кеңесінің алматылық секциясын басқарды. Байтасовтың ел ісіндегі елеулі бір сәті деп 1990 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне демократиялық жолмен таңдалған алғашқы депутат болғанын айтуға болады. Қайта құру және мемлекеттік межелі мұрат жолында сол бір шақта атақты Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов сынды бірқатар ел­ азаматтарымен қатар ағамыз елдік мақсатта еңбек етті. Дәл осы құзырлы орында азат елдің мемлекеттік нышандарын айшықтайтын мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран қабылданды. Жоғарғы кеңестің арнайы жарлығымен «Халық кеңесі», «Советы Казахстана» атты ақпараттық-насихаттық басылымдар жарыққа шықты. Онда депутаттардың қарбалыс жұмыстары, қабылданған заңдар жан-жақты көрініс тауып жатты. Генерал Байтасов осы маңызды кезеңде комитет отырыстарынан бір рет те қалмай, жерге қатысты заң жобаларын реттеуге барын салды. Ол өмірде қарапайым жан болса да, атқарылар шаруаға келгенде жанын салып тұратын азамат еді. Ең бастысы, Баһадүрбек Байтасов – ұлағатты ұрпақ, отаншыл жауынгер тәрбиелеуде өзіндік ұстанымы бар тұлға. Оған дәлел, Қазақ КСР ДОСААФ комитетінде төрағалық етіп жүрген кезінде «Воспитываем пламенных патриотов» атты әскери-патриоттық тәрбие құралының жарыққа шығуы. Бұл еңбек бүгінгі әскери салада, Тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс күшін нығайтуда негізгі бағыт берген бастамалардың бірі болды десек артық айтқандық емес. Ұлағатты жолдан, өнегелі ұрпақ өседі. Баһадүрбек Байтасовтың қыздары Энже мен Назия бүгінде ақ халатты абзал жандар. Назияның бұл саладағы еңбегі жемісті деуге болады, ол кейін медицина ғылымдарының докторы, профессор болды. Баһадүрбек Байтасовтың ел жолындағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазір батырдың өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылып, Алматы және Түркістан қалаларында оның атына арнайы көше берілген. Ең бастысы, Үкімет қаулысымен Түркістандағы әскери-техникалық мектеп асыл азаматтың атымен аталады. Ағамыз 1996 жылдың жазында өмірден өтті. Меніңше, мұндай азаматпен дәм-тұздас болудың өзі бақыт. Елдік мақсат жолына жанын салған ағамыздың аты да оның қандай жан екенін айтып тұр. Иә, ол атына заты сай, ұлтын қалтқысыз сүйген, Отанына адал қызмет еткен біртуар тұлға. Ұрпаққа ұлағатымен ұланғайыр жол салған жан. ӨНЕГЕЛІ ӨРІС Мен ағамызға Жетісай аудандық ДОСААФ комитетінде төрағалық етіп жүрген кезде кездестім. Асыл азаматтың дара болмысы, жарқын бейнесі жүрегімде мәңгі жатталып қалды. Мен еңбек жолымды 1973 жылы шіл­де айында алғашында Жетісай аудан­дық газ шаруашылығының мастері, аз ғана уақыттан соң аға инженер болып бастадым. Бірде Жетісай аудандық әскери комиссариатқа әскери билетті тіркемек болып барғанымда, мені әскери комиссар, майор Жәнібек Райымбеков қарсы алып, әңгіме барысында аудандағы рухты ұрпақ тәрбиелеп, жастарды әскери-патриоттық сезімге баулитын ДОСААФ-ты басқаратын азамат керектігін айтып, «соған лайықты мамансың, осы жұмыста бағыңды сынап көрсең қайтер» деп ұсыныс жасады. Менің 1973 жылы Оңтүстік өңірде Қазақ химия-технология институтының мұнай және газды химиялық технологиямен өңдеу саласының инженер-химик-технологі сынды үш мамандық бойынша білім алып шыққанымды майор білетін еді. Соған қызыққан болар, Ж.Райымбеков облыстық ДОСААФ комитетінің төрағасы Дәулетхан Қожамбердинге аудандық ДОСААФ-ты басқаруға лайықты жоғары білімді маман тапқанын айтып, кейін маған өзі хабарласты. Осылайша менің Кеңес үкіметі тұсында идеологиялық тұрғыдан әскери-патриоттық тәрбие жүргізіп, ДОСААФ-қа алғашқы қадамым басталды. 1974 жылы ақиық азамат Баһадүрбек Байтасов Қазақ КСР ДОСААФ (авиация және флот, әскери салаға жәрдемдесетін еріктілер қоғамы) комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Әрине, жас ұрпақты Отанына, халқына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, от кешіп, Отан қорғаудан да жауапкершілігі зор міндет. Оның тәсілін тауып, талабына сай жүргізе білу үшін де шеберлік қажет. Сондықтан патриот ұрпақ тәрбиелеуге барын салып кіріскен Бахадүрбек Байтасов аталмыш ұйымның жергілікті бөлімшелеріне барып, жұмыс барысын көрді. Асыл ағамызды 1975 жылы Шымкент және Түркістан қаласына келген арнайы сапарында облыстық ДОСААФ комитетінің бастығы Дәулетхан Хайдарұлы Қожамбердин Жетісайдағы аудандық комитетке арнайы ертіп келді. Бұл кезде мен Жетісайдағы аудандық ДОСААФ комитетінің жұмысын барынша жандандырып, аудандық спорт комитеті, аудандық комсомол комитеті, Азаматтық қорғаныс штабы, Әскери комиссариат және аудандық білім бөлімімен бірлесіп біраз шаруаның басын қайырып қойған едік. Жетісайға келген сапарында генерал ағамыз үлкеннің өнегесін жалғастырып жүргенімізге ризашылықпен қарап, ДОСААФ арқылы жеткіншектердің әсіресе, қазақтардың рухын көтеріп, батылдығын, өжет мінезін қалыптастыру маңызды екенін айтып өтті. Мұндай азаматтың сенімі мен үшін де зор жауапкершілік болды. Бұл мекемеде мен тоғыз жыл қызмет еттім. 1973 жылдың қазан айынан бас­тап, 1982 жылдың тамызына дейін Жетісай аудандық ДОСААФ комитетін басқарған кезімде өзге өңірлерде бастауыш ұйымдар құра отырып, кейіннен осы өңірде Жетісай аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі, аудандық, қалалық және селолық советтердің депутаты, Қазақ ССР орталық ДОСААФ және Шымкент облыстық комитеттерінің мүшесі, осы жоғарыда көрсетілген ұйымдарға делегат болып бірнеше рет сайландым. Мұнымен қоса аудандық білім мекемелерінің АӘД (алғашқы әскери дайындық) пәні бойынша оқу жылы аяқталысымен Әскери-сауықтыру лагерін жыл сайын ұйымдастырып отырдық. Сонымен қатар аудандық ДОСААФ комитетінің жанындағы спорттық техникалық клубтың материалдық-техникалық базасын жаңарту кезінде де көздеген мақсатымызды ойдағыдай жүзеге асырып, әскери-патриоттық жарыстардың, қосымша сабақтардың үздіксіз жүргізілуіне басшылық еттім. Осындай шаруалардың барысына Бахадүрбек Байтасов мырза Қазақ КСР Орталық ДОСААФ комитетінің және Шымкент облыстық ДОСААФ-тың бюджетінен қолдау көрсетіп отырды. 1973-1982 жылдары аудандық ДОСААФ комитетін басқарған кезімде 32 мыңнан астам мүшесі тіркеліпті. Оның ішінде Спортық техникалық клубта көлік жүргізу үшін А, В, С, Д, Е категориялары бойынша, ал мемлекеттік тапсырыс негізінде В,С категориялары бойынша жыл сайын 100-ге тарта жас маман даярлап отырдық. Үлкеннен қалған өнеге болар, ДОСААФ-тағы тәжірибе барысы бүгінгі күнде де кәдеге асып жатыр. Байтасов ағамыздың салған сара жолымен патриотты ұрпақ тәрбиелеу ісінде қашанда бас көтеріп жүруді әдетке айналдырдым. Соның бір дәлелі Тәуелсіздіктің жиырма жылдығында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партияның «Жас Отан» Жастар қанаты Астана қалалық бөлімшесі Елордадағы білім мекемелері арасында өткізілген «Найза» атты әскери-патриоттық ойынның ұйымдастырылуына барынша көмектескеніме, жастарға деген қамқорлығыма ризашылықпен алғыс білдіріп, арнайы хат жолдады. Кеңестік ДОСААФ бүгінде «Отан» ЖШС базасы болып қайта құрылғанымен, оның кезіндегі патриоттарды тәрбиелеудегі қауқары мықты болды. Сол кездері Бахадүрбек Байтасовтай «ел, жер қорғап, батыр болсам» дегенді арман еткендер ДОСААФ-қа тартатын. Бір сөзбен айтқанда, азаматтық қоғамдағы арманшыл курсанттар өздерін қарулы күштердің элитасымыз деп сезінетін. Бұл сенім олардың бойы­нан Отанға, елге, жерге, ұлтқа деген сүйіс­пен­шілікті оятты. Өжеттікті, батырлықты, қайсарлықты қалыптастырды. Бүгінгі қоғамда кезіндегі ДОСААФ-тай мақсаты мен ұстанымы ерекше ұйымның, ал оны басқарып, сол мақсат жолында жалынды еңбек еткен азаматтардың ауадай қажет екенін айтпасақ та белгілі. Мұндай идеология ел қорғап, етігімен су кешкен қиын сәтте ерлерімізге ерік-жігер берді. Еліміз азаттық алғаннан кейін алдына қиын, бірақ өмірлік маңызды міндет жүк­тел­ді. Ол өзінің Қарулы күштерін құру еді. «Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады. Атадан жаман ұл туса, көшінің соңы болады» деп Қазбек би айтқандай, бүгінде әуе қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер арқылы өзінің қорғанысын бекітіп отырған Қазақстан алдында ұландарын ұлықты етіп тәрбиелеуде маңызды міндет тұр. Осы орайда, отаншылдықты сөзбен емес, ісімен көрсеткен Баһадүрбектей ағамыздың батылдыққа толы ғұмыры осы саладағы әрбір ұланға ұлағат деп білеміз.
Айтбай МАХАМБЕТ Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

Серіктес жаңалықтары