ТҮГЕЛ ТҮРКІНІҢ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН

ТҮГЕЛ ТҮРКІНІҢ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН

ТҮГЕЛ ТҮРКІНІҢ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН
ашық дереккөзі
226

Нәзір Төреқұлов өзінің қазақ екенін де ұмытпады

Н.Төреқұловтың 20-жылдардағы өзбек баспасөзіндегі журналистік және публицистік қызметі күні бүгінге дейін кең көлемде зерттелген жоқ. Оның «Иштирокиюн» (1918-1920), «Қизил байрақ» (1921-1920), «Туркистон» (1923-1924) сынды өзбек газеттері мен «Шарқ» (1919), «Инқилоб» (1922-1924) сияқты журналдарда жарық көрген өзекті саяси мақалалары, әңгімелері, әлем әдебиетінен жасаған аудармалары болашақ зерттеушілерден айрықша назар аударуды қажет етеді. Сондай-ақ осынау іскер ұйымдастырушының жергілікті өзбек тіліндегі газет-журналдарды жаппай шығаруға ықпалы да түбегейлі зерттеуге сұранып тұр. «1919 жылдың күзінде, – деп жазды өзінің естеліктерінде Нәзірмен қызметтес болған атақты өзбек шығыстанушысы Лазиз Азиз-Заде, – Нәзір Төреқұлов Ташкентте өлкелік комитет жанындағы мұсылман бюросы аударма мен оны редакциялау сапасын бақылайтын редакциялық алқаның төрағасы болады, ал белгілі өзбек ақыны Чолпан оның орынбасары еді. Сол жылдары Ташкентте «Шарқ» журналы, Алматыда «Ұшқын» газеті, Ашхабадта өзбек және түркімен тілдерінде «Садои Фуқаро» газеті, Самарқандта өзбек тілінде «Таяқ» (1919) сатиралық журналы шығып тұрды. Оның үстіне ол 1922 жылдан бастап Ташкентте «Инқилоб» журналын шығаруды ұйымдастырды».

Н.Төреқұлов «Инқилоб» журналын шығарушы редактор ғана емес, сонымен қатар белсенді, терең білімді журналист және публицист ретінде де жарқырай көрінеді. Бірқатар публицистикалық мақалалар жариялайды. Айталық, оның журналда жарық көрген «Бір сөз туралы» (Юсуф Акчураға жауап), «Араб әлемі туралы» деген шығармалары тереңдігімен, отты тілімен таң-тамаша қалдырады. Нәзір журналға Түркістан өлкесіне танымал болған Садриддин Айни, Абдулла Қадири, Чолпан секілді ақын-жазушыларды тарта білді. Сол жылдары оның тікелей ықпалымен «Инкилоб» журналында С.Айнидің «Бұқара жендеттері» повесі мен Абдулла Кадиридің «Өткен күндер» романы, Чолпанның «Кишан» жырлар топтамасы және тағы да басқа авторлардың шығармалары жарық көріп жатты. Нәзір Төреқұлов өз оқырмандарын өзбек, қазақ, татар, түрік, парсы, үнді және орыс классикалық әдебиетінің үлгілерімен таныстырып отыруды батыл ұстанып, Навои, Абай, Тоқай, Тевфик Фикрет, Бедил, Рабиндранат Тагор, Александр Блок және тағы басқалардың үздік шығармаларын жариялады. Татар журналисі Шариф Байчура өзінің Нәзір Төреқұлов жайлы естелігінде былайша толғанады: «Сол жылдары, яғни 1920 жылдың күзінде менің Қазан қаласынан Ташкентке ауысып келгенімді естіген ол мені өзіне шақыртты. Оның кабинетіне кіргенімде мені жасы отыздар шамасындағы жас жігіт күлімсірей қарсы алды. Бұл Нәзір Төреқұлов еді. Ол маған орындық ұсынды да бірден нақты әңгімеге көшті: Сіздің мықты журналист екеніңізді білемін. Мен өзбек тілінде қоғамдық-саяси және әдеби журнал шығаруды ойластырып жүрмін. Мүмкін өзім редактор болармын. Журнал Орталық партия комитетінің органы болуы тиіс. (Түркістан Кеңестік Автономиялық Республикасы – С.С.). Осындай журналды ұйымдастырып, шығару үшін баспа ісінен хабары мол тәжірибелі журналист, бір сөзбен айтқанда лайықты қызметкер қажет. Журналдың жауапты хатшылығына Сізді ұсынсам ба деп едім. Мен ә дегенде не дерімді білмедім. 1918-1920 жылдары Москва және Қазан қалаларында «Исчи», «Қызыл Армия» газеттерінде жауапты хатшы болғанымды, алайда қазір мұнда уақытша аялдағанымды және түпкілікті қалуды ойластырмағанымды айттым. – Оның үстіне, – дедім сөзімнің соңында, – сіздің журнал өзбек тілінде шығатын сияқты. Мен бұрын түрік тілін жақсы білуші едім, сондай-ақ араб, парсы, өзбек тілдерінен де белгілі дәрежеде хабарым бар. Осылай бола тұра қазіргі өзбек тілінде жазып көрмеппін. –Тіл мәселесіне келсек, – деп күле отырып жауап қатты Нәзір Төреқұлов. Мен де өзбек емеспін, менің ұлтым – қазақ. Осыған қарамастан өзбек тілін нашар білемін деп айта алмаймын. Әрине, бұл тілді білуде менің де кемшіліктерім әбден болуы мүмкін. Сондықтан тілдік тұрғыдан келгенде журнал материалдарын редакциялау мен мәтіндерді реттеуде журналдың жауапты хатшысының көмекші қызметіне өзбектің жас жазушысы Абдулла Қадыриды алуды ойластырып қойдым. Менің пайымдауымша, ол бұл шаруаға қабілетті. Қазір тек ұйымдастыру мәселелері ғана қалып отыр. Сонымен, 1922-1924 жылдары жарық көрген «Инқилоб» журналын шығару ісі осылай басталған болатын. Оның алғашқы нөмірі 1922 жылы ақпанда жарық көрді». Нәзір Төреқұлов осы жылдары жергілікті баспасөзде бірқатар ғылыми-публицистикалық, саяси және әдеби мақалалар жариялады. Мысалы, оның «Шарқ ва умумий сулх» («Шығыс және жалпы келісім-шарт»,), «Ұлт мәселесі және мектеп», «Ферғанадағы тарихи күндер», «Өзбек бауырластардың назарына», «Түрік тілі» және басқа шығармалары терең мазмұндылығымен ерекшеленеді. Осы мақалалардың бірқатары, мысалы «Ферғанадағы тарихи күндер», «Қоқан Автономиясы», «Бір сөз туралы» (Юсуф Акчураға жауап), «Ислам және коммунизм» кеңес үкіметі саясатының күшті ықпалымен жазылғанын ашық айта кету керек. Автордың өзге материалдарында (әсіресе «Түрік тілі», «Ұлт тілі және мектеп» т.б.) патшаның жергілікті ұлттарды бір-біріне айдап салуға бағытталған Түркістандағы отаршылдық саясаты қатаң сынға алынды, интернационализм идеялары мен халықтар достығы насихатталды. Нәзір Төреқұлов Түркістандағы Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында биліктің ең биік шыңына шықты. 1918 жылдың көктемінде Қоқан совдепі ревкомының хатшысы болған ол небәрі үш жылдан кейін партиялық және мемлекеттік иерархияның ең биік сатысына көтерілді – Кеңестердің 1921 жылдың мамырындағы кезекті съезінде ТурЦИК төрағасы болып сайланады, РКП (б) ОК-нің Орта Азиялық бюросының мүшесі, Түркістан майданы революциялық әскери кеңесінің мүшесі болды. Революциядан кейінгі Түркістанда Н.Төреқұловтың жоғары мемлекеттік және партиялық қызметтердегі жұмысы сан қырлы болып, түрлі қызмет салаларын қамтиды. Ол Түркістандағы кеңес мәдениеті құрылысының мәселелеріне, білім беру мен ағартудың түп-тамырына ерекше мән берді, осы салалардағы нағыз реформатор болды. Оның идеялары, ой-арманы өзі ұйымдастырған немесе басшылық еткен басылымдарда жарияланған мақалаларынан айқын көрініс тауып жатты. Сол 20-жылдары Түркістан компартиясы ұлтшылдық бұра тарту дейтінмен және ұлыдержавалық шовинизммен табанды күрес жүргізді. Осынау реакциялық көріністермен қарсы күрестің алғы шебінде Нәзір Төреқұлов жүрді. Өзінің «Түркістан Автономиялық Республикасы» деген очеркінде Нәзір жергілікті интеллигенцияның өзін патриот санайтын, бірақ шовинистік пиғылдағы бір бөлігін өздерінің саяси кеудемсоқтық мақсаты үшін басмашылар қолымен елдің экономикасын мүлдем тұралатқысы келеді деп бүкпесіз айыптайды. Сондай-ақ ол мұсылман дінбасыларының реакциялық рөлін, олардың «түземдік қоғамның прогресшіл бөлігіне» қарсы өз күресінде, бір жағынан, өзінің миссионерлер арқылы (мәселен Ташкентте Остроумов) елді орыстандыру саясатын жүргізген патшаның «культрегрлік» үкіметін қолдап, екінші жағынан, мешеу феодалдық-патриархалдық қатынастың негізінде кең жайылған схоластика мен фанатизмді тықпалағанын атап көрсетеді. Нәзір мектепте білім беру мәселесін әрдайым басты назарда ұстады. Ол басшылық қызмет атқарған жылдары бұл проблема республика үкіметінің саясатында басты бағыттардың бірі болды. Бұл проблемалардың барлығы да Н.Төреқұловтың 1925 жылы өткен І Бүкілодақтық мұғалімдер съезінде жасаған «Ұлт мәселесі және мектеп» атты баяндамасы бойынша қабылданған қарарда айқын көрініс тапты (Дәл осындай тақырыппен «Инқилоб» журналының алғашқы нөмірлерінің бірінде оның көлемді мақаласы жарияланған болатын). Публицист, ағартушы Н.Төреқұловты 20-жылдары Түркістандағы ұлттық тілдер тағдыры қатты толғантқан. Ол тұрғылықты этностардың тілдеріне мемлекеттік мәртебе берілгеніне, іс-қағаздарының жергілікті халық тіліне көшірілгеніне, ұлттық мектептер мен кітап өнімдерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының қатары өскеніне шынайы қуанды. Жаңа түркі әліпбиі жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде араб жазуынан латыншаға көшудің қажеттігін негіздеді. Бұл мәселе бойынша өз көзқарасын дәлелдеп Чобанзаде, Агамали-оглы секілді қайраткерлермен қызу айтысты. Латыншаға көшірудің барлық түркі этностарына, ұлттық сезіміне, жазба мәдениетіне қатыстылығын анық біліп, дайындық кезеңінің басты міндеті бір жағынан үгіт-насихатқа мейілінше зейін қою, латыншаға көшуге көмектесетін жергілікті ұйымдарды нығайту, екінші жағынан жаңа түркі әліпбиіне көшуді ғылыми негіздеуді қамтамасыз ету деп санады. Нәзір Төреқұлов 1926 жылдың наурызында Бакуде өткен І Бүкілодақтық түркітанушылар съезінде былай деп атап көрсетті: «… Ең алдымен түркітанушылар съезінің бүкіл түркі дүниесі үшін ерекше прогресті революциялық факт болғанын қадай айтқым келеді, мұны мына мағынада түсіну керек: бұл съезде ескі араб жазуын қолдайтын бір үн шықпады, демек бұл мәселе жөнінде барлық шешендер мен баяндамашылардың жақ ашпағанын ескі араб жазуының, ескі араб сауатының күні өткені, арамыздан біржолата кеткені деп түсіну керек.

…Енді бұл мәселенің қазіргі ахуалына ойысқым келеді. Бәске түскені тек екі әліпби, бұлар – реформаланған жаңа араб әліпбиі және латын әліпбиі… Барлық осынау түркі республикалары мен облыстарында шынын айтқанда жазудың бір графикасы, бір әліпбиі, бір жүйесі жоқ. Татар республикасында әліпбидің яки графиканың бір жүйесін, Қазақ республикасында екінші, Түркімен республикасында үшінші жүйесін енгізуге ұмтылыс бар»…

Кеңестік Шығыс халықтарының жазуын жаңарту мәселелерімен айналысқан Н.Төреқұлов 1928 жылдың қаңтарындағы «Жаңа міндеттер» деген мақаласында былай деп ерекше атап көрсетеді: «… Мұнымен қатар Кеңестік Шығыстың қалың бұқарасы мен алдыңғы қатарлы жұртшылығының жаңа түркі әліпбиін енгізу ісіне көзқарасы секілді маңызды мәселені де аттап кетуге болмайды.

…КСРО түркі-татарлары арасындағы шаруашылық және мәдени байланыстар (әңгіме территориясы шектес, базары ортақ болғандықтан бір-бірімен байланысты халықтар туралы болып отыр; мысалы, татарлар мен башқұрттар, өзбектер, қазақтар және қырғыздар, т.б.) бізден өте икемді, олардың өз диалекті (тілі) негізінде қала отырып, «біртұтас түркі тілінің» көмегінсіз-ақ бір-бірімен араласа алатын жазу жүйесін жасауды талап етіп отыр»…

Айталық, ол өзінің «Түрік тілі» деген мақаласында Түркістандағы ұлттық мемлекеттік тіл туралы баспасөз беттерінде талқыланып жатқан мәселелер бойынша пікірталасқа белсене қатысады. Осыған байланысты Ресейдегі революцияға дейінгі Бақшасарайдағы «Таржумон», Орынбордағы «Шуро» секілді мұсылман баспасөздерінде түркі тілдері мәселелері бойынша жүргізілген пікірталастарға тоқтала келіп, ол өз пікірі мен ұстанған позициясын ашық айтады, осы тақырып төңірегіндегі жекелеген авторлардың көзқарас-пікірлерін сынайды. Сонымен қатар ол татар мұғалімдерінің революцияға дейінгі өзбек және қазақ мектептерінде сабақ беруіне қарсы болуға тырысқан патшаның отаршыл шенеуніктерінің саясатын теріс бағалайды.

«Егер оныншы жылдары, – деп жазады ол мақаласында, – баршаға белгілі генерал Самсонов татар мұғалімдерінің өзбек және қазақ мектептеріндегі сабақ берулеріне тыйым салуға бұйрық берген болса, менің ойымша генерал мырза бұл бұйрықты интернационализм көзқарасы тұрғысынан немесе осы халықтарға берілгендіктен берген жоқ, керісінше ол бұл бұйрықты осы өлкедегі халықтардың мәдениеті мен оқу-ағарту ісінің дамуына қайткенде де кедергі келтіру мақсатымен берді».

«Патшалық самодержавалық кезеңде ұлттық саясат пен оның сипатының астарында не жатты? – деп одан әрі жалғастырады Нәзір Төреқұлов. – Ең алдымен мына жайтты баса айтуымыз керек, патша өкіметі Ресейде орыстан басқа ұлттарды білген жоқ, білгісі де келмеді. Патша самодержавасының барлық бағдарламасы өзге ұлттарды шетқақпайлай отырып, жойып жіберуге немесе баршаны орыстандыруға келіп саяды. Кейбір көшпелі халықты күштеп қоныстандыруды мақсат етті, өзгелерді, мысалы украин, беларусс, тағы басқа халықтарды ұлттық қасиет-бейнесінен жұрдай етіп, ана тілдерінен айыруға күш салды, тіпті украин және беларусс тілдерінде шоқынуға, мінәжат етуге тыйым салды. Олардан өзгелері отаршылдық езгінің барлық қатаң режимін бастан кешірді. Олардың шұрайлы жерлері, шұрайлы жайылымдары тартылып алынып, тау шатқалдарына, жабайы аймақтарға қуылып тасталды, айталық Кавказда дәл осылай болды. Дәл осындай ушыққан саяси жағдайда ұлттарды сауаттандыру ісі жөнінде сөз болуы да мүмкін емес еді.

Қоғамның алдыңғы қатардағы топ­та­рының қазіргі заманғы мектеп ісін ұйым­дастыру жөніндегі әрекеттері басып тас­та­лынды. Патшалық Ресейде ұлттарға білім бе­ру ісіндегі қалыптасқан жағдай дәл осындай бол­ды».

Нәзір Төреқұлов бірқатар мақалаларында, мысалы «Идорадан» («Басқарма») («Инқилоб». 1922. №3), «Жасорат» («Ержүрек») («Қизил байрақ». 1922. 24 шілде) атты шығармаларында кез-келген ұлттық әдебиет пен мәдениеттің өз дамуында әлемнің өзге әдебиеттерінің идеялық-көркем тәжірибесімен молыға түсуі қажеттігі жөнінде өзекті мәселе көтереді. Ол әлем әдебиетінің озық үлгілерінің аудармасын насихаттау мен жариялауды өзбек баспасөзінің аса маңызды міндеттерінің бірі деп есептеді.

Нәзір Төреқұловтың бай мұрасы оның өткен ғасырдың 20-жылдары тек өзінің ұлттық әдебиеті мен мәдениетін тиянақты оқумен және терең білумен шектеліп қалмағанын айқын дәлелдейді, ол сондай-ақ әлемнің өзге халықтарының да озық әдебиеті мен мәдениетінен терең сусындаған. Бұған оның «Жасорат» («Ержүрек») мақаласы нақты дәлел бола алады, мұнда автор революцияға дейінгі Түркістанда шығып тұрған «Таржумон», «Қуеш», «Онг», «Шуро» сияқты татар тіліндегі газет-журналдардың және олардың Аяз Исхак, Фатих Амирхан, Галимиджан Ибрагимов секілді озық ойлы жазушылары мен сыншыларының ағартушылық рөлі жөнінде зор құрмет сезімімен еске алады.

Нәзір Төреқұлов Түркістан баспасөзі мен әдебиеті қайраткерлерімен байланысын ешқашан да үзген жоқ. Ол Мәскеуде КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы бола жүріп өзбектің белгілі ғалымы әрі драматургі Фитраттың «Қиямат» («Қиямет». – М., 1923) атты сатиралық әңгімесін жариялайды, оның алғысөзін өзі жазады, тәжік-өзбектің ірі жазушысы Садриддин Айнидің «Материалы к истории Бухарской революции» атты тарихи шығармасын жарыққа шығарады (М., 1926). Сондай-ақ оның тікелей бастамасымен әрі нақты қолдауымен Чолпан Елена Зартаның «Девона», «Кухи Малак», «Мироб» деген әңгімелерін, А.Мордвинконың «Крестьянин-большевик» атты әңгімесін орыс тілінен өзбек тіліне аударады.

Ол Мәскеуде 1923 жылы өзбек тілінде жарық көрген Фитраттың «Қиямат» атты әңгімесіне жазған алғысөзінде автор шығармасының идеялық-тәрбиелік маңызына ерекше тоқтала келе, бұл әңгімені Данте Алигьеридің «Божественная комедиясымен» салыстырады.

«Осы бағытта, – деп жазады Нәзір Төреқұлов, – Фитраттың «Қияматы» өзбек әдебиетінде ерекше орын алады. Бұл шығарма, қайта өрлеу дәуірінің көптеген шығармалары сияқты діни фанатизм мен тасқараңғылыққа қарсы күрес ашады».

Нәзір Төреқұлов С.Айнидің кітабына жазған алғысөзінде бұл кітаптың маңызы оқырмандарды Бұқараның соңғы әміршісі Эмир Алимханның өмірімен, сондай-ақ Бұқарадағы жадид қозғалысының тарихымен хабардар етуде жатыр деген байлам жасайды. «Біз, – деп жазады ол, – осы кітапты оқып шыққан әрбір жас адам, әрбір революционер өлкенің таяуда өткен күндерімен таныс болады, содан өздерінің тиісті қорытындыларын шығарады». Нәзір Төреқұлов КСРО Орталық Атқару Комитетінің жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы ретіндегі өз қызметінің жаңа кеңестік мемлекетте ұлттық мәдениеттерді дамытудағы маңызын тамаша түсінген еді. Орталық баспаның 5 жылдығына арналып 1928 жылы маусымда өткен мерекелік мәжілісте оның басшысы ризашылықпен былай дейді: «… Орталық баспа әртүрлі ұлттардың сан миллиондаған бұқарасының кеңес мәдениетінен сусындауына жүйелі жол салып берді, өзі құрылған қысқа мерзімде бірде бір елде болып көрмеген кітап өнімдері базасын жасай алды. Бес жылда ол оқулық, ғылыми-бұқаралық, қоғамдық-саяси, көркем, ауылшаруашылық және басқа әдебиеттің 59959713 данасын 50-ден астам ұлт тілдерінде шығарды. Кітап өндірісін жасау, нығайту және дамыту ісімен қатар Орталық баспа ұлттық мерзімді басылымдар жасап, оларды жақсарту және тарату мәселелеріне байыпты көңіл бөліп келеді. Қазіргі кезде ол 12 тілде 21 мерзімді басылым шығарып отырғанын айтсақ та жеткілікті». Нәзір Төреқұловтың бойында болған саяси көшбасшының, көрнекті оқымыстының және публицистің, дарынды дипломанттың белгілері осындай болды. Осы орайда оның бауырлас өзбек халқының алғашқы кездегі баспасөзін ұйымдастырудағы рөлі орасан зор еді.

Сейдулла Садықов,

Қожа Ахмет Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары