...НАМАЗ ОҚЫ, ҚҰРБАН ШАЛ

...НАМАЗ ОҚЫ, ҚҰРБАН ШАЛ

...НАМАЗ ОҚЫ, ҚҰРБАН ШАЛ
ашық дереккөзі
554

26 қазан – Құрбан айттың бірінші күні

Бұл – қасиетті Құранның «Кәусар» сүресіндегі бұйрық еді. Жаратқанның жарлығын сүйікті Пайғамбарымыз бұлжытпай орындап, кейінгілерге құтты, һәм ғибратты құлшылық қылып қалдырды.

– Уа, Аллаһтың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрады сахабалар.

Құрбандық шалу – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті.

Одан бізге сауап бар ма?

Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.

Хазіреті Ибраһимнен (а.с.) бері жал­ғас­қан қажылықта орындалатын құрбан (һәди) шалу Аллаһ Елшісі (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударған соң, хижраның екінші жылы барша мұсылманға ортақ құлшылық саналды. Осы кезден бастап айт намазын оқу және құрбан шалу (шамасы жеткендерге) уәжіп (міндет) болды.

Мерейлі міндетті Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім мүмкіндігі келіп тұрып құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп ескертті.

Құрбан – Жаратқанға жақындау. Құрбандық шалу – құлшылық ниетімен, шариғат шартымен жүзеге асуы қажет. Құрбан шалудың көптеген пайдасы мен хикметі бар. Ниеті – Аллаһ Тағаланың ризашылығына бөлену үшін айтылған құлшылықты орындау. Мал шалғанда ниеттің маңызды екенін Құран Кәрім былайша көрсетті: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаһқа жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық (Аллаһқа деген құрмет)» («Хаж» сүресі, 37).

Құрбандық шалу кімдерге уәжіп? Біріншіден, мұсылманға, екіншіден, балиғатқа толғанға, үшіншіден, Құрбан айт уақытында жолаушы болмаса, төртіншіден, негізгі қажеттіліктерінен тыс нисап мөлшерінде қаржысы (85 грамм алтын яки соның құнына тең) барға құрбандық шалу – уәжіп. Алайда осындай байлығы болмаса да жағдайына қарай құрбандық шалғысы келетіндерге тосқауыл жоқ. Тіпті құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылман: «Раббым, мүмкіндігім болғанда мен де құрбандық шалар едім», – деген шынайы ниетін білдірсе, мейірімді Раббымыз оған құрбандық шалғандай сауап береді екен.

Сондай-ақ әйелдің меншіктік байлығы нисап мөлшеріне сәйкессе, оған құрбан шалу – уәжіп, немесе жоғарыда айтқанымыздай нисабы болмаса да, мал шалуға ниеттенсе, әйел де құрбандық шала алады.

Аллаһ Тағаланың бұйрығын орын­дау­шының екі дүниеде сауабы мен ризығы мол, жүзі жарқын болмақ. Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтады: «Адам баласы Құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан абзал басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен сыйға жетеді. Құрбандықты көңіл ризашылығымен шалыңдар».

Құрбан шалудың уақыты – Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз қалғанға дейін жалғасады.

Құрбан айтта шалынған құрбандықтан құрбан шалушы ет жей алады. Құрбан етін үшке бөлсе, ұнамды іс. Бір бөлігі – туған-туысқа, көршілерге бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей, мұқтаж, пақыр, міскін кісілерге, үшіншісі – өз отбасы, бала-шағасына берілсе, нұр үстіне нұр болмақ. Құрбан етін кедей-кепшіктерге түгел беруге де болады.

Құрбандыққа шалынатын малдар: қой, ешкі, сиыр, түйе. Бұлардың еркегі де, ұрғашысы да құрбандыққа жарамды. Қой мен ешкі кемінде бір жасар болуы керек. 6 айлық марқа бір жасар қойдай болса, құрбандыққа жарамды. Ешкі міндетті түрде жасқа толған болуы қажет. Сиырды 2 жасқа, түйені 5 жасқа толғанда құрбандыққа шалады. Құрбан малы сау, етті, дене мүшелері түгел болғаны дұрыс.

Қой мен ешкіні бір ғана адам құрбандық ретінде шала алады. Ал ірі қараны бір кісі жеке де, жеті кісі бірігіп те құрбандыққа сояды.

Жағдайы жоқ, мүмкіндігі аз адам­дар­дың атынан құрбан шалу – сүннет.

Құрбан шалуы уәжіп кісі кей жағдайларымен қолы тимесе, басқа бір адамды байланыс құралдары арқылы өкіл ретінде тағайындап, құрбандығын шалдырады.

Дүниеден өткен кісінің атынан ол өсиет етсе де, өсиет етпесе де құрбан шалуға болады. Бірақ оның етін толық таратқаны абзал.

Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкруһ. Кедейлердің садақасына ортақтасуды көрсетеді бұл. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды.

Осы жерде айта кететін жәйттар баршылық, елімізде, Құдайға шүкір, жыл өткен сайын Құрбан айт тәп-тәуір мерекеленіп келеді. Алайда Құрбан айт күндерінде кейбір келеңсіздіктердің де кездесетінін естіп те, көріп те жүрміз. Мысалы, кейбір тиісті орындарда құрбандық еттерінің тиесілі адамдарға жетпейтіні, әлдебіреулердің оны бауырына басып қалатыны рас.

Қысқасы, құлшылық ниетіндегі адал асқа пайдакүнемдер абайлап қараса, кісі ақысын естен шығармаса дейміз. Керісінше – құрбандыққа шалынатын малдың Аллаһтың берген теңдессіз несібесі екенін көпшілікке жеткізуге асығайық!

«Кімде-кім Аллаһтың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса, күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан», – деп келетін аятты («Хаж» сүресі, 32) әрдайым амалымызға басшылық етейік.

Енді дініміздегі ең басты екі мейрамның бірі – Құрбан айтқа тоқталайық. Айт – араб тілінде «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Айт намазын оқудың уәжіптігі Құранда да, сүннетте де айтылды.

Аллаһ Елшісінен (с.а.с.) үлгі боп қалған екі айт намазына бүгінде әлем мұсылмандары жаппай қатысады. Оның ішінде, сөз жоқ, қазақстандық мұсылмандар да бар. Шомылып (ғұсыл), әдеміленіп, таза, әсем киініп, хош иістеніп, көтеріңкі көңіл күймен айт намазына бару – жақсы амал.

Аллаһ Елшісі (с.а.с.): «Біздің бұл күнгі жасайтын алғашқы ісіміз – намаз оқу, содан соң құрбандық шалу. Кім осылай істесе, сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалса, оның отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ» – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертті.

Хадистерде құрбан айттың алғашқы күнінің қадір-қасиетін: «Аллаһ үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні», – деп көрсетеді.

Айт намазынан соң Құрбан шалып, мейраммен құттықтасып, қазан көтеріп, сый-сияпат жасасып, ата-анаға, туыс-туғанға, дос-жаранға, көрші-қолаңға зиярат қылысады. Шүкір етіп, тәубеге келіп, ренжіскендер татуласады, кетіскендер табысады.

Сонымен, хош. Біз сіздерге бір апта бұрын Құрбан айт және құрбан шалу жөнінде қысқаша мәлімет беруге тырыстық.

Арафа күнгі тілектер, Айт күнгі құрбандықтар қабыл болсын!

Құрбан айт құтты болсын!

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары