КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ТЫНЫСЫ АШЫЛДЫ

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ТЫНЫСЫ АШЫЛДЫ

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ТЫНЫСЫ АШЫЛДЫ
ашық дереккөзі
415

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы Елбасының «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген болатын. Бүгінге дейін аталмыш бағдарлама аясында 30 мың кәсіпкер кәсібін өрге домалатса, 19 мың жаңа жұмыс орны құрылды.

Ал бүгінде жаңадан 3 мың жұмыс орнын құру жоспарда бар. Бағдарламаның үш бағыты бойынша субсидиялауға жалпы несие сомасы 555 миллиардтан астам теңгені құраған 1904 өтінім мақұлданған көрінеді. Биыл бағдарламаны жетілдіру мақсатында кәсіпкерлерге қайтарымсыз несие беру жүйесі де енгізілді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе облыстары белсенділік танытса, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстары бұл бағыттағы жұмыс барысы бойынша төмен көрсеткіш көрсетіп отыр.

Ағымдағы жылдың 30 шілдедегі жағдайына қарасақ, бағдарламаның 3 бағыты бойынша Өңірлік үйлестіру кеңесі субсидиялауға жалпы құны 528,33 млрд. теңге болатын 1717, оның ішінде несие бойынша кепіл беру үшін жалпы құны 14,32 млрд. теңге болатын 56 өтінім мақұлданған. Сондай-ақ, жалпы құны 11,1 млрд. теңге болатын 44 жоба бойынша кепілдер келісіміне қол қойылыпты. Ал 263 кәсіпорын үшін инвестицияның жалпы сомасы 49,01 млрд. теңге болатын өндірістік инфрақұрылым­ның жаңарту және құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетерлік жайт, бүгінде «Шағын және орта кәсіпкерлікті топ-менеджментке оқыту» бағыты бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жоба 2010 жылдан бері Германиямен, ал 2012 жылдан бері АҚШ-пен бірлесіп жұмыс істеуде. Мұндай оқытуларға жалпы қаты­сушылар саны 2011 жылы 501, 2012 жылы 82 адам болды. Қатысушылардың басым санын ақпарат және байланыс, денсаулық сақтау, металл өңдеу, өндіріс, машина және құрылғылар жөндеу салала­рының кәсіпкерлері құраған.

«Іскерлік байланыс» жобасының екінші кезеңі шеңберінде қазіргі таңда Германияда 58 адам, АҚШ-та 10 адам тәжірибеден өтуде. Әрине, шетелмен байланыс мемлекеттер арасындағы іскерлік байланысты арттырмаса, кемітпейді. Бұған дәлел – былтыр еліміз неміс компанияларымен жалпы сомасы 400 000 еуроны құрайтын келісімдерге қол қойған.

Елімізде шағын және орта кәсіпкер­ліктің көкжиегін кеңейтуге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы «Ірі компаниялардың жанында шағын және орта бизнесті дамытудағы әріптестік» жобасы да барынша ықпал етуде. Бұл ха­лықаралық ұйымдар, мемлекет және ірі компаниялардың әлеуетін біріктіре отырып өңірлерде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мақсатында жүзеге асырылады. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі: «Тәуелсіздік жылдары шағын және орта бизнес 35 еседен астамға өсті», – дегенді ерекше екпінмен айтқан болатын. Әрине, бұл аталмыш бағдарламаның нақты жемісі.

Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тапсырмасында халықты жұмыспен қамту саласына да айтарлықтай көңіл бөлді. «Тәуелсіздіктің екі онжылдығы ішінде жұ­мыс­пен қамту саласы аса зор өзгерістерге тап болды. Жұмыспен қамтылған халықтың саны 700 мыңнан астам адамға өсіп, 8,4 миллион адамға жетті. Халықтың елеулі бөлігі 90-шы жылдары «мәжбүрлі жұмыссыздық мектебінен өтті». Көптеген адамдар еңбекті өз бетімен ұйым­дас­­тыру­ға, еңбек біліктілігін өз бетімен алмастыруға қабілеттілік көрсетіп, бизнесмендерге айналды. Әрине, олардың арасында мемлекет тарапынан мақ­сатты түрдегі қолдау құралдарын пайдалана білушілер де болды. Бүгінгі күні біз индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру үстіндеміз. Бұл – ел болашағы үшін нөмірі бірінші мәселе.

Жаңа жұмыс орындары құрылуда. Бірақ біз жұмыс­сыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтылмай­тындығын да көріп отырмыз. Өкінішке қарай, адамдар арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психология сақталып отыр. Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет! Жаңа біліктілікті меңгеру және зауытқа, өндіріске бару керек. Жас та және ересек те қазақстандық бос отырып, бәрін де сынай бермей жұмыс бар жерге, нәпақа табатын жерге қарай ұмтылулары керек! Басқа елдерде адамдар жұмыс үшін алыстағы шет мемлекеттерге барып, ешбір кепілдіксіз еңбек етуде. Ал біз өз елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сондықтан жұмыс бар жерге бару керек. Біз былай да жинақы, көшіп-қонуды көп бастан кешкен халық емеспіз бе!

Жұмысы бар халықтың үштен бір бөлігін «өзін-өзі еңбекпен қамтығандар» дейтін топтар құрайды», – деп қадап айтқан болатын.

Осы ретте бағдарлама кәсіп­кер­лікпен айналысқысы келетін­дерге жеңілдетілген несие беру жәйін қарастырған. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау. Әрине, мемлекет кәсіпкерлерге жүз пайыз кепіл болмайтыны түсінікті. Дегенмен еліміздегі екінші деңгейлі банктер сырттан қарыздар тартқанда ғана мемлекет кепіл бола алады. Дәл осындай жағдай шағын және орта кәсіпкерлерге де жасалса дейтіндер көп арамызда. Алайда, кәсіпкерлерге кеңес беретін орталықтар еліміздің барлық аймақтарында бар десек, артық айтқан болар едік. Әзірге мұндай орталықтар еліміздің ірі қалалары – Алматы мен Астанада қарқынды жұмыс істеуде. Кейінгі кезде «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қоры «Кеңесші» жобасының шеңберінде кәсіпкерлер үшін қажетті кеңес беруді бір ізге қоя бастады. Игі бастамаға жер-жердегі кәсіпкерлікті қолдау департаменттері қолдау көрсетсе, кәсіпкерлер үшін үлкен көмек осы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары