МЕЙІРІМНЕН ЖАРАЛҒАН ЖАН

МЕЙІРІМНЕН ЖАРАЛҒАН ЖАН

МЕЙІРІМНЕН ЖАРАЛҒАН ЖАН
ашық дереккөзі
276
Ол туралы қатарластары «мақтана білмейтін, мақтағанды ұнатпайтын» адам деп баға берген екен. Тіпті, қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов кезінде: «Ілияс Омаров әр кезде озық ойлар салып, жазушының да, оқушының да талғам-талабын тереңдетіп отыратын әділ сыншылардың бірі екен. Әдебиет тіршілігінде түшкірікпен кететін тұмаулар, түп төркіні әріден келе жатқан қышымалар, «алаштың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін көзқарастар кездесе береді. Ілияс марқұм мұндайлардың бәрінен де таза адам еді. Тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас-бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай, азамат арына – адамгершілікке, әділеттікке, жолдастыққа, достыққа кір жұқтырмай өткен бір адам Ілиястай-ақ болар», – деген екен. Ең бастысы, Ілияс Омаров – ізгіліктің, жақсылықтың нұрын шашқан жан екенін ешкім жоққа шығармайды. Ол қазақтың ұлттық өнеріне, мәдениетіне, қазақтың ұлттық болмысына адалдық таныта білді. Ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған жанашыр азамат жоғары қызметтерде жүрсе де, қолынан бір уақыт кітабын тастаған емес. Жалпы, Ілияс Омаров – зерделі өнер зерттеушісі әрі ұлттық мәдениетіміздің ұстазы болған өзгеше дарынды өнертанушы. Оның барша шығармашылық еңбегі қазақ халқының әлемдік көркемөнерде өзіндік орнын алуына арналған. Соңғы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асқаны белгілі. Осы бағдарлама аясында қазақтың әндері мен күйлерінің толыққанды антологиясы жазылып, жарыққа шығуда. Бұл еңбектер ұлтымыздың рухани қазынасының алтын қорына айналып келеді. Ілияс Омаров өзінің рухани інісіне айналған ақын Жайсаңбек Молдағалиевке бір кездері: «Менің дұшпаным – жіберген қателерім. Қатемді түзеу дұшпанымды мұқатуым секілді сезім береді», – деген екен. Ақынға хаттарын, қолжазбаларын беріп тұрып: «Қысылмай реттей бер. Інім, ендігі Омаров сол қағаздарда. Сол Омаровтың болашағына тілектес болыңдар!» – деп тапсырған екен. Аға аманатын орындау – ініге парыз. Ақын Жайсаңбек Молдағалиевтің қолында қалған сол хаттар, сол қолжазбалар бүгінде кітап болып, оқырмандарымен қауышып жатыр. Бүгін біз жинақтап, оқырманға ұсынып отырған хаттар да Ілияс Омаровтың жүз жылдығы қарсаңында «Ана тілі» баспасынан жарық көрген қоғам қайраткерінің «Өмір мен өнер» атты кітабына топтастырылған екен. Сол хаттардың бір парасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. ХАТТАР… ХАТТАР… ХАТТАР… Қадірлі Ілияс! Ертең бірінші май. Мейрам. Күн бүгін ашылды. Көптен бері көз аштырмай қойған қайталама жауынның да сабасы сарқыла бастаса керек. Көк дүние тамылжып тұр. Өзіңе таныс тауетек шақ басталғалы келеді. Анау бір күні дала шақырғандай болып, демалыс күндерінде Іле жағына шығып кетіп едім, қайтып келсем сен кетіп қалыпсың. Көріспей қалғанымыз – мен үшін үлкен өкініш болса да, өзіңе оң сапар болғай-ақты. Жалғыз мен емес, сені білер мыңдардың тілегі осы ғой. Мәжікен сенің адресіңді бүгін біліп берем деп уәде етті де, мен хат жазуға кірістім. Әркім өз мұңымен, өз қуанышымен болатыны белгілі ғой. Мейрам күндеріне алыстан-ақ әзірленгендей екенбіз, биыл бірақ көңілді күлкі, сарқылмас қалжың болмайын деп тұр. Сондықтан, әдетке кірген бас қосу, бас тарту болғалы тұрса да, кейбір көңілдер жүдеу болар білем. Сен, Горький жазған сұңқардай, ойың жоғары, арманың жоғары, биікті шарлаған, жерде жорғалауды сүймейтін адамсың. Өмірінде әлденені арман ете алар адам сол арманның ең биігіне шығуды да арман етеді. Ешкім оған да жете алмайды. Ұзақ сапар жолында кездескен аз кедергіге қиналмауыңды, өзіңді-өзің мүжімеуіңді кеңес етер едім. Қызуың басылмаған жассың, кейде сондайға назаланып кетуің мүмкін. Саған бір керексізі сол болар. Қаны суынған шалдар, әрине, ақылгөй келеді. Өздері қызына алмаған соң, қызынғанға қызыға да қарайды, үміт-арман дегендер қызусыз келе бермейтінін біле тұрса да сабыр тілейді. Алайда әр қызудың уақыты, орны бар ғой, кейде көп нәрсені сабыр жеңетіні де болады. Ғабиден осымен жеңеді. Ал, Ілияс, мейрам құтты болсын! Ұлы мейрам қайда да, қандай жағдайда да қуантпай, көңіл көтермей қоймайды. Аз күнге кездескен жаңа қауымның ортасында барлық дос қоғамыңмен, жүрегі бірге жан қиярларыңмен бірге отырғандай сезін! Біз мұнда сені ортамызда сезінеміз. Елге тезірек оралуыңды тілеп – Ғабит. 29-30 көкек, 1970 ж. *** «Қымбатты Николай Иванович!» Сізге кіріп шыға алмадым, кешіріңіз. Әрі кіруге болмайды деді. Білесіз ғой, қашанда өзіңізбен бірге екенімді. Мен де көптен сырқатпын. Москваға жүріп барамын, операция жасайды. Сәтті болар деп сенем. Сіздің де тезірек сауығып шығуыңызға тілектеспін. Өзіңізді аса қадірлеуші Ілияс Ома­р­ов. 10 желтоқсан, 1968 жыл. Алматы. Қ.ЖАРМАҒАМБЕТОВКЕ! Құрметті Қайнекей! Қаптаған цифрлардың арасынан кейде мойнымыз көтерілсе, еріксіз көзіміз әдебиетке түседі. Кейде сүйсіне қарасақ, кейде күйіне қараймыз. Күйінетініміз – кейде цифрлар өлеңдерден қызығырақ болады. Сүреңсіз, сүзектен тұрғандай жүдеу, аш мысықтай арық өлеңдерді көргенде жүрегің айниды. Ұйқас желімен құрастырған, ілінген бірдемелер. Асыл тастай жарқылдап тұратын өлеңдер де кездесіп қалады. Ондай кезде өзің жазғаннан кем қуанбайсың. Өзім Алтайды жақсы көретін болған соң, «Алтай ұясы» деген өлеңіңді зейін қойып оқып едім. Әр жерінен астын сызып, «бюрократтығымызға» салып, бұрыштама жазып, қағаздарымның ішіне салып қойып едім. Бүгін «татарларым» қағаздарың бұрқырап кетті, тәртіпке салсайшы деп әмір еткенсін, көп қағаздың ішінен сенің өлеңіңнің үзіндісі шыға келгені. Менде жай жата бергенде не қажет бар деп, осы үзіндіні өзіңе жібергелі отырмын. Менің барлық бағам – бұрыштамада айтқаным. «Жол түсіп араласаң Алтай маңын, Көресің тарлан таудың қартайғанын, Тентек жел, долы нөсер әжім салған, Жартастың тынығуға жантайғанын». Мінеки, тарих, шындық, көркем теңеулер осылай жымдасу керек. Сонда ғана өлең поэзияға айналмақ, поэзия қоры байымақ. Тек поэзияның қарышы мол болғанда ғана бір ауыз өлеңмен шағын романдық өмірді беруге болады. Артық кетсе де айтайын: осы төрт ауыз өлең – әдебиет табысына лайықты сый. Автордың өзі қиып алып қойғанынан, оқушының қиып алып авторға жіберген үзіндісі қымбаттырақ бола ма деп отырмын. Құрметпен Ілияс Омаров, 6.11.65 жыл. И.П.ШУХОВҚА! Қымбатты Иван Петрович! Уақыт неткен жүйрік еді. Міне, сіз де 60-қа келіпсіз. Сенгің келмейді-ақ, Сіз ірі ой мен жоспардың шеберісіз ғой. Шығармаларыңыз уақыт талабына төтеп беріп келеді. Оған қоса, мен Сізді әрі әділ, әрі жаны таза кісі деп танимын. Өзім және өзім секілділерге Сіздің жазу мәнеріңіз, дарыныңыздың сан қырлы бояуы, халықтық жылы юморыңыз ұнайды. Сіз жазған (қаламыңыздан туған ірі романдарды айтамын) шығармалар тарих үлесіне айналып та отыр. Оған ешкім тиісе қоймасына да сенеміз. Бүгін мен Сізді туысқандық көңілден құшақтаймын. Және мұныңыз жаңа шығармалар күтетін оқырманның заңды талабынан да туса керек. Оған Сіздің правоңыз бар, егер, әрине, оны өз міндетіңізге алсаңыз… Солай деп ойларыңызға да сенем. Сіздің талантыңызды сыйлаушы ағайындар қатарында мені де бар деп есептерсіз. Зор денсаулық тілеймін! Евгения Александровнаға сәлем! Құрметпен Ілияс Омаров, 25 қазан, 1966 жыл. М.ХАМЫРАЕВҚА! Қалқам, Мұрат! Сенің «Ұйғыр халқының мәдениетінің гүлденуі» деген кітабыңды үлкен ықыласпен, қанағаттанарлық сезіммен оқып шықтым. Мұнда советтік ұйғыр мәдениетінің қалыптасуы мен өркен жаюы сөз болыпты және ұйғыр халқының мәдениетімен қоса, оның қалыптасуына еңбек сіңірген тарихи қоғам қайраткерлері сөз болыпты. Абдолла Розыбакиев – революционер, мемлекет және мәдениет қайраткері еді. Ол қазақстанда Совет үкіметін орнатуға атсалысты, революционерлік жұмысын өз халқының мәдениетін өркендету секілді игілікті іспен ұштастыра білді. Ол, әрине, Шығыс қайраткерлерінің ішіндегі ірі тұлғаның бірі. Еңбектің тарихқа барған тұсы қызықты оқылады екен. Шынында, кей-кейде тарихи мұраға әркімдер-ақ, бұл біздікі деп ие бола кететіні бар. Тарихта бұған әділ болуымыз керек. Сенің кітабыңда мәселенің осы жағына дұрыс талдау, таратып беру бар екен. Ф.Энгельс: «Біз тарих қойнауына үңгіп кірген сайын, бір түбірден шыққан халықтардың өзара айырмашылығы өшіріле түсетінін байқаймыз», – деді. Түркітілдес халықтардың көне мәде­ни­еті – кейін халық болып қалыптасып кеткен елдердің түпкі көзді бұлағы. Сондықтан ол тарихты қарастырғанда бұл заңдылықты ескермеуге әсте болмайды. Ұйғыр мәдениетін сөз қылғанда оның ірі өкілдері – Хиркати, Замли, Билял Назым, Садыр Палванды жеке адамдар деп қана қарамай, сол мәдениеттің өркендеуіндегі бір-бір маусым деп алған жөн болады. Менің ойымша, мұраға қарап қызықтау бар да, сол дәстүрді тәжірибе ретінде пайдаланып, ілгері өркендету бар. Ол салада ақын-жазушылардың еңбегі бар. Умар Мухаммеди, Изим Искандеров, Исмаил Саттаров, Хизмет Абдуллин сол мол мұраны бойларына сіңіре отырып, қазіргі заман мәдениетінің талап-тілегіне сай ілгері дамытып келеді. Әр халықтың мұраларының барлығында да музыканың симфониялық бастауы бар екені рас. Ол – ұйғырдың мұқамында болса, қазақтың күйлерінде жатыр. Құдыс Қожамияровты тыңдап, онда мұқамның байлығы жоқ деп кім айта алады. Әйтсе де, мұқамның симфониялық дамуы жөнінен әзірбайжандар әлдеқайда ілгері кетіп отыр. Олар симфониялық кілтті ертерек танып алды, мәдениет саласында біраз табысқа ие болды. Бұл жөнінен өзбек, тәжік, қазақ, ұйғыр болып мақтана алмай отырмыз. Мен Құдыс Қожамияров еңбегін кемітейін деп отырған жоқпын. Ондай композитор кез келген халықтың маңдайына біткен ырыс. Алғашқы симфония, тұңғыш опера, бірінші балет. Бұл жөнінен ол өз халқының мәдениет дәстүрін ілгері апарушы. Ендігі жерде ол осы іске мұрындық бола білуі қажет және оның азаматтық борышы да осыдан туындайды. «Мың үңгір» туралы мен көп естідім. Ол жөнінде маған 1945 жылы шыңжаңдық Имам қари деген молда айтқан еді. Ол Шыңжаңды гоминдандықтардан азат ету шайқасына қатысыпты. Чанкайши әскерлері өлтірген ұйғырдың бір ақынының өлеңдерін де оқып беріп еді. Қазір ұмытып қалыппын. Сенің кітабыңда сол бір тамаша дастан жоқ екен. Іздеуге тура келер. Имам қари айтқан әлгі жырда Ленин туралы сөз бар еді. Бізге де Ленин секілді көсем керек деген халық арманы да болатын. Кітабыңа үңгірлердің толық суреттемесі берілгені түзу болған. Ұйғыр театрының тарихына берген дәлелдерің де қызық екен. Ұйғыр театры әлемдегі тұңғыш және жалғыз театр – синтетикалық құбылыс. Онда драмалық, музыкалық және хореографиялық өнерлер тоғысып отыр. Олардың өрісі кеңейеді деп білем. Тек ұйғыр интеллигенциясы оған жәрдем беруі қажет-ақ. Ағаң Ілияс Омаров, 20 желтоқсан, 1967 ж. Ғ.ҚАЙЫРБЕКОВКЕ! «Қадірлі Ғафу! Жақында жіберген кітапшаңды оқып шықтым. Мен шындықты жақсы көретін адаммын. Бірдеме жазамын деп бірнеше рет оқығаным жоқ. Осы күні ой да жалқау. Сол себепті пікірлерім үстірттеу де болар. Дегенмен бірер ауыз сөз жазуды жөн көрдім. Менің байқауымша, қазір ақындығың піскен, өмір философиясына жетіктеу болғанға ұқсайсың. Әттең, «Дала қоңырауын» осы кезде жазбаған екен деген ой келеді. Меніңше, сол зор, тынысы кең поэмаға қайтадан оралсаң зияндығы болмас еді. Ыбекең жөнінде жазылған деректер дәл бүгін молая түсті, оларды меңгерерлік ақындық шабыт та зәулімдеген тәрізді. Бұл жай тілек қой. Біздің әдебиетімізде Алтынсарин жөнінде жазылған басқа еңбекті көре алмай-ақ қойдым. Ал енді «Алтын бесікке» келсек, мұнда әр түрлі тақырыпқа жазылған ақындық ой, көркем суреттер, толғаулар, табиғат көріністері бой көрсетеді. Жинағыңда махаббат лирикасы молдау ма деп қалдым. Әрине, Ленин, Горький, олардың қарым-қатынасы кешегіге де, бүгінгіге де, келешекке де кете беретін мәңгі тақырып. «Кеудесін керіп жатқан жаңа Россияға» Горький керек еді. Ленин соны ойлады шақырғанда, Ер еді ол ойы ерекше, ақыл бөлек. Революция дауылын сапырғанда, Әрине, оған сәйкес ақын керек. Республикамыздағы күрделі құрылыс­тардан Бұқтырма, Қапшағай көлдері елес береді. Бұлар үлкен дастандық тақырыптар, бірақ та поэзия ұшқыр зат қой – қанатының бір ұшымен іліп кеткеннің өзі қандай келісті. Жинақтағы бір сүйсінерлік зат – адам портреттері. Қажымұқан аруағына (осы сөзде ерсілік жоқ қой деймін), мынадай бір шумақ Кененге де, қарт хатшыға да, ұстазға да лайық па деп қалдым. Жандар ғой бұл шапағат жарық құшып, Бар тұлғасын табиғат мол пішетін. Ол есіңе түскенде халық түсіп, Халық еске түскенде ол түсетін. Табиғат суреттерін беруге ақындарда көптеген қайталаулар, ертеректе көргенді жырлау бар. Шынында да, табиғат та бір қалыпты тұратын зат емес, онда да қимыл, онда да өзгерістер бар. Кең сахара, Сарыарқа бұл күнде жазық дала емес, ел қонысы, еңбек алаңы, байлық құт. Мұны ұмытпау керек, көру керек. «Қаладан шығара алмадым, Қапшыққа салып қойғандай» деген жолдар өз басыңа айтылған сын емес, біздің интеллигенцияның көбінің басында бар індет. «Аштықта жеген құйқаның дәмі естен кетпейді» демекші, ауылда туып, дала романтикасынан нәр алған дарын, туған жерін көксемей тұрмайды, бірақ та сол туған жердің көлемі ұлғайып, игілікті өзгерістерге бөленді. …Адамды табиғаттан, табиғатты адамнан айырып алу қиын, бірінің бірінсіз күні қараң. Мұны келісті беретін жолдар жинақта аз емес. Адам табиғатқа ие, оның табиғи дауын бұза алмаса да көп жағдайда дегеніне көндіріп, рухани, тұрмыстық болмысына пайдаланады. Біз адамның ұлылық асқан күшін, Ұмытпасқа соғамыз тастан мүсін. Тас адамды билемес, адам Тасты, Илер болар өнері тасқан үшін, – деп дұрыс айтқансың. Әрине, адам да әр қилы болады. Жинақта адамның асыл қасиеттері молырақ бой көрсетеді. Бірен-саран ауыз күйдірерлік жексұрын мінездер де сыналады. Біздің қазақ жағдайында жиірек кездесетін осы бір желбуаз, шарт етпе, сасық өсек, қызғаншақтық сияқты жексұрын мінездерді әлі де қатты түйреу керек сияқты. Жай итіңнен Адам иті жексұрын. Арнап тимей, Айдаладан тістескен. Міне, бұл – шындық. Адамды игілікке, гуманизмге шақыру – бір жағынан адам бойындағы асыл қасиеттерді көрсету болса, екіншіден оның арамдығын әшкерелеп, жексұрындығын қатал сынау, Жіті қараған көзге кітапшаның кемшілігі де бой көрсетіп отырады. Шынын айтсам, мен оларды тергем жоқ. Мен оқыған затымнан ең алдымен жақсылық іздеймін. Тапсам қуанамын. Реніш туғызатын нәрселерді езгілеу менің дәл осы күнгі денсаулығыма нұқсан келтіреді. Кітапшаңнан бір сезініп қалғаным – ептеген асығыстық бар ма деген жобалау. Ондайда бір қайнауы ішінде болып жататынын белгілі ғой. Әбден тебіреніп жазған нәрселеріңде ондай алақолдық сезілмейді. Тегінде асықпаған жөн. Тағы бір ескеретін нәрсең – тақырып жағы. Құлашты кеңірек сермейтін деңгейге жеткен жалынды ақынға күнделікті күйбеңмен өзін-өзі кермелеудің қажеті аз. Жоғарыға самғай көтерілсе, қыран құстай көрер көлемі үлкейе береді. Ақындық, қырағылық дарынды мол затқа жұмсауға шақырады. Осындай үлкен жолда сәт сапар тілеймін. Кітапшаңды жүдеулеу халымда рақаттанып оқыдым. Зор үміт арқалаттың. Оныңа рахмет! Сәлеммен Ілияс Омаров, 20.11. 1969 ж. БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНА! Қадірлі Бауыржан! Мақалаңды алдым. Қайда басылатынын білмеймін, бірақ та өте ойлы, мағыналы және өте қажет еңбек. Тіл жағынан да, философиялық негіз жағынан да, саяси жағынан да көптеген жазылып жатқан мақалалардан шоқтығы биік тұр. Адамзат тағдырын қатты ойлайтын ұлы азаматтың жанының үнін сезгендеймін. Шудақталып көріне бастаған соғыс бұлттарының қаншалықты қауыпты екенін өткен тарихпен дәлелдеп, еңбекші халықтарды бауырмалдыққа шақырыпсың. Ондай ұран шақыруға сенің правоң мол. Сонымен қатар еңбекшілер достығын идеология қайшылығымен жымдастырмай, тап тартысының заңдарын маркстік-лениндік көзқараспен дәлелдеу өте ұйқасымды тұр. Қысқасы, өте керекті мақала. Өзім болсам әлі де оңала алмай жатырмын. Әлсізбін, бірақ та өмір үшін күрестемін. Әрине, тек қана өмір сүру мақсаты емес, еңбекке қайтқым келеді. (Чин емес, бірақ). Сәлеммен Ілияс Омаров, 21-22 қыркүйек, 1969 жыл МЕНІҢ ЕҢ ҚАДІРЛІ ДОСЫМ, ӘЙГІЛІ БАУЫРЖАНҒА! Сенің 60 жасқа келгеніңді байқамай қалдым. Ол аса теріс те болмас. Шынын айтсам, сені сол алпысқа қиғым келмейді. Мүмкін бойыңмен келген де шығарсың, бірақ ойыңмен әлі жассың. Сен бастан өткізген аласапыран өмірден, қиын-қыстаудан, тән жарасынан, жан жарасынан осыншама ерлікпен өтіп, бүгін таңда таңқаларлық қайраткерлік ету тек сенің ғана қолыңнан келеді. Өмір жолын қорытындылау әлі ерте, дегенмен мүшелді жасыңа еңіреген ер болып, ел абыройына көрік беріп, батыр атандың. Жазушы атандың, тарихқа мәңгі өшпестей аяулы атыңды жаздың. Өзінің көзі тірісінде мұндай әйгілі болу тарихта кездесе бер­мей­ді. Сені сол себепті елің болып, халқың болып, онан қалды, бүкіл ойлы адам баласы болып жақсы көреді, сыйлайды, қадір тұтады. Мен болсам, сені туған бауырымнан артық санаймын, дәріптеймін. Сендей азаматпен замандас болғаныма қуаныш етемін. Әлі де көп жылдар өмір сүріп, тарихтағы мол орныңды әлі де кеңіте түсер деген үлкен сенімдемін. Туысқандық, достық көңілмен құттықтаймын. Сенің аса қадір тұтушы досың Ілияс Омаров. 29.ХІІ. 1969 ж. ЖАЙСАҢБЕК! Мына жаман ауру мені ауруханаға қарай тағы да сүйрелеп барады. «Серпіннің» гранкасын өзің оқырсың. Ілияспен (Есенберлинмен) келіскенмін. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей өзіме тиісті архивті саған күні бұрын бергенім дұрыс болды… Айтпақшы, Алтынсарин туралы жазармын дегенің дұрыс. Қаламың төселіп қалды. Ол жайлы Сәлімгерей Тоқтамысов ағаңмен ақылдас. Жалпы, олар маған нағашы жұрт болып келеді. «Ел суреттеріңді» оқып, полясына белгі соқтым. Юмор жағын әлі де молайтарсың. Жалпы, біздің халқымыз оптимист екенін екі елі есіңнен шығарма. Сенің барлық геройларың мен білетін өмірде бар адамдар. Өзің білетін дүниені жазғаның маған қатты ұнайды… Екінші тапсырма мынау: Елге барып кел. Ағайын-жұрт қамсыз отырмасын… Маған советтік медицинаның «өкпесі» жоқ шығар. Бір кісідей-ақ шыдайтын едім, бірақ аяусыз-ақ кеміріп жатыр. Мен өлімнен қорықпаймын! Сондықтан да саған турасын жазып отырмын. Елден оралысымен тура өзіме кір. Пропуск жаздырып қоярмын. Ағаң, Ілияс. 14 көкек, 1970 жыл. Р.ҚОШҚАРБАЕВҚА! Қалқам, Рахымжан! Ұлы Отан соғы­сының жеңісіне ширек ғасыр толды. Бұл күні біз келешек үшін құрбан боп кеткен азаматтардың әруағы алдында басымызды иеміз, фашизмнің қанды ордасын талқандап, шаңырағына советтік ал қызыл ту тіккен ерлерімізді мақтан етіп, құшақтап сүйеміз. Жас та болсаң ерлікке бас болған қас батырларымыздың алдыңғы сапында сен тұрасың, Рахымжан! Әңгіме атақта емес, азаматтың бақы­тына қосқан үлесте ғой. Сен бізге көзге ілінер-ілінбес бір сәтте істеген ерлігіңнің адам баласы тарихынан орын алған мән-мазмұнымен қымбаттысың. Мерекең құтты болсын, інім! Көп жаса! Үй-ішіңе бақыт тілеймін! Ағаң Ілияс Омаров, 6 мамыр, 1970 ж.
Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары