ХРОМТАУДА ЖАҢАРҒАН КЕРАМИКА ЗАУЫТЫ
ХРОМТАУДА ЖАҢАРҒАН КЕРАМИКА ЗАУЫТЫ
Еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы уақытынан бұрын жүзеге асырылатын сияқты. Осы орайда, елімізде «Бизнестің жол картасы» аясында қарқынды жұмыс атқарылуда. Аталмыш бағдарлама негізінде бірқатар игілікті шаралар жүзеге асты. Соның бірі – Хромтаудағы керамика зауыты.
Бүгінде Ақтөбеде «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын және орта бизнес саласында біраз жаңа кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. Әрі аталмыш бағдарламаға жергілікті кәсіпкерлер де белсенді атсалысуда.
Бұл бағдарлама бір кездері тұралап қалған кәсіпорындар үшін тың мүмкіндік беріп отыр. Сондай тұралап қалған зауыттың бірі – Хромтау ауданындағы керамика зауыты болатын. Бұрыннан жұмыс істеп, облысты, одан қалды республиканың көптеген қалаларын кафельмен қамтамасыз етіп келген зауыт 2009 жылы банкрот болып, жұмысын тоқтатқан екен. Содан иесіз қалған зауытты Әділхан Итбаев есімді азамат қарамағына алады. Кейін ол өндірісті жандандыру үшін қаражат көздерін іздей бастайды. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына ілігіп, екінші деңгейдегі банктен 222 миллион теңге көлемінде несие алады.
Зауытты қайта жандандыру жұмыстары өткен жылы басталған екен. Зауытқа қажетті шикізаттардың барлығы жергілікті жерден алыныпты. Ең басты керек заттар, яғни саз бен құм сол маңайдан тасылса, ұнтақ тасты жақын жердегі қиыршық тас шығаратын зауыттардан алады. Плитаның бетін әрлейтін бояу ғана Испаниядан әкелінген. Баспасөз беттеріне берген сұхбаттарының бірінде зауыт директоры Әділхан Итбаев мырза: «Біздің зауыт отандық кәсіпорындарға берілетін «СТ КZ» сертификатына ие. Республикадағы көптеген кәсіпорындар — мекемелермен келісім-шартқа отырдық. Мемлекеттік тапсырыс бойынша олар біздің өнімдерімізді алулары тиіс. Бірақ, әзірге бірде-бірінен сұраныс түспеді. Оған қоса зауыт жұмыс істеп жатқанымен, ресми түрде әлі ашылған жоқ. Бүгінде кафельдің он бес түрін жасап, қоймамызды толтырудамыз. Әзірге саудаға шығарған жоқпыз», – дейді.
Бүгінде Хромтау ауданындағы керамика зауыты «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы жеңілдетілген несие алып, қайта жаңғыртылып, толық қуатында өнім шығара бастаған. Аталмыш зауыт 1993 жылы негізін қалаған екен. Кейінірек бұл зауыт дағдарысқа ұшырап, тоқтап қалады. Елбасы тапсырмасымен қолға алынған жаңа бағдарлама аясында керамика зауытының бағы қайта жанды. «Қазір зауыттан шығарылған өнімдер еліміздің өзге аймақтарымен қатар Ресей, Қытай елдеріне экспортталады. Керамика плиталарының бір шаршы метрін 950 теңгеден сатып жатырмыз. Бұл – өте арзан баға. Өйткені елімізге Ресейден әкелінетін керамика плиталарының бір шаршы метрі 1000-1500 теңгеден сатылады. Бүгінгі күні зауыт итальяндық технологиямен жұмыс жасайды. Қондырғылардың істен шыққандары жөнделіп, ескілерінің орны шетелден сатылып алынған аппараттармен толықтырылды. Мәскеуден, Италиядан, Испаниядан шақырылған мамандар тауардың сапалы болуына аса мән беруде, – деді «Керамика» АҚ-ның өкілі Аружан Көбегенова.
Зауыт 220 млн. теңге несие алып отыр. Оның жылдық үстемақысы – 10 пайыз. «Оның 7 пайызына «Даму» кепілдеме беріп отыр. Жаңа қондырғылар алып, жұмыс орындарының санын көбейтті. Бұл жерде жалақымыз да тұрақты», – дейді зауыт қызметкерлері. Сондай жұмысшылардың бірі Анна Огородник өзінің жұмысының қатты ұнайтынын айтады. Анна ханым «зауыт ұжымы жақсы. Бұл зауыт Қазақстанда жалғыз. Ұжымымыз өте ұйымшыл», – дейді.
Зауыт италияндық замануи технологиямен жабдықталған. Өндіріс шығынсыз, әрі экологиялық таза. Халықаралық сапа стандарттарына сай өнім шығарады. Несиеге алынған қаржыға негізгі технологиялық желілер толық жаңадан орнатылды. Қазір 100-ден астам плита түрі сұранысқа сай өндірілуде.
Ақтөбенің Хромтау, Мартөк, Қарғалы аудандарының кәсіпкерлері осы бағдарлама аясында тағы да біраз жаңа нысандар ашып отыр. Бүгінде «Даму» қорының көмегін аудан кәсіпкерлері тиімді пайдалана бастаған. Аталмыш зауытта қазір 120 жұмысшы еңбек етіп жүр. Дені – бұрынғы зауыт мамандары. Керамика зауытының ашылуына мемлекет қолдау көрсетті.
Едіге БЕКТАС