ЖӘМІШЕВТІҢ ЖАҢА ТӘСІЛІ

ЖӘМІШЕВТІҢ ЖАҢА ТӘСІЛІ

ЖӘМІШЕВТІҢ ЖАҢА ТӘСІЛІ
ашық дереккөзі
268

Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ

Жыл соңына дейін игерілмей қалған қаражатты келесі жылы жұмсауға мүмкіндік бар. Шет елдердің тәжірибесіне сүйенетін Қазақстан қыруар қаржының желге ұшпауын осылай қадағаламақ.

Өткен аптада отандық BNews.kz порталында өткен онлайн-конференция барысында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев еліміздің мемлекеттік бюджеттеу жүйесінің қалай жетілдірілетіндігін түсіндірді. Жер шарының бірқатар елінде бюджеттің шығыс бөлігінің белгілі бір көлемін жергілікті билікке келесі жылға ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл игерілмей қалған қаражатқа қатысты. Мәселен белгілі бір нысанға бөлінген ақша жыл соңына дейін игерілмесе, оны келесі жылға ауыстыруға құқылы.

«Біздің бюджетте мұндай мәселе қарастырылмаған. Сондықтан бізде кейінге қалып қойған нысандарды пайдалануға бермеу, бюджеттен бөлінген қаражатты игере алмау, жоспарды уақтылы орындамау жиі кездеседі. Ортамерзімдік жобаларды қаржыландыруды басқару жүйесі жоқ», деп мәлімдеген министр мырза осындай олқылықтарды жою үшін Үкімет тарапынан қандай шара атқарылып жатқанына тоқталды: «Қазіргі уақытта мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасын әзірлеген Экономика министрлігімен бірлесіп, нәтижеге негізделген бюджеттеуді одан ары дамытудың тәсілдерін әзірледік».

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары» бағдарламасында тұрғындарды сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметімен қамтамасыз ету мәселесі қарстырылған. Осы орайда, онлайн-кездесуде Б.Жәмішев Қазақстанның орталық өңірінде газ құбырын тарту жұмыстары келесі жылы басталатынын айтты. Жалпы құны шамамен 209 млрд. теңге болатын бұл жоба 2013 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» қорының қаржыландыруымен басталмақ. «Самұрық-Қазына» АҚ тарапынан 120 млрд. теңге қарастырылғанын жеткізген ол еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуы үшін барынша маңызды саналатын бұл жобаны жүзеге асыруда бірқатар қиындықтың да бар екенін ашық айтты. Мәселен құбыр жүргізілетін аралық тым шалғай жатыр, есесіне, «көгілдір отынды» тұтынатындар көп шоғырланған елді мекендер саны саусақпен санарлықтай. «Кез келген жобаның тиімділігін қамтамасыз ету үшін тұтынушылардың көп болғандығы маңызды. Бұл тұрғыда айтарлықтай қиындықтар бар», – деп мәлімдеген Б.Жәмішев бүгінде жобаны дайындаудың соңғы кезеңі өтіп жатқанын және келесі жылы оның құрылысы қолға алынатынын көлденең тартты. Ал 2014 жылы Үкімет «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірге бюджеттен бөлінетін осы қаражатты өтеудің жолдарын қарастырады.

Қаржы министрлігі ағымдағы жылы бюджет тапшылығын біршама ұлғайтпақ. Мемлекеттік қарыздарды басқарудағы міндет мемлекет үшін қандай да бір тәуекелдердің пайда болуының алдын алу. Ол үшін халықаралық тәжірибеде белгілі ереже де бар. Қазақстан да сол тәжірибені басшылыққа алады: «Мемлекеттік қарызға қатысты айтар болсам, ол Ішкі жалпы өнімнің 60 пайызынан, біздің жағдайда 14 пайыздан аспауы тиіс. Бұдан бөлек үкіметтік қарыздарға қызмет көрсету бойынша төлемдер бюджеттен 15, ал біздің жағдайда 8,9 пайыздан аспауы қажет».

Бюджеттің кірісі мен шығысын екшеген министрдің сөзіне сүйенсек, Қазақстанның мемлекеттік қарызы дәл қазіргі уақытта барынша төмен деңгейде. Бұл өте маңызды. Өйткені дағдарыс Еуропаның бірқатар елдерінде жоғары мемлекеттік қарыз елді қандай қиын жағдайға душар ететіндігін көрсетті. Сондай-ақ ағымдағы жылы республикалық бюджет кірісі орындалмай қалғандығы байқалғандығын айта келе: «Биылғы жылы біз бюджет тапшылығын біршама ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бірақ келесі жылдан бастап бюджет жобасында үш жылдың ішінде ІЖӨ-дегі тапшылықты 2,5-тен 1,5 пайызға дейін төмендетеміз деп белгіледік», – деді министр.

Серіктес жаңалықтары