БҰЛАҚ КӨРСЕҢ, КӨЗІН АШ
БҰЛАҚ КӨРСЕҢ, КӨЗІН АШ
Жуырда Астана қаласының «Конгресс Холл» сарайында «Ел іші — өнер кеніші» атты республикалық телевизиялық халық шығармашылығы байқауының гала-концерті өтті. Салтанатты мерекелік кешке ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай қатысты
Байқаудың ақтық сынына еліміздің барлық аймақтарының және Алматы, Астана қалаларының іріктеу кезеңдерінен жеңіп шыққан шеберлер мен үздік ұжымдар қатысты.
Мерекелік кеште сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мырза еліміздің түкпір-түкпірінде біртума дарынды да тамаша өнерпаздар көп екендігін тілге тиек етті. Министр: «Байқауға еліміздің барлық аймақтарының және Алматы, Астана қалаларының шеберлері және үздік ұжымдары қатысты. Байқаудың іріктеу кезеңі алдын ала барлық облыстарда өткен болатын. Мәдени шара жаңа дарындарды анықтау және таланттарға, өзіндік ерекшеліктері бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларға қолдау көрсетуді, талантты адамдарға қолдау көрсетуге және олардың шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасады, тұрғындардың жалпы мәдени деңгейін көтеру мен эстетикалық тәрбие ісін ұйымдастыруды мақсат тұтты. Бұл өз кезегінде мәдени аумақтағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға, Қазақстан халқы мәдениетін жандандыруға, сақтауға, дамытуға және таратуға, жастардың ұлтжандылық тәрбие алуына, олардың ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарымен танысуына айтарлықтай ықпал етеді», – дейді.
Министрдің айтуынша, халық өнерінің қайнар көзі, кәусар бұлағы – ел ішінен бастау алатындықтан, аталмыш байқаудың маңызы жыл өткен сайын арта түспек. Халық өнері мен рухани мұрасын бүгінге жеткізіп, насихаттап жүрген тума талант иелері ары қарай да қолдауға ие бола береді.
«Бұл түптеп келгенде қазақ өнерін, қазақ мәдениетін қолдау болып табылады. Бүгінгі Астанадағы қорытынды кешке 63-ке жуық азамат келді. Мұның барлығына жәрдем берген облыстық мәдениет басқармаларының бастықтарына және облыс әкімдіктеріне рахметімді айтамын», – деп сөзін түйіндеді министр.
Байқаудың гала-концерті алдында «Конгресс Холл» сарайының кіреберісінде әр өңірдің қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Бұл көрмеде әр аймақтардың ерекше мәдениетіне, өнеріне және дәстүрлеріне тән асыл бұйымдар көрермен назарына ұсынылды.
Г.БЕКТАС