ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КОНЦЕРТІ
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КОНЦЕРТІ
Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ
Көрерменді әсем сазбен әлдилейтін өнерпаз жастардың басты міндеті – бапанасыз қалған көпбалалы отбасыға жәрдемдесу. Сауапқа толы бұл қадам еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуына сеп.
2012 жыл – отандық мәдениет саласы үшін айтулы жыл. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның мерекелер тізбесіне жаңа кәсіби мереке – қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтілетін Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні қосылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай үстіміздегі жылдың 29 қыркүйегінде мәдениет саласында тер төгіп жүрген отандастармен кездескенде: «Бүгінде еліміздің мәдениет саласында қырық мыңнан астам қазақстандық еңбек етуде. 2012 жылы елордамыз – Түркі әлемінің және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің мәдени астанасы деген екі мәртебелі міндеттерін атқарып отырғаны баршамызға белгілі. Алматы қаласында үстіміздегі жыл «Мәдениет жылы» деп жарияланды.
«Өнер – ұлттың жаны» дейді халық даналығы. Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық». Елбасымыз өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында атап көрсеткеніндей, «Мәдениет – қазіргі заманғы адамды қалыптастыру мен дамытуға ықпал ететін әлеуметтік жаңғырудың маңызды бөлігі болып табылады» , – деп мәлімдеген болатын. Президент тапсырған осындай игі іске жастар да мұрындық болғалы отыр. Мәселен «Болашақ» стипендиясының түлегі Айжан Нұркенова 2012 жылдың 28 қазанында Астана қаласында қайырымдылық классикалық музыка концертін өткізеді. Фортепианоның құлағында ойнайтын Айжанмен бірге концертке классикалық музыканың жұлдыздары Борис Бровцын (скрипка, Ұлыбритания) мен Ксения Сидорова (классикалық аккордеон, Латвия) атсалыспақ. Концерттен түскен қаражат Астана қаласының шет аймағында тұратын тұрмысы нашар Әжелепесовтер отбасына көмек ретінде жұмсалмақ. Баспанасыз жанұя уақытша паналайтын тұраққа зәру. Сондықтан қайырымдылық концертінен жиналған ақша уақытша баспанаға қажетті құрылыс материалдары мен балаларға керекті мектеп құралдарын сатып алуға жұмсалады. Ордабай мен Рано Әжелепесовтердің 2, 3, 9 және 11 жастағы төрт баласы бар.
Игі істердің бастамасы болатын аталмыш шара «Болашақ» қайырымдылық қорының, British-Kazakh Society ұйымы, «E-w@y.kz» компаниясы мен Rixos Hotel Astana қонақ үйінің қолдауымен ұйымдастырылады. Бас демеуші – «Air Astana» компаниясы.
Концерт бағдарламасында аргентиналық танго мен классикалық музыканың үздік туындылары бар. Аспапшылардың бағдарламасы классикалық музыка тыңдармандары мен қарапайым тыңдармандар үшін арналған. Концерт барысында рояль, скрипка, Аккордеон аспаптарында орындалатын әйгілі Астора Пиаццоланың аргентиналық тангосы орындалады. Концерт барысында Қазақ Ұлттық өнер университетінің холлында Қазақстанның балалар үйінің және интернаттық мекемелерінің тәрбиеленушілерінің көркем суреттер көрме-сатуы өтеді. Суреттер сатылымынан түскен қаражат қайрымдылық мақсаттарына жұмсалады.