ӘБДІРАХЫМОВ IPAD-ТЫ ҒАНА ПАЙДАЛАНАДЫ. НЕГЕ?

ӘБДІРАХЫМОВ IPAD-ТЫ ҒАНА ПАЙДАЛАНАДЫ. НЕГЕ?

ӘБДІРАХЫМОВ IPAD-ТЫ ҒАНА ПАЙДАЛАНАДЫ. НЕГЕ?
ашық дереккөзі
205

Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ

Интернет пен ұялы байланыс саласында монополия орнатқан «Қазақтелекомға» депутаттар мен Бәсекелестікті қорғау агенттігі қатар шүйлігіп отыр. Олар жақын күндері аталған қызмет түрі арзандауын талап етті. Ал бағаны төмендетуге аса құлшынбайтын ұялы байланыс операторлары сотқа арызданып, құқық қорғау органдарынан араша сұрапты.

Жуырда ҚР Парламентіндегі Үкімет сағатында Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғабидолла Әбдірахымовқа біздегі Интернет пен ұялы байланыс қызметінің тым қымбатқа түсетінін айтқан Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева: «Бүгінде біздегі көрініс мынадай: «Мегалайн» іс жүзінде монополист болып табылады, айына жеке тұлғалардан бір гигабайт үшін 4 мың 500 теңге және заңды тұлғадан – 15 мың теңге алады. Мәскеуде жеке тұлғадан – 3700 теңге, ал заңды тұлғадан қымбатырақ – 30 мың теңге алынады. Красноярскіде – жеке тұлға 2500 теңге төлейді, ал Германияда – жеке тұлға да, заңды тұлға да айына 20 еуро төлейді, бұл шамамен 3800 теңге, бұл ретте интернет лимитсіз, жылдамдығы жоғары. Егер осы сандарды, интернет сапасы мен құнын салыстыратын болсақ, жылдамдығы мен сапасы өте төмен интернеттің бір секундының құны бізде 47 есеге қымбат екен. Осыған не істемек ойларыңыз бар?», – деп сұрақты төтесінен қойған. Алайда Интернет кеңістігіне қатысты шаруада шиеленіске толы көрінеді. Өйткені депутаттың сауалына жауап берген агенттік төрағасы бағаны төмендетуде сотқа жүгінуге тура келгенін жасырмады: «Ол интерконнект мәселесіне байланысты, бұл оператораралық қосылыс. Біз қазір Көлік және коммуникация министрлігі оларға төмен мөлшерлеме бойынша жаңа тариф белгілеуі үшін «Қазақтелекомды» да, басқа операторларды да доминанттар реестріне енгіздік, алайда олар бізді сотқа берді, қазір біз соттасып жатырмыз. Осы айда сот аяқталады деп ойлаймын және қарашада министрлік интернет пен байланысқа жаңа тарифтер енгізеді деп жоспарлаудамыз. Мен жақында «Қазақтелекомның» президентімен сөйлестім, олар интернеттің құнын төмендетумен қатар жылдамдығын 2 есеге арттыруды көздеп отыр. Осы күзде бағаның айтарлықтай төмендейтініне сенеміз».

Әбдірахымов мырза соттың нәтижесі Агенттіктің пайдасына шешілетініне сенімді. Сол себепті де еліміздегі Интернет пен ұялы байланыс құны төмендейді деген пікір айтты. Ал күздің аяқталуына да бір айдай уақыт қалды. Талайдың қалтасына салмақ салған «Қазақтелеком» мен өзге де байланыс операторлары бағаны төмендете ме, жоқ па, жақын күндері айқындалмақ.

«Бүгінде «Қазақтелеком» – ұлттық компания. Яғни мемлекеттік. Демек мемлекет жекеменшік бизнес табысты дамып отырған бәсекелестік ортаға қол сұғып отыр. Бұл түбегейлі дұрыс емес. Оңтүстік-Шығыс Азия сияқты кейбір мемлекеттердің тәжірибесінде бар мысал, олар экономиканың тіпті бір не екі жекеменшік компаниясы бар саласына мемлекетті араластырмай-ақ қиындықтарды тиімді шеше білді. Бүгінде «Қазақтелеком» орасан зор мүмкіндікке ие монополист компания болып отыр. Тез арада Интернет саласындағы «Қазақтелекомның» монополиясына тыйым салу қажет. Қазір Интернетсіз ешкім өмір сүре алмайды. Тіпті Парламент депутаттары да. Мәжілісте жұмыс істеп отырып біз Интернеттің қаншалықты нашар екендігін білеміз», – деп наразылық танытқан Дариға Назарбаеваның сөзін іліп әкеткен Бәскелестік қорғау агенттігінің басшысы: «Сізбен толық келісемін. Интернет қызметін ұсынушы операторлар арасында азды-көпті бәсекелестік бар. Өзім «Мегалайнды» қолдануды қойдым. Kcell тарапынан берілетін лимитсіз Интернетті қолданамын. Мұнда 10 гигабайтқа айына 3900 теңге төленеді. Сондықтан менің қалтамдағы iPad үйде де, жұмыста да үздіксіз жұмыс істеп тұрады. Мен үшін бұл өте ыңғайлы. Меніңше, бұл салада бәсекелестік дамып келеді», – деді.

Серіктес жаңалықтары