ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ — АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА
ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ — АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА
Қазақ-Британ форумы:
Жатжұрттық қалталыларды отандық ауыл шаруашылығына қаржы құюға шақырған Үкімет Лондонда арнайы Бизнес форум өткізіп қайтты. Бұл жуық арада аграрлық салаға жаңа инвестициялар тартуға сеп.
ҚР Үкіметінің қолдауымен және Қазақ Британ Сауда Палатасының ұйымдастыруымен Лондон қаласында өткізілген Қазақ-Британ бизнес форумында отандық экономиканың маңызды салаларына қатысты проблемалар қаузалды. Ағылшындар астанасында осымен үшінші рет өткізіліп отырған шара Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін талдап, елдің қай салаларына инвестиция тартудың тиімді болатынын көрсетті. Қазақстандық делегацияны басқарып барған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қайрат Келімбетовтің айтуынша, инвестиция салған мемлекеттер бойынша есептегенде, Ұлыбритания – Қазақстандағы үшінші инвестор. Соңғы жылдары ағылшын қалталыларынан елімізге 10 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция тартылған. Сонымен қатар Қазақстандағы ірі мұнай-газ инвесторларының көпшілігі – ағылшын компаниялары. Негізі Лондон – әлемдік қаржы орталығы, инвесторлардың басым бөлігі сонда шоғырланған. Қазақстандық Қазақмыс, ENRC компаниялары Лондонның Қор нарығында листингтен өткен. Шараны ұйымдастырушылардың форумды жыл сайын Лондонда өткізуінің себебі сол.
Бұған дейін Үкімет мұнай-газ және шикізат салаларына инвестиция тартып, осы бағыт бойынша бірқатар жетістікке қол жеткізген еді. Мәселен тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға 160 млрд. АҚШ долларына жуық инвестиция құйылыпты. Билік басты назарды енді ауыл шаруашылығына тартылатын инвестицияға аударып отыр. Бизнес форумда қазақстандық делегация құрамында болған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков шараға қатысушыларға отандық ауыл шаруашылығының мол мүмкіндіктерін кеңінен тарқатып айтудың арқасында, шетелдік инвесторлардың Қазақстанға қаражат салуға деген қызығушылығын оятты. Қазақстанның бидайы әлемдік нарықта өте сапалылығымен бағаланады, алайда оның жатжұрттық тұтынушыларға жеткізу жолдарының алыстығы, транспорт шығындары астық бағасын қымбаттатып, шаруалардың кірісінен гөрі шығысын көбейтеді. «Ресейдің Ставрополь аймағында өсірілетін бидай жанындағы Қара Теңіз портына жеткенше құны 15 АҚШ долларынан аспайды, ал Қазақстанның бидайы теңіз портына жеткенше еселеп қымбаттайды. Егер, бидайды элеваторларға сақтап қойып, сатпай отырсақ, ол тағы да шығын, себебі келесі жылдың өнімі үшін астықты элеваторлардан босату керек, оның үстіне, әрине, бидай сақталып тұрғаннан бәсекеге шыдамдылығы артып кетпейді, керісінше, өз құнын жоғалтады» деген А.Мамытбековтің одан ары айтуынша, Қазақстан өз астығын экспорттауы үшін транспорттық шығындарды субсидиялайды. Демек, астығынан пайда көріп отырған жоқ, керісінше, экспорттауға қаржы бөледі. Бүгінде халықаралық тұтынушылық нарықта астық тапшылығы артып келеді. Демек шетелдік инвесторлар астығы мол, бірақ экспорттау шығыны көп Қазақстан нарығына батыл ене алары сөзсіз.
Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Үкімет пен инвесторлар ауыл шаруашылығы саласына аса мән берген жоқ. Бұған дейін Қазақ Үкіметі тіпті агралық секторды әлеуметтік сала сияқты тек субсидиялауды қажет ететін сала деп есептеген. Қазір керісінше, ауыл шаруашылығы коммерциялық салаға айналуға әлеуетті: «Біз қазір 5-6 млн.тонна астық экспорттап отырмыз, ал біздің мүмкіндігіміз оны 2-3 есеге дейін арттыруымызға жетеді. Онсыз да белгілі, астыққа деген баға енді арзандамайды. Өйткені әлем астық тапшылығын сезініп отыр». Форумда пайдасы мен кірісі жоғары нарықтар туралы да әңгіме қозғалды. Ресми деерктерге сүйенсек, Қазақстаннан Қытайға экспортталатын астық көлемі небары 150 мың тонна. Бұл әрине, аз. Әрі билік бидайды бәсекеге қабілетті бағамен Таяу Шығыс пен Иранға ғана шығарып отыр. Есесіне қалған мемлекеттерге тасымалданатын астық транспорт шығынын есептегенде, тиімсіз. ҚР Үкіметі тарапынан қазіргі күні елді әлемдік астық жабдықтаушысы деген брэнд ету жолында көптеген шаралар атқарылып жатыр. Қазақстанның батысындағы Бейнеу-Түркіменстан шекарасы темір жолының құрылысы соның айғағы, ол бидайымызды Парсы шығанағына жеткуізудің оңтайлы жолы. Лондондағы форумда қазақ делегациясы шараға қатысқан шетелдік инвесторларды осы үдерістен шет қалмауға шақырып, осы мақсатта мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жан-жақты қарастырылып жатқанын жеткізді. Келешекте жаңа терминалдар, жаңа порттар, жаңа технологиялар енгізу көзделіп отыр.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ