Елімізде дәрігерлер тапшы екен

Елімізде дәрігерлер тапшы екен

Елімізде дәрігерлер тапшы екен
ашық дереккөзі
620
Бұл – денсаулық сақтау саласындағы күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта білікті дәрігерлердің жетіспеушілігі еліміздің барлық өңірлерінде өте өзекті түйткілге айналып отыр. Өткен аптада Сенаттағы денсаулық сақтау саласы бойынша өткен тыңдау кезінде осы мәселе кезекті рет көтерілді. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл олқылықтың орнын толтыру үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керектігін тілге тиек етті. Медицина саласын ілгерілету үшін қолға алынған шаралар легі аз емес. Еліміздің денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат мөлшері де көп, миллиондаған теңгеге алынған заманауи құрылғылар да жыл сайын көбейіп келеді. Тек сол құрылғылармен жұмыс істейтін мамандар жоқ. Сенатта өткен жиында белгілі болғандай, бір ғана Ақтөбеде жылына 800 түлек дәрігердің дипломын алса, оның тек 80 пайызы ғана сол өңірде тұрақтап қалады екен. Қазір Ақтөбе облысында педиатр, акушер-гинеколог, невропатолог, анестезиолог-реаниматор сынды дәрігерлерге сұраныс жоғары. Өңірдегі емдеу мекемелеріне 70-тен аса дәрігер қажет. Сенат төрағасы мұндай мәселені шешу үшін Президент ұсынған 5 әлеуметтік бастама аясында дәрігерлердің жағдайын жақсарту қажеттігін алға тартты. «Осы салада, әсіресе, ауылды жерлерде байқалып отырған маман тапшылығы бізді алаңдатады. Олардың кәсіби дайындығы да сұрақ тудырады. Кейбір жекелеген сараптама нәтижесіне сай, медициналық ЖОО бітіруші түлектің әрбір төртіншісі ғана таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеуде», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Үстіміздегі жылдың ақпан айында Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті мәлімдеме жасап, денсаулық сақтау саласының әлі күнге дейін медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігінен зардап шегіп отырғанын хабарлаған еді. Медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі негізінен Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында және Астана қаласында байқалады. Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өткен жылы дәрігер мамандарына деген тапшылықтың 9 пайызға төмендегенін мәлімдеген еді. Министрдің дерегінше, бүгінде денсаулық сақтау саласында 209 мыңнан астам қызметкер, оның ішінде 57 мың дәрігер және 152 мың мейірбикелер жұмыс істейді. Ал өңірлердегі дәрігер тапшылығына келгенде министр жергілікті атқарушы органдардың атқарар рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, аймақтардағы әкімдіктер медициналық қызметкерлерді бекіту мен тұрақтандыру жұмыстарын тиісінше жүргізе алмайды екен. «Денсаулық сақтау басқармалары шаруашылық жүргізу құқығына өткен кәсіпорынға дәрігерлердің жалақысын өз бетінше белгілеуге мүмкіндік беретін медициналық ұйымдардың әлеуетін жұмылдырмай отыр. Біз биыл арнайы әдістемелік көмекті осы мемлекеттік кәсіпорынға дайындап, жеткіземіз. Біздің ойымызша, қазіргі кезде кейбір дәрігерлер мен мейірбикелердің жалақысын көтеруге әр мекеменің өзінің мүмкіндіктері мол», – деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Бірақ министрдің бұл сөзімен келісу қиындау. Өйткені өңір басшылары жас мамандарды қолдаудан қашпайды. Бұған Қостанай облысы әкімдігінің жыл басындағы мәлімдемесі дәлел. Мәселен, бұл өңірде жергілікті билік қалада жұмыс істеуге келген жас мамандарға 500 мың теңгеден, ауылдық жерлерге ат басын бұрғысы келгендерге 2,5 млн теңгеге дейін көтерме ақы ұсынады. Оның сыртында, олар еңбекақысына қосымша ынталандыру компоненттеріне ие болады. Соған қарамастан, өңірде әлі де медицина мамандарының жетіспеушілігі сезіледі. Қалалар салалық мамандар қатарын толықтыра алмай отырса, ауылдарға бірінші кезекте терапевтер және әмбебап дәрігерлер қажет. Облыста барлығы 300-ге жуық дәрігер жетіспейді. Соның кесірінен туберкулез, ана мен бала өлімі, қан айналу жүйесі, қатерлі ісік аурулары бойынша Қостанай облысы тәуір көрсеткішке қол жеткізе алмай келеді. Бұған дейін министр өңірлердегі дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін бюджет есебінен оқыған мамандарды бірнеше жыл мемлекет жіберген жерде еңбек етуге міндеттеу туралы ұсыныс білдірген еді. Өйткені тегін оқып шыққан түлектердің мемлекет алдында ешқандай міндеті болмағандықтан, олар қаладан жұмыс табуға тырысады. «Сондықтан қазір осы мәселені талқылауға салып отырмыз. Бұрынғы тәжірибені қайта енгізуге болады. Яғни, мемлекет есебінен оқыған адам бірнеше жыл мемлекеттік комиссия жіберген жерде жұмыс істеуге міндеттеледі», – деген болатын Елжан Амантайұлы. Бірақ министрдің бұл бастамасының қашан жүзеге асары беймәлім.    

Серіктес жаңалықтары