848
Канн фестиваліне келген қазақ фильмдері
Канн фестиваліне келген қазақ фильмдері
Қазақ фильмдері Францияда өтетін Халықаралық Канн кинофестиваліне қатыспақ. Фестивальдің Short Film Corner бағдарламасы аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген қысқаметражды фильмдер көрсетіледі.
Канн фестиваліне қатысушылар қазақстандық «Тығылмақ» және «Асан» атты қысқаметражды фильмдерді тамашалайтын болады. «Қазақфильм» киностудиясындағы «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлест ігі ұйымдастырған сценарийлер конкурсында жеңіске жеткен бұл туындылардың айтар ойы, берер үлгісі бар. Ересектер арасындағы мәселелерге куә болған екі кішкентай қыздың өмірін баяндайтын «Тығылмақ» фильмінің режиссері – Венера Қайыржанова. «Тығылмақ» фильмі Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен V халықаралық «Inтоннация» дыбыс режиссерлеріне арналған кинофестивальде Григорий Франк атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Ал режиссер Берік Жахановтың «Асан» фильмі жылдар бойы әкесін көрмесе де, оны ақтық сапарға шығарып салуға барған жігіттің өміріне арналады.
Отандық фильмдеріміз көрсетілетін Short Film Corner бағдарламасы кино саласындағы кәсіби мамандардың басын қосу және әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас режиссерлер мен продюсерлердің арасында байланыс орнатуды көздейді. Халықаралық кинофестиваль шеңберінде ұйымдастырылған бағдарлама бойынша көпшілік назарына ұсынылған фильмдер халықаралық серіктестер мен дистрибьютор табуға мүмкіндік алады. Яғни, қазақстандық киногерлердің әлемдік аренаға шығуына жол ашылады деген сөз.
Биылғы жылы Short Film Corner бағдарламасына қатысу үшін әлем елдерінің режиссерлерінен 2 мыңнан астам өтініш келіп түсіпті. Айта кететін бір жайт, жыл өткен сайын бағдарламаға қатысуға ниетті киногерлер саны артып келеді. Демек, әлемдік кино саласында қысқаметражды фильмдерге деген сұраныс артуда.