КОРЕЯ КӨРМЕНІ ӨТКІЗУГЕ КӨМЕКТЕСПЕК
КОРЕЯ КӨРМЕНІ ӨТКІЗУГЕ КӨМЕКТЕСПЕК
Жуырда еліміздің Премьер-министрі Серік Ахметов Оңтүстік Кореяда екі күндік ресми сапармен болды. Сапар кезінде Үкімет басшысы Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің қабылдауында болып, Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылы елімізге ресми сапармен келіп қайтуға шақыруын табыс етті.
Корея басшысы мен Серік Ахметов кездесуінің негізгі тақырыбы – екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері болды. «Біз бұл бағытта едәуір табыстарға қол жеткіздік. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында екі жақты сауда айналымының 1 миллиард доллардан асып түсуі соның бір жақсы дәлелі. Біз сауда айналымы қарқынын одан әрі арттыруға ынталымыз», – деді өз сөзінде С.Ахметов. Кездесу барысында, Қазақстан мен Корея арасында іске асырылатын Балқаш жылу электр стансасын, Атырау облысында газ-химия кешенін салу, «Жамбыл» кен орнын игеру секілді бірқатар бірлескен ірі жобалары да сөз болды.
Корея басшысы Пак Кын Хе Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің ыстық ықыласты сәлемін жолдады. Пак Кын Хе ханым екі жақты іс-әрекеттер деңгейін жоғары бағалап, мемлекетаралық қатынастардың барлық қырлары бойынша байланыстарды одан әрі тереңдете түсуге ынталы екендіктерін білдірді. Ол: «Қазақстан Корея үшін Еуразия кеңістігіндегі ең басты әріптестердің бірі болып табылады» деген пікірде. Сондай-ақ, 2017 жылы Астанада болатын ЭКСПО көрмесін өткізу жайын да айта кетті. Кореяның мол тәжірибе жинақтағанын мәлім ете отырып, кореялықтар өздерінің тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендіктерін де жеткізді.
Сапар аясында Үкімет басшысы Корея Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – жоспарлау және қаржы министрі О Сок Хёнмен де кездесті. Министрмен кездесуде машина жасау, қайта жаңғыртылатын энергия көздерін өндіру, жеңіл өнеркәсіп және басқа да салалардағы тиімді бизнестік жобалар жайы айтылды.
«Қазақстан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру арқылы тұрақты өсімді қамтамасыз етуге ұмтылыс танытуда. Осы бағытта біз Кореямен өзара тиімді инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз», – деп атап көрсетті Қазақстан Үкіметінің басшысы.
Кездесу барысында бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды. Маңызды құжаттардың арасында кеден ісінде өзара әкімшілік көмек көрсету және ынтымақтастық туралы келісім, қазақстандық «Самұрық-Энерго» АҚ мен кореялық «Hyundai» корпорациясы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумдар бар.
Сонымен бірге, Қазақстан мен Корея сауда-экономикалық палаталары арасындағы өзара түсіністік туралы, «Samruk-Green Energy» ЖШС мен «Hyundai» корпорациясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар жасалды.
Ресми сапар кезінде қазақстандықтар Оңтүстік Кореяның экономикалық маңызы зор ірі кәсіпорындарының бірі – «LG Chem» компаниясында болды. Бұл компания Тэджон қаласында орналасқан. «LG Chem» компаниясы мұнай-химия өнімдері, ақпараттық және электронды материалдар шығарумен айналысады. Бұл компаниямен ынтымақтастық байланысы 2010 жылы Елбасының Оңтүстік Кореяға жасаған ресми сапарында бекіген болатын.
Оңтүстік Кореяны Қазақстандағы ірі инвесторлар қатарына іліктіріп отырған жобаның бірі – Балқаш жылу электр стансасы. Бүгінде Балқаш жылу электр стансасының құрылысымен «Самұрық-Энерго» АҚ және кореялық «КЭПКО-Самсунг» консорциумы айналысуда. Сол себепті де, қазақстандық делегация ресми сапар аясында Сеулден қырық шақырым қашықтықта орналасқан Инчон қаласындағы «Ёнгхын» жылу электр стансасының жұмысымен танысып қайтты.
Гүлзина БЕКТАС