Қазақты қалаға жақындатпау саясаты ма?

Қазақты қалаға жақындатпау саясаты ма?

Қазақты қалаға жақындатпау саясаты ма?
ашық дереккөзі
246

Еліміз жер
көлемі жағынан 9-шы орын алады деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Тіпті,
оған бес Франция сыйып кетеді деп ауыз толтырып айтатынымыз тағы бар. Бірақ
одан халыққа қандай пайда бар? Әлі күнге ұлтарақтай жер мен құрқылтайдың
ұясындай баспанаға қол жеткізе алмай жүрген қазақ көп! Талай жылдан бері
кезекке тұрып, мемлекеттен үміт күтіп жүрген жас отбасы бүгінде орта буыннан
асып кетті. Сорақысы сол, бұдан кейін қара халық мұндай мүмкіндіктен де қағылмақшы.

Өңiрлiк даму министрлiгiнiң жер
ресурстары жөнiндегi комитетi төрағасының орынбасары Қадырхан Отаров: «Тұрғын
үй салу үшiн 10 сотық жердi тегiн берудi тоқтату қажет» дегенді мәлім етті. Сондай-ақ,
ол «ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне жер қатынастарын реттеу мәселелерi бойынша
өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» ҚР Заң жобасының таныстырылымында:
“Тұйықтан шығу үшiн және жағымсыз салдарды болдырмау үшiн «Жер кодексіне» Астана,
Алматы және өзге де облыс орталықтарынан жеке тұрғын үй құрылысын салу үшiн жер
телiмдерiн тегiн берудi тоқтатуды енгiзудi ұсындық. Бұл мәселе президент
әкiмшiлiгiмен келiсiлдi, үкiмет қолдады”, – деген болатын. Шенеуніктің
пікірінше, халықты жермен қамтамасыз ету үшiн 80 жылға жуық уақыт қажет болады.
Ал елiмiзде жыл сайын жеке тұрғын үй құрылысына жердi алуға ниет
бiлдiргендердiң саны 30 пайызға артып келедi. «2008 жылы кезекте 300 мыңға жуық
азамат тұрса, соңғы жылдың iшiнде олардың саны үш есе артты. Барлық өтiнiштердi
қанағаттандыру үшiн бас жоспарда 90 мың гектар немесе 900 шаршы шақырым жер
қарастыру қажет. Бұл
елiмiздiң iрi екi қаласы, яғни Қарағанды мен Шымкенттiң аумағымен тең», – деді Қ.Отаров
мырза қолданыстағы
бас жоспарларда жеке тұрғын үй құрылысына тек 54 мың гектар жер учаскесiнiң
қарастырылғанын да жеткізген. Демек, әрбiр қазақстандықты сәйкес инфрақұрылымы бар жеке
тұрғын үй құрылысына арналған тегiн жер учаскесiмен қамтамасыз ету қиындық
туғызатын көрінеді. Қазіргі кезде учаскенi қолданбаудың немесе заңнамаға қайшы
қолданудың 44 мың фактiсi анықталыпты. Алайда, бұл бастамаға наразылық танытқан
мәжіліс депутаттары үкімет басшысы С.Ахметовтың атына депутаттық сауал жолдаған.
Олар әрбір азаматтың жеке тұрғын үй құрылысы үшін тегін жер алуға құқылы дейді.
Мәжіліс депутаты А.Тұртаев: «Бүгінгі күнде көптеген қазақстандықтардың өзінің
заңды құқығын пайдаланып жер телімін тегін алып үлгерді. Егер жаңа Заң жобасы
қабылданатын болса, онда мемлекеттен тегін жер алуға тізімде бұрыннан тұрған
көптеген азаматтарымыздың құқығы ғана емес, сонымен қатар әділеттілік
қағидаттары да бұзылмақшы. Себебі,  мыңдаған
отбасының тағдыры мен үміті осы 10 сотық жермен байланысты», – деді.  

Бұл тегін берілуі тиіс 10 соттық
жердің жыры. Бұған дейін бұл жер теліміне қол жеткізгендер көп пе, аз ба, ол да
күңгірт. Бір анығы, Алматы мен Астана қалаларында тапқан-таянғанын пәтерге
төлеп жүрген отбасының саны көп. Ал олардың сахарадай даладан он сотық жерді
тегін алатыны үш ұйықтаса да түсіне кірген емес. Сонда бұл тегін жер кімдерге
беріліп келген?

Оның үстіне жақында Елбасы
Н.Назарбаев Астана қаласын соза бермеу керектігін баса айтты. Яғни, Алматы
қаласы сияқты аумағын кеңейтпеуді ұсынып, болашақта жер телімін сатуға тыйым
салу қажеттігін ескертті. Демек, бұдан былай Елорданың маңайынан жер алып,
баспана тұрғызғысы келетін бұқара арманының орындалмайтын түрі бар. Бұл  ауыл қазағының қалалық болуына қарсы жасалған
саясат емес пе?!

Кеңестік кезеңде Алматы шаһарында
тіркеуге тұру мен баспаналы болу қазақтар үшін қиын болатын. Бұл саясат күні кешегіге
дейін жалғасқан. Тіпті, мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін қазақтың өзі нендей
жақсылық болсын, басқа ұлт өкілдерінен кейін ғана қол жеткізетін. Әділетсіздікті
қойсаңызшы! Бүгінде Алматыда тұратын басқа ұлт өкілдерінің, әсіресе ұлты орыс
азаматтардың қос-қостан баспанасы бар. Ал қазақ байғұс өз Отанында, өз
атақонысында жүрсе де, солардың босағасында күнелтуге мәжбүр. Неге?

Біздегі күн тәртібінен түспей
тұрған мәселе – демография. Халықтың санын 20 млн.ға жеткізу басты мұратымыз.
Бірақ қазақты қайтсек көбейтеміз? Ол үшін әуелі баспаналы болу шарт емес пе?! Билік
әлеуметтік топтың мұң-мұқтажын неге ескермейді? Қазақстан мемлекеті өз
қазағының қамын неге күйттемейді? Егер ұлан-ғайыр жерден ұлтарақтай жер телімін
қимаса, демографияны көтеру туралы әңгімені неге ауызға алады? Осындай сан
түрлі сауал кез келген қоғам мүшесін мазалайтыны анық. Бірақ бұл мәселеге
атқамінерлердің немкетті қарайтыны өкінішті.

Айтпақшы,  Қадырхан Отаров «ҚР кейбiр заңнамалық
актiлерiне жер қатынастарын реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен
толықтырулар енгiзу туралы» ҚР Заң жобасы Үкiмет тарапынан қолдау тауып,
Президент Әкiмшiлiгiмен келiсiліп қойғанын жеткізді. Ал депутаттар қанша жерден
шырылдаса да, қазаққа қарсы саясатқа қарсы тұруға қауқарлы емес. Түптің
түбінде, ірі қалаларда баспанасы бар депутаттар да бұған мүдделі болмайды. Өз
қара басын күйттейтіндер басқаның мәселесін қайтсін? Тіпті, шенеуніктердң
ішінде бірнеше гектар жерді алып, шетінен удай ақшаға сатып отырған қалтасы
қалың, қолы ұзын азаматтардың жоқ еместігіне кепілдік жоқ. Жер телімдерінің
халыққа берілмеуі ең алдымен оны сататындар үшін тиімді болмақ. Бұрын 10 соттық
жердің бағасы 10-15 мың доллар болса, «жер сатылмайды» деген сөз заңмен
бекітілсе, 35-40 мың долларға шарықтап кететіні айдан анық. Ұтатын кім,
ұтылатын кім? Бай байлығын асырып, ал қарапайым халық сол баяғы әркімнің
босағасында жалтақтаумен баз кеше бере ме?

Динара Дүрмән

Серіктес жаңалықтары