Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші: Ұлттық музыканы қажет етпейтін қазақ көбейді

Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші: Ұлттық музыканы қажет етпейтін қазақ көбейді

Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші:  Ұлттық музыканы қажет   етпейтін қазақ көбейді
ашық дереккөзі
581

Ерлан Рысқали – қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көшін сүйреп жүрген жалынды жас әншілеріміздің бірі. Ерлан Қазақтың көмейіне бұлбұл ұялаған әншісі, дәстүрлі ән өнерінің насихаттаушысы, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері. Өз еліміз бен шетелдерде де дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттап жүрген әнші дәстүрлі әннің кенжелеп қалып бара жатқанына қынжылады. Ерланмен бүгінгі әңгімеміз де «дәстүрлі әннің озығы мен тозығы» жайында болды.

– Ерлан, Конфуций «егер белгілі бір елдің ахуа­лын білгіңіз келсе, сол ел адамдарының жөн-жобасын танығыңыз келсе, алдымен әніне құлақ түр» деген екен. Қазақтың бүгінгі әні ұлттың болмысын таныта ала ма?
– Бұл өте күрделі сұрақ екен. Негізі, қай уақытта болмасын, кез келген елдің өнері өзінің ахуалынан аз-кем хабар беретіні рас. Біздің елде дәл осы ұлттық өнерге қатысты айтуға болмайды. Өйткені эстрада, опера секілді кірме өнерлер көп қой. Қайсысын қай деңгейде ұлықтап жатқанын ел-жұрт жақсы біледі. Бұқаралық ақпарат құралдарынан филармония, мәдениет ошақтарына, ұлттық музыканттарға қаншалықты орын бөліп жатқанын білуге болады. Оның үстіне ел тізгінін ұстап жүрген басшылықтың санатында, ұлттық өнерге жаны ашып, бүйрегі бұрып тұратын адамдар саны саусақпен санарлықтай ғана. Мысалға, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы, Иманғали Нұрғалиұлы, Ғалым Доскенұлы, Бердібек Мәшбекұлы, Мұхтар Абрарұлы, Қырымбек Елеуұлы, міне, осы кісілерден басқасына халық әні қажет емес сияқты. Талай жерде ән айтып жүрміз, көзіміз көріп жүр.
– Қазақтың дәстүрлі ән-күйі эстраданың көлеңкесінде қалып қоя ма деген қауіп басым. Қалай ойлайсыз, қазаққа ұлттық музыка қажет емес пе?
– Ол рас. Төл өнеріміз кірме өнердің көлеңкесінде қалып барады емес, біржола қалды. Ұлттық музыканы қажет ететін қазақтан қажет етпейтін қазақтың саны артты. Халықтың талғамы бұзылды. Талғамды бұзған сол баяғы кірме өнер, БАҚ, оқу орындарында ұлттық өнерді насихаттамау, арнайы бағдарлама дайындамау. Тіпті ұлттық өнерді оқытатын оқу орындардың өзінде жүйелі оқу бағдарламасының жоқтығы. Әр оқу орнында әртүрлі оқытылады.
– Дәстүрлі әншілерді іздейтіндер кімдер? Жалпы, тыңдарман сізді көп іздей ме?
–Бізді іздейтін қазақы қалпынан ажырамаған, қаймағы бұзылмаған өрелі орта. Құдайға шүкір, менің тыңдаушым бір басыма жеткілікті. Қадірлеп сыйлап тұрады. Ал шынында, ұлттық өнердің нақ жанашыры – ауылда. Осы жазда Ақмола өңірінің ауылдарын аралап, концерт бергенімде көзім жетті. Тіпті кей тыңдаушыларыммен туысқандай, бауыр болып араласып кеттік. Сол қарапайым тыңдаушыларым көктегі жұлдызды алып бермесе де, астындағы атын түсіп беруге дайын. Көмекке зәру шақта, өздері алыстан танып келіп, қол ұшын бергендері қаншама.
– Дәстүрлі әнді эстрадада орындаушылар көбейіп барады. Дәстүрлі әннің табиғатын жоғалтып алмаймыз ба?
– Оқу орындарынан қаншама әнші бітіріп жатыр. Солардың жүзден бірі ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Қалған 99-ы эстрадаға кетпегенде, не істейді енді?! Екінші себеп, кей адам домбырамен ән айтып жүргендерге эстрадамен ән салу қиын деп ойлайды. Шындығында, ол кәсіби музыкалық білімі бар адамға түкке тұрмайтын дүние. Кірме өнердің көркін кіргізіп, қазаққа сіңдірген де ұлттық өнерпаздар емес пе? Әміре, Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолла, Күләштар айтпағанда, операны кім тыңдайтын еді?.. Әрине, ұлттық өнерді оқып, білмеген адам оны айтса, қалпы бұзылмағанда қайта барады. Сондықтан, ұлттық өнерпаздардың эстрадамен ән айтқанын мен қолдаймын. Қазақы эстраданы қалыптастыратын да – солар.
– Ақанның, Біржанның, Мұхиттың, Үкілі Ыбырайдың, Әсеттің ізін жалғаушылар кім? Дәстүрлі ән мектептері бар, дәстүр жалғастығы ше?
– Қазақтың шежіресі қалай үзілмей келе жатса, қазақтың ұлттық музыкалық өнерінің шежіресі де үзілмей келе жатыр.
– «Бүгінгі әншілердің репертуары да жұтаң. Төрт-бес әннің төңірегін шиырлап шықпайды» деп сын айтатындар бар. Бұл сөздің қаншалықты жаны бар?
–Ол рас. Әр әншінің өз айтатын әні бар деген сылтау көбейді. «Палуанға оңы-солы бәрі бір» дегендей, шын өнерпазға қандай әнді айтса да жарасып тұрады. Оның үстіне, кәсіби музыкалық білімі бар адамның репертуары бай болуы керек.
– Қазақтың дәстүрлі өнерін дамытып, бәсекеге салудың жолы бар ма?
– Бұның жолы көп. Біріншіден, балабақша, мектеп, ЖОО-да жай ғана музыка пәні емес, ұлттық музыкалық өнертану пәнін енгізу керек. Екіншіден, телеарналар мен радиоларда тұрақты түрде танымдық, деректі бағдарламалар ашу керек. Үшіншіден, ұлттық классикалық өнер орталығы керек. Сол орталықта ән де, күй де, жыр да, қолөнер, салт-дәстүр де тоғысу керек. Республиканың бар аймағындағы өнерпаздар соған тіркелу керек. Төртіншіден, жаппай республика бойынша ұлттық музыканы насихаттайтын бір күнді белгілеу керек. Осы секілді дүниелерді тез арада қолға алуға тиіспіз.
– Алматыдан алыстап, Елордада жүрсіз. Алматы мен Астананың тыңдаушыларының арасында айырма бар ма?
– Әрине, жер мен көктей. Алматы – қанша жылдан бері мәдени ортасы қалыптасқан орда. Ал Астана – енді-енді, әлі даму үстіндегі қала. Жыл сайын, Астанаға келгенде жақсы жаққа өзгеруін көреміз. Тыңдаушының қатары көбейіп келеді. Бірақ Алматыдағыдай емес. Аста­наның тыңдаушысы әнді үндемей, өте сабырлы тыңдайды. Ән салып тұрып кейде, «тыңдаушының көңілінен шықтым ба, ұнап тұрмын ба, жоқ па» деп ойлайсың. Ал Алматыда сахнаға шыққан сәттен-ақ қиқулап, делебеңді қоздырып, шабытыңа шырай бітіреді. Астанада көрерменнің концертке келу жағы, Алматымен салыстырғанда көңілден шықпайды. Жүре келе түзелетін шығар.

Гүлзина Бектас

Серіктес жаңалықтары