Қарты бардың – қазынасы бар
Қарты бардың – қазынасы бар
Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Алайда, кейде күйбең тірліктің аурудың алдын алуға мүмкіндік бере бермейтіні бар. Осы тұста композитор, философ Джон Кейдждің мына бір сөзі еске түседі. 75 жасқа толғанда одан біреу: «Қарттық кезеңге қалай дайындалу керек?», – деп сұраса керек. Сонда Кейдж: «Менің берер кеңесім – ешқашан жұмысқа бармаңдар. Егер өмірдің әр күнін кеңседе өткізсеңіз, күндердің күнінде сізді есіктен зейнетке бір-ақ шығарып жібереді. Сол кезде ғана қарттыққа дайын екендігіңізді білетін боласыз…» деп жауап беріпті.
Адамның ағзасы темір емес. Ол да күтімді қажет етеді. Әсіресе, қарттық дендеген уақытта әрқашан да дәрігердің бақылауында тұрған абзал. Бірақ мұны қаланың қарияларына айтудың да қажеті шамалы сияқты. Қаланың қариялары немере бағудан қолы қалт етсе, емханаға қарай зырылдайды. Алматы қаласындағы сондай медициналық мекеме – «Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің емханасы» Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны соғыс ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға, сондай-ақ аумақтық тіркелген тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Емхана күніне 500-ге жуық ауруларды қабылдауға есептелінген. Медициналық қызмет тегін. Әр үш ай сайын қарттар тегін ем қабылдап, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
Аталмыш емхана жас мөлшері ұлғайған топтарының тұлғаларына, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларына медициналық көмек көрсету бойынша қалалық ұйымдастырушылық-әдістемелік орталығы болып табылады. Бұл мекемені 2006 жылдан бастап денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы, медицина ғылымының докторы Қалдыбай Мақатайұлы Мәдібраимов жемісті басқарып келеді. Бұған дейінгі басқарған тұлғалардың тәжірибесі мен дәстүрлерін жалғастыра отырып, емхананың жұмысын жаңа сапалы деңгейге көтеруген атсалысқан ол сондай-ақ геронтология саласындағы науқастардың денсаулығын тексеру мен емдеудің заманауи технологияларының бастамашысы болып табылады.
Қазіргі кезде тұрғындарға қызмет көрсету саны – 36391, аумақ бойынша тұрғындар саны – 22897, оның ішінде 25365 әйелдер, фертильді жастағы әйелдер саны 13300, жасөспірімдер саны – 2099, соғыс ардагерлері мен оған теңестірілген ардагерлер 13494. Соғыс ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға медициналық қызмет көрсету қаланың 6 ауданы бойынша іске асырылады. Жалпы саны – 13494, соның ішінде әлеуметтік топтары бойынша: Отан соғыс мүгедектері – 357 адам, Отан соғысына қатысушылар – 1290 адам, интернационалист-жауынгерлер саны – 3055 адам, Кеңес әскерінің мүгедектері – 130 адам, еңбек майданының қатысушылары – 21479 тұлға, Чернобыль апатының қатысушылары – 417 тұлға, репрессияға ұшырағандары – 2171 адам, Семей ядролық полигонынан зардап шеккендері – 2968 тұлға, қайтыс болған жауынгерлердің отбасылары – 63.
Емханада геронтология бөлімше, 2 терапиялық бөлімше және арнайы мамандандырылған қызмет: хирургия, стоматология, урология, гинекология, эндокринология, неврология, кардиология, офтальмология, отоларингология, физиотерапия, сондай-ақ күндізгі стационар, клиникалық зертхана, рентген бөлімше қызмет көрсетеді.
Бүгінде емхананың 11 қызметкері «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» деген құрмет атағына ие. Бас дәрігер Қалдыбай Мәдібраимов Б.Момышұлы атындағы медальмен марапатталса, сонымен қатар бас дәрігер мен емхана ұжымына Чернобыль апатының ардагерлер кеңесінен Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысқан және одан зардап шеккен тұлғаларға медициналық көмек көрсетуде мейірімділік, қамқорлық,адамгершілік танытқандығы үшін алғыс жарияланғанын айта кеткен жөн.
Емханада жас мөлшеріне қарай 60 жастан астам тұлғалар 82,5 пайыз. Жұмысқа қабілетті жасындағы қызметкерлерді күндізгі стационарда және науқастардың үйлеріне барып емдеуді кеңінен қолдана отырып, сондай тұлғаларды дер кезінде сауықтыру, диспансерлік қарау сапасын жақсарту бойынша жедел шаруалар қолданылуда. Бүгінде соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларды күндізгі стационарлық емге жатқызу шамадан тыс көбейген. Бас дәрігердің геронтология жұмысына жауапты орынбасары, терапия саласы бойынша жоғарғы дәрежедегі дәрігер Макеева Зәуре Исембекқызы ауруларды емдейтін күндізгі стационардың, үй жағдайында көмек көрсететін стационардың, күндіз келіп емделетін жартылай стационардың көмегін мүмкіндігінше кеңейтуді көздеп отырғанын айтады. «Көптеген аурулары бар кәрі жастағы адамдарды консервативті терапиямен емдеу керек. Осыған байланысты Ұлы отан соғысы ардагерлері емханасының аумағына соғыс ардагерлері мен еңбек және оған теңестірілген тұлғалар үшін стационарды алмастыратын күндізгі стационар соғылса дейміз. Күніне бір рет түскі ас беретін, жақсы физиотерапевттік бөлімшесімен, сумен емдеуге, медициналық және сауықтыру шараларын өткізуге арналған санаториялық стационар болса немесе «Ардагер» кешендік санаториясы сияқты стационар бөлінсе дейміз», – деген талап-тілегін де жеткізді ол. Шын мәнінде, геронтология сұрақтары бойынша дайындықтан өткен дәрігер ғана қартайған адамның психологиялық ерекшеліктерін, деонтологиясын, оның жүйке және жүрек қан тамыры жүйесінің жағдайын, қозғалу аппаратын, көру және есту мүшелеріне ерекше көңіл қойып емдей алады. Осыған байланысты емхана қарт жастағы адамдардың денсаулығын қорғауға жағдайлар жасауды, медициналық және әлеуметтік көмектің барлық түрлерін көрсетуді қамтамасыз етуде. Қарт адамдарды кешендік қорғау мемлекет саясатының басында тұруы тиіс екені айтпаса да түсінікті.
Жақында «Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің емханасы» Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны қарттар айлығын өткізді. Алматы қаласының геронтологтары бас қосып, ашық есік күнін жариялады. Шара барысында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, қарттардың мұң-мұқтажына құлақ түрілді. Геронтолог-дәрігер Зәуре Исембекқызының айтуынша, қарттар айлығы кезінде 48 адамнан қан алынып, 100 адамға УЗИ жасалған. «Емханада тіркелген 35 мың адамның барлығы дерлік тегін дәрі-дәрмегін алып, күн сайын сексен адам күндізгі стационарда ем қабылдады. Қазан айында санаториялық курорттық емдеуден 56 адам өтсе, 2 млн. 239 мың теңгеге 561 адамға тегін дәрі берілді. Ал 44 адамға бағасы 20 мың теңге тұратын дәрі-дәрмек қорапшасы таратылды», – дейді.
Жыл сайын емханада С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ кафедрасымен бірлесіп, «Ашық есік күні», «Қарттар күні» атты іс-шаралар дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Сонымен қатар жыл сайын Ардагерлер қоғамының өкілдерімен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, 117 жүре алмайтын соғыс пен еңбек ардагерлерінің үйіне барып, медициналық анализдеріне сараптама жүргізіліп отырады екен. Қарияларға айрықша сый-құрметтің керегі жоқ, оларға бізден титтей ғана көңіл бөлінсе болғаны.
Динара Мыңжасарқызы