СЫР БҰЛБҰЛДАРЫ САЙРАҒАН ТҮН АРЫСТАР

СЫР БҰЛБҰЛДАРЫ САЙРАҒАН ТҮН АРЫСТАР

СЫР БҰЛБҰЛДАРЫ САЙРАҒАН ТҮН  АРЫСТАР
ашық дереккөзі
571
Ұланғайыр қазақ даласының әрбір ұлтарақтай жері қасиетті. Ұлтымызға ортақ, әрі ыстық Отан-анамызды болашақ ұрпаққа аманаттау үшін бастарын бәйгеге тіккен оғландарымыздың қаны төгілген мұнда. Оған дау жоқ. Әйтсе де ел басқарған көсемдер, билер, баһадүр батырлар, ақындар, болмаса ға-лымдар сияқты айтулы азаматтары басқа жерлерден гөрі көптеу шығатын ауыл-аймақтар жиі ұшырасып жатады. Қазақтың белгілі азаматтарының туып-өскен жері, біз тілге тиек еткелі отырған осындай қасиетті мекендердің бірі Жыныс – қарт Қаратаудың қойнауына орналасқан шағын ауыл. Ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында. Созақ тарихы – айтулы тарих, ауыр тарих. 1930 жылғы «Созақ көтерілісін» жасағандар да бостандықты аңсаған тарпаң мінезді алыптардың тұяқтары еді… Бұл жер – ІХ ғасырда күңіренген Қорқыттың қобызын ХІХ ғасырда өнер шыңына айналдыра білген Ықылас Дүкенұлы, шертпе күйдің қаратаулық мектебін қалыптастырған Сүгір Әліұлы, соларды біздің заманымызға жеткізген кешегі Жаппас Қаламбаевтың мекені. Жыныстың киелі топырағында туып-өскен Есен Дүйсенов дейтін азамат Алматы қалалық Атқару комитетін 15 жыл басқарып, алып шаһардың гүлденуіне шама-шарқынша күш жұмсап, зейнеткерлікке шыққаннан соң орнына К.Аухадиев келіпті. Тұңғыш ғарышкер Ю.А. Гагаринді партия қатарына алған, оған көкке самғарында «ақ жол» тілегендердің қатарында Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысқан, 37 жасында полковник атағын алған, қазақ жерінен ашылған «Байқоңыр» ғарыш кешенінің алғаш партия ұйымын басқарған Қален Құсайынұлы Тоқмұқамедов те осы ауылдың борпылдақ шаңын кешіп өсіпті. Мұнда «Қазақ вальсінің» королі атанған Шәмшінің әкесі Қалдаяқтың ескі үйінің орны сақталған, күйші Сүгірдің мектебі бар. Алаштың ардақтысы Сұлтанбек Қожанов пен шертпе күй шебері, Сүгірдің шәкірті Төлеген Момбековтің туып-өскен ауылдары бір қырдың астында «менмұндалайды…» Бұл құтты мекенде 8-9 ғасырларда Ысқақ бабтың соңына ерген мүриттерінің бірі бұлақ басынан құжыра тұрғызып, исламды насихаттай бастайды. Оның бүгінде есімі ұмытылған, бізге «Жыныс ата» деген лақап атпен жеткен. Бұл өлкеге 12-ғасырда Қарахан мемлекетінің ханзадасы орнығып, «Ясауиа» дін орденінің туын тікті. «Қарабура әулие» атанды. Қожа Ахмет Яссауи бабамыз бақилық болғанда жаназасын шығарды. Тым ертеде Алтайдан басталған ғұндардың ұлы көшінің сақталған сілемімен, әрі Қарабура әулиенің осында қалған сүйегін құрметтеген ұлағатты ұрпақтары 1446 жылдары ЕділЖайық бойында «Ормамбет хан өлгенде, Он сан ноғай бүлгенде» дейтін оқиғадан кейін Кіші жүздің Алшын атасы, болса да тамалар, жағалбайлылар әуелі Арқаға ауып, кейіннен Шу бойын қыстап жүріп, 1723 жылғы аласапыранда Әбілқайыр ханды күтіп алып, соның қосынының қатарын толықтырады. Атақты «Аңырақай» шайқасынан кейін олар қарт Қаратаудың Теріскейіндегі Арпаөзен аңғарынан бастап Күркіреуік өзеніне дейін, Келіншектау, Мың-жылқы тауларының етегін Сырдан қоныс аударған қоңырат ағайындармен бірлесіп жайлай бастайды. Мойынқұмның етегіндегі Қанжуғаннан бастап, Текейдің асуы, Ақсақ бақсы сияқты құм жалдарын иемдене отырып, Жуантөбе ауылынан Жамбыл облысы жеріндегі Шудың Ұланбелге дейінгі аралығын қыс қыстау етеді. Болса да одан әрман Арқаға асады. Түгіскен, «Тай атқан шұнаққа» дейін барады. Бұлардың арасынан Сеңгірбек, Жұма, Жарас сияқты батырлар шығып Әбілқайырға, Абылайға, Кенесарыға еріпті. Қоқан заманында бұл жерде Айгелді датқа деген болыпты. Кезінде осы ауылдың тізгінін ұстаған Тілеу деген би болыпты. Сол кездің дәстүрімен оның екі әйелі бар екен. Оның бәйбішесінен – Мәмбетқұл, Бәйім-бет, Кеңесбай, Қалымбет, Ахмет; екінші әйелінен – Ерімбет, Нұрымбет, Шерімбет, Омар дейтін ұлдары, Гүлжан, Гүлжәмилә атты қыздары болыпты. Осы ұлдардың арасынан Бәйімбет дін жолын ұстап ғұлама болады, тіпті ерте 16 жасында Мекке-Мәдинеге сапар шегіп, қажылық міндетін өтеп, қайтып келген соң, Тәшкеннен шеберлер шақыртып, «Жыныс» аулынан өз қаржысына таңғажайып мешіт тұрғызады. Оның орны, қалдығы, өрнектелген бел ағаштары әлі сақталған. Біз төменде сөз еткелі отырған айтулы азамат-тардың бәрі аталған мешіт-медреседе тіл сындырады. Осы Тілеу бидің үшінші баласы Кеңесбайдан туған Ісмет қазақ тілінің академигі атанды, ҰҒА-ның Тіл және әдебиет институтын ұзақ жылдар бойына басқарды. Оның қоластында ұлы қаламгер Мұхтар Омарханұлы Әуезов жұмыс істеген. 1961 жылы Оңтүстікке жасаған сапарында «Мұхаң өзінің жақын досы Ісмет Кеңесбаевтың «Октябрь» бөлімшесінде туып-өскен ауылына соқты» деп жазылған. (Әділбай Омаров. «Асыл арман», 1959 жылдың 24 қыркүйегіндегі мақаладан. Ол уақта бұл «Сызған» совхозына қарайтын). Осы Тілеу бидің екінші әйелінен туған Ерімбет кезінде болыс болып, ел билепті. Ол Балдысудағы Ахмет болыстың қызы Күнәһар деген сұлуды жар етіп, одан 15 перзент сүйеді. Сол Күнаһар апамыздан Ескендір Ерімбетов туады. Ол Ташкентте заң университетін бітіріп, қазақ еліндегі заң-зәкөннің алғашқы білгірлерінің біріне айналады. Сәбит Мұқановқа «Адасқандар» («Мөлдір махаббат») атты роман жазуға мұрындық болады. Оның жазылу тарихы ұзақ, дегенмен де Сәбеңнің «Таңдамалы шығармаларының» 11-томы, «Өмір мекте-бі» романының 293-296-беттерінен мынаны оқимыз: «1928 жыл, апрель айының аяғы, Қызылорда қаласы. Сот мәжілісі апрельдің 29 күні Қызылордадағы кинотеатрдың залында ашық түрде басталды. Председателі – Ескендір Ерімбетов, мүшелері – Исхақ Байжанов, Бәтима Мұсағалиева, хатшысы Әубәкіров, прокурор – Сұлтан Жантуаров, айыпкерді қорғаушы адвокат – Дебагон, қоғамдық айыптаушы – мен». Мұндағы «председатель Ерімбетов» жазушыға осы сотқа қатысуына толық жағдай жасайды. Қолына (Бәтиманың) Бәтестің, Сұлтанбек Әбеуовтің (Бүркіт), өлген Мұстафа Көшеновтің (Мүсәпір) бір романға жүк болатын күнделігін, хаттарын, тергеу хаттамаларын түгел береді. Ескендір Ерімбетов 1932 жылдың шілдесінен 1933 жылдың қазан айына дейін Москвадағы сот және прокуратура ісі бойынша басшы қызметкерлер даярлайтын жоғарғы курсты тамамдайды. Кезінде Жоғарғы сот төрағасы, кейінірек республиканың бас прокуроры болған оның одан әрман шарықтауға шыққан тегі жібермейді. 1937 жылғы аласапыраннан заңды жетік білгендіктен әзер аман қалады. Москва, Ташкент қалаларын сағалап жүргенде ақыры ұсталып, 3 жылын түрмеде өткізеді, кейіннен соғыс басталып, өз еркімен майданға аттанады. Одан аман оралып, жан бағатын жұмыстар істей жүріп, 1952 жылы жүрек талмасынан қайтыс болады. Көз жұмардың алдында мынадай өлең жазыпты. Соның екі шумағында: «Менің де таянып тұр өлер шағым, Ойланушы ем басымда барда бағым…»- делінген. 2008 жылы «Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары мен оқытушылары» атты 734 беттен тұратын энциклопедияның 9-бетінде қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған, осы тұңғыш ашылған жоғарғы оқу орнына тікелей қатысы бар үш азаматтың суреті қаз-қатар берілген. Онда «Т. Жүргенов (1887-1937) көрнекті партия және мемлекет қайраткері, КазПИ-дің ашылуы мен қалыптасуына көп еңбек сіңірді; О.К. Жандосов (1889-1939) КазПи-ді құру жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының төрағасы және КазМПИ-дің 1935-1937жж. ректоры Шахислам Бекжанов» деп көрсетілген. Кітаптағы «Шахислам» делінген есімнің дұрысы – «Шайхислам». Есімін кітап ашып қойғандықтан ол түпнұсқада «Шейх-Ислам» деп оқылады, айтылады, құран хатым түсіріледі. Біз бұны оған берілген төлқұжаттан таптық. Мұнда ол Шайхислам деп көрсетілумен қатар, 16 ноябрь 1903 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында туылған деп көрсетілген. Құ-жаттың номері: АЕ №646892. Шайхислам Бекжанов өмірбаянын тарқатып көрейік. Ол әуелі ауылдағы медреседен қара таниды, кейіннен Түркістандағы орыс-түзем мектебінде оқуын жалғастырады. Одан әрі үш жылдай училищеде білім алады. Ташкентке асып, мұғалімдер семинариясын тауысады. Кейіннен Түркістанға, Қызылордаға оралып оқу-ағарту саласында қызмет ете бастайды. 1931 жылы Қостанайда ашылған мұғалімдер институтының директо-ры, кейіннен 1932 жылы Оралда ашылған жоғарғы оқу орнының басшысы бола жүріп, 1933 жылы Наркомпросстың Мектептер бөлімінің бастығы болып тағайындалады. (Ол кезде бұл мекеменің қанаты кеңге жа­йылып, оған мәдениет, денсаулық сияқты көптеген салалар қарайтын болған). С.Асфен-дияровтың медицина саласына ауысуына байланысты 1935 жылдан бастап, КазПИ-дің тізгінін өз қолына алады. Осы ордалы оқу орнына бұған дейін әрқилы пікірлер қайшылығында болған, феодал, байдың тұқымы, аға сұлтан Құнанбайдың баласы, өзі де болыс болған деп қақпақылға түскен ақын Абайдың атын жиналыстан-жиналыс талқылай отырып, оң шешімін тауып, ұжымның ұсынысын ұйымдастырып, инстиутқа алып береді. 37-нің қара бұлты үйірілгенде ата-тегі ел билеушілердің қатарында болып, сондай-ақ «Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Санжар Асфендияров, Құдайберген Жұбанов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Садуақасов, Ибрагимов, Тәштитов, Сукин, Көлбаев, Тоғанбаев, Асанов сияқты «Кеңес үкіметін құлатпақ» болғандармен тығыз байланысты болды» деген айыппен ұсталып, ату жазасына кесіледі. 1961 жылы 20 қаңтарда КСРО Жоғарғы Сотының Шешімімен біржолата ақталады. Шайхислам Бекжановтың есімін энциклопедиялардан таба алмайсыз. Дереккөздер де жоқтың қасында. Бір де бір жоғарғы оқу орнына, мектептерге, көшеге аты берілмеген. Керек десеңіз, туған жерінде де ештеңе жоқ, бүгінгі жастар ондай адамның болғанын мүлдем білмейді. Оның артында аман қал-ған ұрпақтары – Арыстан және Кеңес болатын. Олар «халық жауының» балалары болғандықтан қанатын кеңге жая алмаған болулары керек. Кеңес ағай 1961-66 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы 12-мектеп-интернатта ұстаздық етті. Ал енді Бекжанов Шайхислам туралы айтқанда іздеген жетер мұратқа дегендей, там-тұмдап болса да қолымызға архив материалдары іліккеніне шүкіршілік етеміз. Онда мынадай деректер бар болып шықты. БЕКЖАНОВ ШАЙХИСЛАМ Сталиндік тізім Қазақ ССР-і 1-дәрежелі Алматы облысы 1. АЗЕРБАЕВ Мордан Нагмедович 2. АЗНАМЕТОВ Абдулла 3. АЙБАСОВ Бирмухамед 4. АЙНАНОВ Сағымбай 5. АЛИЕВ Усман 6. АТАЯНЦ Леон Михайлович 7. АУБАКИРОВ Фидахмет 8. АХМЕДЖАНОВ Сұлтан Сафич 9. БАБАЕВ Юсуп 10. БАЙМАХАНОВ Сәдуақас 11. БАУЛИН Николай Михайлович 12. БЕКЖАНОВ Шайхислам 13. БЕРДЕНОВ Тайжан және басқалар. АП РФ, тіркеу.24, іс қағазы 414, беті- 287 БЕКЖАНОВ Шайхислам 03.02.38 Қазақ ССР-і, Алматы облысы. 1-дәрежелі. Бекжанов Шайхислам. Оңтүстік Қазақстан облысында Созақ ауданы 5-ауылда туылды. Қазақ, білімі жоғары, гуманитарлық. Қазақ педагогикалық институттың ректоры. Алматы облысы Алматы қаласында тұрған.Қазақ ССР УГБ НКВД 1937 жылдың 6 қазанында тұтқындалған. УК РСФСР 658-10, 58-11 баптарымен айыпталып, Қазақ ССР-інің 1938 жылы 27 ақпанында Жоғарғы сотының Коллегиясының қарауымен жазаға тартылған. Шешім. 16 наурыз ВМН 1961 жылы КСРО Жоғарғы сотының Әскери Коллегия­сы қылмыстық құрамның болмағандығына сәйкес ақталды. Негіз: Алматы қаласы бойынша ҚР ДКНБ мәліметі. Шайхислам Бекжановпен бірге көп ұзамай аталас ағайыны Ибадулла Ақбергенов те Қаз МУ-де кафедра меңгерушісі боп жүргенде ұсталып, атылады. ИБАДУЛЛА АҚБЕРГЕНОВ Ол 1907 жылы дүниеге келген. Сол кездің өзінде-ақ қынабынан суырылған алмас іспетті оза шығып, тұңғыш рет Ленинградта Бубнов атындағы университетте 1935 жылы итальян, орыс тілдерінде «Фредгольмның екінші текті интегралдық теңдеуінің жуық шешуі және оның меншікті мәнін анықтау» (қазақша қысқартылған түрі «Интегральдық теңдеулерді жуықтап шешу тәсілдері») деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтімен қорғап, оны 1936 жылы Мәскеуде ВАК бекітеді. 23 жасында «физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент» деген атақ берілген тұғыш қазақ осы – Ибадулла Ақбергенов еді. Ол Ташкенде Орта Азия Мемлекеттік университетінде сабақ береді де, келесі жылы ҚазМУ-ге шақыртылады, физика-математика факультетінің кафедра меңге-рушісі бола жүріп, 37-нің құрығына ілініп, Шонановамен бірге ату жазасына кесіледі. Математикалық талдау кафедрасы 1936 жылы құрылған, ол – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі (1934) ең алғашқы кафедралардың бірі. Кафедраның негізін қалаушы Ленинградтан шақырылған Ибадулла Ақ-бергенов (1936) – физика-математика ғылымдарының кандидаттығы ғылыми дәрежесіне қол жеткізген тұңғыш қазақ баласы. Ол математиканың функционалдық анализ және есептеу математикасы секілді осы заманғы бөлімдерінде өзіндік өрнек қалдыру бақытын еншілеген азғантай ғана ұлы ғалымдар санатындағы кісі, ғылыми жетекшісі Нобель сыйлығын қанжығасына байлаған ұлағатты ұстаз Л.В. Канторовичтің ғылымда ойып алар орны бар ізбасары. Бір ескеретін жайт, қыршын кеткен қазақ баласының ғылыми еңбегін одан әрі дамытқан ғалымдар – жетекшісі Л.В. Канторович пен В.И. Крыловтар кейіннен Нобель сыйлығының лауреаттары атанғанда «Жоғарғы анализдің жуықталған тәсілдері» деген кітаптың 121-бетіне өздері былай деп жарқыратып тұрып жазады: «Интегралдық теңдеулерді жуықтап шешудің жолдарын табуда барынша жетілдірілген ең оңтайлы әдістерді қолданған И.А. АҚБЕРГЕНОВ болды». Өзі өлсе де «өшірілмей» қалған, «өшіруге келмеген» «ҚазМУ-дың механика-математика факультетінің тарихындағы» мына төмендегі жолдарға назар аударайық. «1935 жылдың ортасынан бастап ҚазМУ-ға жас ғалым мамандар келе бастады. Физика-математика саласы бойынша алғашқы маман, доцент И.А. Ақбергеновпен еңбек шарты жасалды. Ол ҚазАССР Халық Ағарту комитетінің өтініші бойынша 1936 жылдың шілдесінде Ташкент қаласынан, Орта Азия мемлекеттік университетінен (САГУ) ауысып келді. Ол математика кафедрасының доценті болып қабылданды. Осылайша физика және теориялық механика факультеті ұжымының ғылыми құрамы тағы бір ғылыми дәрежесі бар жаңа ғалыммен толықты. И.А. Ақбергенов – математик, қазақтар арасынан шыққан тұңғыш физика-математика ғылымдарының кандидаты. Ол 1931 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін тауысып, 1932 жылы осы университеттің аспирантурасына түседі. Одан соң 1934 жылдың қыркүйегінен Ленинград мемлекеттік университетіне осы оқуға байланысты бір жылға іссапарға жіберіледі. Онда профессор Л.В. Канторовичтің басшылығымен (кейіннен КСРО Ғылыми Академиясының академигі, Нобель сыйлығының иегері) 1935 жылы кандидаттық диссертациясын өте сәтті қорғап шығады. Оның «Фредгольмның екінші текті интегралдық теңдеуінің жуық шешуі және оның меншікті мәнін анықтау» деген ғылыми еңбегі «Математикалық жинаққа» басылып шығып, онда Ресейдің белгілі ғалымдары математика ғылымының озық жетістіктерін қолдана отырып қорғаған Ақбергеновтің еңбегін өте жоғары деңгейде болғаны туралы ерекше атап көрсетеді. 1936-37 жылдары ол ҚазМУ-дың математика кафедрасын басқара жүріп, математика саласы бойынша оқу үрдісін ұйымдастыру мен оқытушылардың біліктілігін арттыру бойынша қыруар жұмыстар атқарады. Ол басты, негізгі, жетекші ғалым ретінде жалпы математикалық курстарды, оның ішіндегі жекеленген арнайы салаларынан лекциялар оқиды. И.А. Ақбергеновтың айтарлықтай ұйымдастыру жұмыстарының ең бас­тысы – ол Мәскеу, Ленинград, Ташкет қалаларының өте белгілі, білікті оқымысты ғалым-математиктерін Алматының жоғары оқу орындары мен ҚазМУ-ға тарта білді, оларды арнайы шақыртып алдырды. Сондай ғалымдардың бірі Ленинградтық белгілі математик, профессор И.П. Натансонның Алматыдағы университетте ұзақ жылдар тұрақтып, қызмет ету келісімін алады. Кафедра жұмысын ұйымдастырып, жолға қоюда қысқа мерзімде айтарлықтай еңбек сіңірген, керемет ұйымдастырушы, әрі болашағы зор, жас математик, алғашқы доцент И.А. Ақбергенов 1938 жылдың наурызында тұтқындалды». Жоғарыдағы тап осы «ҚазМУ-дың механика-математика факультетінің тарихы» И.А. Ақбергеновті қимағандай, екінші рет қайта оралады (басқа ешбір ғалымды бұлай екі рет бермеген). «Қызметтік бірліктегі алғашқы тұрақ­ты қызметкер – физика-математика ғылымда­рының кандидаты И.А. Ақбергенов бірқатар белді математикалық пәндерді жүргізді. Кеңестер Одағының ғылыми орталықтары мен жоғары оқу орындарындағы белгілі ғалым-оқымыстыларды Қазақстанға тарту, шақырту мәселесі бойынша оны жер-жерге іссапарға жіберді. Нәтижесінде ол физика-математика ғылымдарының доценті И.П. Натансонның келісімін ала білді. ҚазМУ-дағы қысқа мерзімде жұмыс істеген кездерінде, ондағы ұйымдас-тырушылық және педагогикалық жұмыстар И.А. Ақбергеновке аспирантурадағы, 1934, 1935, 1937 жылдардағы дүр сілкіндірген ғылыми еңбектерін одан ары жалғастырып-жандандыруға, шығармашылық аса талантты мол мүмкіндігін пайдалануға мүлдем мүмкіндік бермеді. Әсіресе оның «Фредгольмның екінші текті интегралдық теңдеуінің жуық шешуі және оның меншікті мәнін анықтау» (Математикалық жинақ, т.42, 1935, 6-шығарылым, 679-697-б.) еңбегінің маңызы өте зор болды. Бұл жұмыс жоғары теориялық деңгейде жаңа математикалық аппаратты (сол кездегі) қолданғанымен аса құнды болды. Жасыратыны жоқ, И.А. Ақбергенов профессор И.П.Натансонның келуімен байланысты кафедраның күнделікті жұмыстарынан біржола босанып, ғылыми жұмысын жалғастыруды ойлап, мақсат етіп еді. Өкінішке орай, оның кафедрадағы қызметі ойламаған жерден тоқтатылды, ол 1938 жылдың наурызында тұтқындалды».
ДОЦЕНТТЕРДІҢ РЕПРЕССИЯ­ЛАНУЫ ЖАЙЛЫ МӘЛІМЕТТЕР
Төменде қуғындауға ұшыраған жоғары оқу орындарының оқымыстылары мен оқытушылары – 224 доценттің анықтамалық мәліметтері беріледі. Мәліметтер жазба-естелік кітаптарынан теріліп алынған. Ескертіп кететін жайт, «Мемориал» деп аталатын естелік-кітапта қазіргі кезге дейін 1,3 миллион адамның жаза карточкасынан алынған мәліметтер бар (Кеңес дәуірінде барлығы 2,7 миллион адам саяси қылмыскер ретінде тіркелген). Сондықтан бұлардың бәрінің мәліметтерін жинақтай түскенде, тағы да бірнеше кітап болары сөзсіз. Олар бірнеше рет тұтқындалып, бірнеше рет тергеуге шақырылған, соңыра дені Мәскеуде ату жазасымен аяқталып отырған. Соның ішінде 11 доценттің есімі әр аймақтың кітапшаларына жазылып қалдырылған. Соның бірі төмендегі мәлімет. Ақбергенов Ибадулла . Туылған жері: 1907 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Созақта туылған; білімі – жоғары техникалық, ҚазМУ-дың математик-доценті. Тұрған жері: Алматы облысы, Алматы қаласы. Тұтқындалды: Алматы облысы УНКВД-сымен 1938 жылы 14 наурызда. Жазаға кесілді: КСРО ВК ВС 1938 жылдың 11-қарашасы, айыптау ст.: 58-2, 58-8, 58-11 УК РСФСР. және ВМН 29 тамыз 1957 ж. КСРО ВК ВС қымыстық құрам болмағандықтан ақталды. Дерек көзі: ДКНБ РК Алматы қаласы бойынша. «Жақсылық жақсымен жалғасады» дегендей, Ибадулла Ақбергенов туралы тарих ғылымдарының докторы, бүкіл ғұмырын Қазақтың Мемлекеттік Ұлттық университетіне арнаған Әбу Тәкенов «Нау­ка Казахстана» журналында жарқыратып тұрып жазды да. Сондай-ақ сол кезгі Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Жоғарғы математика кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты Балтабек Қанғожин, физика-мате-матика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Иманбаевпен бірлесе отырып «Қазақстан мұғалімі» газетіне (24 маусым, 1998 жыл) «Жалындап жанған бір ғұмыр» деген атпен мақала бастырды. Шолпан Канди дейтін қарындасымыз Ибадулла Ақбергеновтің Ленинград қаласында белгілі қаламгер, «Ақ Жайық» романының авторы Хамза Есенжановпен бірге аспирантурада бірге оқып жүрген кезінде түскен суретін «Жас Алаш» газетінде жариялады. (2002 жыл, 2-сәуір, №39). И.Ақбергенов кезінде итальян математигі Ф.Трикомиді сынға алып, сол тілде оған сілтемелер жасады. Керек болған кезінде француз тілінде математикалық мақалаларын бірінен кейін бірін жазды. Созақ сахарасынан шығып, қазақтың туын көтеріп, 1933 жылы дәл 25 жасында Бүкілодақтық математиктер сьезінде үлкен мінберден сөз алды, баяндама жасады. Таңғажайып таланттың арқасында бүткіл түрік тілін аса жетік меңгерген мұндай ұлы дарын, сөз жоқ, ендігі жерде алтын басы аман болғанда, біз әлі күнге дейін армандаумен қол жеткізе алмай жүрген Нобель сыйлығын иеленген Л.В. Канторович, В.И. Крыловтармен бірге аты аталып, түсі түстеліп қатар тұрған да болар еді-ау! Оның еңбектерін 1935 жылдың өзінде-ақ 1866 жылдан бері тұрақты түрде шығып, әлем халықтарына таралып келе жатқан «Математикалық жинақтың» 42-томына кіргенін біреу білсе, біреу білмейді. Оның осы ұлы еңбегі кейіннен компьютерлік программасын жобалаудың бастапқы табалдырығы болғанын математиктер қауымдастығы түгел мойындайды. Негізінен Нобельдің қалдырған өсиеті бойынша математика саласына бұл сыйлық берілмейді. Оны физикамен біріктіре отырып ең алғаш зерттеген біздің ұлы жерлесіміз Ибадулла Ақбергенов еді. Осыны тілге үнемі тиек еткендіктен ғана, Л.В. Конторович пен В.И. Крыловқа Нобель сыйлығы бұйырған болатын. Олар И.Ақбергеновтің еңбегін әрі жалғастырып, дамытқанын «Интегралдық теңдеулерді жуықтап шешудің жолдарын табуда барынша жетілдірілген ең оңтайлы әдістерді қолданған И.Ақбергенов болды», – деп мойындайды. Иә, қандай өкініш десеңізші, онымен қаз қатар құлаш сермеген, әлемдік математика тарихына енген еңбегінің жауапты редакторы болған, болса да өз зерттеулерінде сәтімен пайдалана білген, 1948 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған, Алматы қаласында 1906 жылы дүниеге келген Всеволод Иванович Романовский Өзбек ССР-інің кейіннен академигі болды. Қазіргі таңда Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының математика институты сол кісінің атында. Сондай-ақ Ибадулла Ақбергеновпен ғылым майданында бірге болған, интегральдық теңдеулерді бірге шешіскен Крылов Владимир Иванович 1956 жылдары Беларусь ССР-і Ғылым Академиясының академигі, 1968 жылдан Беларусь ССР-інің еңбегі сіңген қайраткері, 1978 жылы Мемлекеттік сыйлық-тың иегері атанады. Болса да Нобель сыйлығын алды. Ал біз математика ғылымының нағыз мұзбалағы – ұлы перзентімізді енді-енді ғана іздестіре бастадық… Біздің білуімізше, тап осылар секілді қайталанбас біртуар айтулы ұлдар ұлықтаудың орнына көбіне «қағажу» көретін екі түрлі себебі бар сияқты. Оның біріншісі – іздеушісінің болмауы, екіншісі – осының салдарынан атаусыз қалып, елге сіңген еңбегінің бірте-бірте ұмыт болуы. Сол себепті де барды асырмай, жоқты жасырмай мұндай азаматтарды көздері жұмылған соң, мүлде ұмыт болып кетпейтіндей етіп болашақ ұрпаққа мәңгі аманаттап кету – көкірегі ояу, көзі ашық әрбір зиялының қасиетті парызы деп білеміз.

Жарылқасын Боранбай

Серіктес жаңалықтары