Дәрігерге сенеміз бе, сенбейміз бе?!
Дәрігерге сенеміз бе, сенбейміз бе?!
Адам өмірінің арашасы саналатын ақ халатты дәрігерлерге деген сенімге селкеу түсті ме?! Соңғы кездері жұртшылық дәрігер алдына барғаннан гөрі өз бетінше емделгенді тәуір көреді. Бұның себебі неде? Әрине, барлық дәрігер білімсіз, біліксіз деуге болмайды. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді». Прокуратура алға тартқан мына фактілерден кейін дәрігерге сенеміз бе, сенбейміз бе деген ойға қалады екенсің…
Прокурор дәйектемесі: 2013 жылдың 9 айында бір жасқа дейінгі 1564 балаға, «Ферровит С» 100 мл шәрбатының 2876 флаконына 1675 рецепт жазылып, 1551 рецептісі бойынша дәріханадан 2504 флаконы 866 351 теңгеге, 1118 балаға 1871 қорап фолий қышқылын 1 мг №50 алуға 1157 рецепт жазылып, 1064 рецептісі бойынша дәріханадан 1659 қорабы 141 015 теңгеге босатылған.
Аталған препараттар, яғни «Ферровит С» 100 мл шәрбаты және фолий қышқылын нұсқаулық талаптарына сәйкес 1 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды.
Мәселен, Қызылорда қаласындағы емханалардың бірінде 1 жасқа толмаған Е.М-ға фолий қышқылы 1 мг таблеткадан күніне 2 реттен тағайындалған. Алайда ҚР Денсаулық сақтау Фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының 18.09.2009 жылғы №288 санды Дәрілік заттың медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулығына сәйкес, фолий қышқылы 1 мг таблеткасын 12 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайтындығы айқындалған.
Сол сияқты балаларды сал ауруынан емдеу барысында жасы 18-ге дейінгі жасөспірімдерге қолдануға болмайтын «Циклодол» 2 мг №50 препараты 45 балалар мен жасөспірімдерге тағайындалып, 40-на 90 қорабы дәріханадан рецепт бойынша босатылған.
Балаларды сал ауруынан емдеуге «Мидокалм» препаратының қолдану нұсқаулығында балаларға ұсынылған тағайындау дозасы 50 мг аспау қажет болғанымен, басқарма 150 мг таблеткаларын сатып алған.
Облыстық прокуратура басқармасының басшысы Ғ.Едігеевтің баяндамасынан соң мінберге шыққан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Серғазиев анықталған кемшіліктер бойынша комиссия құрылып, жұмыс жүріп жатқандығынан хабардар етті.
Прокуратура мәлім еткендей, мұрын кеңсірігіне ота жасатып, дәрігер кінәсінен зардап шеккен азаматтың жайын облыс прокуроры өзі сауал етіп қойды.
Қызылорда облысының прокуроры С.Нұрпейісов: Мұрынның кеңсірігіне ота жасатқан азамат әлі зардап шегіп жүр. Бұған қандай көмек жасап жатырсыздар. Ең болмаса, квота алып беріп, Астана, Алматы жақтағы мықты дәрігерлерге жібермейсіздер ме?
Дәрі-дәрмекті дұрыс тағайындамау адам өміріне қауіп тудыратын жағдай ғой. Дәрігердің дұрыс қарамауынан ел шаршады…
Алқа мәжілісінде денсаулық сақтау басқармасының өкілі айтылған мәселелерге, қойылған сауалдарға «жұмыс жасалып жатыр» деуден өзге мардымды жауап алмады.
Алқа мәжілісін түйіндеген облыс прокуроры әрбір жұмыста талап болу қажеттігін атап айтты. Жұмыс нәтижелі болып, ел рахмет айтпаса бәрі бекер екендігімен түйінделді.
Алқа мәжілісінде жария етілген кемшіліктер түзелсе жақсы. Нәтиже болмаса, бәрі бекер.
Денсаулық саласындағы мұндай кемшілікті алқа мәжілісінде тыңдауға ұялды ма, әлде нендей жауап айтарын білмеді ме, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының өзі бой көрсетпеді. Әйтпесе, ел басшының жауабын күтетіні белгілі.
Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ