Көз жасын орамалмен сүрткен жандар

Көз жасын орамалмен сүрткен жандар

Көз жасын орамалмен сүрткен жандар
ашық дереккөзі
215

Жер бетіндегі нәзік жаратылыс иелерінің өз құқығын қорғау мәселесі бүгінгі таңда дүниежүзі бойынша ең өзекті мәселенің бірі боп отыр. Дүниеде зорлық-зомбылық көретіндердің басым бөлігі әйелдер. Отбасында басынан балағат сөз, арқасынан таяқ кетпеген нәзік жандыларға сыртта көрсетілетін қорлық-зорлық қоғамдық дертке айналғандай. Жұмыс орнында зәбір көріп, жапа шеккен қыз-келіншектің барлығы құқық қорғау орындарына шағымдана қоймайтыны белгілі. Көз жасын орамалының жиегімен сүртіп тастап, мұң-зарын ішінде тұншықтыратын ханымдар қаншама. Жуырда Алматыда өткен «Әйелдер, бейбітшілік пен қауіпсіздік: Еуроатлантикалық, Еуразиялық аймақтардағы мемлекеттердің міндеттемелері және олардың нәтижелі іске асырылуы» деп аталатын халықаралық жиында осындай мәселелер талқыланды.

Конференцияға Қазақстаннан басқа Қырғыз Республикасы, Франция, Ауғанстан, Австрия, Тәжікстан, Голландия, АҚШ, Грузия, Сербия, Швеция, Ресей, Украина, Босния мен Герцеговина сияқты мемлекеттердің жоғары лауазымды өкілдері мен гендерлік теңдікті үйлестіретін ұйымдарының басшылары қатысты. Екі күнге созылған конференцияда сөз алған ҚР Сыртқы Істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сүлеймен, ҚР Президентінің Кеңесшісі, Әйел, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық Комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова, Қырғыз Республикасының Ішкі Істер министрінің орынбасары Курсан Асанов, БҰҰ-ның Саясат департаментінің директоры Сарасвати Менон, БҰҰ әйелдер бөлімінің жетекшісі Дамира Сартбаева, ЕҚЫҰ хатшылығының сарапшысы Кристель Монод, ЕҚЫҰ-ның гендерлік істер жөніндегі Бас кеңесшісі Мирослава Бехам, т.б. өкілетті орган мамандары баяндама жасады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 2011-2012 жылдардағы есебіне назар салсақ, дүниедегі қорлық-зорлықтың небір түрін көбінесе нәзік жандылар көреді екен. Сонау 1911 жылы әлемде тек екі мемлекетте әйелдердің дауыс беруге құқы болыпты. Содан бергі жүз жыл ішінде әйел статусын көтеретін көптеген заңдар қабылданды. Бүгінде әйелдер еркектермен тең деңгейде қоғамдық мәселелерді шешуге белсене араласады, өз құқын қорғауға мүмкіндігі жетеді дегенімізбен, гендерлік теңдік алаңында өзекті өртер дүниелер аз емес. Бүгінде әлемнің 186 елі әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою жөніндегі конвенцияны ратификациялады. Бірақ қыз-келіншектің барлығы өзін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінеді дей алмаймыз. Дүниежүзінде 600 миллион әйел, яғни қызметкерлердің жартысынан көбі жұмыс орнында өзін қауіпсіз сезінбейді екен. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде гендерлік теңдік мәселесіне қатысты құқықтық база толық қалыптасты десек те, құқық қорғау органдарына зорлық-зомбылық көрген әйелдерден түскен арыз-шағымдар саны көбеюде.
Алматыда өткен конференцияда қыз-келіншектердің ар-намысын аяққа таптау мәсеелесі ерекше аталып, талқыланды. Әйел құқы БҰҰ қабылдаған «Мыңжылдықтың даму мақсаттары» құжатында да атап көрсетілген. Бұлар – ана денсаулығын сақтау, әйелдердің білім мен денсаулық мекемелеріне қолжетімділігі және гендерлік теңдіктің қоғамдық деңгейде қолдау табуы. Бүгінде 139 мемлекеттің Ата заңында әйел мен ер теңдігі заңдық түрде бекітілген. Бірақ зерттеу нәтижелері көрсеткендей, экономикасы дамымай қалған елдер ғана емес, дамыған мемлекеттердің өзінде әйел құқығының аяққа тапталуы жиі орын алады. БҰҰ-ның «Әлем әйелдерінің өркендеуі» деп аталатын құжатында бейбіт кезде және соғыс жағдайында қыздар мен аналардың ар-ұжданын сақтап қалуына арналған мәселелер түйіні көрсетілген. Баяндамада жазылған мәселе бойынша құқықтық жүйені құрудың он кепілдемесі ұсынылған. Мәселен, Эквадорда жергілікті ұлттың құқығына қатысты Кичва тайпасының әйелдері «Лайықты өмір сүру талаптары» деген бағдарлама жасап, Үкіметіне қабылдатқан. Дүниежүзінің барлық мемлекетінде әйелдердің өзінің ар-ұжданын қорғауға арналған арыз-шағымы толық қаралады десек жаңсақ болар. Кейбір елдерде отбасында күйеуі соққыға жықса да, бұл әйелдің құқы аяққа тапталды деп есептелмейтіні белгілі. Тіпті дамыған елдердің өзінде әйелдерге төмен етекті деп кемсіте қарайтын жағдайлар аз емес. Осындайда нәзік жандыларға өз құқын өзі қорғауға тура келетіні шындық. Мысалы, АҚШ-тың «Новартис» деген дәрі-дәрмек шығаратын компаниясында істейтін 12 әйел бұл мекемеде қыз-келіншектердің қызметінің өрлеуіне көп кедергі жасалатынын, жалақысы ерлерге қарағанда төмен екендігін айтып, сотқа арыз берген. Сот кемсітушілік көрген әйелдердің арызын қарап, «Новартисті» жауапқа тартыпты. Компания 175 миллион доллар өтеуге мәжбүр болған. Оның ішінде 22,5 миллион доллар жұмыс орнында гендерлік теңдікті қалыптастыру бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалған.
Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою жөніндегі конвенция мен БҰҰ-ның бағдарламаларын жүзеге асыру нәтижесінде гендерлік теңдік мәселесінде біраз өрлеу бар. Әлемнің 173 мемлекетінде жүктілік кезінде демалыс ақысы төленеді, 139 мемлекеттің Ата заңы ер мен әйел теңдігіне кепілдік береді, 125 елдің заңы отбасында ұрып соғуға тыйым салады, 117 мемлекеттің заңында ер мен әйелге теңдей жалақы төлеу туралы жазылған. Оған қоса 115 елде әйелдерге ресми түрде мүлік құқы берілген. Мысалы, Непалда жерге салынатын салықты алып тастаған соң жекеменшік жылжымайтын мүлікке ие әйелдердің саны үш есеге көбейген. Бірақ заң жүзіндегі осындай артықшылықтармен қатар кемшіліктер де азаймай отыр. Мысалы, 127 елде отбасында зорлауға ұшыраған әйел заң жүзінде қорғалмайды екен. Алматыда өткен конференцияда осы мәселе төңірегінде қызу пікірталас болды. Дүниежүзінде әйелдердің 53 пайызы жұмыс орнында қорғалмағанымен қоса еркектердің жалақысы әйелдерге қарағанда 10-30 пайызға көп. Бұл мәселені шешуге алдымен кіріскен елдің бірі Швеция. Бұл мемлекетте бала күтіміне байланысты еркектерге де демалыс беріледі. Соның арқасында әйелдер мен еркектердің жалақысы арасындағы алшақтық азайған.
Бүгінгі таңда дүниежүзі бойынша әйел зорлау фактілері күннен күнге артуда. Кейбір елдерде зорлық жасаған еркекті жауапкершілікке тартпайды да. 2009 жылғы зерттеулер нәтижесіне көз жүгіртсек, Еуропа елдерінің өзінде қыз зорлау фактісінің 14 пайызы тек сөгіс жариялаумен аяқталған. Ал басқа мемлекеттерде сөгіс жариялау фактісі тіпті 5 пайыздан аспайды. Кейінгі кезде қорлауға тап болған әйелдерге медициналық, психологиялық көмек көрсету мақсатында орталықтар ашыла бастады. Бұндай мекемелердің ең жетілген жүйесін Оңтүстік Африкадағы «Тутузела» деп аталатын әйелдерді қорғайтын орталықтардан көруге болады. Бұл жұмысқа сексуалдық зорлыққа тап болған әйелдерге көмек көрсететін дәрігерлер мен әлеуметтік сала мамандары ғана емес, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де тартылған. «Тутузеланың» белсенді жұмысының арқасында ОАР-да қыз зорлағаны үшін шығарылған сот үкімі бұрын 7 пайыз болса, бүгінде 89 пайызға жеткен. Яғни, әйелдердің ар-намысын аяққа таптағандар тиісті жазасын алды деген сөз. «Тутузела» үлгісін Чили мен Эфиопия мемлекеттері де қолдана бастады.
Әйелдерге қатысты әлемді алаңдатып отырған тағы бір мәселе, қыз-келіншектерге жасалатын қылмыстардың жасырын күйінде қалуы. Сауалнамаға сүйенсек, 57 мемлекеттегі әйелдердің 10 пайызы сексуалды зорлықты бастан өткергенін растаған. Олардың ішінде тек 11 пайызы ғана құқық қорғау мекемелеріне шағым түсірген. Осы әйелдердің 8 пайызы тонауға ұшырағанын айтыпты. Оның ішінде тек 38 пайызы құқық қорғау мекемелеріне арыз берген екен.
Гендерлік теңдікті қалыптастыруға арналған қаржыландыру жүйесі де әлемдік деңгейдегі маңызды мәселенің бірі. 2009 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының даму комитеті құқықтық істерді жүргізуге 4,2 млрд доллар бөлді. Бұл қаржының 70 пайызын АҚШ пен Еуропалық Одақ қамтамасыз етті. Бұл қаржы Ирак, Ауғанстан, Мексика, Пәкістан сияқты мемлекеттердің қажетіне жұмсалған. Осы қаржының 206 миллион доллары, яғни 5 пайызы гендерлік теңдікке арналған бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсалыпты. Одан кейін гендерлік теңдікті үйлестіру үшін тағы 633 миллион доллар бөлінген. Гендерлік теңдік үшін Швеция, Дания, Норвегия, Германия сияқты мемлекеттер қомақты қаржы жұмсайды. 2009 жылы әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыру, құқықтық жүйені жетілдіру мақсатында қаржылық қолдауға ие болған елдердің қатарында Гватемала, Буркина-Фасо, Конго Демократиялық Республикасы, Ауғанстан, Колумбия бар. Гендерлік саясатқа байланысты 2646 жобаны жүзеге асыруға Дүниежүзілік банк 2000-2010 жылдар аралығында 260,5 млрд. АҚШ долларын бөлген. Дүниежүзілік банктің бастамасымен 2011-2014 жылдар аралығында кедей елдерге 49,3 млрд. доллар қаржы берілген.
Алматыда өткен халықаралық жиында жұмыс орнында сексуалды басқыншылық көрген әйелдердің құқығы туралы мәселе кең ауқымды талқыланды. Көп жағдайда әйел адамның мекеме ішінде зорлыққа ұшырауы қылмыс деп те, құқық бұзушылық ретінде де есептелмей, зорлықшы жазасын алмайтыны белгілі. Жақында Үндістанда жұмыс барысында сексуалдық қорлық көрген әйелдің арызы Жоғары сотқа дейін жетіпті. Бұл елде Раджастан штатындағы бір ауылда қаскөйлер әлеуметтік қызметкер Бханвари Деви деген әйелді зорлаған. Ол қылмыстық іс қозғауға қол жеткізіп қана қоймай, елдегі қыз-келіншектердің құқығын қорғайтын заңдық нормаларды қабылдауды талап еткен. Әйелдер құқын қорғайтын бес үкіметтік емес ұйымның басын қосып, арызды Жоғары сотқа жеткізген. Бұл елде сексуалды басқыншылық туралы заң бұрын болмаған-ды. Бұл оқиғадан кейін Бангладеш, Пәкістан елдерінде аталмыш тақырыптағы заң жүйесі реформаланды, яғни 500 миллион әйел өзін құқықтық тұрғыдан қорғай алады деген сөз.
Сексуалды қастандық ғасырлар бойы соғыс жүргізудің бір әдісі ретінде пайдаланылып келеді. Зұлымдықтың бұл түрі ВИЧ инфекцияны тарату мен халықты тұрғылықты мекенінен ауа көшуге мәжбүрлеу үшін қолданылады екен. Жиырма жыл бұрын әйелге зорлық жасау заң жүзінде мойындалмаған. Тарихқа мойын бұрсақ, 1929 жылы қабылданған Женева конвенциясы қыз зорлауды моральдық диффамация, бірақ қылмыс емес деп таныған. Ал 1949 жылғы Женева конвенциясы «Әйелдер қастандықтың барлық түрінен қорғалады» делінген. Бірақ бұнда да зорлау жауыздық ретінде аталмайды. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық тек 1993 жылдан бастап қылмыс ретінде мойындала бастады. 1993 жылы Югославия жөніндегі халықаралық трибунал қыз зорлау­ды адамзатқа жасалған қастандық ретінде ресми түрде жариялады. Бұл құжатта сексуалды зорлыққа әскери қылмыс деген анықтама берілді. 1992-1995 жылдар аралығында Босния мен Герцеговинадағы соғыс кезінде 50 мыңға жауық әйел зорланған. Ал Руандада 1994 жылы 250-500 мың әйел осындай зорлыққа ұшыраған-ды. 1998 жылы Руанда жөніндегі халықаралық қылмыстық трибуналда «Қыз зорлау – геноцид, адамзатқа жасалған қылмыс» деп мәлімделді.
2000 жылы қабылданған БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің №1325 қарарында бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнатудағы әйелдердің маңызды рөлі атап көрсетілген. 2002 жылғы Италиядағы Сьерра Леоне соты жыныстық қатынасқа зорлықпен мәжбүрлеуді адамзатқа қарсы бағытталған қылмыс ретінде мойындады. 2008-2010 жылдардағы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің №1820 қарарында әйелдерге зорлық-зомбылық жасаудың алдын-алу бағыттары жазылған. Сонда да зорлаудың көптеген түрлері әр елде бүгінге дейін орын алуда. 2010 жылдың соңында Конго Демократиялық Республикасындағы Фици ауылында 9 әскери қызметкер 40 қыз-келіншекті зорлап кеткен. 2011 жылы ел соты бір ауылдың қыз-келіншегін жаппай зорлап, адамзатқа қастандық жасаған қылмыскерлерге қатысты үкім шығарады. Бұл елде 2010 жылы қозғалған 186 қылмыстық істің 115 оқиғасы қыз зорлаумен байланысты. Олардың тоқсан бесіне 3-20 жылға дейін түрмеге қамау жөнінде үкім шығарылған.
Дамушы елдерде сайлауға қатысатын әйелдер сайлау кезінде еркектерге қарағанда 4 есе көп қорқытуға ұшырайды екен. Адам саудасындағы негізгі тауардың бірі де әйелдер екені белгілі. Дүниежүзіндегі 20,9 миллион ауыр жұмысқа мәжбүрлі түрде жегілгендердің 55 пайызы әйелдер. Ал сексуалды эксплуатацияға ұшыраған әйелдердің саны 4 миллионнан асады.
Әйел құқын қорғау дүниежүзілік деңгейдегі өзекті мәселеге айналуда. Заң шығару мекемелерінде әйелдердің санын көбейтуге мүдделі елдер жоқ емес. Мысалы, Африканың орталығындағы Руандада мұрагерлік құқығына ерлер мен әйелдердің теңдей ие болуы жөніндегі заң 1999 жылы күшіне еніпті. 2003 жылғы Руанда Ата заңы лауазым иелерінің ең аз дегенде 30 пайызы әйелдер болуы керек деп көрсеткен. Бұл елде 2008 жылы гендерлік зорлықтың алдын алу жөніндегі заң қабылданады. 2009 жылдан бастап «Әйелді өз күйеуі зорласа да жауапқа тартылуы тиіс» деген заң шығарылады. 2011 жылы Парламент депутаттары мен Сот төрағаларының 51 пайызын әйелдер құраған. Непал, Кос­та Рика, Испания сияқты мемлекеттер де заң шығару мекемелерінде әйелдердің санын көбейтті. Ұлттық Парламенттегі 30 пайыз орынды әйелдер алуы тиіс деген шарттарды әлемнің 28 мемлекеті орындады. Олардың ішінде Руанда әйел депутаттары ең көп мемлекет саналады. Жалпы дүниежүзінің 99 елінде құқық қорғау орындарындағы қызметкерлердің тек 10 пайызы ғана әйелдер.
БҰҰ-ның Бұқарамен байланыс жөніндегі өкілі Властимил Самектің пікірінше, «Әйелдер, бейбітшілік пен қауіпсіздік: Еуроатлантикалық, Еуразиялық аймақтардағы мемлекеттердің міндеттемелері және олардың нәтижелі іске асырылуы» деп аталатын халықаралық жиынның «Мыңжылдықтың Даму мақсаттарын» жүзеге асыруда маңызы зор. БҰҰ-ның «Мыңжылдықтың даму мақсаттары» бағдарламасында 2015 жылға дейін ауыл-аймақтардағы әйелдердің тұрмыстық деңгейін жақсарту жоспарлары да енген. Ол үшін әйелдер мен қыздардың ақысыз медициналық қызметке қол жеткізуі, толыққанды білім алу мүмкіндіктерін арттыру, оларға стипендиялық қолдау көрсету, әйелдердің шешіміне мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету», – маңызды сипатқа ие болмақшы.
Алматыда өткен халықаралық конференцияда БҰҰ әйелдер комитетінің басшысы Фумзиле Мламбо-Нгуканың Нью-Йорктан жіберген видео мәлімдемесі көрсетілді. БҰҰ әйелдер комитетінің басшысы өз мәлімдемесінде Алматыдағы конференция әйелдердің белсенділігін арттыруға бағытталған №1325 қарардың орындалуына байланысты 2015 жылы БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі өткізетін шаралардың басы екендігін атап көрсетті. БҰҰ-ның №1325 қарарында мынандай негізгі мәселелер тиянақталған: Басқару мекемелеріндегі әйелдердің санын көбейту, оларды қауіпсіздік мәселелерін шешуге қатыстыру; бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнатумен айналысатын мекемелерде әйелдердің шешім шығару құзіретін арттыру; жанжалдан кейінгі қалпына келтіру істеріне әйелдерді қатыстыру; әйелдердің жанжалдарды шешудегі белсенділігін арттыру; 2013 жылдың 18 қазанында «Әйелдер, бейбітшілік пен қауіпсіздік» деген тақырып аясында өткен жиында БҰҰ-ның Қауіпсіздік комитеті өтпелі кезеңде бейбітшілік келіссөздеріне қатысатын әйелдердің белсенділігін арттыруға бағытталған №2122 қарарын қабылдаған болатын.

Шарафат Жылқыбаева

Серіктес жаңалықтары