Үндемеген үйдей бәледен құтыла ма ?

Үндемеген үйдей бәледен құтыла ма ?

Үндемеген   үйдей бәледен   құтыла ма ?
ашық дереккөзі
440

Қасиетті ислам діні әрдайым «көршіңмен тату бол» деп үйретеді. Біз оған мойынсұнған жуас халықпыз. Жуастығымызға қоса үйге кірген жыланның да басына ақ құйып шығаратын ғадетіміз бар. Ол аз болса, аузымызды ашсақ «қонақжаймыз» деп мақтанамыз. Осындайда еске түседі: өткен ғасырдың бас кезінде ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері мен ноғайдың Нұрым деген шайыры айтысыпты. Бұл екеуі де діннен, ғылымнан, әдебиет пен тарихтан мол хабардар адамдар еді. Екеуі көбіне өз ұлтының дін мен дәстүрге адалдығы жөнінде шарт-шұрт келіп қалатын сәттері де көп. Сонда қазақтың әлгіндей кім көрінгенге құшақ жайып, барын соның аузына тосып, далақтаған мінезін байқаған Нұрым молдадан қалған мынадай сөздер бар:

Қазақтар тентектерін батыр деген,
Батыры пақырлардың хақын жеген.
Қазағым, сен білмесең, мен айтайын,
Қазақты бір рәуаятта кәпір деген.

Секілді киік, құлан тозған қазақ,
Байғұстан бәле көрсе қазған қазақ.
Үйіне ит кірсе де «Кет!» демейтін
Кәпірмен араласып азған қазақ!

Әрине, айтыс кезінде қарсыластар жеңу үшін бір-біріне бұдан да ауыр сөздер айтқанын тарихтан білеміз. Бірақ осы күні Қазақстан тек қазақтікі емес, бәріне ортақ ел деп ұрандатып отырған шенді қазақтарға және солардың айтқанын қайталайтын шолақ белсенді байғұстарға ренжігенде, ноғай Нұрым молданың осы сөздері ойыңа орала береді екен. Оны Әбубәкірде оңдырмай:

Қалаңды Қазан деген орыс алған,
Көп ноғай шет жағынан қоныс алған
Салдырған ол қаланы сен емессің,
Қазақтың Шора деген ханы салған, – дейді. Оқуы мықты, әр саладан хабары мол Әбубәкір Кердері Шора дегенде кімді айтып отыр дейсіз бе? Ол орыстың Иван Грозный патшасына қарсы соғысқан Нәріктің ұлы Шора батыр. Ол туралы Нұрмағамбет Қосжанұлының (1937 жылы «Мың бала. Сартай» дас­танын жазып, атылып кеткен) дастаны бар. Ресейге, орысқа қарсы азаттық үшін соғысқан батырлар туралы дастандар шығаруға кеңес заманында тыйым салынса, бұл дастан да қолжазбалар қорында әлі шықпай жатыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері де тарихтан оқитынымыз тек жоңғар шапқыншылығы туралы жазбалар ғана. Ал патшалы орыстың, кеңестік орыстың қазаққа көрсеткен қорлық-зорлығы туралы не мектеп, не жоғары оқу орындарына арналған тарих оқулықтарында онша айтылмайды. Ол екі Ресейді айтпағанда, бүгінгі Ресей орыстарының қазаққа, Қазақстанға деген ниеті қандай? Ресей шынында да бізбен қандай қатынасты ұстанып отыр, ол бізді кім деп, қандай ұлт, қандай мемлекет деп қарайды? Иә, баяғы шовинистік ауруынан айықпаған орыстар қазақ жерін басып алмақ, қазақты әлі де құлдық мінезден айырмай, өз уысында ұстап отырмақ ниеті бар екенін, тіпті бұл басқыншылық, колонизаторлық, империалистік сая­сатынан ешқашан бас тартпайтынын әрқашан ашықтан-ашық көрсетіп келеді. Ресейдің А.Дугин, В.Жириновский, Навальный сияқты атышулы саясаткерлерінен бастап жазушылары, қала берді ұсақ-түйек орыс мұжықтары аузына келгенін айтып, айбат шеккен сайын қазақтар орыстар біздің мәңгі досымыз, орыстар біздің бауырымыз деген сияқты кісі күлерлік даңғаза сөздерді бір айтқанын айта беретін заржақ баладай қайталай түседі. Баяғыда қазақтар жылаған баласын: «Қоймасаң, қазір орыс келеді», – деп қорқытатынын көзіміз талай көрген. Бірақ не қытай, не араб, не түрік келеді деп үрейлендірмейтін еді. 

Қазір біз орыстың әлгіндей қауіпті ниетін, еліміздің ішкі де, сыртқы да саясатына Ресейдің әрдайым өз ықпалын жүргізуге тырысатынын байқатпау үшін қазақтарды қытай келеді деп қорқытатын әдет тауып алдық. Рас, қытай бүгінде алты құрлыққа түгел тарап кеткен ұлт. Бірақ жер бетінде Қытай Ресейге ұқсап Шешенстан, Дағыстан сияқты өз ішіндегі немесе Грузия немесе басқа бір көршілес елмен соғысып жатыр дегенді естіген емеспіз.

Әшейінде «бізді әлем мойындаған», «әлемге үлгі болғалы тұрмыз», «өзге елдер Қазақстаннан үйрену керек деп жатыр», «біз баймыз, біз күштіміз» деп күмпілдейтіндер осындайда Ресейге бұл бассыздықтарыңды тоқтатуды талап етеміз деп ең болмаса бір ауыз наразылық нотасын жариялауға да жарамай отыр. Бұл ҚР сыртқы істер уәзриятының (министрлігінің) тікелей міндеті. Соған жарамаса, ондай Сыртқы істер мекемесінің кісі елерлік қауқары барына да күмәнданасың.
Иә, қазақ жеріне көз алартып, мен не айтсам да, не істесем де жөн деп Қазақ даласының кейде батыс, жиі-жиі солтүстік аймақтарын бұл орыстың жері, оны Ресейге қосу керек деген атойлы сөздерді бұрын патшалы орыстар, одан кейін кеңестік орыстар ұрандатып келген еді. Орыс­тар бұнысын Қазақстан тәуелсіздік алған 22 жылдан бері де бір тоқтатқан емес. Мұны мас орыс мұжығының сандырағы деуге енді болмайды. Қазақ қанша жерден можантопай қазаққа айналып, соның кесірінен әбден намысы өлген ұлт болса да, бұл көрдегі әруақтардың өзін бір аунатып түсіретін басынушылық деп қарайтын кез жетті. Өйткені бұны әлгі маскүнем мұжық орыс емес, «өздерін «Русские европейцы» деп атайтын, өздерін ең мәдениетті деп есептейтін, Ресейді күшейтіп, дамытудың батыстық үлгісін насихаттап жүрген «самый демократичный», «самый цивилизованный» орыстар, қазақтар тату-тәтті көршіміз, «братан» деп атайтын орыстар айқай салып айтып жүр. Айтып жүр деген жәй сөз, олар қазақтың солтүстік облыс­тарын Ресейге қосуды талап етіп шулауды тағы бастады. Жақында фейсбук сайтында (Facebook) «жаңа оңшыл» Егор Просвирин деген орыстың атынан Қазақстанның картасы беріліп, онда олар орыстар көп тұратын солтүстік облыстарды атап көрсетті. Ұтыры келгенде айта кетейік, біз баяғыда-ақ осы бір область, облыс деген сөзді уәлаят деп, Павлодар мен Петропавлды Кереку, Қызылжар қып өз атауымен атап алуымыз керек еді. Енді, міне сыйлағанды білмейтін «братандар» сол жердің бәрін менікі, біздікі деп үй түбіне келген ұялы қасқырдай ұлуын үдетіп келеді. Оларға осы өңірдегі орыс атаулы қосылып, іс қағаздарын қазақ тіліне көшіруге, жер-суымыздың баяғы атауларын қайта жаңғыртуымызға ашықтан-ашық қарсы шығып, тіпті, өз дегендерін істеп отыр. Қазақстанда тұратын не неміс, не татар, не ұйғыр, не өзбек, не түрік, не әзірбайжан қазақ мәселесіне бір ауыз қарсы сөз айтқан емес. Қарсылар тек орыстар ғана! Осы Егор Просвирин, Навальныйлар әлгі картасын ашып қойып, «орыстар ұлттық мемлекетінің табиғи шекараларын қалпына келтіріп, Қазақстанның солтүстігін қайтарып алуы керектігін» өршелене қайталауда. Осылардың «Ресей Федерациясы орыс мемлекеті» деп атауының өзі саяси көргенсіздіктің басы! Өйткені РФ-да Татарстан, Башқұртстан, Якутия сияқты әжептәуір ірі мемлекеттер мен ірілі-ұсақты толып жатқан рес­публикалар да бар екенін көргенді, мәдениетті ұлт өкілі ескеріп, абайлап сөйлер еді ғой! Ресей басшылары қазақты сүйеді, қазақ пен орыс бір әкеден туған деуге де даяр кейбіреулер «бұл жекелеген, кейбір тоңмойын орыстардың ғана айтқаны ғой» деп, өзін де, өзгені де жалған жаймашуақ күйге түсіруге тырысады. Орыстың орта ғасырдағы мұжығынан бастап, сарыала жағалы ақсүйектерінің тілімен айтқанда «Его величество…… Всея Руси» мен оның айналасындағылар, яғни, Кремльдегілер осы Егор Прос­вирин, Дугин, Жириновский, Навальныйлар сияқты қазақ даласына жерік болып қалған жүздеген, мыңдаған орыстардың қазаққа деген осындай ашық дұшпандық, ашық арандатуларын көрмей, білмей отырған жоқ. Көрмей-білмей дейміз-ау, орыс басшылары Ресейде «Россия только для русских», «Чужеземцы вон из Росии» деп сүрен салып, Ресейде оқып жүрген азиялық студенттерді ұрып-соғып, тіпті өлтіріп кетіп жатқандарды өздері ұйымдастырып отырған болуы да мүмкін деген күдік кім-кімде де жоқ емес. Егер бір қазақ соларға ұқсап «Қазақстан только для казахов» деп көрсінші! Біздің елде ондайды айту тұрмақ ойлаудың өзі нонсенс!

Сол Просвирин бастаған орыстар бұдан әрі мынадай арсыздық, қазаққа деген мынадай өшпенділік сөздерге дейін барады: «Солтүстік Қазақстан дегеніміз Сібірдің жағрафиялық та, демографиялық та жалғасы. Бұл аймақ біздің ұлы бабаларымыз отарлап алған (колонизированная) аймақ. Ол кейін ешқандай қисынға, ешқандай адамгершілікке жатпайтын жолмен Қазақстанға заңсыз қосылған аймақ. Сондықтан да болашақ демократиялық орыс үкіметі орыстар тұрып жатқан, ықылым заманнан орыс территориясына жататын бұл жерлерді қайтарып алуға міндетті», – дейді олар. Бұдан әрі бұл шовинистер «Павлодарда тұратын орыс отбасы неге қазақшаны үйренуі керек. Солай емес пе?! Тіпті, қазақтардың бұл аймаққа қандай қатысы бар?», – деп күшенеді. Бұлар Сібірді Сибирь деп өзгертіп, бұл сөздің қандай мағына беретінін де білмейді. Білмегенімен тұрмай сол бүкіл Ібір–Сібірді орыс жері деп баяғы тумысынан қалған таяздығын, надандығын көрсетіп отыр. Осындайда Жан-Жак Руссоның: «Орыстар ешқашан шын мәніндегі мәдениетті, өркениетті ел бола алмайды. Өйткені мәдениет оларға тым ерте және күшпен таңылды. Себебі, І Петрдің таланты тек басқаларға еліктеу дәрежесінде ғана еді. Оның бойында өзі бірнәрсені жасап, сосын соны одан әрі дамытатын қабілет мүлде болған емес. Ол әуелі нағыз орыс халқын қалыптастырудың орнына олардан әуелі неміс, ағылшын жасап шығармақ болды» деген көрегендік сөздері еске түседі. Шынында да осы Просвирин, Жириновский, Дугиндер де, олардың Кремльдегі пірлестері мен сасық самогонды ұлттық сусын деп санайтын ормандық мұжықтары да өздері әулие шаһар тұтатын Москва, Кремль деген сөздердің қайдан шыққанын, ол сөздер не мағына беретінін де білмейді. Павлодар мен Петропавл орыс жері деп жүргендерге бір номад келіп: «Әй, өресіз мұжық! Сенің Кремль дегеніңнің өзі біздің «керемл», яки, «қамал» деген сөзіміз. Қане, біздің ата-бабамыз үш жүз жыл басқарған жерімізді қайтарып беріңдер»,– десе не болар еді? Орыстың осынау оспадарлары бұдан әрі мынадай сұмдық сөздерді де беті бүлк етпей айтты. Тыңдаңыздар: «Бұл мәселенің шешілуі (яғни, қазақ жерін Ресейге қосу.–М.К.) сол сәттегі, яғни, ағымдағы жағдаяттарға байланысты. Бұл үшін әуелі бейбіт референдум өткізуге талпыныс жасалады, болмаса одан кейін күшпен жауап беріледі. Қазақстанда әскер деген жоқ, ешқашан болмайды да. Қазақстан «шын сөзім» деген сияқты бос сөзге ілініп қана отырған мемлекет».

Міне, әсіресе орысқұмар қазақтар мен Отан намысын ұмытқандар «мәңгілік көрші», «тату-тәтті көрші», «туысқан орыс халқы», «Құдай қосқан көрші» деп, радио-телевидиенеден, баспасөзден күндіз-түні күмпілдететін «братский народтың» ең оқыған, ең алдыңғы қатарлы өкілдерінің Қазақстан мен қазақтарға деген ниеті, пиғылы осындай. Олар бұл арам ниетін ұзын тарих сорабында талай рет жүзеге асырды да. Соның нәтижесінде қазақтың Омбы, (Омск), Сарытау (Саратов), Хажы-Тархан (Астрахань), Ор, Орынбор (Оренбург), Самар (Самара) және өзге де талай-талай кең байтақ жері орыс иелігіне өтіп кетті. Біздің саясаткерлер ол туралы ернін жыбырлатуға да қорқады. Соны қапысыз ұғып алғандар, қазақ елі азаттық алған 22 жылдан бері осындай бұзақы ұрандарын ашықтан-ашық айқайлап айтумен келеді. Олар Қазақстанда, әсіресе Павлодар, Петропавл, Қостанай уәлаяттарында қазақтың ас-суын, дәм-тұзын емін-еркін татып, байлығын қазақтың өзінен де көп пайдаланып тұрып жатқан орыстардың қолтығына осылайша су бүркіп отыр. Ол уәлаяттардағы орыстардың әлі де жер-су атауларымыздың қазақшасын қайтарып беруге ашық қарсылық көрсетіп, қазақшаңа пысқырмай отыруына да «тату-тәтті Ресей» мықтыларының осындай қолпаштауы, қот-қоттап құтырта түсуі басты себеп болып отыр. Мұндай бүлдіргі «бас­тамаларды» Ресей 90-жылдары-ақ өршіткен еді. Сол кезде Ресейдің белді басшыларының бірі Н. Рыжков Қазақстанның батыс өңірлерінен дәмелі екенін бүкпесіз айтқан-ды. Қазақстан тарапынан сол кезде де бір ауыз бет қайтарар сөз айтылмады да, ол кезде «байтал түгіл бас қайғы» күйге түскен Ресей бұл мәселені тоқтатып қойған еді. Енді, біздің бүгінгі жағдайымыз мынау. Біз әу бастан елімізді Қазақ Елі немесе Қазақ Республикасы деп атап, қазақтың ұлттық мемлекетін құрамыз деп (Түркіменстан және басқалары сөйтті!) жарияласақ, бүгін кез келген орыс бүйтіп басынбас еді. Босбелбеуліктің кесірі осы. Ал ҚР Сыртқы істер министрлігі «Үндемесек үйдей бәледен құтыламыз» деген момақан саясат ұстанып отыра береміз деп ойлайтын сияқты. Бірақ үндемеген үйдей бәледен әрдайым құтыла бермейді. Күндердің күні болғанда Просвириндер әлгі өздері айтқандай күшпен басып алуға кіріссе, тым кеш қаламыз. Сондықтан мұндайда «Қорыққанмен қоя ма Қодар ағаң» дегенді де ұмытпай, Қодар қылыққа табанды қарсылық көрсетіп қоймасақ, көршіміз бұққан сайын басына беретінін түсінетін кез жетті!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ,  ақын

Серіктес жаңалықтары