775
Әдебиеттің шынары – ШЫҢҒЫС
Әдебиеттің шынары – ШЫҢҒЫС
«Шыңғыс қатардағы пенде емес, махаббат пен адамгершілікті, адалдық пен
әділдікті ту етіп, әлем оқырманының жүрегіне ізгілік отын жаққан ұлы суреткер.
Мақтау сөз қашанда жетпей жатқан жердің орнын
толтыру үшін керек. Ал Шыңғыста ондай кемшіндік жоқ болғаннан кейін,
мақтауға зәру емес», – дейді көрнекті жазушы Төлен Әбдік. Шыңғыс Айтматов –
адамзаттың Айтматовына айналуы тегін емес. «Батыстан шығысқа, шығыстан батысқа жүйткіген
пойыздар желісі» секілді, Айтматов шығармалары да ұлы көшке айналған. Батыс пен
шығыстың арасын жалғаған әдеби көпір секілді. «Жәмила», «Құс жолы», «Қош бол,
Гүлсары», «Ақ кеме», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Жанпида»,
«Шыңғысханның ақ бұлты», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Боранды бекет», «Көктөбедегі
кездесу» сынды жазушының шығармалары қазақ оқырманына жақсы таныс. Мұхтар
Әуезовті Шыңғыс Айтматовтың ұстаз деп тануы да тегін емес. Айтматов
шығармаларының қазақпен етене туыс болуымен қатар, әлемнің жүзден астам
тілдеріне – ағылшын, француз, неміс, араб, парсы, түрік, жапон тілдеріне
тәржімаланды. Мәдениет және ақпарат
министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Қырғыз халқының арғы-бергі тарихында ол елге
қазақтай тату, қазақтай жақын ел болмаған шығар. Сондықтан біздің екі халықтың
ежелден тарихы мен тамыры бір, діні ортақ, тілі де ұқсас, мәдениеті де егіз деп
айтуымызға болады», – дейді. Ендеше, қырғыз бен қазаққа Айтматов та ортақ. Шыңғыс ортақ деген сөз, қаламгер
шығармаларының ділі де ортақ деген сөз. Айтматов шығармаларында өрілген кейіпкерлердің
іс-әрекетінің көбі қазақ ауылынан алыс деп, айта алмаспыз, сірә.
Сонау бір жылдары қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов пен қырғыздың
алыбы Шыңғыс Айтматовтың «Құз басындағы аңшының зары» атты жинағы, яғни, ғасыр айрығындағы сырласулары жарық
көрген. Төмендегі ойлар, сол кітаптан жинақталып алынды.
***
…Жамбыл қаласының малдәрігерлік техникумына түскен кезім. Күнделікті лекциямен тәжірибелік сабақтар да қатар жүреді. «Коневодство», «Овцеводство» деген тараумен бірге, өзге төрт түлік мал құрып қалғандай, «Ослеводствоға» ойыстық. Алғашқыда есек деген не тәйірі, осыны да мал деп, мән беріп, сабаққа кіргізгенін айтсаңшы десіп, әжуа, күлкі еткенбіз. Кейін біз ойлағандай болмай шықты. Екі құлағы салбырап, ақырғанның бәрін есек дегенмен, оның да атам заманнан бері келе жатқан тегі, түрі, түсі, яғни, өзара өзгешелігі бар екеніне назар аудардық. Оқытушымыздың ұлты орыс, соғыс жылдары Ленинград қоршауында болып, Қазақстанға көшіп келген, өте білімді, қатал әрі қарт адам еді. Тәжірибелік сабақ өткізуге техникумның қосалқы шаруашылығында есек жоқ. Сондықтан профессор студенттерді Жамбылдың «Атшабар» мал базарына алып баратын. Қаланың төңірегіндегі ауылдардан, қырғыздың Таласынан мал айдап әкеліп сататындар сенбі-жексенбі күндері сапырылысып, ығы-жығы боп жататын. Сатушы мен алушыны жарастырып, араларында жылмаң қаққан делдалдар жүреді. Бірде базардың қақ ортасында шыбындап тұрған көк есектің жанына кеп тоқтадық. – Студент Айтматов, бұл есектің қай түрі? Кәне, баянда, – көзәйнегі жарқылдаған профессор бір топ студенттердің ішінен маған бұрылсын. – Бұл мақұлық алғаш Африка мен Азия құрлығында пайда болған. Қазір Cирияда, Кашмирде, Тибетте, Түрікменстанда, Өзбекстанда, Қазақстан мен Қырғызстанда және Моңғолияда көптеп кездеседі. Бұларды негізінен, қолға үйретіп, жұмыс көлігі ретінде пайдаланады. Мына өздеріңіз көріп тұрғандай, есектер өзге малдардан құлағының ұзындығымен ерекшеленеді, тілерсегіне түскен жіңішке құйрығы да бар. Қодығын он екі ай көтереді, – дей бергенім сол еді, әлгі бар болғыр, көк есектің иесін тани кеттім. Ауылдағы Досалы жездем мен Қарақыз апамның көршісі. Есекке қарай емініп тұрған мені көріп, таңдана қарайды. Ұяттан мұндай өртенбеспін. Тіпті, даусым шықпай, құмығып қалды. Оны байқайтын профессор ма? – Студент Айтматов, неге бөгелдің? Сабақты жалғастыр. Көк есектің өзге есектерге қарағанда, тағы қандай ерекшелігі бар? – деп, қыспаққа алып барады. Сасқаннан болар, маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Әлгі ақсақал Шекерге барысымен: –Ойбай, Төреқұлдың баласы Жамбылда есектің оқуын оқып жүр екен. Өз көзіммен көрдім. Мұғалімімен бірге базарда байлаулы тұрған менің есегімнің алдына келіп, оның шыққан тегінен бастап тұқым тұяғын, жеті атасын түгелдей санап шықты. Баланың сөзіне мен тұрмақ, көк есегім де риза болса керек, – деп, бүкіл ауылға жыр етіп таратсын. Қырқыншы жылдардың аяқ шенінде ауылда сот, прокурор, милиционер мамандықтарының беделі тым зор еді. «Милициядан байың болсын, Индийский шайың болсын», – деген сықақ өлең де сол кездің туындысы. Мені ел құрметтейтін, тіпті, сырттай сес көретін оқудың біріне ілінген шығар, өсе келе, бір тұтқаны ұстар, сөйтіп, алла жазса, ел қатарына қосылып кетер – деп, шетте оқып жүргенімді ауылдастарыма мақтаныш тұтып, келген сайын азын аулақ тиын-тебенін, қолындағы құрт-майын аямайтын апам мен жездем мұны естігенде, сасқанына не күлерін, не жыларын білмей, дал болады. Артынша ауылға демалысқа келгенімде, Қарақыз апам: – Осы жұрт сені есектің оқуын оқып жүр дейді ғой. Бұл не әңгіме, қарағым-ау. Басқа оқу құрып қалды ма? Алда-жалда есекті оқығың келіп бара жатса, осы ауылда есектен көп нәрсе жоқ емес пе? – дегені көңілі бұзылып… Менің азамат болғанымды армандап жүрген қайран ақкөңіл апам мен жездемнің алдында қайтіп ақталарымды білмей, қысылғаным күні бүгінге дейін есімнен кетпейді…***
Қарақан басының мүддесі үшін емес, қалың көпшіліктің шынайы бақытты болуына ықпал еткен, сол үшін аянбай күрескен тұлға ғана нағыз бақыт шыңынан бой көрсете алуы мүмкін.***
Ұрпақ өргізуге деген құштарлық жануардың да жанын жегідей жейді екен. Бұғылардың үйірге түсу кезіндегі төбелесінде өмірдің үлкен заңдылығы жатыр емес пе? Қатал табиғат пен әртүрлі қауіп-қатерге аңның ең мықтысы, қаражон қайраттысы ғана шыдайды. Бұғылардың әлгі әрекетінде болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік жатыр. «Құдай атасына бергенді ботасына да береді» демей ме халқымыз. Мәмілесіз күрес арқылы сұрыптау өткізіп, ұрпақ өргізу құқын жеңіп алу – осының айғағы. Өйткені ауру, әлжуаз бұғыдан өнген тұқым тіршіліктің ауыр сынақтарына төтеп бере алмай, құрып кетпек. …Гималай тауларында тіршілік ететін кейбір тайпалар жаңа үйленген жас жұбайларға: – Сендерге киттің махаббатын, иттің адалдығын қалаймын, – деп тілек айтады екен. Оларда бұдан асқан мәртебелі бата жоқ көрінеді. Иттің иесіне адалдығы түсінікті, ал, киттің махаббаты дегені несі деп ара-тұра ойланып қоятынмын. Жақында баспасөзден Калифорния бұғазы маңында өткен бір оқиғаны оқып, сол жұмбақтың шешуін таптым. Кит аулап жүрген «Аторранте» яхтасы қатар жүзіп жүрген екі киттің (кашалот) бірін ауыр жаралап өлтіреді де, олжасын темір арқанмен байлап, жетекке алады. Жұбайының адамдарға қолды болғанын көрген еркегі оны құтқарып алмаққа әрекеттеніп, яхтаның соңынан ұзақ жүзеді. Ақыры өмірлік серігінің қаза болғанына көзі жеткен кит ызаға булығып, яхтаға тура шабуыл жасайды. Алып денесімен күрт қимылдап, бар пәрменімен ұрған кезде, «Аторранте» аударылып түскен. Мол олжадан дәметкен экипаж мүшелері өз бастарымен қайғы боп, әрең дегенде аман қалыпты. Адамдардың басты қателігі – өзге тіршілік иелерінің сезімімен санаспайтындығында жатыр-ау.***
Ақбара мен Тасжайнарды жазар алдында қасқырдың мінез тіршілігін зерттедім. Көптеген танымдық әдебиеттерді ақтардым. Жалпы, қасқырдың өмір сүру дағдысы аса тәртіпті де қызғылықты. Мәселен, қасқыр өзі меншіктеп алған жердің малына, қыс қатты болып, аса ашықпаса, тиісе бермейді. Қайта, бөгде қасқырларды жолатпай, қорғап жүреді. Үйірлі қасқырлар түнімен алма-кезек өздерінің меншікті мекенін қадағалап, әр жерге зәр сындырып, тезек тастап, бір ізбен жортып, күзетіп шығады екен. Әсіресе, мұндай күзет қаншық қасқыр бөлтірік туғанда, аса күшейеді. Жат үйірдің қасқырлары кіріп кетсе, дереу қуалап шығады. Ондағысы – малды жеп, не жарақаттаса, мал иесі бұлардан көріп, бауырын енді көтере бастаған бөлтірігіне зиян жасар деген ой. Көрдің бе, жыртқыштардың өзіндік логикасын!***
«Адамдар табиғатқа шабуыл жасап болды, ендігі шабуылды адамдар табиғаттан күтеді» деген ақылман Циолковскийдің сөзі расқа айналып келе жатқаны парасат иелерін қатты ойлантуы тиіс. Өйткені, соңғы жылдары кейбір ғалымдар жер бетінде тіршілік бізден бұрын төрте мәрте қайталанған деген тосын (тіпті үрейлі) болжамға келді. Бұған сенсек, тіршілік атаулы алғашқыда жер сілкінісінен, келесісінде қанды қырғыннан, үшіншісінде ғаламат қарудың кесірінен, соңғысында топан судан жойылып, мүрдем кеткен. Осының бәріне кінәлі адамдардың рухани азып-тозуы, құлқынқұмарлығы, имансыздығы һәм табиғатты талқандауы екен. Міне, мәселе қайда жатыр!***
Дүниежүзілік дертке айналған садизмді шектен шыққан қатыгездік, қанішерлік деп сипаттаса болар. Оның адамдардың әрекетінде көрініс табуын ғалымдар тұқым қуалау арқылы келетін садизм, жан ауруы, яғни нашақорлық пен маскүнемдіктің әсерінен туындайтын садизм, қоғамдағы жағымсыз өзгерістерге байланысты әрі өз ортасының кері ықпалынан пайда болатын садизм деп, үш топқа бөледі. Садизм деген атау француздың XVIII ғасырда өмір сүрген жазушысы Маркиз де Садтың есіміне байланысты шыққан. Сад өзі туралы көз жұмар алдында: «Жер бетінде менің зиратымның орны да қалмайды және мен туралы естеліктің де адамдар жадынан мәңгілікке жоғалатынына сенімім мол», – деп қатал үкім айтса да, оның ғұмыр бойы істеген қатыгездігі атын әлі күнге дейін өшірмей келеді. Маркиз де Сад қолын қанға малып, кісі өлтірмеген, ұрлық, қарақшылық жасамаған. Бірақ, кезінде бүкіл француз жұртшылығына белгілі аты шулы сексуальды маньяк болған. Оның төсекке келгенде жын шашып, құтыратын бұзақы тірлігі мен жазушылығы бір-біріне тәуелді екендігі назар аудартады. Садтың дау-дамайға толы хикаялары романдарына көшіп, садизм, яғни, қатыгездік идеясы бар қырымен көрініс табады…***
Бұл еріккеннің ермегі, не желіккеннің әрекеті емес. Саусақпен санарлықтай аз ғана ұлттың өзін-өзі сақтап қалу жолындағы жанталасы. Жақын адамдардың бір-біріне үйлене беруінен ұлттық генофондыға зиян келеді екен. Яғни, қан жаңармаған соң жаңа туған нәрестенің денсаулығына елеулі кінәрат енеді деген сөз. Жеті ата дәстүрін кейінгі ұрпағының санасына сіңіріп кеткен біздің бабаларымыздың бір ұлылығы осында жатыр. Халқымыздың әлгіндей игі дәстүр салтының, бауырмалдығы мен ибалылығының сынын қашырмай, әркез жанашыр боп келген көнекөз қарияларды «ауыл академиктері» демеске шараң жоқ.***
Атышулы патшайым II Екатерина билік құрған ғасырда Малороссия да (Украина мен Қырым) Ресей империясының құрамына кірген. Оның губернаторы болып патшайымның аса жақын досы, сыбайласы Григорий Потемкин тағайындалады. 1787 жылы патшайым қарамағындағы Малороссия халқының тұрмысын көріп, әл аухатымен танысуға ниеттеніп, сапарға шығады. Петербург пен Киевтің арасындағы 76 станса мен 35 елді мекенге патшайым тоқтайды, түстік ішеді, демалады деп жоспарланады. Қаптаған атқосшыларымен бірге шыққан II Екатерина күн ілгері белгіленген жолмен жүріп келе жатып, Малороосия халқының өте бай да ауқатты әрі өз тұрмыстарына соншама разы екенін көріп, ерекше қуанышқа бөленеді. Алдарынан ән салып, би билеп қарсы алған халық, мыңғыртып айдаған мал, аузы-мұрнынан шығып тұрған қанар-қанар астық, шынында да, елге жаны ашыған губернатор еңбегінің жемісі емес пе?! Жо-жоқ, Петербургке келген соң Потемкиннің өтірігі ашылады. Бақса, ол патшайым жүреді деген жолдың бойындағы елді алдын ала киіндіріп, жасандырып қойған екен. Ал өрістегі қаптаған мал ше? Оның да есебін тауыпты. Бір стансада патшайымға көрсеткен көп малды, II Екатерина тынығып жатқанда, түн асырып қуалап, келесі соғар елді мекенге, не стансаға жеткізіп отырған. Ал қамба толы астық ше? Текшеленіп тұрған қанарлардың ішінде бір түйір де дән болмаған, бәріне топырақ толтырылған екен. Қаншама билік иелері қарақан басының қамын күйттеген Потемкин секілділердің алдауына түсіп, шатасты десеңші. Бұл күлкілі оқиға орыс жылнамасына «Потемкинские деревни» деген атпен енген.***
Жануарды арнайы мемлекеттік қызметке тағайындау тарихта бұрын-соңды кезікпеген. Ал Калигула болса атына мәрмәрдан орын сайлатып, жем жейтін астауын піл сүйегінен жасаттырған ғой. Осындай жалаң есуас билікті қару ғып ұстанған Калигула император болған төрт жылдың ішінде іргелі мемлекетті ашық монархияға айналдырып тынған. Өзі елдің бас тонаушысына айналған соң қалған билік басындағылар қарап қалсын ба, қарапайым халықты сүліктей сорған. Мемлекет қазынасындағы екі миллиард жеті жүз миллион сестерци (ақша) бір жылдың көлемінде көлге ұшып, бүкіл ел қайыршылыққа ұшырап, тұс-тұсқа қаңғып кеткен. «Бізден кейін топан су қаптаса да мейлі» деген арсыз мәтелдің авторы француз королі XIV Людовик 72 жыл бойы шексіз билік құрған. Король қарамағындағы халқын қалай болса, солай ұстауға, тіпті кез келген уақытта атып, асып өлтіруге де құқым бар деп есептеген. «Мемлекет деген мен». XIV Людовиктің осы астам сөзі қазірге дейін сүйкімсіз мағынасында қолданыс тауып келе жатыр. Корольдің айналасына жағымпаздар жиналып, өмір бойы бір-біріне орын бермей, таласумен өткен. Шыбындаған жылқыдай бас шұлғып тұрған дворяндар таң атпай жатып, корольдің киім кию салтанатына қатысу үшін жүгіреді екен. Бірі іш киімін, екіншісі шалбарын әперіп, бәйек қаққан сорлылар король бүгін көйлектің ағын емес, көгін киюі керек деп, өзара ұзақ керілдесетін болған. Сөйтіп, XIV Людовиктің киім кию салтанаты күн сайын екі сағатқа созылып отырған. Осындай қызметімен жаққан үстем тап өкілдеріне король атақ пен сыйлықты уыстап шашып, тіпті, әртүрлі қызмет сатысын ойлап тауып, ай аралатып дәрежесін өсірген. Сарай қызметшілерінің міндеті де адам таңғаларлықтай. Олар топ-топ болып, түнімен кірпік қақпай, корольдің іш киімін, кимешашын, дәрет сындыратын ыдысын күзетіп шығатын болған. XIV Людовиктің бір жасар қызының 80 күтушісі болса, қара басына қызмет еткендердің санына жету тіптен мүмкін емес. Оның өмір бойы құрған сауық-сайраны, аңшылығы мен сарай қызметкерлерін ұстауға кеткен қыруар қаржы кедейлер төлеп отырған салықтан түскен. Салықты уақтылы төлей алмағандарды отбасымен қоса далаға қуып шығып, үй-мүлкін тартып алып отырған. Француз халқы қаратабан қайыршылықтың зарын шегіп, иіні бүтінделмей жүргенде, еріккен король сән салтанатты Версаль сарайын соқтырып, қабырғасы мен еденін тұтастай мәрмәрлатады. Сарайдың іші мен сыртына 1400 хауыз орнаттырған. Король тек қана осы сарай құрылысына 47 жыл уақытын жұмсаған. …XIV Людовиктің надандығы мен қатыгездігі сондай, мысалы, бір аспазы корольге шаяннан дастархан мәзірін әзірлеп бергенмен, үстіне тұздық құюды ұмытып кетіпті. Корольдің мұндай ұмытшақтықты кешпейтінін білген әлгі сорлы, жаза қолданбай тұрғанда жантәсілім етейін деп, дереу өз өзіне қол салып, өмірмен қош айтысқан. Ауыр тұрмыс, шексіз езгіден шыдамы шегіне жеткен француз халқы король өлген соң көтеріліске шығып, оның соңындағы барлық тұқым-тұяғын аяусыз қырып салған.***
… Махаббаттың басты тұғыры – тұрақтылық десек, оны өткен ғасырларда әр ұлт пен ұлыс түсінігі нанымының, діни сенімінің деңгейінде бағалаған. Бағзы дәуірлерден қалған жылнамалар мен тас, қағаз бетіне салынған гравюралардан, қара жер қойнынан табылған саркофагтерден ері өлген жесірлердің өз еріктерімен отқа өртеніп, махаббат құрбандығына айналғанын көреміз. Тас ғасырының мұндай жантүршігерлік салты жер шарының қай ендігінде де болған. Мәселен, Қытайдың Гайнан аралының тұрғындары қайтыс болған ер азаматтың үстін жібекпен немесе жылқы, сиыр, қой терілерімен бүркеп, жанына әйелін тірідей таңып, астынан от қойған. О дүниеге жұбайлар бірге қадам басса, жер бетіндегі бақытты тірлігі сол қалпы жалғасады деп сенген. Мұндай таңқаларлық фактілерді Геродоттың және басқа да көне ғасырлық тарихшылардың жазбаларынан жиі кезіктіреміз. Көп әйелі бар еркек өлсе, күйеуімен бірге о дүние есігін сүйікті әйелі ашу керек деген ұғым салтанат құрған. Сол үшін де жесірлерінің арасында бір-бірімен бет жыртысуға дейін барған дау-жанжал басталады екен. Өлген адамның достары марқұм тірлігінде қай әйелін қандай дәрежеде сүйіп, құрметтегенін дереу сарапқа сала қояды. Ақыры таңдау бір әйеліне түседі. Ол әйелінің қуанышы қойнына сыймай, зор мақтанышқа кенеледі. Сол сәтте әлгі әйелді жақын туысқанының бірі өлтіріп, күйеуінің жанына жерлейді. Өзге тірі қалған жесірлер қызғаныштан іштері күйіп, пұшайман қалге түседі. Өйткені оларға күйеуінің соңында тірі қалудан асқан қорлық жоқ болып саналған. Ежелде Жаңа Зеландия тұрғындарының көсемі қайтыс болса, жиналған ел-жұрт бәйбішесінің қолына арқан ұстатады екен. Ол міндетті түрде орманға барып, өз еркімен асылып өлуге тиіс. Бұл оның махаббатқа деген адалдығын көрсетеді. Осы тәрізді түсінік пен «ғашықтығын дәлелдеу» салты ертедегі скифтерде де, гректер мен литвалықтарда да кеңінен өріс алған. Ал Сүлеймен аралында тұратын тайпа басшысы көз жұма қалса, қарамағындағы халық оның әйелін тұншықтырып өлтірген. Сонымен қатар басшының жақын тұтқан ағайындары, қызметшілері жедел түрде улы өсімдіктің сөлін ішіп, есеңгіреп, басшы моласының жанына барып асылған. Өйткені ел ардақтаған сыйлы адамды о дүниеге жалғыз жіберуге болмайды деген түсінік үстем түсіп отырған. Тіпті кейбір тайпаның бойжеткендері болаашақ күйеулері өле қалса әзір тұрсын деп, тұрмысқа шықпас бұрын мойнына жіп орап жүрген. Ал, Фиджи аралындағы сомо-сомо тайпасының атақты қолбасшысы Рамбити теңіз апатына ұшырап суға кеткенде, соңында қалған 17 жесірі түгелдей өлтірілген. Намен елді мекенінде біреудің сексен әйелі бірдей құрбандыққа шалынып, айнала қызыл қанға бөккенін жылнама беттері айғақтайды.***
А . Бектің «Волоколам тас жолы» шығармасын Жамбыл малдәрігерлік техникумында жүргенімде оқып, Баукеңе сырттай сүйіспеншілігім оянған. Ол өзінің ерлігімен, азаматтық қайсар тұлғасымен бірнеше ұрпақтың құрметіне бөленіп үлгерді. Мен сондай даңқты батырдың арамызда тірі жүргеніне таңданатын едім, әрі маған ондай тұлғалардың бәрі өткен ғасырларда ертегілермен бірге жасасып өтіп кеткендей көрінетін. Кейін Лениндік сыйлық алғанымда, Баукеңнің Алматыдан көңіл толқытар жедел хат жолдап, ағынан жарыла құттықтағанын, Мәскеуде, Алматыда талай мәрте жүздесіп, емен-жарқын сырласатынымызды қайдан білейін? Бірде Арбаттың бойында жолығып қалған батыр ағамыз: –Шыңғыс, ел арасында мен жайлы 120 вагон өсек бар, соның бір вагоны шындық та, қалған жүз он тоғызы өтірік. Фидель Кастроның арнайы шақыруымен Кубаға барғанымда,– деп әңгімесін жалғады ол, – сүйріктей қоңыр қыз жаныма жетіп келіп: –Полковник, Сіз жөнінде көп оқығанымнан болар, кішкентайымнан өзіңізге сырттай ғашықпын. Қаласаңыз, әйеліңіз болайын. Еліңізге алып кетіңіз,– дегені. Еш қымсынар емес, еркелей басып, қарсы алдыма кеп тұрды. –Бойжеткен,– дедім сонда көзіне тік қарап, – қазақта «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығар» деген мақал бар. Сен менің мінезімді білмейсің ғой, білсең, бұлай айтпас та едің… Өзі сұранып тұрған қызды некелесіп алып келсем ғой, мен жайлы өсек-аяң екі жүз вагоннан асып жығылар еді… Екеуміз жарыса күлдік.***
Солтүстік Кореяны жарты ғасырдай билеп, ұлы көсем атанған Ким Ир Сен жайлы мынадай бір оқиғаны орыс тілінде шығатын бір журналдан оқығаным бар. Өзен арнасынан шыға буырқанып, тасып, жағадағы елді мекендерді шайып кетеді. Емшектегі баласы бар бір жас әйел де ағынмен бірге ілесіп, құлдилай жөнеледі. Қараса, Ким Ир Сеннің де портреті қоса ағып барады екен. Сонда әлгі әйел өзімен қатар ағып келе жатқан сәбиін құтқаруға ұмтылмай, көсем портретіне жармасып, жағаға алып шығыпты. Журнал осы істі асқан патриоттық деп дәріптейді. Бұл, әрине, әсіре саясаттан, жеке басқа табынушылықтан туған саяси мәңгүртизмнің бір көрінісі.Екі аяқпен жер басқан пенде екенімізді шексіз биліктің ұмыттырып жіберетіні қандай өкініш!..***
Адамзат өзінің арғы-бергі тарихында ең үлкен қасіретті тиран басшылардан көрген екен. Егер, біз ХХ ғасырды және осы ғасырдың басын ғана мысалға алатын болсақ, алдымыздан жеке адамға табыну мүддесін ту еткен ондаған қаныпезер басшылар сап түзеп шыға келеді. Мәселен, бүкіл Кеңестер Одағын 31 жыл бойы басқарған Сталин 50 миллионға жуық адамның тыныс-тіршілігінің тоқтауына себепкер болса, көрші Қытай мемлекетінің «ұлы асыраушысы» атанған Мао Цзэдун өзі басқарған «Үлкен секіру», «Мәдени революция» аясында 65 миллион адамның жанын жаһаннамға аттандырыпты. Сөйтсе де, қайбір жылы Горбачевке ілісіп, Қытайға барғанымда оның сол жасаған қасіретінің ізін көру былай тұрсын, «Ұлы асыраушыға» деген халықтың шексіз махаббатын көріп, таң-тамаша қалдым. Әрине, қай кезде де насихаттың рөлі зор. Кезінде Кеңестер Одағында Сталиннің жеке тапсырмасы бойынша өлім жазасына кесілген адамдар да жендеттер өздерін атар кезде «Жасасын Сталин!» деп көз жұмды емес пе? Бірақ, жұрттың көбісі насихатқа бой алдыратыны ащы шындық. Солтүстік Кореяның «Күн королі» атанған Ким Ир Сен сияқты «данышпан» басшысы ғана емес, кейіннен оның орынын иеленген баласы Ким Чен Ир де «ХХІ ғасырдың күні» атанды. Көрдің бе, адамды қойып, «Күннің бастығы» немесе Күннің өзі болғысы келетіндер де бар. Ал Ким Ир Сен саясатынан көз жұмған адамдардың саны 2 миллионнан асып жығылады екен.Дайындаған Гүлзина БЕКТАС