Украина президентіне импичмент жариялана ма?
Украина президентіне импичмент жариялана ма?
Украина президенті соңғы сәтте Еуроодақ
келісіміне қол қоюдан бас тартқаны сол еді, Киевтің алаңдары наразылық шеруіне
ұласты. Кешегі бейсенбіден бері жасы да, жасамысы да алаңнан табылды.
Олардың аузы мен қолы «Украина Еуропаға
кіруі керек!» деген үнпарақтардан босаған жоқ. Әсіресе, жастар жағы белсенділік
танытып, «Президент Янукович мемлекеттің болашағын бұлыңғыр етті» деген ойларын
ашық айтуда.
Украина алаңдарына жиналған жұрт
Януковичке импичмент жариялау керек десе, енді бірі премьер-министр Николай
Азаровтың отставкаға кетуін талап етті. Қолда бар ақпаратқа сенсек, әу баста
бейбіт түрде басталған шеруге арнайы шамамен 700 мыңға жуық халық шыққан.
Алаңдағы жаппай бейберекетсіздік салдарынан зардап шеккендердің саны 112-ге
жетіпті. Оның 50-ге жуығы жақын маңайдағы ауруханаға жатқызылған. Украинаның
Ресейге жақын өңірлерінен келген құқық қорғау қызметкерлері бас-көз демей
жастардың жағасына жармасып жатқан көрінеді.
Біраз сағаттар бұрын Еуромайданның 5-6 мың
қатысушысы Украина үкіметінің ғимаратын басып алды. Белсенді топ мұнымен қоса
министрлер кабинеті мен Ұлттық банк кеңсесіне де уақытша иелік етті. Оппозиция
өкілдері Украинада бір мезгілде парламент және президент сайлауының өтуін талап
етуде. Алайда, алаңдағы 8 автобус толы «Беркут» арнайы жасағы қандай да бір
бұзақылық әрекет орын алса, тап беруге дайын. Қазіргі кезде билік елде
қып-қызыл төңкерістің орын алуынан шошып отыр. Бәзбір сарапшылар бұл жолғы
наразылық шарасын 2004 жылғы жалқын сары төңкерістен асып түсті дегенді
айтуда.
Динара Мыңжасарқызы