РЕЙТИНГ ҚУУДЫҢ СОҢЫ

РЕЙТИНГ ҚУУДЫҢ СОҢЫ

РЕЙТИНГ ҚУУДЫҢ СОҢЫ
ашық дереккөзі
216

1 желтоқсаннан бастап, барлық арналар «кемінде 50
пайыз» атты заң талабын орындаймыз деп, Үкіметке уәде берді. Қай арна қазақшаға қалай
бет бұрарын уақыт көрсетер. Теленарықтағы бұрыннан
қалыптасқан тілдік ахуалға қатысты осы орайда бір пікіріміз бар. Қазіргі
уақытта коммерциялық қана емес, мемлекеттік телеарналар да рейтингке қарай
бастады. Ниет дұрыс. Бірақ, сол телеарналар рейтингін анықтайтын агенттік
жалғыз, яғни баламасы жоқ монополист. Және агенттік рейтингті анықтауға ауыл
халқын қатыстырмай, тек тұрғын саны 100 мыңнан асатын 22 қаланы алған. Нақтырақ
айтсақ, осы 22 қалада тұратын 805 отбасы қай телеарнаның, қай бағдарламаның
рейтингі мықты екенін анықтайды. Ол 805 отбасының кімдер екені, қай тілге
бүйрегі бұратыны құпия. Қателеспесек, ешбір сыртқары ұйым оларға тілдік аудитті
толыққанды жүргізе алмайды. Телевизия саласында «ол отбасылар (нақты адамдар)
«үй шаруасындағы», қазақша айтқанда, күйеуі жұмыста, өзі балаларына қарап
отырған әйел» деген түсінік бар. Сол себепті рейтинг қуалаған телеарналар
бағдарламаларын сол әйелдердің ыңғайына жығыла дайындайды. Неге? Себебі, қай
бағдарламаның, қай телеарнаның рейтингі жоғары, сол арнаға жарнама құйылады.
Өйткені, кір жуатын порошоктың, банктың депозитінің жарнамасын жарнама
берушілер сол «үй шаруасындағы әйелдердің» көп шоғырланған тұсына ұсынуға
бейіл. Ал, ол жарнама нарығында кемі 50 миллион доллар айналып жатыр. «Үй
шаруасындағы аналардың» талғамына сай жасалған бағдарламалық саясаттан жапа
шегетін кім? Ең әуелі көрермен. Зиялы қауым өкпелейді. Газет журналистері
«телевизионщиктерден» түңіледі. Қазақ тележурналистері бағдарламары «рейтинг
жоқ» деген сылтаумен жабылған сайын, прайм-таймнан уақыт бұйырмаған сайын
орыстілді топ-менеджментті атарға оғы жоқ. Топ-менеджмент панельге, яғни 805
отбасының таңдауы осы дегенге сілтейді. Халық «неге қазақша хабар жоқ? Неге
кәріс пен түріктің, Ресейдің сериалы қаптап кетті? Неге бүкіл арнаның беті
КВН-щикке толды? Неге атыс-шабысты көрсету, эстрада әншілері мен актерлерді
тележүргізуші жасау сәнге айналды?» деген сауалға жауап іздейді. Жұмсарта
айтқанда. Наразылық бұдан біршама қаттырақ. Бірақ, рейтинг агенттігінің
мәліметінше, республикалық эфирдегі екі интелектуал – жүргізуші Айдос Сарым мен
қонақ Ерлан Қариннің әңгімесін көрерменнің 1 (?) пайызы ғана көреді де,
кез-келген қылмыстық хрониканы көрерменнің 20 (!) пайызы көреді. Егер,
қылмыстық хроника орыс тілінде көрсетілсе, көрермен екі есеге секіреді. Түрік
сериалы да сондай сұранысқа ие. Бұл – агенттік пікірінше, факт. Біздің қолда
аса бір факт жоқ, бірақ ғылымда «кері жору» деген тәсіл бар. Егер,
респонденттер қазақша сапалы бағдарламалардың өзінен жиренсе, онда олар жалпы
қазақылықтан жиренеді деген сөз. Панель, яғни 805 отбасы ойын-сауыққа,
қылмыстық әлемге, шетел сериалына, неғұрлым орыс тіліндегі дүниелерге қызығып
тұрған соң, топ-менеджмент я Ресейден мамандар шақырады, я басқару тізгінін
Ресейлік компанияларға береді. Өйтпесе, құрылтайшылардың «рейтинговый» арна
жасау үдесінен шығуы қиын. Бұл республикаға тарайтын 10 ұлттық (техникалық
қамту тұрғысында) телеарнаның кемінде бесеуінің, әйтпесе жетеуінің басындағы
жағдай. Қайшылық па? Қайшылық. Қауіпті ойын ба? Қауіпті. Екінің бірі айта
алатын ақпараттық экспансия туралы даусыз әңгімені қайталаудың қажеті шамалы бұ
жерде. Бір қызығы, Ресейдің өзі де дәл осы халықаралық рейтинг агенттігінің
өлшемдеріне сүйенеді. Бірақ, агенттіктің ең соңғы мәліметтері бойынша, Ресейдің
екі бірдей мемлекеттік телеарнасы 1-2- орында, коммерциялық бір арнасы үшіншіде
тұр. Кедендік одақтасы – Қазақстан елінің республикалық арнасының ретрансляция
өнімдері арқылы эфир таратып тұрған арнасы рейтингте бірінші орында тұрған жоқ.
Тіпті Ресейде ондайдың иісі де жоқ. Еуропа одағының 27 елінде де көбіне көп осы
жүйе. Бірақ, айталық, Ұлыбританияда ел мақтайтын Би-Би-Си рейтингте үнемі
бірінші тұра бермейді. Оқа емес. Үкіметі (Би-Би-Си Үкіметтен қаржыландырылады,
бірақ тек қана ағылшын билігін мақтау шарт емес) қайткенде рейтингте бірінші
бол деген талап қоймайды. Өйткені, Ұлыбритания халқы да телевидениені
көңіл-көтеру үшін қарауы әбден мүмкін. Бірақ, Ұлыбританияда арналар рейтингін
805 отбасы емес, бүкіл халық анықтайды. Ол қалай? Өйткені, Еуропа санды
телевизияға әлдеқашан көшіп кеткен. Сол арқылы кімнің қай арнаны көріп
отырғанын автоматты түрде анықтайды. Бұл жерде көрермен талғамына қатысты
қателесу ықтималдылығы нөлге тең. Ағылшынның бәрі ақылды емес шығар, арасында
ағылшынның әзілімен көңіл көтерсе, несі айып? Жалпы, телевизиялық контент те
әуелден: ақпараттық, қоғамдық, көңілашар болып бөлінген емес пе? Еуропалық
одақтың жылма-жылғы талдау есептеріне қарағанда, бүкіл Еуропа аумағында
жекелеген елдерге қатысты екі ғана проблема қалған сияқты. Бірі – медиаалпауыт
Мердок, бірі өз елінде билікте отырып ақпарат құралдарын уысында ұстаған
Берлускони. Енді өзімізге оралайық. 1 желтоқсан қазақ көрерменіне не беруі
мүмкін? Өзімізді өзіміз алдаудан басқа ештеңе бермеуі мүмкін. Өйткені,
себептерді толық түсініп алмай, тізеге салумен ештеңе бітпейді. Қазақ
теленарығы орыс тілінде сөйлеп тұруы – салдар ғана. Оның объективті һәм
субъективті себептері көп. Бір себебі – рейтинг. Ертең-ақ барлық телеарна
«лазейка» іздейді. Біреулері ескі тәсілмен қазақ хабарларын түнгі 12-ден таң
атқанша қояды. Енді біреулері эфирді шалағай аудармаға толтырады. Кейбірі ақша
кетірмес үшін архивте жатқан қырық жылғы хабарларды көрсетеді. Кейбірі (міне,
керемет!) «сәлеметсіз бе?!» деген бір ауыз сөзді қазақша айтқан хабарды
бағдарламаға «қазақша-орысша», яғни 50/50 деп көрсетеді. Паһ, шіркін тапқырлық
десеңші! Егер, алғашқы бір апта, я бір ай, тіпті созылғанда Үкімет позициясы
өзгеріп кеткенше, 50 пайыздан артық эфир қазақшаға көшсе, онда бек қуаныштымыз.
Онда қателескеніміз. Бірақ, 50-ден кем емес деген норма қабылданғалы қаншама
жыл өтті. Алайда, М.Құл-Мұхамедтен өзге осы талапты қатаң қадағалауға алған
министр сирек. С.Сыбанбайдың «Датқа» жарияланған соңғы мақаласына қарағанда,
қазақ телевизиясы қазақ тілі мәселесінде әлі «тұрған жерінде жүгіріп тұр».
Орысша «Бег на месте» деуші ме еді? Осы жерде бір ескере кететін жайт бар.
Өйткені, Үкіметтің қазақ тілі мониторингі мен рейтинг агенттігінің мониторингі
арасында айырмашылық бар. Үкіметте қателеспесек, 1 маман 4-6 арнаны жазып алып,
компьютерде тексеріп шығады. Агенттікте де осы тәсіл, бірақ нәтижеде аздаған
ауытқу бар. С.Зиманов Парламенттегі бір мерейтойлық сөзінде «кез-келген заң
өзінің әлеуетін жойғанда, концептуалды түрде қайта жазылуы керек» деген еді.
Біздіңше, заңдағы тілдік нормаларды да қайта қарайтын уақыт жетті. Өйткені,
министр мәліметінше, мектеп оқушыларының 76 пайызы қазақша оқиды. Ал,
телеарнаны үлкендерден гөрі балалар көбірек көреді. Сол себепті 50-ден кем емес
дегенше, 75-тен кем емес норма міндеттелу керек. Ал, халықаралық тәжірибемен
таза қазақшаға көшіп, қайсыбір тілдер тек жергілікті филиалдар арқылы хабар
таратса, онда бұл еліміздің өркениетке бет бұрғаны. Еуропа осы жолды ұстанған.
Ресей де. Қазақстан сандық телеарнаға көшуді жылдан жылға шегеріп келеді. Ал,
осы аналогтық таратудан сандық таратуға көшу барысында рейтинг агенттіктерге
(0+) әр теледидарды респондент ретінде автоматты түрде қосуды міндеттейтін
норма керек. Әйтпесе, тағы қисық айнадан қисық бет көрінеді. Ал, сол сандық
көшуге дейін кемінде 5 жыл бар. Ол аралықта Үкімет баламалы рейтинг агенттігін
құруға ахуал қалыптастыруы тиіс. Оның құрылтайшылары кім болса да, мәселе
объективті қадағалауда, аудитте. Рейтингтің ауытқу ықтималдығы нөлге ұмтылмай,
қазақ тілінің мәселесі өздігінен шешілмейді.

Болат Мүрсәлім

Серіктес жаңалықтары