ЖАҚСЫЛЫҚ ӨЗ-ӨЗІНЕН ЖЕҢІСКЕ ЖЕТПЕЙДІ
ЖАҚСЫЛЫҚ ӨЗ-ӨЗІНЕН ЖЕҢІСКЕ ЖЕТПЕЙДІ
Халықаралық ұйымдар тарихына қарасақ, ХІХ ғасырда құрылған ұйымдар негізінен пошта, байланыс құралдарын дамыту сияқты мәселелермен айналысқанын көреміз. Әлем халықтарының басын қосатын іргелі ұйымның негізі ХХ ғасырдың ортасында ғана қаланды. БҰҰ дүниежүзіндегі ең ірі және ең алғашқы ортақ ұйым болып табылады. 1919 жылы құрылған Ұлттар лигасының өзі тек Еуропа елдерін қамтып, ІІ дүниежүзілік соғысты тоқтатуға пәрмені жетпеген соң, 1946 жылы өз жұмысын тоқтатқан. Ғасыр ортасында іргетасы қаланған, баршаның мүддесін қозғайтын ұйым Біріккен Ұлттар ұйымы деп аталып, алғашқы сессиясын 1945 жылы өткізді. Алғашында 51 мемлекеттің басын қосқан БҰҰ бүгінде 194 мемлекетті қамтитын халықаралық деңгейдегі бірегей мекеме болып табылады. БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің ашылғанына биыл жиырма жыл толды. Осы уақыт аралығында қандай іргелі істер тындырылды? Нендей жетістіктерге қол жетті? Бұл жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бұқаралық ақпарат департаментінің Қазақстандағы өкілі Властимил Самекпен әңгімелескен едік.
– Властимил мырза, Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастық қандай деңгейде деп есептейсіз?
– 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ-на мүше боп кіргеннен бергі уақыт аралығында Қазақстан мемлекет ретінде халықаралық деңгейде өз орны бар, беделді елге айналды. 1992 жылдың 5 қазанында Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кездегі БҰҰ-ның Бас хатшысы Бутрос Бутрос Гали қол қойған келісімшарт негізінде 1993 жылы БҰҰ өкілдігі сол кездегі бас қала – Алматыда ашылды. Осыдан жиырма жыл бұрын өкілдік ішінен ашылған бөлімдердің бүгінде аясы кеңіп, мемлекеттік және халықаралық маңызы бар жоспарлар мен бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. 2013 жылы БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің ашылғанына жиырма жыл толуына байланысты бірқатар ауқымды іс-шараларды жүзеге асыру үстіндеміз.
БҰҰ мен Қазақстанның ынтымақтастығын жоғары бағалауға болады. Осы жиырма жыл ішінде БҰҰ макроэкономикалық реформалар, әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау мен қоршаған ортаны қорғауға қатысты көлемді жобаларды іске асыруға атсалысты. Бүгінгі таңда Қазақстанда БҰҰ-ның Халықаралық еңбек ұйымы, Гуманитарлық мәселелер жөніндегі басқарма, Адам құқықтары жөніндегі Жоғары комиссар басқармасы, Балалар қоры, Азия мен Тынық мұхит жағалауындағы елдерге арналған экономикалық, әлеуметтік комиссиясы, Білім, ғылым және мәдениет мәселелерімен айналысатын ЮНЕСКО ұйымы, «БҰҰ: әйелдер» деп аталатын гендерлік теңдік және әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту бөлімі, Босқындар ісі жөніндегі Жоғары комиссар басқармасы, Нашақорлық пен қылмыспен күрес жөніндегі басқарма, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Орта Азияға арналған аймақтық дипломатиялық орталық тәрізді бөлімдері мен өкілдіктер қызмет атқаруда. Сонымен қатар СПИД-ке қатысты бірлескен бағдарлама, Еріктілер бағдарламасы, Даму бағдарламасы сияқты маңызды құжаттар негізінде жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде.
БҰҰ-ның агенттіктері мен өкілдіктерінің барлығының басын біріктіретін басты құжат «Даму мақсатында қолдау көрсету жөніндегі бағдарлама» болып табылады. Бұл бағдарлама «Мыңжылдықтың даму жоспарына» сәйкес өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Бағдарлама бес саланың басын құрайды: адам құқықтарын сақтау, гендерлік теңдік, қоршаған ортаны сақтау мәселелері, басқару, нәтижелі, берік әлеуетке бағыттау. Даму мақсатында қолдау көрсету бағдарламасы 2005-2009 жылдарға арналған жоспарларды сәтті жүзеге асырды. Бұл бағдарламаның 2010-2015 жылдарға арналған іс-жоспары бекітілді. Аталмыш құжаттың 2010-2015 жылдарға арналған басты мақсаты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті арттыруға бағытталған ұлттық стратегиясы мен жоспарларын жүзеге асыруына қолдау көрсету. Бұл тұрғыда халық игілігі үшін адам ресурстарын дамытуға баса мән беріледі.
– БҰҰ «жабық» мекеме емес, халыққа жақын, ісін ашық жүргізетін ұйым дейсіз ғой…
– Иә, БҰҰ-ның барлық ісі халықтың көз алдында. Азаматтық қоғамды дамыту, энергияның баламалы көздерін пайдалану мәселелері бүгінде өзекті. Әрине, БҰҰ-ның міндетіне елдің экономикалық дамуына тікелей ықпал ету мәселесі жатпайды. Қазақстан экономикалық тұрғыдан онсыз да дамыған мемлекет қой.
БҰҰ-ның атының өзі халыққа жақын екенін айтып тұрғандай. Әлем – бір отбасы десек, БҰҰ-ның құрамындағы 194 мемлекет сол отбасының мүшелері сияқты. Отбасы иесі мүшелердің ойындағысын түгел орындай бермейтіні сияқты, бәрінің тілін табу оңай емес. Әр мүшесінің өз пікірі, жеке ұстанымы болады. Отбасындағы жағдай ылғи да жақсы болып тұрмайды. Сан-алуан көзқарастың арасынан бір шешім шығарып, ынтымақтастық жағдайында өмір сүру оңай болып па?! Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін БҰҰ құрылған кезден бергі уақыт аралығында ұйым көптеген іс тындырды деуге болады. Бірегей ұйым болғандықтан игі істер атқарылып, жақсы нәтижеге қол жеткізілді. БҰҰ қашанда қай салаға қатысты болсын, бейбіт, дұрыс шешім шығаруға мүдделі. Жақсы дүние өзінен-өзі орнай қалмайды. Ешкім ешқандай сәтсіздіктің алдында сақтандырылған емес. Ертең не болады, немесе қазір аяқ астынан қандай жағдай орын алады, алдын ала білу мүмкін емес. Жан-жақты ойластырып, жаңаша стратегиялық шешімге келетін сәттер болады. Қазір заман жылдам өзгеріп жатқан кез. Уақыт ағысы да жылдам. Өзім дүниеге үмітпен қарайтын адаммын. Дүние жақсы жағына қарай өзгеруде деп батыл түрде айта аламын. Әлемдік дамуға қандай факторлар әсер етуде? Біз жеті миллиардтан астам халық мекендейтін жердің тұрғындарымыз. Мемлекеттердің бәрі тең дәрежеде дамып жатыр десек, артық айтқандық болар. Кейін қалған елдер бар.
– Үшінші әлем делінетін, яғни дамымай қалған мемлекеттерді меңзеп отырсыз ба?
– Оларды үшінші әлем деп бөліп тастаған дұрыс емес. Бұл әртүрлі себептерге байланысты даму үрдісі баяу немесе дамуы жеткіліксіз мемлекеттер. Тағы да отбасы деген сөзді аузыма алайын. Жақсы отбасы дегеніміз мүшелері әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп, қол ұшын беріп, қашанда демеу көрсетіп отыратын жанұя. Ортақ мәселелерді бас қосу арқылы кеңесіп, дұрыс шешімін табады, бір мәмілеге келеді. «Жалғыздың шаңы шықпас» дегендей, жеке дара, жалғыз жолмен ешқандай мемлекет дамымайды. Өзара ынтымақтастық, сенім, түсіністік болса ғана мемлекеттер дамиды.
– БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун 2013 жылғы Мыңжылдықтың даму мақсаттарына қатысты баяндамасында: « Алдағы 1000 күндегі сәтті әрекеттер миллиондаған адамдардың өмірін жақсартуға мүмкіндік беріп қана қоймай, бізге тұрақты даму мәселелерін шешуге және 2015 жылдан кейінгі кезеңге жоспар жасауға серпін береді» деген болатын. Алғашқы кезеңі 2015 жылға дейін деп бекітілген «Мыңжылдықтың даму мақсаттары бағдарламасына» кеңірек тоқталсаңыз.
– Мыңжылдық маған немесе басқа бір жеке адамға байланысты ұғым емес. Біз, адамдар белгілі бір мерзім ішінде өмір сүреміз. Мыңжылдық мақсат дегеніміз – болашақ ұрпақтардың қамы үшін жасалған жоспар, бағдарлама. Біз өмір сүріп отырған мемлекет қандай болады? Келешекте біздің балаларымыз, немерелеріміз, шөберелеріміз қандай жағдайда өмір сүреді? Мыңжылдық дамудың алғашқы кезеңі 2015 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Мәселен, кедейшілікпен күрес мәселесі әлі күнге өзекті, өкінішке қарай, Африканың біраз мемлекеттері кедейшілік деңгейінде қалып отыр. СПИД-пен күрес, сауаттылық көрсеткішін арттыру, гендерлік теңдік, т.б. мәселелер қашанда біздің назарымызда. 2015 жылдан кейін не болмақ? Бағдарлама жұмысы 2015 жылдан соң тоқтап қалады деген сөз емес. Мыңжылдық жоспарын ары қарай жалғастырумен байланысты келелі кеңестер басталды. Сондай алқалы басқосудың бірі Алматы қалалық әкімшілігінің ұйымдастыруымен жақында өткізілді. Оған халықаралық мамандар, азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Шалғай ауылдың тұрғыны өзі туып-өскен мемлекетінің қандай жолмен дамуын қалайды? Яғни, ауылдағы шопанның да пікірі біз үшін қымбат. Өйткені ол осы қоғамның мүшесі. Азаматтық қоғам мүшесі ел болашағын қалай көреді? Бұл тұрғыдан алғанда басымдық, әрине, жастарда. Жастар мемлекеттің басты күші, болашақ өзінің қолында екенін түсінуі керек. Алдыңғы ұрпақ бастаған игі істерді жалғастыру да өз мойнындағы борыш, парыз екенін бүгінгі жастар ұғынуы керек.
– Бұған дейін «Қазақстан-2030» бағдарламасын жүзеге асырған мемлекет «Қазақстан-2050» бағдарламасын жүзеге асыруға көшті. Бұл құжаттың стратегиялық маңызы туралы қандай пікірдесіз?
– «Қазақстан-2050» – мемлекет дамуының ұзақ мерзімді жоспары. Логикалық тұрғыдан өте ұтымды құрылған бағдарлама. Жеке адамның өміріне қарасақ, жоспарлар мен мақсаттардан тұрады емес пе? Әрқайсымыз ертең не істейтінімізді алдын-ала ойластырып отырамыз. Мемлекет болашағымен байланысты іргелі бағдарлама жасалуының үлкен маңызы бар. Жақын мерзімді айтсақ, 2014, 2015 жылдары біз қандай ресурспен өмір сүреміз? Экономикалық ресурсты айтып отырған жоқпын, әңгіме адам ресурстары жөнінде. Маман сапасы өте маңызды мәселе. Демографиялық ахуал да бірінші кезекте. Мемлекеттің даму бағдары демографиялық жағдайына өте-мөте қатысты. Бұл сауда-саттық, экономикалық мәселелерден бөлек нәрсе. Тағы да отбасы деген ұғымды мысал етсек, мықты отбасы әр мүшесінің тағдырына жауапты болады.
Біз өмір сүріп отырған орта әрдайым өзгеріс үстінде, дүние мәңгілік қозғалыста. 2000 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен «Мыңжылдық декларациясы» қабылданды. Соған сәйкес жаңа мыңжылдыққа арналған даму жоспары бекітілді. Осы жоспар аясында Қазақстан мен БҰҰ арасында көптеген бірлескен іс-шаралар атқарылуда. Ынтымақтастық өте биік деңгейге жетті деп айта аламыз. Оны біз «Мыңжылдықтың даму мақсаттары» деп аталатын құжаттан да көреміз. Әлемдік лидерлер, соның ішінде Н.Назарбаев Нъю-Йоркте 2000 жылдың қыркүйегінде халықаралық маңызды құжатқа қол қойған кезден бері БҰҰ-ның комитеттерінің жұмысы Мыңжылдық декларациясына сәйкес жүргізілуде. «Мыңжылдықтың даму мақсаттарында» көрсетілгендей миллиондаған адамның өмір сапасын арттыруға бағытталған істер атқарылуда.
БҰҰ құрылған күннен бері қандай мәселе болсын, дипломатиялық жолмен, бейбіт келіссөздер тәсілімен шешіп келеді. Дипломатиялық келіссөз ортақ тіл табудың, бейбіт мақсатта тіршілік етудің бірден-бір жолы. Майдан ашып, шайқасқаннан бір үстел басына жиналып, ортақ мәмілеге келудің амалын қарастырған анағұрлым артық емес пе? БҰҰ-ның Қауіпсіздік жөніндегі Кеңесінің де атқарған шаралары аз емес. Қазақстан Қауіпсіздік жөніндегі Кеңестің тұрақты емес мүшесі болуға мүдделілік танытып отыр. Халықаралық деңгейде Қазақстан Республикасының көптеген тартымды бастамалары бар. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Семей полигоны жабылып, 29 тамыз ядролық жарылысқа қарсы күн боп бекітілді. Ядролық сынақтарды жүргізуге қарсы бағдарламалар қабылданды. Бұл ұсыныс халықаралық аренадағы Қазақстанның мемлекет ретіндегі беделін танытады. Жиырма жыл ішінде Қазақстан жоғары дәрежелі дипломаттарымен де танылды. Халықаралық деңгейдегі көрнекті дипломат Қасымжомарт Тоқаев БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесін басқарды. 194 мемлекеттің арасында қазақ азаматының осындай биік лауазымға көтерілуі мемлекет беделінің көрсеткіші ретінде бағалауға болатын, сіздер үшін мақтан тұтарлық жетістік.
Қазақстан дамудың 20 жылын артқа тастады. Жиырма деген адам өмірі үшін ұзақ кезең болғанмен, заман ағымы тұрғысынан қарасақ, қысқа ғана мерзім. Қазақстан Репсубликасы жиырма жыл ішінде ауыз толтырып айтарлық көптеген жетістікке қол жеткізді. Әр қазақ баласы осындай ұлы мемлекеттің азаматы болғаны үшін елінің әр жетістігіне қуана білуі керек деп ойлаймын. Жалпы, халықаралық ынтымақтастық сферасындағы қандай да бір шешім жеке адамның пікіріне тәуелді емес, ол білікті мамандардың бірігіп іс атқаруына байланысты.
– Қазіргі кезеңде саясатта әйелдердің белсенділігі артуда. Кейбір мемлекеттер басқару жүйесіндегі әйелдердің санын арттыруды мақсат етуде. Мысалы, Қазақстанда Үкіметтік мекемелердегі қызметкерлердің 45 пайызы әйелдер. Саясатта әйелдердің көбеюіне қалай қарайсыз?
– Дұрыс қараймын. Халықаралық саясатта әйелдердің ролі маңызды. Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы алғашқы өкілі Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекованың еңбегі ел есінде. Сонымен қатар 2007-2013 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты өкілі болған Бірғаным Әйтімова ханымды айтамыз. Халықаралық саясатта әйелдердің ролінің артуы құптарлық үрдіс. Саясат тек еркектердің құралы емес. Саясатқа әйел араласса үлкен пайда әкеледі. Мысалы, әйел құқығы, гендерлік теңдік, т.б. мәселелер бүгінде өзекті боп тұр. Оған қоса отбасы, балалар құқын қорғау мәселесін кім терең түсініп, жан-дүниесімен сезінеді? Әрине, әйел еркекке қарағанда бұл мәселелерге біртабан жақын, шешімін табуға анағұрлым бейім екені рас. Әйел саясатқа келсе, озық ой әкеледі. Нәзік иірімдер мен шешуі қиын қалтарыстарды түсінуге әйел өте қабілетті. Кез келген мемлекетте басты мәселелер елдің экономикалық, әлеуметтік дамуымен байланысты. Сондықтан сасатқа практикалық тұрғыдан қабілетті адам керек. Еркектің практикалық қабілеті басқаша көрініске ие. Әйелдің іс жүргізуде мәселені шеше білу мүмкіндігі зор. Отбасының даналығы неде? Ақылды адам қашанда өз сыңарының ой-пікірін тыңдай біледі, оның пікірлерімен санасады. Үйлесімділік дегеніміздің өзі тепе-теңдік.
– Әңгімеңізге рахмет!
Cұхбаттасқан
Шарафат Жылқыбаева