«Ұлтшыл Бауыржанның» хаттары қалай жойылды?

«Ұлтшыл Бауыржанның» хаттары қалай жойылды?

«Ұлтшыл Бауыржанның» хаттары қалай жойылды?
ашық дереккөзі
263

Ұлы Отан соғысының бас кезінде менің атағым ел аузына
ілінді. Содан бастап, орысша айтқанда, «меня без меры хвалили и без вина
терзали». Екеуіне де шыдап келе жатырмын.

Менің даңқым Мұқаңның да құлағын еліртіпті. Ол кісі
майданда жүргенімде маған сегіз хат жазды. Бірақ та ол хаттарын кейіннен «ұлтшыл
Бауыржанның» кесапатынан қорқып, менің академиядағы архивімнен өзі ұрлап алып
жойды. Оны мен ол кісіге еш уақытта кешірмеймін. Қара жер айтып бара берсін.
Кешірмеймін.

1943 жылдың декабрінде мен Алматыға келдім. Жол-жөнекей
мені құрметпен елім қарсы алды.

–Ел абыройы, ер ағасы, халықтың адал перзенті…- деп тағы
басқа шебер жаттама сөздерді шұбырта сөйлеп, Мұқаң мені құшағын жая қарсы алғандардың
бірі болды.  Мен ол кісіні аға тұтып, тәжім
еттім. Бір кеш көп отырып сөйлестік. Бір-бірімізді аңдып сөйлестік. Мұқаңды мен
жеңдім.

***

–Бауыржан Мәліктен
гөрі терең ойлы көрінеді. Мен онымен қатты санасам… депті деген сөз ертеңіне
менің құлағыма жетті.

***

Үш күннен кейін Мұқаң менің үйіме келді.

–Сенің хаттарыңды алдым. Абай туралы дұрыс айтқан
пікірлеріңе мың алғыс. «Намыс гвардиясы» туралы айтқан ескертулеріңе толығынан
мен қол қоямын… Біздің үйге келіп бүгін кеште дәм тат. Қаныш, Сәбит, Қалыбек,
Ғабит, Ғабиден.. тағы сол сияқты ардагерлерімізбен бас қосып отыралық. Танысқын
солармен..- деп шақырумен сөзін аяқтады Мұқаң.

***

Мен Дмитрий Снегинді жұбайымен ерте бардым. Ас алдында Мұқаңның
кең кабинетінде бір сағаттай жалпы пікір алысып отырдық.

Кең дастархан үстінде мен туралы көп жылы сөз, лебіздер
айтылды…

Сәбит жұбайымен кешігіңкіреп келді. Қаныш қарсы алдымда
сіресіп мені сынап отыр. Оң жағымда Қалыбек пен Ғабит те мені сынап отыр. Ләж
жоқ, бірінші кездесуіміз ғой – арбау үстіндеміз.

– 
Жолдастар!
Мен кешірім сұраймын, – деп бастады сөзін Сәбит. – Әлгі прокурор
республикамыздың, марқұм қырқында болып едік. Сол  себепті Мәриям екеуміз кешігіп келдік… Ал
енді жолдастар, осы ел азаматы Бауыржанды бәріміз де жақсы көреміз.., – деп
тілі күрмеле шұбырта сөйлеп, сөзін зордан аяқтап, рюмканы қотара жұтып, палауды
үшінші рет асағанда тұтылып, шашалып, аузындағысын стол үстіне бүркіп жіберді.
Мәриям қызара бөртіп, Сәбитің жеңінен тартып қалды. Сәбит болса, жалтақтап ары-бері
қарады да, монтаны отырып қалды…

Қалыбек арақты бастырмалатып ішіп отыр. Ғабит те одан қалысар
емес… Ол кезде менің бұзылмаған кезім – арақты өте аз ішемін. Таңданып
отырмын. Қаныш қысылғанынан Мұқаң мен Валентина Николевнаға қос ұлдарын құттықтап,
оларды «Стахановшылар» деп атап, қалжың сөз айта бастады.

-Иә, Бауыржан, – деп тілі күрмеле бөлді Қаныштың сөзін Сәбит.
– Мұхтардың қос ұл перзенттері бар… Бірінің соңынан бірі жарыққа шықты.
Ернар… тағы біреуінің аты жадымда жоқ… Солардың денсаулығы үшін…

-Нәрестелер ер жетіп ел азаматы болсын. Құттықтаймын.

…Қалыбек
алжи бастады. Ол менің қолтығымнан түртіп ыржыңдап күліп:

-Мен
елді күлдіру үшін бір ауыз боғауыз әңгіме айтайын ба? – деді.

-Қойыңыз,
ақақал. Мұнда келіндеріңіз отыр. Ол орынсыз болар.

-Жоқ.
Айтамын.

-Қойыңыз.
Басқа жерде айтарсыз, – деп зордан доғардым шутовские прорывы Калибека.

– 
Менің
кешігіп келген себебім, бүгін Құрманғазының юбилейі екен. Оперный театрда үлкен
мәжілісте болып қайттым, – деп кешіріп сұрап Қаныш сөзін бастады. – Әлгі Ахмет
Жұбанов байғұс  жалғыз өзі торғайдай
болып, суық залда фрак киіп, қалшылдап тұрып, баяндама істеп, оркестрді басқарып…

– 
Ол өзінше өтіп
жатқан мәжіліс қой. Сен келген соң, әдейі дайындалып едік,..-деп Мұқаң күмілжи
сөйледі.

– 
Ей, Ғабит!  Меніңше, мынау өзі төбет сырттан, көкжал
болуы керек…- деді тілі күрмелген Қалыбек.

– 
Меніңше, бұл…Әскери
бутофория, – деді оған сыбырлап ғабит.

– 
Ал, Мұқа,
Валентина Николевна, сіздерге көп рахмет! Біздің үйде ауылдан келген қонақтар
отыр еді. Рұқсат болса, біз қайталық.

– 
Неге
сондай асығыстық? Әлі үлкен ас алдымызға келген жоқ қой. Әдейі қой сойып едік
сен үшін. Соның басын…

– 
Рахмет, Мұқа.
Дмитрий Федорович, Валентина Николевна и Мухтар Омарханович нам разрешают
покинуть эту компанию, – деп Мұқаңның сөзін бөліп мен жұбайымның шынтағын сүйеп
орнымнан тұрдым. Снегин де жұбайымен орындарынан тұрды… Мұқаң сұп-сұрланып, күйбелектеп
бізді киіндіріп есігінен шығарып салды. Көз жанарында: «Бұл қылығыңды еш уақытта
кешірмеймін» дегенін сезіп, есік алдында:

– 
Қонақты таңдап
шақыра білмеген өзіңіз кінәлісіз, Мұқа. Мен сізден кешірім сұраймын. Сау болыңыз,
– дедім.

Бауыржан Момышұлы

«Көз алдымда бәріңсің» жинағынан

Серіктес жаңалықтары