Тәуелсіздіктің мысын шырша баса бере ме?

Тәуелсіздіктің мысын шырша баса бере ме?

Тәуелсіздіктің мысын шырша баса бере ме?
ашық дереккөзі
196

Патриоттық сезімнің осалдығынан
болар, қасиетті мереке саналатын тәуелсізідк күнінен бұрын шыршаларын құрып,
жаңа жылды тойлауға кірісіп кеткен отандастар көп. Бұл ұлттық және мемлекеттік
идеологияның ақсауынан.

Желтоқсан тумай жатып, шыршаны безендіріп, жайнатып қою елімізде
үрдіске айналған. Көздің жауын алатын қызылды-жасылды жарық кәдімгідей елітіп, көңілге
мереке сыйлайтыны сөзсіз. Бірақ Жаңа жылдың алдында Қазақ үшін, бүкіл Қазақстан
үшін аса маңызды мейрам бар. Ол – 16 желтоқсан, Тәуелсіздік күні. 86-ның
ызғарлы кештерінде шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп, кеңестік режимге,
астамшыл империяға қарсы шыққан, өз еріктерімен құрбан болған қаншама қазақ
жастарының аңсаған арманы Қазақ мемлекетінің егемендігі еді. Шүкір, Қазақтың билік тізгіні
өзіне тиді. «Біз, қазақ, ежелден азаттық аңсаған» деп жырлаған Қазақ ғасырлар
бойы аңсаған тәуелсіздігіне оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Талай рет қан
төгілді, талай әйел жесір, талай бала жетім қалды. Қолдан жасалған қаншама
зұлматты да бастан кешірді қазақ. Демек, қазақ үшін, жалпы Қазақстан азаматтары
үшін Тәуелсіздіктің қадірі зор. 

Тәуелсіздік тұғырлы болуы үшін қадіріне жету шарт. Бұл
кез келген азаматтың Отан алдындағы парызы. Осы парызды бүгінгі ұрпақ
қаншалықты атқарып жүр? Егер қалтқысыз атқаруда дегіміз келсе, шыршалардың
орнында Тәуелсізідк күнімен құттықтаған жазулар ілінуі тиіс еді. Бұл әлбетте,
басшылықта отырғандардың ұлттық құндылықтарды қаншалықты қастерлейтініне,
патриоттық сезімінің қаншалықты күшті екеніне байланысты. Мәселен, былтыр
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов 16 желтоқсанға дейін Жаңа
жылға қатысты бірде бір шараны өткізуге тыйым салды. Жоғары жаққа алаңдаған
жоқ, ешкімнен рұхсат та сұрамады. Қасиетті мерекені төбесіне хан көтерген Асқар
Мырзахметовтің бұл қадамы басқа әкім-қараларға үлгі болса, игі. Өйткені, мемлекеттік
тұтастық, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда Тәуелсіздіктің мерейі үстем.

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде Тәуелсіздік күні мен
жаңа жылға қатысты пікірталас көрігі қызған. Бір топ шыршаны 16 желтоқсаннан
кейін орнатайық десе, екінші топ оған қарсы. Олардың айтар уәжі, «балалар асыға
күтетін Жаңа жылға желтоқсаннан бастап дайындалу керек-міс». Сонда Тәуелсіздік
ұғымын бала санасына қайтіп сіңіреміз? Ересектердің патриоттық сезімі қайда?
Меніңше, бүгінгі Қазақ елінде ұлттық, мемлекеттік идеологияны қолға алу қажет. 22
жылдан бері ақсап келе жатқан өзекті мәселе бұл. Сонда ұлттық және мемелкеттік
құндылықтарды ұлықтау аттансыз, науқансыз-ақ жүзеге асырылады.

Нәзия Жоямергенқызы

 

Серіктес жаңалықтары