БАҚЫТСЫЗ КЛОДЕЛЬ
БАҚЫТСЫЗ КЛОДЕЛЬ
Өткен аптада «Астана Опера» театрының сахнасында Ресей халық әртісі Борис Эйфманның «Роден» балетінің тұсауы кесілді. Бұған дейін Петербордағы Александрин театрында, сосын – Мәскеудің Үлкен театрында сахналанған туындыны қазақ кардебалеті мінсіз орындап шықты.
Огюст Роден – ХІХ ғасырда Францияда өмір сүрген атақты мүсінші. Камилла Клодель – оның шәкірті әрі нақсүйері, шығармашылық шабыт сыйлаған жан жылуы әрі мүсіншілік өнерде өзімен тайталасқа түсуге лайық бәсекелесі.
Балет адам жанының қалтарысында жатқан құпия сырларды қозғайтын әуенге және көз алдайтын әрі арбайтын, кейде өрескел, кейде тым көркем көрінетін дене қимылдарынан құралған. Қазақ кардебалеті классикалық қойылымдарға машықтанғаны белгілі. Жындыхананың жан ауыртар көрінісін бейнелеу үшін жын ұрғандай секірген, шынайы өмірді суреттеуге тырысып, аяқ-қолды тынымсыз сермеген, мүсінші мен оның сезімтал ғашығының ішкі дүниесінің аумалы-төкпелі халін елестету үшін әдейі ебедейсіз қозғалыстар жасау – заманауи балеттің сырт көрінісі осы. Қазақ әртістері екі ай ішінде модерн-балетті жанқиярлықпен игеріп алды. Дегенмен, бұл стильде билеу үшін қазақ әртістеріне күндіз-түні жаттығып, арнайы техниканы меңгеруге тура келіпті. Қазақ әртістеріне ресейлік Ольга Толмакова мен Олег Парадник шығармашылық бағыт-бағдар берді.
Огюст Роденнің ролінде – Жәнібек Иманқұлов, Камилла Клодель бейнесінде – Әйгерім Бекетаева. Бізге екінші құрамдағы әртістер Рүстем Сейітбеков пен Гауһар Усинаның өнерін тамашалаудың сәті түсті.
Кардебалеттің шеберлігін Эйфман ұсынған идея – адамның жан сезімін дене қимылы арқылы бейнелеу талпынысы сәтті шыққанынан-ақ байқауға болады. Сахнада тас қашап жатқан шебер, бір сәтте тастан адамға айналған әртістер, «Тозақ қақпасы» сияқты өнер туындысын бір мезет көз алдыңа алып келетін адам-мүсіндер – бәрі астасып, адам – тасқа, тас – адамға ұласып, сезім – ашуға, ашу – опынуға жетелеп, көрермен көңілінің астан-кестеңін шығарады. Шын ғашықтың қадіріне жете алмаған Роден бе, Құдай берген өнері мен сүйген жары арасындағы таңдау мәжбүрлігінен морт сынған Клодель ме, қызғаныштан күйіп-жанған Роза ма – осы кейіпкерлердің қайсысының көтерген қайғысы салмақтырақ екенін айыру қиын. Мыңның бір мезетінде сезім – тұрақсыз, адам – осал, ал өмір – қысқа екенін ұғынған Көрермен санасында шын бағалауға лайық ұғым – Өнер ғана қалады.
Жарық пен көлеңкені астастырып, кейде бір-біріне қарсы қою арқылы сезім құбылмалылығын суреттеу тәсілі шебер орындалған. Бас кейіпкер үшеу болғанымен, «Роденді» қоюға кардебалет түгел құраммен шыққан ба дейсің: сахнада топырлап жүрген ессіз бишілер – жындыхана тұрғындары, уайым-қайғысыз күн кешкен жас жігіттер мен қыздар, қатып-семген қағидаларымен өнерді тұншықтырған сыншылар биі – балеттің мазмұнын қоюландыра түскен. Кей көрініс көңілге ауыр, кей көрініс қазақы ұғымға жат тиеді. Әсіресе, ғашықтар арасындағы сүйіспеншілікті бейнелейтін қимылдар сөлекет көрінетіні де рас.
Бір ғажабы, «Роденнен» тұнжырап шыққан жүздер көрінбеді. Екі актіден тұратын қойылымның үзілісі кезінде көрерменнің көбісі балет туралы кітапшаны сатып алуға лап қойды. Кейбір жастар қолдарындағы қалтафондар арқылы ғаламтордан Огюст Роденнің бізге жеткен туындыларын іздеп тауып, жаныға танысып жатты. Осылайша, бір өнер екінші өнерге деген ынтызарлықты туғызатыны анық болды.
Қойылымның соңында жындыханада жан тапсырған Камиллаға да, күйеуінен үміті үзілген Розаға да, өзінің пендеуи бақытына да – ешбіріне қайырылмай, жалған дүниені тәрк еткендей болып, мәрмәр тас қашап жатқан Роденді бейнелеумен аяқталуы – Өнердің өлмейтіндігінің нышаны сияқты.
Өнері үшін өзін де, өзгені де аямаған Роден атақты мүсінші болды.
Ал таланты бір мысқал кем болмаса да, сезімталдығынан жапа шеккен Клодель өнерде де, өмірде де көмескі ғұмыр кешті… Оның таланты ғашығы үшін құрбан болды.
Бақытсыз Клодель!..
Гүлбиғаш ОМАР
Астана