АПТАДАҒЫ ҮШ КЕЗДЕСУ

АПТАДАҒЫ ҮШ КЕЗДЕСУ

АПТАДАҒЫ ҮШ КЕЗДЕСУ
ашық дереккөзі
361

Алғашқы кездесу Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің ұстаздары мен студенттері арасында өтті. Болашақ экономистердің қаламгерге қойған сауалдары да жан-жақты. Әңгіменің тиегі бүгінгі қоғам мен саясаттың, әдебиеттің айналасында өрбітілді. Кейбір студенттер жазушы ағаларына арнаған өлеңдерін оқыса, енді бірі – ән айтып, күй тартып, өнерге деген құштарлықтарын да көрсетті. 

Дулат ағамыздың екінші кез­де­суі Алматы қаласының №15 облыстық орта мектеп-интернаты ұстаздарының ұйымдастырған кешімен жалғасты. Кездесу кеші республикалық мұғалімдердің семинарына орай әдейі ұйымдастырылған екен. Басқосуға республикамыздың барлық түкпірінен мектеп ұстаздары мен директорлары және мектеп оқушылары жиналды. Жазушымен еркін сұхбат өтті. Мектептің үлкен акт залында өткізілген кешке Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының «Жаужүрек» атты спектаклінде ойнайтын Ж.Садырбаев, Е.Дайыров және Л.Қалдыбекова сынды артистері де шақырылыпты. Театр артистері Д.Исабековтің «Жаужүрек» спектаклінен үзінді көрсетсе, мектеп оқушылары да артист аға-апаларынан қалыспай «Әпке» пьесасы мен «Дермене» повестінен үзінді ойнап, Дулат Исабеков бастаған кеш қонақтарын тәнті етті. Д.Исабековтің өмірбаяны мен шығармашылығы аясында баяндама оқылып, «Исабеков әлемі» атты былтырғы жылы ұйымдастырылған Халықаралық театр фестивалінен слайд-шоулар көрсетілді. Мектеп оқушылары жас ерекшеліктеріне қарамастан, қаламгерге салмақты, ойлы сұрақтарын қойды. Жазушы мен театрдың жас актерлері Е.Дайыров пен Л.Қалдыбекова да кішкентай оқырмандарының балалық көңілдері мен шынайы ниеттеріне, әдебиетке деген қызығушылықтарына ризашылықтарымен жауап беріп, кеш соңында қолтаңба беріп, естелік суретке түсіп тарқасты. Оқушылар да жазушы ағалары мен өнердегі аға-апаларымен қимай қоштасты.

Апта соңындағы үшінші кездесу әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «География» факультетінде өтті. Мұнда да жазушы, драматург Дулат ағаларын асыға күткен студенттердің бір тобы қарсы алды. Студенттер кеш басында алдымен өздерінің өнерлерін ортаға салып, ары қарай сұрақ-жауап түріндегі сұхбаттасумен өрбітілді. Дулат ағамыздың «Бонапарттың үйленуі» атты әңгімесінен үзінді оқылып, ән де шырқалды, мың бұралған бишісінің де өнерін тамашаладық.

Бір апта ішіндегі үш кездесуде қойылған негізгі сұрақтардың дені «Әпке», «Қарғын» шығармаларының жазылу тарихы туралы өрбісе, кейбіреулерді «Жаужүрек» спектаклі қызықтырады екен. Моңғолия қазақтарының елге оралуы жайындағы Дулат ағамыздың Президенттің алдына тастаған сауалы да студенттердің есінде екен. Осы орайда, студенттер қаламгерге өз алғыстарын білдірді.

Едіге Бектас

Серіктес жаңалықтары