4878
ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры» еліміздің ұлттық интеллигенциясымен жұмыс жасауды бастады. Аталған қор бүгінге дейін «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты тақырыпта Өскемен, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда қалаларында болып, ұлт зиялыларымен Тәуелсіз еліміз үшін аса маңызды деген тақырыптарды талқылауға салып, келелі кездесулер өткізді. Бұл тұңғыш рет жүзеге асып отырған жоба деуге әбден болады. Себебі, жасыратыны жоқ, әзірге дейін зиялы қауымды қоғамдық тыңдау, олардың ой-пікірлерін естіп-білу сияқты мәселелер кенжелеп қалып келеді. Қордың мақсаты – осы олқылықтардың орнын толтыру.
Осыған орай, зиялы қауымның белгілі өкілі, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай мырзаны әңгімеге тартқан едік.
– Кезінде Алаш зиялылары қоғамдық формациялар ауысқан аласапыран, алақұйын замандарда абдыраған елге жол көрсеткен көшбасшы бола білді. Сол кезеңдермен салыстырып қарағанда, біздің бүгінгі зиялылардың бойында тәуелсіздігіміздің баяндылығы, ұлттық мүдде үшін қалың бұқараны игілікті істерге жұмылдыра алатындай қасиет қалды ма? Жалпы, бізде ұлттық интеллигенция бар ма дегенге қалай қарайсыз?
– Кез келген қоғамда, ұлтта, оның ішінде қазақ ұлтында зиялылар бар ма деп күдіктенудің өзі о бастан түбірімен қате ұғым. Зиялы қауым – қоғамның қозғаушы күші. Онсыз ешқандай ұлт алға қарай дамыған емес. Есте жоқ ескі замандардан бастап, көшпелі кеңістіктерден бастап, сандаған ғасырларды төңкеріп, күні бүгінгіге дейін қоғамның алға жылжып, дамуына игі себеп болған, итермелеуші күші болған осы ұлт тізгінін ұстаушылардың, зиялылардың ой-қуатының, қажырлы іс-әрекеттері. Әйтпесе біз баяғы құрық ұстаған қалпымызда қалар едік.
Басқаны былай қойғанда, кешегі біртұтас Алаш идеясы кезеңіндегі биікке көтерілген зиялылар рухы одан кейін қаншама тезге түссе де, өзінің ерікті ой-қуатын әлі күнге дейін елге емізіп отыр емес пе! Тәуелсіздік өз бетімен келді ме? Тәуелсіздіктің іргетасы өз бетімен қаланды ма? Қиын сәттерде халықты кері қайтқан теңіз толқыны сияқты артқа жапылдырылмай, алға үміттендірген кім? – Зиялылар. Сол зиялылардың ықпалындағы ақыл иелері. Олар болмаса халық өз бетімен қайтадан ескі күндерге оралуы әбден мүмкін еді. Олардың ой-қуатының, қайратының, жігерінің арқасы.
Қазақ Тәуелсіздіктен ешқашан бас тартқан жоқ. Соның арқасында қазақ ілгерілеп барады. Қазірде қазақ қоғамында түрлі ой, сана, ұғым, көзқарас алуандығы жүріп жатыр. Демек зиялы бар, олар өздерінің ойларын, бір-біріне келіспейтін жақтарын ойлап екшеу үстінде. Сырттай қарағанда бет-бетімен көрінгендей болғанымен, жалпы таза қанды қазақ зиялыларына, қайталап айтам таза қанды қазақ зиялыларына ұлттық рух, ұлт алдындағы жауапкершілік, ұлттық мүддені керекке жаратушылық ыңғайы бар. Мәселе соларды бір арнаға тоғыстыратын, бәріне қасиетті, бүкіл қоғам үшін киелі, міндетті, парыз сезінетін ортақ Ұлттық идеяның болмауы.
– Осы жерде, сіздің түсінігіңіздегі Ұлттық идея деген не деген сұрақ туады. Өйткені осы ұғымның айналасында әркім әртүрлі пікір айтады, әркім оны өзінше түсінеді.
– Ұлттық идея дегеніміз – жасына, қоғамдағы орнына, дәулетіне, мүмкіндігіне қарамай, исі ұлттың бәрі мойындайтын, сол үшін жан алып, жан беруге болатын заң, символ, символдық ұғым. Оған қазір екіге бөлініп кетердей болып көрініп тұрған қазақ тілділер мен орыс тілділер, қала тұрғындары мен ауыл тұрғындары, дәулеттілер мен кедей тірлік иелері барлығы да мойынсұнуы керек. Сонда ғана бұл ұлттық идея дәрежесіне жетеді. Біз ұлттық идея дегенде тілді алға тартамыз. Тіл осы ұлттық идеяны жүзеге асыратын бір тегершік, негізгі ұйытқының бірі. Егерде ұлттық идеямыз шынымен киелі мәнге ие болса, сол үшін тілді білу керек болса, онда өзге ұлт өкілдері де, қоғам мүшелері де өз ырқымен, өз еркімен тілді білуі, қабылдауы тиіс. Сонда ғана біздің ұлттық идеямыз жалпы елімізді ұйыта алады.
Осы жылдың басында Мәулен Әшімбаев «біздің ұлттық идеямыз – Тәуелсіздік идеясы болуы керек», – деді. Нақты мақсат-міндеттері мен парыз-қарыздары анықталмағанмен де осы сөзде бір ұйытқылық сипат бар. Қандай жағдайда болмасын, экономикалық, өндірістік, ғылым-білім саласы, қорғаныс, қарулы күштердің барлығы Қазақстанның тәуелсіздігі деген ұғымға бас иетін болса, онда осы идея ұлтты біріктіреді және сол Тәуелсіздік идеясы жолындағы қажетті, бүгін біз үлкен бір кедергідей көріп отырған мәселелерді сөзсіз игереді деп ойлаймын.
Тәуелсіздік идеясы біздің жанымызға, санамызға, түйсігімізге, намысымызға, әрекетімізге қамшы салады және оған ешкімнің қарсы тұруға ар-ұяты бармайды. Тәуелсіздік идеясын сатқан адамды ұлттың сатқыны деп атауға толық хақымыз болады. Демек, біздің идеямыз –Тәуелсіздік идеясы. Енді осы идеяға қандай ұғымдар мен мағына бергіміз келеді, қандай мақсаттар мен міндеттерді жүктейміз, оның тетіктері қандай? Соны талдап, саралап, анықтау қажет. Міне, қазақ интеллегенциясының бірігетін және оларды біріктіретін тұсы осы. Абай айтқандай «Береке-бірлік шын пейілмен жасалуы тиіс». Менің ойымша, Тәуелсіздік идеясына ешқандай қазақ зиялысы немқұрайлы қарай алмайды және ұлт зиялыларының осы идеяның аясына топтасатынына мен сенемін.
– Ұлттық идеяны жүзеге асыру үшін ұлт интеллигенциясына қандай талап қойылуы тиіс? Ұлттық интеллигенцияның қоғамдағы ролі қандай?
– Зиялының басты міндеті – әркім өз саласындағы басты мәселелерді Қазақстанның Тәуелсіздігіне қызмет ететіндей бағытта жүргізсе, өз міндетін дұрыс орындағаны. Біз зиялы деп кімді түсінеміз? Зиялы деп қоғамтану саласындағы, ақыл-ой саласындағы, ғылым-білім саласындағы адамдар емес, олар кәдімгі қатардағы зерделі малшыдан бастап мемлекет тұтқасын ұстаған қайраткерлерге дейінгі аралықты жалғайтын жүлге. Кеннің, алтынның жүлгесі болады ғой, сол сияқты бұл алтын жүлге. Оны оқыған зиялы, оқымаған зиялы деп бөлуге болмайды. Сол ұлттық идеямыз, яғни жаңағы ұсынылып отырған Тәуелсіздік идеясы жолында ол, өзінің баласын, үй-ішін, әке-шешесін қалай ұйыстыра алады, бұл соған байланысты. Тәуелсіз ел идеясын түсінген балабақшадағы бала да зиялы. Өйткені ол баланың санасында Тәуелсіздік идеясы бар. Ол өзінің күнделікті тәртібін, оқуын, ойынын Тәуелсіздік идеясына байланыстырып, Қазақстанды – Отаным деп мақтан тұтады. Балаға жүктелген міндет сол. Оқушылар да өзінің деңгейінде Тәуелсіздікке үлес қосады. Ал қызметке араласқан, ой жұмысына араласқан, мемлекет тізгінін ұстаған адамдар, кез келген инженер, кез келген бұрғылаушы өзінің ықыласын Тәуелсіздік идеясына бағындыруы керек, соған адалдықты сақтау керек. Міне, біздің бүгінгі қоғамға жетпей тұрғаны осы.
Белгілі бір мәселелерді шешуде, экономикалық істерде интеллигенттер бұған қандай мөлшерде қатысады, шешуші ролді ала-ала ма деген сұрақ, жай сұрақ. Мәселен, сол экономикалық бағдарды кім жасады – зиялы жасады, экономикалық мамандыққа ие болған зиялы адам жасады, Қазақстанның игілігі үшін, қазақтың игілігі үшін жасады. Демек, Тәуелсіздік идеясына жұмыс істеп жатыр ма, жатыр. Ендігі мәселе, осы экономикалық саясат қандай дәрежеде жасалды, оның астарында не жатыр, бағыт-бағдары дұрыс па, ұлтқа қызмет ете ме? – Міне, экономика саласында жүрген мамандардың өзара пікір алысып, өзара көзқарастар білдіріп, ортақ шешімін тапса, міне зиялының шешуші ролі деп соны айтамыз.
Зиялылық – абстракциялық ұғым емес. Ол ұлтты дамытудағы ой иелерінің біріккен қуат күші. Енді ең үлкен мәселе – қазіргі зиялылар белсенді ме, көзқарасын ашық айта ала ма, соған мүмкіндік жасалып отыр ма? Бұл дәл қазіргі сәтте зиялылардың өміріне күдік тудырып отырған жағымсыз құбылыс. Бізде екібеттілік, екіойлылық, шешімсіздік басым. Оған себепкер болып отырған біздің әлі толықтай нарықтық жүйеге түспегеніміз. Қазір біреу жоба жасаса, оған қарсы пікір білдірген адамды жау көреміз. Ертең сол жоба жүзеге асырылған кезде жаңағы айтылған сыни пікірлер алдынан шығады. Шетелде қалай? Бір жобаға міндетті түрде мың түрлі ұсыныс жасалады, соның ішінен ұтымдысы таңдалып алынады. Ал бізде бір жобаға қатып алып, соның айналасынан шықпай қалу, бұрынғысынша айтқанда, сын мен өзара сынның жетіспеушілігі байқалады. Сын және өзара сын, достық және қоғамды ілгері дамыту тұрғысынан жүргізілуі керек, міне, интеллигенттің міндеті осы. Өйткені олардан артық бұл мәселені ешкім білмейді. Осы тұрғыдан алғанда жасқаншақтық көп. Біздің капиталистеріміздің өзі өзінің жеке қабылдаған шешімін жүзеге асырғысы келеді және асырып та жүр. Тек қазір ғана олар «келісіп пішпеген тонның келте болатынын» түсіне бастағандай. Интеллигент бүгінгі өмірдің әр саласына белсене араласуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, экономика мамандары бірігіп бір ортақ көзқарас білдірсе, сол экономикалық шешімнің ұлтқа қандай зиян-пайдасы бар екенін өзге сала ғалымдары саралап көрсетсе. Мәселен, әлдебір экономикалық шараның елдің демографиялық өсіміне ықпалы қандай, халықтың көш-қон, жұмыспен қамту мәселелеріне қалай әсер етеді, т.с.с. өзекті мәселелер зиялылар талқысынан өткізілсе. Ал бұл тағдыр – халықтың тағдыры. Біздің қоғамда осы жағы кемшін.
Менің ойымша, бүгінгі Үкімет пен билік құрылымында «Айттым – болды, айтсақ – көнді!» түсінігі басым. Бұл заңға айналып барады. Соның кесірінен билік орындары халықтан ажырап, алыстап кетті. Бірақ ол олай болмауы тиіс. Өйткені белгілі бір лауазым иесіне халық билікті сеніп тапсырған екен, лауазым иесі осы жауапкершілікті мүлтіксіз орындауы тиіс. Билік – халықтың қызметшісі. Өйткені бюджеттің әрбір тиынының жармағында Қазақстан азаматының маңдай тері бар. Ол сол тиын арқылы Қазақстан азаматтарының маңдай терін жұмсап отыр. Оны тиімді жұмсау, үнемді жұмсау, адал жұмсау – биліктің міндеті. Билік осыны терең түсінгенде ғана зайырлы, зиялы билік бола алады.
– Елге ақыл айтатын ағалық жасқа келген кейбір танымал адамдарымыздың дай-дай болып, жік-жікке бөлініп, айтысып жатқанына, бірі биліктің сойылын соғып, бірі оппозиция жағына шығып, енді бірі бейтарап күй кешіп жүргеніне қалай қарайсыз? Осыған не айтар едіңіз?
– Зиялылық – саяси көзқарасқа қарап жікке бөлінетін қоғамдық топ емес. Оппозиция болсын, бейтарап адам болсын, мемлекет адамы болсын – барлығы да Тәуелсіздік идеясына жұмыс істеуі тиіс. Мемлекет тарапынан қолданылған шаралардың ұлтқа зиян екенін дәлелдеп айтқан оппозиция Тәуелсіздіктің нағыз досы, ал керісінше билікті пайдаланып, Тәуелсіздікке зиян келтіретін мемлекеттік қызметкер – ол қылмыскер. Ал екі жақтыкі де дұрыс деп бейтарап позицияны ұстанған, өзінің жеке көзқарасын білдірмейтін можантопай – зиялы емес. Ондайлардың бары да, жоғы да ұлт үшін бәрі бір. Зиялы деп көзқарасы, ар-ұяты, намысы, идеясы анық, деңгейі жоғары түйсікті сана иесін айтады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Дәулетқали АСАУОВ