ІРГЕДЕГІ НЕОФАШИЗМ
ІРГЕДЕГІ НЕОФАШИЗМ
…Қайғымның емін таба алмас,
Қара Жер, Аспан көнермей.
Бұл жаулық, сірә, жоғалмас,
Сен өлмей, я мен өлмей.
Азабың тартқам – көнген ем.
Ажалды болғам – өлмегем.
Апатай Русь, аман бол!
Апатай Русь, ешқашан
апатай болып көрмеген!
(Т. Ешенұлы)
Славяндарға келбеті келмейтіндер Ресейде таяқтың астында қалатыны туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Қазақстанда айтқаны ескерусіз қалатын қазақ журналистикасында емес, әлемдік қауымдастыққа ықпалы орасан Еуропалық Одақ елдерінің басылымдарында Ресейдегі жабайы ұлтшылдық талай рет сыналған. Тек 2005-2006 жыл аралығында ғана орыс елінде 45 шетелдік немесе өзге нәсілді азаматтар азапталып өлтірілген. Оны Италияның «La Stampa» басылымы жазды. Футболға ден қойған көршілеріміздің шетелдік ойыншыларды көптеп сатып алғаны белгілі. Легионерлерге банан лақтыру, нәсіліне қарай кемсіту жиілеп кетті. Әйгілі Роберто Карлостың өзі жыларман болған-ды. Испаниялық «El Mundo» да Еуропа деңгейінде көтерді.
Неонацистердің саны жыл санап көбейіп келеді. Германияның ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге сенсек, әлемдегі неонацистердің жартысынан көбі Ресейде тұрады екен. Осыдан тура 9 жыл бұрын Ресей өзге мемлекеттер сияқты БҰҰ Бас Ассамблеясында «нәсілшілдікке, дискриминацияға, ксенофобияға жол бермеу» үшін дауыс беріп, ұстанымын білдірген. Бірақ мешеулік құшағындағы Ресей одан нәтиже шығаратын емес, өзгеретін емес.
Жалпы, санасы кембағал (закомплексованная нация) ұлт ешқашан империялық биіктіктен қарай алмайды. Ал өзге ұлттарды кемсітіп, басып-жаншу арқылы мықты болғысы келетін әрекет тек қана санасы кембағал ұлттарға ғана тән.
Путиндік неонационализммен уланған Ресей қоғамы әлемдік қауымдастықты қатты алаңдатып отыр. Қорқыныштысы сол, солтүстік көршіміздің ішкі саяси, идеологиялық ахуалына қарасаңыз көз алдыңызға 30-жылдардағы Гитлерлік Германия елестейді. Салыстырып көрсек.
1. Веймар республикасының құлдырау процесі 1929 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін тым тез жүрді. Елдегі жағдай радикалданып кетті де, нацистік партияның беделін арттыра түсті. Ал Ресейдің ішкі ахуалы 1998 жылдардағы дағдарыстан кейін қиындай бастады. 2000 жылдары скинхедтер бой көрсетті. Ал 2008 жылдардағы дағдарыстан кейін орыс ұлтшылдығы асқына түсті.
2. Фюрер билік басына нық келгеннен кейін Германияда «әскери экономика» орнады. Бүкіл күш-қуатын қарулануға жұмсады. Ал Ресей 2010 жылы жаңа әскери доктринасын таныстырғанда В. Путин: «Державалар арасында ядролық соғыс отының өршу қаупі төмен. Алайда, әртүрлі саладағы ғылыми-техникалық прогресс қарулануға да жаңа сипат берді», – деді. 2010-2020 жылдар аралығында Ресей үкіметі 19 трлн. рубль жұмсайтынын мәлімдегенмен, кейіннен Ресей Президенті онжылдықта жалпы көлемі 23 трлн. ақша қарулануға жұмсалатынын ескертті.
3. Гитлердің «ариилік, таза қанды немістерді сұрыптау» идеясы еврейлердің, өзге ұлттардың жойдасыз қырылуына, жойылуына соқтырды. Фюрер эзотерикалық дүниеге, «Шамбалаға» әуестігінен неміс ұлтының түп төркінін, тамырын жер-дүниеден іздеу әрекеті де тарихты қайта жазуға, бұрмалауға алып келді. Путиндік Ресейдің «жаңа тарихы» қайта жазылып жатыр. Онда, тіпті, әлемге, орыс халқына қатысты ақиқаттар айтылмайды, тоталитарлық билікке ғана жағатын жылнама жазылуда.
4. Гитлер билікке келгеннен кейін 6 жылдан кейін Польшаға соғыс ашты, ал Путин таққа отырғаннан 8 жылдан кейін Грузияға әскермен кірді.
Байқасаңыз, Ресей АҚШ-қа қыр көрсеткісі келіп, тек Иран, Сирия сияқты әлемдегі тоталитарлық, диктаторлық жүйе қалыптасқан мемлекеттермен ғана қоян-қолтық араласып, көмек қолын созып келеді. Иранның қаншалықты қысымның астында қалғанын, экономикалық санкциялардан көз ашпай қалғаны, Сириядағы азаматтық соғыстың шиеленісе түсуі Ресейдің әлемде ықпалды держава емес екенін көрсетсе керек. Демек, ғаламдық саяси ойында Путин билігінің әрекеттерін шарасыздық демеске лаж жоқ.
Германия фашизмінің ішкі және сыртқы құрбандары болды. Мемлекеттегі аз ұлттарды аямай езгіге салу арқылы өз ұлтының мерейін үстем еткісі келді. Сыртқы саясатта да озбырлық ұстанымнан жаңылған жоқ.
Сәйкесінше, Ресейде дәл қазір «орыс маршы» күш алып келеді. Мәскеуде соққыға жығылып, қаза тапқан азиялықтар аз емес. Ал Путин-Медведев тандемінің шыққан жері Санкт-Петербордағы ұлтшылдық шырқау шегіне жетті. Ішкі ахуалы осындай. Сыртқы саясаттағы ұстанымы да айқындалып келе жатыр. Қарсы келгенге соғыс ашып, қарсыласпағанды өз мүддесіне қызмет жасайтын одақ, ұйым біткенге тоғытуда.
Осындай сәтте Қазақстанның сыртқы саясаты қандай болуы керек? Жуырда СІМ Ерлан Ыдырысов еліміздің дипломатиялық саласы 20 жылдан аса уақыт «фитнестерде дайындықтардан өткенін» айтқан еді. Демек, сыртқы саясат ведомствосының «бұлшық етін» пайдаланатын уақыт жеткен сияқты. Өйтпесек…
Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ