ШИПАЛЫ ШАТҚАЛДЫҢ ШАРАПАТЫ
ШИПАЛЫ ШАТҚАЛДЫҢ ШАРАПАТЫ
Кең байтақ еліміздің әр өңірінде табиғаты кез келген елмен салыстыруға, оның ішінде демалыс орындарымен салыстыруға тұрарлық көрікті орындар жетерлік. Экономикалық жағдайымыздың бір қалыпқа түскенінен болар, бағасын жалпы қарапайым халықтың қалтасы да көтере алатын мұндай демалыс орындары, шын мәнінде, ешқандай шет мемлекеттерден кем емес. Тіпті талай елді, жерді аралап жүрсек те, өз туған отанымыздағы табиғаты бай, көзге де, көңілге де қонымды осындай өңірлердің қызығын көбіне жақын-алыс шетелдіктер көріп жүрген сияқты болады да тұрады.
Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіруі жөніндегі мемлекет басшысының алға қойған міндеттерінің аса бағалысы да осы халық денсаулығы. Елбасы өзінің жыл сайынғы халыққа жолдауында назарынан тыс қалдырмайтын тұжырымы да осы.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқтығына» биылғы күзде тағы да көз жеткіздік. Жамбыл облысының Меркі ауданынан он екі шақырым жерде, Қырғыз Алатауының Меркі шатқалында теңіз деңгейінен 750 метр биіктікте орналасқан «Меркі» шипажайына келіп жеткенде сағат тілі түскі 1-ді көрсетіп тұрды. Сол күні келіп орналасқандардың көпшілігі басқа ұлт өкілдері. Республикамыздың батысынан, әсіресе, Атырау, Ақтау, Ақтөбе облыстарынан, Қиыр Шығыстағы Владивостоктан сегізінші жыл қатарынан келушілерді көріп қызықтық әрі қызғандық. Қызыққанымыз, уақыт тауып өз көңілін көтеріп, денінің саулығына алаңдап жүргені болса, қызғанғанымыз – осы өңірде туып-өссек те, жарты ғасыр бойы халыққа қызмет етіп келе жатқан мұндай шипажайдың бар екенін естігеніміз болмаса, көрмегеніміз. Көңіл де, қараған көз де тоятын әсем табиғаты ерекше демалыс орнымен таныса бастадық.
1958 жылы осы шатқалда «Меркенка» демалыс үйі салынады. Ал 1981 жылы «Казсоветкурорт» мекемесінің қамқорлығымен «Меркі» шипажайы болып қайта құрылады. Мұндай өзгеріске осынау таулы өңірдің ерекшеліктері, табиғи емдік шөптерге бай қасиеттері, сондай-ақ радонға бай минералды суы себепкер болған. Шатқалда ағып жатқан арынды Меркі өзенінің жағалауындағы алуан түрлі талдар мен ақ қайыңдар биік тау шатқалдарына көрік қосып, табиғаттың осыншалықты әсемдігін айшықтай түскен. Жыл құстарының тамылжыған үндері таудан сарқырай аққан өзен шуылымен жарасымды әуен тауып, биік те түп-түзу қайыңдар таудан соққан саф ауамен баяу тербеледі. Жаның жадырап, өзің де ән салып тұрғандай рахат бір күйге енесің.
Көктем ерте шығады. Жазда жауын-шашын сирек, күзі құрғақ, ал қысы аздаған қытымырлығы болмаса, жайлы өтетін оңтүстіктің қасиетінен болар, бұл шипажайда жыл он екі ай емделушілер саны азайған емес. Келушілердің жақсы демалысына табиғаттың да жайлылығынан болар, жылдың төрт мезглінде де емдеу жұмыстары қалыпты жағдайда жүре береді. Жатар орын, ем алу, асхана, мәдени орындар бәрі бір ғимараттың ішінде орналасқандықтан аса қиындық та туғызбайды. Екі кісілік кең де таза жатын бөлмелер қыста жылы, жазда қоңыр салқын. Мұнда негізінен кардиологиялық және гинекологиялық, неврологиялық, бүгінде жас талғамайтын аллергиялық, асқазан-ішек, бауыр-өт жолдары, жүрек-қан тамырлары аурулары, сүйек-буын, өкпенің қабынуы, гепатит, хоецистит, панкреатит, нейродермит, псориоз, экзема, герпес сияқты тері аурулары, урологиялық яғни еркектердің белсіздігі, қан қысымы, жүректің ишемиялық сырқаттары, демікпе немесе эндокриндік сырқаттар түрлеріне қарай ем-шаралар жүреді. Құрамында аса бай минералды заттар қосындысы бар радон суы көптеген ауруларды емдеп-жазуға болатынын қаншама жылдарғы тәжірибеде көрсетіп отырса, ежелгі халық медицинасында ерекше орын алатын сүлікпен емдеу де қатар жүргізіледі. Радон ваннасы, шарко душы, су астындағы массаж, контрастық ванна, түрлі физиоемдер, қолмен уқалау, әсіресе әйелдерге арналған ем түрлері жеткілікті. Ем жүргізілетін ғимарат жарық әрі кең. Бөлмелер де қазіргі жаңа технологияға сәйкес жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Еммен бірге көңіл көтеріп, дем алу үшін мәдени шаралар жиі ұйымдастырылып, жабық бассейн, сауна, монша, сұлулық салоны, бильярд, волейбол, футбол, би алаңдары қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, рухани байлығымыз – мол қоры бар кітапхана мен шипажай тарихынан мол мағлұмат беретін музей үйі де қызықтаушылардың көңілінен шығардай. Байланыс қызметі үзіліссіз жұмыс істейді екен. Сондай-ақ, жексенбі күндері Сыпатай батыр кесенесі, аты аңызға айналған Қара кемпір ескерткіші, ХҮШ ғасыр үңгіріне, тау шатқалдары мен Көз бұлақ, Күміс су бұлағы бастарына саяхат жасау тәрізді мәдени-рухани қызмет түрі де келушілердің көңілінде жақсы бір әсер қалдыратын шаралар. Қасиетті орындармен қатар, көне тарихы бар Тараз, Түркістан қалаларының, жанындағы Бішкек шаһарына да сапар шегушілер қатары аз емес. Мәселе, әрине, мұндай сапарларда да емес, ең маңыздысы да сол – емнің дұрыс нәтижеге жетуі дер едік.
– Өкпеме жасалған отадан соң, еміне қоса таза ауа – табиғаты қызықтырып келіп едік, Құдайға шүкір, ауасымен қоса саумалын жұтып, қарық болып жатырмыз,– дейді атыраулық азамат Марат келіншегі Алтынкүлге жымия қарап. – Айтуға сөз жоқ, Медеу шатқалдарынан басталатын Іле Алатауының жалғасы Қырғыз Алатауының Меркі шатқалының қақ ортасынан ойып тұрып керім жерге орналасқан екен. Көз тоймайды! Қарай бергің келеді. Шіркін, Қазақстанның табиғаты ерекше ғой. Еліміздің кез келген жерінен осындай шипажай салып тастаса, сөз жоқ, еліміздің әрбір азаматы шапағатын көрер еді.
– Өткен жылы 7167 адам келіп ем алды, әсіресе жазғы айларда бір мезгілде мыңнан астам адамға дейін қабылдаған кездеріміз болды,– дейді келушілерді тіркеу бөлімінен Ақтолқын Тұрарқызы. – Оның ішінде, әсіресе ресейліктер мен Германиядан, Бішкек, Ташкент сияқты алыс-жақын шетелдермен қатар, өзіміздің батыс өңірлерінен кісілер көп келеді. Себебі түсінікті, мұнай-газ тәрізді құрамында улы заттары бар өндіріс орындары көптеп шоғырланғандықтан, сол өңірлерде тұратын қандастарымыз өз денсаулығына қатты алаңдайтыны қуантады.
2010-2012 жылдары 20 900 адам ем шаралар қабылдаса, жалпы ем алушылардың 90 пайызы өте жақсы көрсеткішпен қайтып жатады. Ал, ауру жинақталған, алды 15-20 жыл ауырып келе жатқан күрделі жағдайдағы сырқаттардың 40 пайызы жыл сайын ат басын тіреп, ем-дом алады екен. Тіпті ауруларынан құлан-таза айыққан бәзбіреулері әсем табиғаты үшін де жыл аралатып келіп тұрады екен.
– Мен,– дейді қарағандылық шахтер С.Черитнов, – шахтада, өндірісте еңбек ететін болған соң, буын ауруларынан әбден мезі болдым. Аяқ-қол буындары, жұлын остеохондрозы деген былай қарағанда жел-құз ауруы дегенмен, өте қолайсыз ауру. Әрине, аурудың қай қайсысы болса да, жеңіл емес, бірақ буындарың не бүгілмей, не жазылмай қалғанда жаның көзіңнің ұшына келеді. Сегіз жылға жуық осы дерт меңдеп, әбден берекем кеткен соң интернет желілері арқылы оқып, осында келдім. Алтыншы жыл. Ал екі жыл бұрын жергілікті жердегі емхана мені Ш топтағы мүгедек деп тіркеген тізімнен алып тастады. Қазір жағдайым жақсы, қайтадан өндірісте жұмыс істеп жүрмін. Тіпті кейінгі жылдары дәрігерлерге де артық-ауыс бармайтын болдым.
Иә, «Меркі шипажайы» акционерлік қоғамы республикамызда теңдесі жоқ құрамында азотты газ, фтор, кремний қышқылы, күміс, фосфор, йод, марганец, сынап сияқты микроэлементтерге бай радон суы арқылы мақтана алады. Алғашында төрт бөлмелі қамыс-каркастан 50 кісілік болып ашылып, одан бері қазақтың кәдімгі киіз үйлерінде ем алушыларды қабылдай бастаған «Меркенка» ұзақ жылғы тәжірибе мен қалтқысыз қызметтің арқасында осылай тұрақты емалушыларды да жинай білген сыңайлы.
Еммен бірге «Меркі» санаторийінде отызға жуық арнаулы және жоғары білімді медицина қызметкерлері, оның ішінде медицина ғылымдарының докторлары, жоғары категориялы білікті мамандар қызмет көрсетеді. Олар әр тоқсан сайын өздерінің білімдерін жетілдіру мақсатында еліміздің ірі қалаларынан тәжірибе алмасу сияқты сыннан өтіп, үнемі ізденіс үстінде жүреді.
Осынау көркем жердің көрікті жұртымен танысып, ауасымен тыныстап, шипа болса екен деп барған жолсапарымызда мұндай игі шараларды көріп отырып, бірауыз лебіз жазбауды азаматтық ар-ұятымызға сын деп білдік. Жүрген жерден, көрген жерден «көзақы» алмай қайтпайтын қалам ұстаған халықтың осы бір дәстүрі де керемет-ау…
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ
Жамбыл облысы, Меркі ауданы