ҚАҒАЖУДАН КӨЗ АШПАҒАН ҚОРҚЫТ АТА
ҚАҒАЖУДАН КӨЗ АШПАҒАН ҚОРҚЫТ АТА
Үстіміздегі жылдың 5 маусым күні өткен ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында ел тарихын зерттеп, ұлттық сананы қалыптастыру бағытында бірқатар жаңа талаптар қойылғаны белгілі. Аз ғана мерзім ішінде ұлттық тарихымыз туралы ғалымдарымызға біраз сілкініс еніп, ХХ ғасырдағы француз тарихи мектебінің жетістіктерін, зерттеулерді құрғақ фактология емес, тарихи-мәдени құжаттардың мәтінін жаңаша оқып, жаңаша пайымдау аясында ұғыну міндеттері жүктелді.
Мұның бәрін «Қазақстан-2050» стратегиясының аясында жасалып жатқан іргелі ізденістер деп қабылдағанымыз жөн. Себебі ұлттың тарихи санасын қалыптастыру мәселесіне дәл осы құжатта ерекше орын берілген.
Қазірдің өзінде осы бағытты нысанаға алып ұлт тарихын сырт елдерде сақталған, әлі күнге ғылыми оралымға түспеген дереккөздермен байыту, ұзақ жылдар бойы ғылыми тұрғыдан игерусіз жатқан тарихи-мәдени жәдігерлерімізді игерудің жаңа кезеңі басталып отыр.
Келесі бір өзекті мәселе – тарих ғылымының бұрыннан қалыптасып қалған тар шеңберінен шығып, пәнаралық сипатқа ие болуы. Мұның мәнісі, ендігі жерде ұлттық тарихымыз бір ғана «Қазақстан тарихы» кафедрасының аясында емес, география, этнография, фольклор, мәдениеттану, басқа да ғылым салаларымен байланыста зерделенуі шарт. Алдағы кезде бұрыннан қалыптасып қалған «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті» сияқты «Қазақ философиясы», «Қазақ музыкасы» пәндеріне де жете мән беріліп, тиісті кафедралар ашу жағын ойластыру қажет болады. Осының бәрі алдағы кезде ұлт тарихын жаңаша зерделеу арқылы жоғары оқу орындарына арналған тарихи сипаттағы оқулықтар жазу ісінің кезек күтіп тұрғанын аңғартады.
Yстіміздегі жылдың маусым айында Қызылорда облыстық әкімшілік жанынан республикаға танымал ғалымдардан тұратын арнайы комиссия құрылып, алғашқы мәжілісі өткен болатын. Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев басқарған бұл мәжіліске еліміздің ЮНЕСКО-дағы өкілі, ақын О.Сүлейменов, М.Әуезов, К.Байпақов, З.Самашев, М.Елеуов, С.Жолдасбеков, Б.Байтанаев, Б.Ыбыраев, Ж.Мәлібеков, осы жолдар иесі, т.б. қатысып, облыс көлеміндегі тарихи-мәдени жәдігерлерді игерудің жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы маңызы мен мүмкіндіктерін талқыға салған-ды.
Кеңес төрағасы Қырымбек Көшербаев «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді ғылыми негізде игеруге қатысты атқарылған ауқымды істерге тоқталып, әлі де болса өңірдегі тарихи жәдігерлерді академиялық тарихпен сабақтастырудың кемшін соғып, біртұтас танымдық жүйенің қалыптаспағанын алға тартты. Ақын Олжас Сүлейменов сүйегі Сыр елінде жатқан Қорқыт тұлғасына ерекше мән беріп, оған қатысты аңыздарды әлемдік мифологиямен байланыстыра зерттеудің маңызын баса көрсетті.
Сыр елі – тарихи оқиғаларға бай өлке. Сонау Сығанақтан бастап Аралға дейінгі кең байтақ далада талай ғасырлардың тарихи жәдігерлері сақталған. Сығанақта үлкен Әбілқайыр ханның сүйегі жатса, Қармақшыда Қорқыт бабамыздың мазары бар. Моңғол дәуіріне дейінгі және кейінгі жәдігерлер де ондап саналса, солардың бірқатары Рашид ад-Дин жазбаларында аталады. Олай болса, осы тарихи және мәдени ескерткіштерді қалай және қай бағытта игеруіміз керек?
Әрине, бұл ұзақ жылдарға созылатын бағдарламаны қажет ететін ірі жоба. Өңір тарихын жалпы қазақ тарихымен ұштастырып, жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыруға қызмет істету үшін тарихи-мәдени сипаты үстем жәдігерлерді жаңғырту, ғылыми-танымдық еңбектер шығару арқылы оларды насихаттау, маңызы зор көне ескерткіштерді әлемдік деңгейге шығарып, қазақ жерінің антикалық дәуіріне жарық сәуле түсіру мәселелерін атауға болады.
Ұлттық сананы қалыптастыру құралдарының қатарында танымдық әдебиеттердің маңызы ерекше. Мысалы, егемендік алғалы республика көлемінде аймақтық энциклопедиялар шығарыла бастады. «Батыс Қазақстан», «Орталық Қазақстан», «Оңтүстік Қазақстан», «Сыр елі», басқа да танымдық-энциклопедиялық басылымдар көпшілікке жол тартты. Бұл танымдық үдерістің аяғы тұлғалық энциклопедия шығару ісіне ұласып, «Абай», «Шәкәрім», «Мұхтар», «Сәкен», «Ықылас» энциклопедиялары жарық көрді.
Бұл бастамаға Сыр өңірінің де үлес қосатын кезі келіп отыр. Себебі мұнда энциклопедиялық басылымдарға арқау болатын тарихи жәдігерлер мен тұлғалар аз емес. Солардың бірегейі – Қорқыт. «Қорқыт» энциклопедиясын шығарудың маңыздылығы айқын. Алдағы 2014 жылы Қорқыт есіміне байланысты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылмақ. Оны еларалық деңгейде өткізіп, жас ұрпақтың тарихи жадында із қалдыру үшін Қорқыт феноменін әлем халықтарына жете танытуымыз керек. Ол үшін бұл бағытта көптеген іргелі жұмыстардың атқарылуы шарт.
«Қорқыт» – түркі тектес халықтардың оғыз бұтағына жақсы мәлім тұлға. 2009 жылы әзірбайжандар екі томдық «Қорқыт» энциклопедиясын шығарып, оған өз мәліметтерін енгізді. ЮНЕСКО тарапынан «Қорқыт ата кітабының» 1300 жылдығы тойланып, аяғында бұл жазба мұраны азірбайжан халқының төл мұрасы ретінде танығаны да есімізде. Шыңғыс ханға қатысты пікір секілді Қорқыт тұлғасына байланысты осындай сыңаржақтылықтарға анықтық енгізетін кезең келіп отыр. Ұлт тарихын жаңаша пайымдау бағытының аясында күрделі іс-шаралар атқаруымыз қажет.
«Қорқыт ата кітабының» 1300 жылдығы тұсында қазақ ғалымдары да ізденістер жүргізіп, «Қорқыт» энциклопедиялық басылымы жарық көргені бар. Бірақ ол әліпби жүйесіне құрылған, қазақ тарихы мен мәдениетіндегі Қорқыт есіміне байланысты мәліметтерді қамтыған танымдық энциклопедия емес, әр түрлі кезеңдерде жарық көрген мақалалар жинағы, яғни қайта басылым дәрежесіндегі еңбек болған-ды.
Әлемдік маңызы бар «Қорқыт» энциклопедиясын шығару бұрын-соңды түркі әлемінде атқарылған жұмыс емес. Сондықтан оны жақсылап ойластырып, «Қорқыт» энциклопедиясын аймақ емес, ұлт тарихының паспорты ретінде үш тілде жарыққа шығарған жөн. Қорқыт есімін ЮНЕСКО тізіміне енгізудің бір амалы – осы. Танымдық кітапты қолдарына ұстап, түркі әлеміне танымал Қорқыт туралы мәліметтерді көздерімен оқыса, еуропалықтардың да ыңғай танытары анық.
Қорқыт есімін кейінгі ұрпақтың санасына енгіземіз десек, оның кезінде қирап қалған ескерткішін қайта көтерген жөн. Ұлт тарихына көз жіберер болсақ, көне жәдігерлерді жаңғырту бұрыннан бар үрдіс. ХХ ғасырдың сексенінші жылдары қойылған қобыз белгісі өзінің тарихи қызметін атқарды. Ұлтымыздың этникалық тарихына шорқақ, орыс ғылымынан сусындап, кеңес ғалымдарының ізімен кеткен кейбір мамандарымыз XІX ғасырдың орта шенінде Ресей анықтамаларына түскен «Қорқыт станциясы» (Берг), «Қорқыт мазары» (Кауфман, Кастанье) деген мәліметтердің тарихи астарын жоққа шығарып жатқанда, кеңестік идеология үстемдік еткен заманда Қорқытқа одан артық белгі салу мүмкін емес еді. Өз ғалымдарымыз «Қорқыт ата кітабы» атты әлемге мәшһүр жазба ескерткішті елеместен Қорқыт өмірде болмаған, ол – миф деп шаңдатып жатқанда, Қорқыт есімін сыналап ел санасына сіңіруге ол әбден жарады. Арғы жерді айтпағанда, ХХ ғасырдың 70-80-жылдарының өзінде феодализм дәуірінің мұрасы саналған «Қорқыт ата кітабын» жарыққа шығарудың мүмкін болмағанын көзіміз көрді. 1973 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында талқыланып, «Жазушы» баспасына тапсырылған «Қорқыт ата кітабының» аудармасы 1986 жылға дейін қозғаусыз жатты. Бірнеше рет баспаның тақырыптық жоспарының жобасына енгізілсе де, тиісті орындар тарапынан сызылып қала берді.
Кеңес дәуірінде қағажу көрген Қорқыт есімін әлемге таныту үшін, ең алдымен, оның сүйегі жатқан мазарды қайта жаңғырту керек болады. Мұның өзіндік себептері бар.
Біріншіден, осы кезге дейін қобыз белгісі тұрса да, оның басына халық көптеп бара қоймады. Себебі белгілі. Халық қобыз символына емес, әулие санайтын тұлғаның сүйегі жатқан жерге табынса керек. Құрылысы ерте басталса да араға ұзақ мерзім салып барып Ақсақ Темір аяқтаған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бұл сөзімізге толық дәлел.
Екіншіден, Қорқыттың құлаған мазарын бүгінгі мүмкіндіктерді пайдалана отырып түрлендіріп, түркі және шығыс архитектурасы негізінде қайта жаңғыртқан абзал. Сонда ғана бұл жәдігерге әлем халықтарының назары ауып, жергілікті халық та көптеп келе бастайтын болады.
Қорқыт мазарының суреті жоқ емес, бар. Оның бұзылмаған кезіндегі суреті генерал Кауфман альбомында (1862), жартылай қираған суреті «Книга моего деда Коркута» (1962) атты жинақта жарияланған. Демек, осы суреттер негізінде үлкен мавзолей салуға болар еді. Кейін аяқталған Яссауи күмбезі секілді Қорқыт мазарын да жаңа буын қабылдап кетер еді. Ал бүгінгі символ-белгімен ұлттық сананы қалыптастыру қиын. Ол Қорқыт пантеонының бір экспонаты болып қалуға тиіс. Әзірге Қорқыт белгісінің анда-санда өтетін конференциялар кезінде ғана ескеріліп, қалған уақытта қаңырап бос тұратынын уақыт көрсетіп келеді.
Үшіншіден, Қорқыт заманы, яғни оғыз дәуіріндегі музыкалық сарындарды ғылыми негізде зерделеп, көне түркі тайпаларына тән музыкалық үн-әуен үлгісі ретінде әлемге ұсыну қажет.
Қысқасы, бүгінгі жас ұрпаққа, жалпы әлем халықтарына Қорқыт есімін сіңіру үшін мынадай танымдық жұмыстар атқарылуға тиіс: 1) материалдық мәдениет – басына үлкен күмбез соғу; 2) рухани әдебиет – танымдық энциклопедия шығару; 3) рухани мәдениет – Қорқыттың музыкалық сарындарын көпшілікке жеткізу. Жұмыстар осы үш бағытта атқарылар болса, Қорқыт есімін ұлт тарихына, тіпті әлемдік тарихқа енгізу мүмкіндіктері туары анық. Бұларсыз Қорқыт есімін ЮНЕСКО тізіміне қосудың қиындай беретіні белгілі.
Ұлт тарихын қайта пайымдау талаптары тұрғысынан Сыр өңіріндегі көне тарихи жәдігерлерді насихаттаудың қажеттілігі айқын. Олардың саны аз болмаса да, зерттеліп, жарияланып жатқан жұмыстар саны көп емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Сырдария кітапханасы» сериясымен Сыр бойынан шыққан ақын-жазушылардың шығармалары жүз томның үстінде жарық көрді. Ендігі жерде тарихи маңызы зор, ұлттық мәдениетімізге қатысы бар, жастарымызды отансүйгіштікке баулитын көне жәдігерлерді жарыққа шығарудың да кезегі келіп отыр. Сонау оғыз елінің орталығы Жанкенттен бастап Женд, Жетіасар, Шірік рабад, Баршынкент, Сарышығанақ, Бестам, Өзгент, Сығанақ, Сауран секілді көне қалаларды «Сыр бойының қалалары», Бегім ана, Сараман-Қоса, Қорқыт, Асанас, Оқшы ата, Асан ата, Көккесене, Қорасан ата, т.б. жеке тұлғаларға байланысты жәдігерлерді «Тарихи қорымдар», ел жадында сақталған тарихи оқиғаларды «Сыр бойының тарихы», музыкалық-эпикалық дәстүр аясында туған шығармаларды «Сыр мақамдары» деген сериялар арқылы жеке-жеке кітап етіп шығарар болсақ, туған елге қызмет көрсетудің бір үлгісі – осы. Мұндай танымдық басылымдар өңірлік жәдігерлерді ұлт тарихына жақындата түспек. Жас ұрпақтың санасына ұлттық сананы сіңіруде көркем шығармалармен қатар тарихи сипаттағы танымдық әдебиеттердің де өзіндік орны бар екенін ескерген жөн. Жоғарыда аталған көне қалалар мен қорымдарға ғылыми анықтама берсек, қазақ тарихына көптеген соны мәліметтер қосылғалы тұр.
Ұлт тарихын жаңаша зерделеу барысында Сыр елінің тарихы мен мәдениетіне байланысты зерттеулер жүргізудің қажеттілігі айқын. Бұл бағыттағы іс-шаралардың басында Қорқыт тұлғасы тұрады. Осы кезге дейін Қорқыт туралы жазылған еңбектер аз болмаса да, пікірлер шұбалаңқы. Біреулер оны өмірде болмаған, қиял жемісі – миф санаса, екіншілері өмірде ізі, іс-әрекеттері қалған тарихи тұлға деп біледі. Басқасын айтпағанда, осы мәселенің өзіне де анықтық енгізу қажет.
Ең алдымен, Қорқытты өмірде ізі бар тарихи тұлға ретінде танытып, оның әлемге мәшһүр әдеби-музыкалық мұрасын насихаттауымыз керек. Қорқыт тұлғасын түркі тілдес халықтар мәдениетінің басына қою үшін оның есіміне байланысты эпикалық мұраны бүгінгі жыршыларға орындату қажет. Қорқыт жырларының бір заманда эпикалық айналымға түсіп, жырланғаны дау тудырмауға тиіс. Бірақ араға уақыт түсіп, көне дәстүр көмескі тарта бастаған. Мақсат Қорқыт жырларын бүгінгі музыкалық әуендермен айтып шығу емес, Қорқыттың көне музыкалық мақамын қалпына келтіріп, жырларын сол мақаммен орындау. Осылайша біз пратүріктік музыкалық сарынды қайта жаңғыртқан болар едік.
Сыр бойында ноғайлы дәуірінің әдеби жәдігерлері де жақсы сақталған. Бұл кезеңде аймақтың музыкалық-эпикалық репертуары өзгеріске түсіп, «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» сияқты эпос үлгілерімен толықтырылған. Біз болсақ күні кешеге дейін жырланып келген «Көрұғлы» жырын да жазып ала алмадық. Демек, Қорқыт жырларын жаңғырту бағытында әлі де елеулі жұмыстар атқару қажет болады.
Екіншіден, Қорқытты жас ұрпаққа тарихи тұлға ретінде таныту бағытында жұмыс жасалу керек. Қорқыт туралы деректерді жете игермеген, көбіне кеңестік дәуірдегі ғылыми танымға иланып қалған кейбір фольклортанушылардың сыртекі пікірлеріне малданып, Қорқыт – миф, оның тарихи прототипі жоқ деп отыра беруге әсте болмайды. Оның өмірде болғанын дәлелдейтін деректер аз емес, соларды жинақтап көрсетуіміз керек. Бар нәрсені жоқ дегеннен ұтарымыз шамалы. Ол танымның тарихилық принципіне де қайшы келеді.
Үшіншіден, Қорқыт туралы аңыз-әфсаналардың ізін сонау антикалық дәуірден іздеп жүрген зерттеушілер де жоқ емес. Соңғы жылдары қазақ фольклоры (әдебиеті) мен антикалық мифология арасындағы сабақтастық туралы екі бірдей докторлық диссертация қорғалды. Авторлар дәлел ретінде Қорқыт есімін, әсіресе Төбекөз (Полифем) бейнелерін алға тартады. Оны кезінде В.М.Жирмунский, Х.Зарифов, Ә.Қоңыратбаев жазған. Сол пікірлерді қайталаумен ғылыми танымның тереңдемесі анық. Оның үстіне ғылыми танымның мақсаты қазақ мифтеріндегі антикалық сарындарды көрсетуде ғана емес. Типологиялық ұқсастықтар бола береді. Ғылыми таным сол ұқсастықтарды теріп көрсету емес, тарихи-мәдени себептерін ашудан басталса керек. Ал сыртекі ұқсастықтарды санамалап өтумен, болмаса толып жатқан тарихи деректерге көз жұма қараумен өскелең оқырманды қанағаттандыру, олардың бойында ұлттық сананы қалыптастыру өте қиын.
Төртіншіден, Сыр бойындағы фольклорлық мұраларды зерттеу барысында оның тарихына жаңалықтар енгізу қажет. Мысалы, Қармақшы жеріндегі оғыз мәдениеті аясында туған «Қорқыт ата кітабы», «Көрұғлы» жырлары мен Арал аймағында сақталған ноғайлы жырларында көптеген тарих элементтері жүр. Бірақ сол деректерге фольклортанушылардың тісі батпай келсе, нақты тарихи айғаққа ғана табан тірейтін тарихшылар да эпостық жырларды қосалқы тарихи дереккөз ретінде пайдалана алмай жүр. Осы себепті аймақтың тарихы, оны мекендеп отырған ел тарихы көмескі күйінде қалып келеді. Ал ондағы мәліметтердің ұлт тарихына қосар үлесі қомақты.
Әр жылдары бұл аймақтарда археологиялық қазба жұмыстары да жүргізілді. Сол жұмыстардың ғылыми нәтижелері Сыр елінің көне тарихымен қабаттасып жатқаны қуантады. Көне оғыз мәдениетінің ошағы деп жүрген Жанкентте ашық аспан астындағы музей жасау мәселесі сөз болуда. Облыс әкімі Қ.Көшербаев осындай музейді Сығанақ қаласының орнынан ашуды да мәселе ретінде көтеріп отыр.
Олай болса, Сыр елінің мәдениетін тарихи-стадиялық кезеңдерге қойып, оғыз, ноғайлы, Қоқан, Хиуа дәуірлерінің тарихын эпостық жырларда («Қорқыт ата кітабы», «Көрұғлы», «Едіге», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», «Мәулім-Нияз», «Екрек-Секрек», т.б.) сақталған мәліметтер арқылы толықтырудың да кезегі жетіп отыр. Бізге жетпеген, тарихи құжат түрінде сақталмаған мәліметтерді қалпына келтірудің бірден-бір жолы – осы. Мұндай зерттеулердің нәтижесі де жаман болмауға тиіс.
Бүгінгі күн талаптарынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру барысында Қ.Көшербаев жетекшілік жасайтын облыс басшылығының үлкен ізденістерге құлаш сермеп отырғанын байқатады. Оның жанынан құрылған комиссия республикамыздың көрнекті мамандары тарапынан ұтымды жобалар күтуде. Олай болса, ұлт тарихын қайта жасау барысында Сыр елінің тарихы мен мәдениетін игерудің маңызы мен жаңа мақсат-міндеттері де айқындала түсетін болады деген сенімдеміз.
Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университетінің кафедра меңгерушісі,
филология ғылымдарының докторы, профессор