445
ҚЫЗМЕТТІК ПӘТЕР – МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕНШІГІ
ҚЫЗМЕТТІК ПӘТЕР – МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕНШІГІ
Өткенде ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Бәйменовтің: «Шенеуніктер қызметтік көлікпен әйелдерін базарға тасуды әдетке айналдырды», – деп қынжылғаны есте. Ол сол кезде бюджет қаржысына сатып алынған құны қымбат темір тұлпарларды бас пайдасына жарататындарды айыптап, «таңертең балабақшалардың, мектептердің маңайында, кешке тойханалардың маңайында қызметтік нөмірлері бар мемлекеттік көлік тұрса, ол мемлекеттік қызметшінің әдептілік нормаларына сай емес. Осыны сол мемлекет қызмет көлігін берген басшылардың да санасына сіңіруіміз керек», – деген болатын.
Ал сейсенбіде Парламент мәжілісінде «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заң жобасында қызметтік пәтерлерді жекешелендіруге тыйым салу мәселесі қарастырылды. Заң жобасы бойынша, бұдан былай кейбір адамдарға қызметтік пәтерлерді жекешелендіруге тосқауыл қойылмақ. Бұл жоба сондай-ақ әбден тізгінсіз кеткен ПИК (КСК) төрағаларын әкімшілік жазаға тартуды да көздейді. Қазақстанда бүгінде кондоминиумдердің небәрі 10 пайызы ғана тіркеліпті. Яғни бүгінде еліміздегі ПИК-тердің (КСК) 90 пайызының пәтер иелерімен арасындағы келісімдері заңсыз болып табылады екен. «Тұтынушылар мен кәсіпкерлерді қорғау одағының» басқарма төрағасы Виктор Сыздықов ондай үйлердің тұрғындары тіпті сотқа жүгініп, өздерінен бұған дейін жинап келген қаржыларды ПИК-тен кері қайтаруды талап ете алатындығын айтады. Өйткені «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 32-бабына сәйкес, кондоминиумді тіркеусіз кез келген келісім заңды күшіне мінбейді. Сондықтан да жаңа заң жобасы «кондоминиум объектісін тіркемегені үшін» оны басқарушы органға қатысты әкімшіліктік жауапкершілік енгізгелі отыр. Бұған қоса, «кондоминиум объектісін басқару туралы ай сайынғы есеп беру мерзімін бұзу» да бұдан былай әкімшіліктік қудаланатын қылмысқа жатқызылады. Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин: «Аталған құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін әкімшіліктік ескерту енгізу қарастырылады. Ал егер ай сайынғы есепті ұсыну мерзімін қайтара бұзса, жеке тұлғаларға 7-ден 10 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал заңды тұлғаларға 15-тен 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынады», – дейді.
Ал мемлекет еліміздің ірі қалаларынан бірнеше пәтер сатып алып, жалға беріп, ақшаға кенеліп отырған азаматтардың барлығын жаңа заң жобасын қабылдауға міндеттейді. Бұл бойынша Үкімет «жеке тұрғын үй қорындағы баспананы жалға берудің типтік келісімін» бекітуге кіріседі. Типтік келісімде ұзақ мерзімге жалға алушының ол баспанада тұру шарттары, атап айтқанда, тұру мерзімі, жалға алу ақысы, жөндеу бойынша міндеттерді бөлісу, жалға алушыны пәтерден шығарып тастау негіздері, жалға алушыға жалпы жиында пәтер қожайынының мүдделерін ұсыну өкілеттіктерін беру және басқалары нақты көрсетілетін көрінеді. Сондай-ақ, заң жобасы бойынша Қазақстан аумағында жекеменшіктегі немесе ипотекаға алған басқа баспанасы бар адамдарға «мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген баспананы жекешелендіруге» тыйым салынбақ (13-бап). «Бұл әділетті деп санаймын. Өйткені сізде басқа қалада болсын, өз баспанаңыз бар. Әйтпесе, бізде құқық қорғау жүйесінде, басқасында кейбіреулер қаладан қалаға көшіп жүреді және де бірнеше мәрте – солардың әрқайсысына берген пәтерлерді жекешелендіріп алып жатады. Біз міне, осыған тыйым салмақпыз. Сонымен бірге, егер сіз соңғы 5 жыл ішінде басқа елді мекендегі баспанаңызды сатып жіберсеңіз, онда қызметтік пәтерді жекешелендіре алмайсыз», – деді Серік Нокин.
Біреулер баспанаға зар болса, мемлекеттік шенеуніктер қызметтік пәтерге қос-қостан ие болуда. Өңірлік даму министрлігі заң жобасын әзірлеу барысында бюджет қаржысына салынған пәтерді жекешелендіруге мүлдем тыйым салу туралы бап енгізген екен. «Бұл бір шет-шегі жоқ үдеріс: үй кезегіндегі адамға баспана беріледі, ол оны жекешелендірген соң, сатып жіберіп, 5 жылдан соң қайта кезекке тұрады, осылай айнала береді. Өмірінде бір рет мемлекеттен баспана алған екен, осымен «нүкте» қою керек. Сондықтан біз тиісті бапты енгізіп едік, бірақ барлық меморгандардан өткізе алмадық, бірде-бір орган бізге келісім бермеді» дей келе, Өңірлік даму вице-министрі депутаттарға жұмыс тобының отырыстарында осы бапты талқылауды ұсынды.
Қызметтік пәтер дегенде еске түсетін тағы бір мәселе бар. Бүгінде көптеген тұрғын үйлерді құрылыс компаниялары өздерінің меншігінде сақтап қалып, оны қоныстанушылардан базбір кәсіпорын қатарлы миллиондап пайда табады. Бірінші қабаттарын жалға береді, дәмхана, караоке залдарын салады, сөйтіп, тұрғындардың жүйкесін жұқартады. Ал заң бойынша салушы компания, үйдің құрылысы аяқталған соң, оны ПИК-ке (КСК-ға) тапсыруы керек. Сонда тұрғындар ол үйге басыбайлы иелік етпек.
Динара Мыңжасарқызы