МҰРАТ ӘБЕНОВ МИНИСТРГЕ ЖАҚПАДЫ МА?

МҰРАТ ӘБЕНОВ МИНИСТРГЕ ЖАҚПАДЫ МА?

МҰРАТ ӘБЕНОВ МИНИСТРГЕ ЖАҚПАДЫ МА?
ашық дереккөзі
458

Бүгінде Әбеновті білмейтіндер кемде-кем. Бұл азаматты қоғамның жасы да, жасамысы да жақсы таниды. Себебі, Мұрат Әбеновте бәзбір шенеуніктер сияқты өктем мінез жоқ. Қашан да ел-жұртпен тонның ішкі бауындай аралас-құралас. Содан да болар, ол – айтатын ойы мығым, қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген азамат. Парламент мәжілісінің депутаты болған тұста кез келген қоғамдық, ұлттық мәселеге өз көзқарасын ашық білдіріп жүретін. Былайша айтқанда, биік мінберлерден қарапайым халықтың бетпе-бет келіп отырған түйткілдерін ашып айтатын халық қалаулысы болды. 

Ол тіпті, билік пен халықтың арасындағы алтын көпір – журналистермен өте тығыз қарым-қатынасты ұстанды. Өзін блогер ретінде көрсетіп, арнайы семинар-тренингтерден де қалыс қалған емес. Бұл, ең біріншіден, оның қарапайым азамат екенін айғақтаса керек. 

Әбенов дегенде тілші қауымның есіне не түседі? «Алматы» телеарнасында қазақтілді журналистерге қысым көрсетіліп, кейбір ұлттық мәселелер жөніндегі хабарларды эфирге жіберуге тыйым салынғаны әлі есте. Сол кездегі Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің бастығы Куяновтың қоқан-лоққысы мен тезгісі біраз ұлтжанды журналистің намысына тиген-ді (ақыры Куянов «Алматы» телеарнасының тізгінін ұстады). Ұлттық мәселеге үн қосудан қалған телеарнаның экс-тілшілері наразылығын білдіріп, Алматы қаласының әкіміне, Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Парламент депутаттарына Ашық хат жолдады. Сонда да депутаттар арасынан елу шақты журналистің жанайқайына үн қосып, селт еткені де –  қашан да тілші қауымының жанынан табылатын Мұрат Әбенов еді. Ол  наразылық танытқан топпен арнайы кездесіп, осы мәселеге қатысты Парламентте: «Бұл ойлантарлық, көңіл аударарлық жағдай. Бұл оқиғаға Алматы қаласының басшылығы араласуы қажет. Біз ашық хатты министрлікке, қалалық әкімшілікке, тағы да басқа құзырлы мекемелерге жолдадық. Меніңше, биліктің БАҚ-тың редакциялық саясатына араласуы дұрыс емес» деген сарында депутаттық жолдау жасап, журналистерге қолдау көрсету керектігін ашып айтқанда, жанындағы әріптестерінің көбі «Сен тимесең мен тимен» саясатын ұстанған. Ащы шындықты айтамын деп, халықтың мұңын жеткізетін орыннан босап қалғаны да сондықтан. Әйтпесе, Мұрат Әбенов бүгінге дейін депутат болып отырса, бұқара халықтың талай өзекті мәселесіне араша түсетін бе еді, кім білсін? 

Мұрат Әбенов Мәжіліс депутаты болған кезде қоғамның түрлі саласындағы көзге түрпідей көрінген мәселелерге бейжай қараған емес. Ауыл халқының суға зәрулігі, балалар арасында белең алған ауру түрлері, отбасы, тәрбие, біз игере алмай отырған ғарыш саласы, мемлекеттік тіл, зейнетақы, т.б. әлеуметтік маңызы зор түйткілдерге қозғау салды. 

Мәселен, экс-депутат Мұрат Әбенов кезінде қаржы саласына жауапты болған Болат Жәмішевке: «Неге үлгермейсіздер? Белоруссия қалай үлгеріп жатыр? Бұл сылтау бола алмайды. Шағын топтың алдында онлайн-конференция өткізу ештеңені шешпейді. Сіз көбіне орыс тілінде сөйлейсіз. Қазақтілді адамдар үшін ақпарат тіптен жоқ. Олар түгіл, қарсы алдымызда тұрсаңыз да, біздің өзіміз мардымды ақпарат ала алмай отырмыз», – деп ашынып айтқанының өзі неге тұрады? Ал ғарыш саласы туралы: «Мысалы, бүгінгі күні Америка жылына ғарышты дамытуға – 16,8, Жапония – 5, Қытай – 1,5, Ресей 1 миллиард доллардан астам қаржы жұмсайды. Өкінішке қарай, Қазақстан ондай мол қаржы салуға дайын емес. Ал қаржы салар болсақ, одан пайда тапқан болар едік. Өйткені Американың ғарышпен айналысатын компаниялары бір доллардан 5-6 доллар пайда түсіретіндігін айтады. Ресейдің де жұмсаған қаржысы өз қайтарымын беріп отыр. Сондай-ақ бүгін Ресей және басқа да мемлекеттер мұнайға қарағанда, ғарыштан көбірек пайда табатындықтарын білдіруде. Неге десек, ғарыштың технологиялық тиімділігі жоғары. Сондықтан біздің ел де осындай пайда тапқысы келсе, қаржы салуы­на тура келеді. Ол үшін бұған мемлекеттік көзқарасты қалыптастыруымыз керек, – деп біраз жайттан хабардар еткен болатын. Ол ол ма, қоғамды екіге жарған зейнетақы мәселесі жөнінде де өзіндік пікірін білдірген Мұрат Әбенов: «Ақысыз, есепсіз өмір бойғы бейнеттің зейнет қайтарымы қайда?», – деп сауал жолдап, жауап іздеуге тырысты. «Тура биде туған жоқ» деп бірден-ақ кесіп айтайық, әйелдер үшін зейнеткерлік жасты ұлғайтуға Қазақстанның зейнетақы қорлары мүдделі. 58 жас – әйелдердің зейнеткерлікке шығуына толығымен жеткілікті мерзім. Мұны елімізде бүгінгі күнге қалыптасқан әйелдердің еңбек қызметі мен жұмыс жағдайын сипаттайтын маңызды деректер мен статистикалық көрсеткіштер де айқын дәлелдейді. Бұл тараптағы қолдау мен қарсылықты пікірлерді ескере келгенде әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайтуға негіз жоқ екенінін, керісінше, оларға қатысты физикалық және психологиялық жүктемені азайту, еңбекақы төлеуде, қызметтік өсуде әділ болу, қайсыбір кемсітушіліктерге жол бермеу мәселелеріне мән беру керектігіне көз жеткіземіз. Сонымен қатар дәстүрлі әдет-ғұрып мықты сақталған елімізде әйелдің ролі қоғамдық еңбекпен шектеліп қалмайтынын, бала тәрбиесі, отбасы ұйытқысы ретінде әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жасаумен байланыстылығы да ескерілуі керек. Алысқа бармай-ақ аналарымыздың үйдегі «қарапайым» міндеттерін еске түсірейік. Елене бермейтін әйел еңбегі онсыз да қолайсыз орта статистикалық көрсеткіштерге енбейтіні белгілі. Ақысыз, есепсіз өмір бойғы бейнеттің зейнет қайтарымы қайда?», – деп ашынғанын да жұрт ұмыта қойған жоқ. 

Бұдан соң Әбенов аяқ астынан Білім және ғылым вице-министрлігі қызметіне тағайындалды. Неге? Себебі де түсінікті. Парламентке күн сайын халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын азамат керек емес сияқты көрінді. Сол кезде Білім және ғылым министрлігінде істейтін бір лауазымды шенеуніктің: «Әбенов Парламентте көп мәселені көтеріп кетті. Сондықтан да оны үндемей ғана жұмыс істейтін жерге лақтырды…», – дегенін де естіп едік. Қалай десе де, сөзінің жаны бар сияқты. 

Ал, Әбенов вице-министрлік қызметтен тура бір жыл толғанда неге кетті? Әрине, ақша жүрген жерде жемқорлықтың желдей есетіні анық. Соңғы кезде Білім және ғылым министрлігінде ақша жымқыру фактілері қылаң берген. Ол министрліктің Өскеменде білім ұясына бөлінген қаржыны қолды қылуы және  «e-learning» бағдарламасы негізінде мемлекеттің 10 млрд. теңгесін желге ұшыруы. Тап қазір осы қарызды қалай қайтару керектігі туралы үлкен дау, талас-тартыс жүріп жатқан жайы бар. Тіпті, ведомства осы жүйені орнатқан компанияға да қарыз болып қалған. «Заңгерлерімізбен кеңесіп жатырмыз. Министрлік алдын-ала 5 миллиард теңгені төледі. Ал қалған қаржыны берген жоқ. Министрлік болса, «берешегімізді «e-learning» бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысының қысқаруына байланысты төлей алмай отырмыз» деп ақталды», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев. 

Қазір еліміздегі көптеген мектептер интернеттің не екенін білмейді де. Ал «e-learning» пен жұмыс істейтін маман жоқтың қасы. Білім және ғылым министрлігі жаңа жобаны қолға алғанда, оны оқушыға үйрететін мұғалімнің керек екенін ескермегені қызық. Дәлірегінде, орта білім беру саласының бұл бағдарламаны жүзеге асыруға дайындығы мәз емес. Сөйте тұра, енгізілген жобадан көптеген қитұрқылар анықталуда. Енді министрлік өз қателігін толық мойындап отырғанға ұқсайды.  

Экс-вице-министр Мұрат Әбенов қызмет орнын қандай себеппен босатты? Құмға сіңген 10 млрд. теңгенің Әбеновке қатысы бар ма? Осыдан бірнеше апта бұрын Премьер-министр Серік Ахметов  үкімет отырысында бірқатар вице-министрлерге сөгіс жариялады. Сол кезде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов: «Бүгінде вице-министрлер жұмыстан өз еркімен кету жөніндегі арыздарын жазып тапсырды. Оларды лауазымды қызметінен босатамыз. Осыған орай біз тиісті құжаттарды енгіздік. Енді оны Үкімет шешетін болады. Қазіргі кезде министрліктің алдында маңызды міндеттер тұр. Соның барлығын іске асыру үшін тыным таппай жұмыс істеу керек. Сондықтан біз жұмыс істемейтін адамдармен қош айтысатын боламыз», – деп мәлімдеген болатын.

Алайда, Мұрат Әбенов қызметтен кету туралы өтініш-арызды Премьер-министр сөгіс жариялағаннан бұрын жазып, кезекті еңбек демалысына кеткендігін айтады. Одан соң әдеттегідей жұмысына да кіріскен. Қызметінде кемшілікке жол бермеген маман жұмыстан қай уақытта кеткенін және өз қалауымен босағанын көпшілікке жария етті.  Дәлірегінде, Мұрат Әбенов министрліктегі ақша қымқыру фактісіне қаймығып отырған жоқ. Себебі, «e-learning» бағдарламасына байланысты құжатқа қол қойғандардың қатарында жоқ көрінеді. Ол Жұмағұловтың кезінде де бұл бағдарламаны мойнына алудан бойын аулақ ұстаған. Себебі, құпия бағдарламадан қандай да бір шикілік шығатынын сезген сияқты. Ал жаңа министр Сәрінжіпов те басталған істі жалғастырамын деп, оттың ортасында қалғанын енді сезді ме, аталмыш бағдарламаны ақтап алатын комиссия құруға кірісіп кетіпті.

Әбенов өзінің «Фэйсбуктегі» парақ­шасында:  «Ал, енді ресми айта беруге болады. Қарашаның 22-сінен бастап вице-министр қызметінен өз еркіммен кеттім. Осыған байланысты біраз сұрақтар қойылып жатыр. Жауап берейін. Менің жұмыстан кетуім бір жарым ай бұрын келісіліп, өтінішім қазан айында жазылып қойылған болатын. Дегенмен саяси мемлекеттік қызметші болып табылатындықтан, менің арызым үкімет деңгейінде шешілуі керек. Заң бойынша Үкіметте ондай өтінішті қарауға бір ай мерзім белгіленген. Сол себептен қараша айының 20-на дейін кезекті еңбек демалысымда болдым. Жұмысқа шыққаннан кейін, қарашаның 22-сі күні өтінішім  қанағаттандырылды. Қызметімде болып жатқан бұл өзгерістер менің жаңа жұмысқа ауысыма байланысты (толығырақ ресми түрде шешім шыққан соң хабарлағанды жөн көріп отырмын). Жалпы, мемлекеттік мекемелерде 20 жылда түрлі қызмет атқардым. Мектепте информатика мұғалімінен бастап, бірнеше департамент, басқармаларды басқарып, облыс әкімдігі аппаратының жетекшісі мен Қызылорда облысының әкімі орынбасарына дейін. «Нұр Отан» партиясының және халықтың сеніміне ие болып, Парламент мәжілісіне екі рет депутат сайландым. Әрине, әр қызметтің өз ауқымы, міндет, мақсаты бөлек болып көрінгенімен, бәрі де бір арнаға – елге қызмет ету деген бір мақсатқа тоғысады. Білім министрлігіндегі вице-министрлік лауазымының да менің өмір жолымда ерекше орны болатыны анық. Өз қызметтестеріме, әріптестеріме тілектестік білдіремін. Жаңа жұмыс бағытында бұрыннан жинақталған тәжірибені тиімді пайдаланамын деген ойдамын», – депті. 

Бәлкім, Мұрат Әбеновке вице-министрлік қызмет қол болмады ма? Немесе жемқорлыққа белшесінен батқан білім саласының бүгінгі ахуалына жаны ашып, бұдан әрі қарай жұмыс істеуге дәті шыдамады ма екен? Қалай болғанда да, «жаңа қызметке ауысуыма байланысты лауазымды орнымды босаттым» деген Әбеновтің қайда баратынын да уақыт көрсетер. Бір белгілісі, халық, ұлт үшін еңбек етуден жалықпайтын азаматтың қоғамдағы орнын билік білмесе де, қарапайым жұрт біледі.  Осы тұста Әбеновтің мына бір пікірі еске түседі. «Әрдайым өзгерістерге дайынмын. Жыланға ұқсас қасиетім болар, «түлеп» отырғанды ұнатамын. Бір орында дағдарып тұру немесе бірдеңеге жабысып, айрылмай қалу маған тән емес. Әлгі дауылпаз құстай адам жанына жаңалық, жақсылық лебін әкелетін өзгерістерді жақсы көремін…», –деген-ді. Ал жақында жас тілшілермен болған кездесуінде: «Мені ресми тұрғыда ғана білесіздер деп ойлаймын. Бұл ортада өзімді вице-министр ретінде сезінгім келмейді. Қызмет бүгін бар да, ертең жоқ», – дегенде оның қандай азамат екенін де аңғарғандай болдық. Ендеше, Мұрат Әбеновтің орны – ел-жұрттың арасы, ойлайтыны – халықтың қамы. 

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары