ҮШ ТІЛ БІЛЕТІН ҰРПАҚҚА ҮМІТ МОЛ
ҮШ ТІЛ БІЛЕТІН ҰРПАҚҚА ҮМІТ МОЛ
«Қазақстан-2050»: Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауының жарияланғанына бір жыл толды. Осы стратегиялық құжатта айтылған қадау-қадау мәселелердің бірі – үш тұғырлы тіл саясаты болатын. Мемлекеттік тіл мәртебесін қорғау да – мемлекеттің саясаты. Осыған орай, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазыға бірер сұрақ қоюдың сәті түсті.
– Үш тұғырлы тіл мен мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту саясаты арасында қайшылық жоқ па?
– Қазақстандықтардың үш тілді білуінің қажеттілігі туралы Елбасыдан артық айтқан ешкім жоқ. Қазақстан Президенті 2006 жылы халыққа Жолдауында былай деген: «Қазақстандықтар үш тілді білуі керек: қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі. Бұл – заман талабы. Бірақ қазақ тілі қазақстандықтар үшін үш тілдің бірі емес, біріншісі, бастысы, маңыздысы» деді. Тәуелсіз мемлекеттің қадіріне жететін, санасы ояу, көкірек көзі ашық адамға бұдан артық түсіндіріп айтудың қажеті шамалы. Мен әрбір азаматтың мемлекеттік тілді жетік білуге ұмтылуына осы сөз жеткілікті деп есептеймін.
«Тіл туралы» заң 1989 жылы қабылданғанда, Қазақстандағы қазақтың саны 38 пайыз ғана болатын, ал тәуелсіздік алғаннан кейін 1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» заңы қабылданғалы бері қазақтың саны екі есе өсті. Елбасының сауатты саясат жүргізе білуінің арқасында, еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында қазір Қазақстандағы қазақтың саны 70 па-йызды құрап отыр. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2009 жылы халық санағы жүрген кезде, түркі тілдес этнос өкілдері түгел және 1,5 миллион славян тектес этнос өкілдері «Мен қазақ тілін білемін» деп көрсеткен. Міне, қазақша білетін қазақстандықтардың саны жылдан-жылға артып келе жатқандығының көрінісі. Бұрын Астана, Алматы сияқты республикалық маңызы бар қалаларда, Қарағанды, Шымкент сияқты облыс орталықтарында қазақ мектебі бір-бірден ғана болса, қазір әр қалада елу-алпыс қазақ мектебі ашылған. Меніңше, осы қазақ мектебін бітірген жас ұрпақ өсіп жетілген кезде, үлкен өмірге қадам басып, қызметке араласа бастаған кезде, қазақ тілін толықтай қолданысқа енгізетін болады. Қазір қазақ тілін менсінбей жүргендер сол кезде опық жейді. Сондықтан қазіргі саясатты дұрыс түсінген, көкжиек танымы кең адамға қазақ тілін білу әрі парыз, әрі қарыз.
Қанша қарсылық танытсақ та, қазіргі заманда үш тіл білудің қажеттігін жоққа шығара алмаймын. Біз әлемдегі көшбасшы отыз елдің қатарына енуді мақсат етіп қойдық. Сондықтан басқалармен тереземіз тең болуды ойлауымыз керек.
Қазіргі бала – кешегі заманның баласы емес. Оларды барша әлемнен оқшаулап, бүркеп ұстай алмайсың. Біздің буынға қарағанда бізден өрбіген ұрпақ қазақ-орыс тілін қатар алып жүруді қиынсынған жоқ, ал олардың балалары, яғни біздің немерелеріміз үш тіл тілді бірдей меңгеріп, техниканы оңай игереді.
Жақында ғана жаңадан тағайындалған білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповпен көзбе-көз отырып, мемлекеттік тіл мәселесін егжей-тегжейлі талқыладық. Алдағы уақытта қазақ, орыс, ағылшын тілін қатар жетік меңгерген ұрпақты өсіріп, тәрбиелеу үшін бұл министрліктің мойнындағы жауапкершілік жүгі зор.
– Үш тұғырлы тіл саясаты мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнын әлсіретпей ме?
– Әлсіретпейді. Мен осы Астанадағы көптеген қазақ мектептерінде түрлі іс-шараларға қатысып жүремін. Қазіргі мектеп оқушыларының үш тілде ағып тұрғанын көргенде, сүйсінесің. Қазіргі ұрпақтың тіл үйренуге бейімділігі өте жоғары, ақпарат алуға деген құлшынысы күшті. Бірақ бүгінгі таңдағы олқы түсіп жатқан саясат – орыс тілінде, ағылшын тілінде білім беретін мектептер. Болашақта олардың санын азайту керек. Қазақтар балаларын тек қазақ мектебіне беру керек. Қазақ мектептерінде білім беру сапасының заман сапасы жоғары екенін көріп жүрміз. Керісінше, пәнаралық олимпиадалардың, ҰБТ нәтижелері бойынша қазақ мектептерінің балалары өзгелерге қарағанда озық. Мысалы, Астананың 70 мектебін сарапқа салатын болса, алдыңғы ондықта қазақ мектептері тұратынына сенімім мол.
Ал мемлекеттік билікте мемлекеттік тілдің қолданыс деңгейінің төмен екендігі – басқа мәселе. Оны дұрыстау үшін күресіп жүрміз. Қазір қазақ тілі отбасылық тілге айналды. «Анашым», «Әкешім» деп, ана тілінде таза сөйлейтін отбасылар пайда бола бастады. Ауылдан қалаға ағылып қоныс аударып жатқан қазақтар өзімен бірге тілді де қалаландырып жатыр. Бірте-бірте ұлтаралық тіл бола бастады. Мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің көбейіп келе жатқаны – осының дәлелі. Бірақ қазақ тілі биліктің тілі бола алмай отыр. Біздің жанайқайымыз – осы.
Қазір білім алып жатқан, үш бірдей тілді меңгерген буын билікке келгенде, жағдай түбегейлі өзгереді деп ойлаймын.
– Балаға бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту дұрыс деп ойлайсыз ба?
– Дұрыс. Балаға 12 жасқа дейін ана тілінен басқа тілді оқытпау керек деген ойды айтқан Ушинский, біздің Алаш арыстары заманындағы жастармен қазіргі жастарды салыстыруға болмайды. Бүгінгі мектеп оқушылары тіл білгеннен зияндық көрмейді. Бірінші сыныптың балалары ағылшын тілін сурет арқылы үйреніп жатыр, оларға сабақ ойын түрінде жүргізіледі. Олардың миы қандай да ақпаратты, білімді сіңіріп алуға дайын, сондықтан уақыт оздырмай, заманына орай қажетті білімді беруіміз керек.
Г.ЖЕҢІСБЕКҚЫЗЫ
Астана