ҚЫРҒЫЗДАРДА ӘР АУЫЛДА НҰРСҰЛТАН БАР

ҚЫРҒЫЗДАРДА ӘР АУЫЛДА НҰРСҰЛТАН БАР

ҚЫРҒЫЗДАРДА ӘР АУЫЛДА  НҰРСҰЛТАН БАР
ашық дереккөзі
213

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасының елге қызметінің әр қыры сараланған түрлі жиындар өтуде. Соның бірі – Астанада өткен Елбасының «Қазақстандағы парламентаризмді дамытудағы рөлі» атты халықаралық жиын. Бұл жиында Н.Назарбаевтың еліміздегі парламентаризмді дамытудағы рөлі талқыға салынды.

Халықаралық жиында Венгрия­дан, Германиядан, Түркиядан және көрші мемлекеттерден парла­ментарийлер, сарапшылар мен ғалымдар бас қосты. Басқосу кезінде түрлі естеліктер айтылды, әдемі сырлы әңгімелер шертілді. Өзге мемлекеттерден келген қонақтар Елбасы туралы жүрекжарды сөз­дерін жеткізді. Тіпті, көрші қырғыз елін­де балаларының Қазақстан көшбасшысына қарап, бой түзегенін қалайтын ата-аналар бар екен. Қырғыз Жоғарғу Кеңешінің Халықаралық істер комитетінің төрағасы Қаныбек Иманалиев: «Ең кем дегенде, әр ауылда бір Нұрсұлтан деген бала бар!» – дейді. Жиында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин Елбасының бір кездері депутат болғандығын тілге тиек етті. Өз сөзінде мәжіліс төрағасы: «Бір атап өтер жайт, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі президенттікке дейін, заң шығарушылық қызметке тікелей қатысқан: болашақ Президент сонау 1990 жылы республиканың Жоғарғы кеңесін басқарды. Ол сондай-ақ КСРО-ның 10, 11 және 12-шақырылымдарындағы Жоғарғы кеңесінің депутаты да болды. Осылайша, Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрғанда-ақ, Мемлекет басшысы заң шығарушылық қызметте мол тәжірибе жинаған», – дейді. 

Спикер Елбасының жаңа Қазақ­станның қалыптасуының бірінші күнінен бастап, елімізде парламенттік жүйенің құрылуына жіті көңіл бөлгенін айтады. «Барлық демократиялық жаңарулардың басты бастамашысы бола отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев парламентаризмнің қазақстандық үлгісінің негізін қалаушыға айнал­ды», – дейді спикер. Мәжіліс төрағасы егемен еліміздің әрбір жетістіктері, әрбір жеңістері ең алдымен, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың аты­мен тікелей байланысты деп, Елба­сымыз­дың батыл қадамдары мен ерен ерліктерінің арқасында Қазақстанымыз барлық қиындықты жеңіп, бүкіл әлем таныған абыройлы мемлекетке айналғанын айтады. Спикер: «Сондықтан да Тұңғыш Президент күні – барша қазақстандықтарды Елбасының айналасында біріктіретін тағы бір бүкілхалықтық мәртебелі мереке!» – деп баға берді. Сондай-ақ, жиында сөз алған Ресей Федерациясы Федералдық жиынын Мемлекеттік Думасының депутаты, ел Парламентіндегі Қазақстанмен ынтымақтастық тобының басшысы Олег Савченконың Мемлекет көшбасшысы туралы ойы ерекше. Елбасы туралы әдемі естелік шерткен Олег Савченко: «Ресей Парламентінде басқа елдердің парламенттерімен «ынтымақтастық топтарына» жазылу жүргенде, бір оқиға болып еді. Соған сәйкес, тіпті Парламент спикеріне арнайы баяндау хатын жазуыма тура келген. Өйткені Ресейдің барлық 450 парламентарийлерінің 110-ы Қазақстанмен достық тобына кіруге тілек білдірді. Ал әр топта 80 депутаттан артық болмауға тиіс. Содан бұл топ квотасы тағы 30 адамға көбейтілді. Қазір бұл – ең үлкен топ!» – дейді. Бұл Мемлекеттік Дума депутаттарының Қазақстанға және онымен ынтымақтасуға қаншалықты маңыз беретіндігінің дәлелі. Сонымен бірге, Ресейлік депутат өз елінің Қазақстаннан үйренетіні де көп екендігін, көп тәжірибе алатындығын жеткізді. Осы орайда, Ресейлік депутат: «Қазақстан парламентарийлерінің өзі бізден бірнеше қадам ілгері келеді. Бұл өте пайдалы, қызықты үлгі. Біз Қазақстанның көшбасшылығына, сіздердің сол жолда қойып отырған міндет-межелеріңізге қызығамыз» деген пікірде. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин келесі жылдың 28 қаңтарында, Мәскеуде екі парламенттік топтың кездесетіндігін айтады. Ол кездесуде қозғалатын негізгі тақырып – Қазақстанмен ынтымақтастық тобын қалыптастырудағы шектеуді жою болмақ. «Ендеше, Мемдума мен Мәжіліс депутаттарына осы топтағы құрамымызды кеңейтуге мүмкіндік ашылады», – дейді спикер. Сөз кезегін алған ГФР Бундестагының депутаты Карин Штренц те Германиядағы кейбір депутаттардың Қазақстанға келуге құштар екендігін жеткізді. 

«ЕуроОдақтың» көшбасшысы саналатын бұл ел біздің мемлекетіміздің атқарып отырған игілікті істеріне қызыға қарайды екен. «Біз Германиядан Қазақстанға қарағанымызда, соңғы жылдары осы ел қол жеткізген табыстарды көреміз және ең бастысы, бізде сіздерге деген құрмет сезімі ерекше. Әлемнің еш жерінде Қазақстанның жетістіктерінің мүлдем теңдесі жоқ! Қазіргі кезде Қазақстанның өз дамуында үдемелі қарқын алғаны сонша, оған сүйсінбей қарау мүмкін емес. Бұл елде инновациялық даму бағдарламасы өте белсенді жүзеге асырылуда, бұл салада біздің арамызда 600 жоба іске асырылатын болады, олардың жалпы құны 64 миллиард долларға жетпек! Шамамен 400 мың жұмыс орны ашылады», – дейді Карин Штренц. 

Сондай-ақ неміс депутаттарын қуантатын жайттың бірі –Қазақстанның жаһандағы бәсекеге қабілетті мемлекеттердің елулігіне кіруі. «Бұл қайран қалдырарлық әрі ауыз толтырып айтуға болатын факт. Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі, ол халықаралық аренада сенімге ие болды. Бұл – дүниежүзіндегі белсенді позициядағы мемлекет. Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы шешуші мемлекетке айналды. Сіздер жетекші рөл атқарасыздар, сіздер өңірдегі «тұрақтылық зәкірі» болып табыласыздар. Бұл Қазақстанның рөлін асыра бағалаушылық емес. Осының барлығы, әрине, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың саяса­тының арқасы», – дейді неміс депу­таты. 

Жиында таң қалдырған дүниенің бірі – Венгрия Мемлекеттік жиналысының депутаты Янош Хорваттың сөзі болды. Янош Хорват та өз елінің Қазақстанның жетістіктеріне сүйсініп қарап отыратынын айтады. Ең қызығы, Венгрия Үкіметінде қос қыпшақ қызмет атқарады екен. Оның бірі – Қаржы министрі болса, екіншісі – Ауыл шаруашылығы министрі. Екі министрдің де қаны жағынан қазаққа жақындығы бар. Тіпті, Венгрия АШМ басшысы Шандор Фазекаш тіпті қазақ тілінде сөйлей алады екен. «Бұл тұлғалар біздің Үкіметте өте маңызды рөл атқарады. Олар менің қазақ жеріне аттанатынымды ести сала: «Қандастарымызға біздің ыстық сәлемдерімізді жеткізе барыңыз!» деп қиыла сұрады. Бұл шынында да сүйіспеншілік сөзі», – дейді депутат. Венгриялық министрлер Нұрсұлтан Назарбаевты «еуропалық қыпшақтардың құрметті лидері» деп санайтын көрінеді. 

«Біздің түп-төркініміз бір. Біз ежелгі ғұндардан, түркілерден және қыпшақтардан тараймыз. Біз Венгрияда, өзімізді Қазақстанмен тарихи тамырлар біріктіретіндігін ешқашан естен шығарған емеспіз. Венгрлердің қазақтарға деген сезімі ерекше! Біз Қазақстанда жасалып жатқан ірі істерге сүйсінеміз, әрі алғысымыз шексіз. Демократияның қазақстандық моделі құрылуда. Елбасы елді биік мұраттарға шабыттандырып келеді» – дейді венгрлік депутат.

Сырт көз әрдайым сыншы. Сырт мемлекеттердің Қазақстан туралы, қазақ елі туралы айтқан жылы пікірлері біздің де жанымызды қуанышқа бөледі. Мемлекеттің өсуі, Қазақстанның әлемдік дәрежеге қол жеткізуі – ұлт мерейінің өскені. Еліміз лайым өркендей берсін! Қазақстанның дүниежүзіне аты жайылса, қазақтың да даңқы аса түседі деген сөз. 

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары