ОКСАРАЙДА «ОТ» ШЫҚТЫ
ОКСАРАЙДА «ОТ» ШЫҚТЫ
Оңтүстіктен жетіп жатқан хабар-ошарға құлақ түріп үйренген әдетіміз бар. Өйткені қазақ – қоңсысының тыныштығын тілеген халық. Көрші үй қабырғасының ар жағынан жанжалдың дыбысы шықса, табалау немесе ұрымтал тұсты пайдаланып, табанға салу қазаққа жат. Оған қоса, қазақ қасының ғана емес, қоңсысының басындағы күйге қарап сабақ алатын халық…
Алайда, бірер айдан бері Оксарайдан жеткен хабарлардың көңілге жағатыны шамалы. Ташкеннен келген көп ақпардың сыбыстан басталып, дүдамалға ұласатынына да етіміз үйренген. Қазір де бірінің соңын бірі ала жеткен деректер бір-бірін толықтырудың орнына, кейінгісі алдыңғысын жоққа шығарардай қарама-қайшылық сипатта. Сонда да болса, сан түрлі ақпараттың ішінен шынайылыққа жақынын іліп алып, сараптап көрелік.
Бұған дейін «Оксарайда кім отырады?» деген мақаламызда Өзбекстанның қазіргі президенті Ислам Каримовтан соң билікке келуі болжанған мұрагерлердің бірі ретінде оның үлкен қызы Гүлнара Каримова да аталған еді. Оны бұл тізімге қосқан ақпарат құралдары емес, өзі екенін еске сала кеткен жөн болар.
Хош, соңғы күннің оқиғаларына қарағанда, бұл тізімнен Гүлнара ханымды анық сызып тастауға болар. Өйткені Ислам-ака мен қызының арасы бүлінгені, отбасылық жанжалдың мемлекеттік саясатқа салқыны тигенін жасыру ендігі мүмкін емес.
Каримова ханым – заманауи білім алған, батыстық үлгімен киінетін, өркениеттің қай игілігінен де бас тартпайтын әрі әлеуметтік желілерді тұрақты қолданатын адам. Оның әкесінен айырмашылығы да осы. Бірақ адамның қай мінезі артықшылығы болса, сол мінезі кемшілігі болатыны белгілі емес пе?! Каримова ақыры әсірезаманауилығынан зардап шекті.
Соңғы айларда Гүлнара Каримованың Twitter парақшасында жарияланған материалдары әлі қанша талқыға түсері белгісіз. Бірақ онсыз да қаулағалы тұрған отқа май құйған да – осы әлеуметтік желілер.
Гүлнара Өзбек арнайы қызметінің басшысы Рүстем Иноятовты оның көзінше, одан соң өзінің Twitter парақшасында дүйім жұрт алдында тілдеп, жерден алып, жерге салды. Ол Иноятовты «келесі президентті билікке әкелу үшін күресіп жүр», «ел ішіндегі менің беделімнің артуынан қорқады» деп айыптады. Одан соң өзінің анасы туралы жазып, оны жәдігөйлікке көп жүгінеді деп бетіне басқан.
Гүлнара ханымның Иноятовқа шүйлігуі тегін емес. Осыдан аз уақыт бұрын Өзбек арнайы қызмет органдары Гүлнара ханымға тиесілі компаниялардың бәрін жаппай жауып, тексеріс жұмыстарын бастаған еді. Оның ішінде Terra Group медиа-холдингісінің басшылығына мемлекетке салық төлеуден жалтарған деген айып тағылып отыр. Шындығында, бұл телеарналар Гүлнара Каримованың жеке басын насихаттап, ол өткізген шараларды жарнамалап, оның айтқан әнін эфирден үздіксіз берумен көзге түсті.
Кей деректерге қарағанда, Гүлнараның сырт елдер банктерінде сақталған 800 миллион долларлық есеп-шоттарына құлып салынған. «Заңсыз ақша айналымына қатысы бар» деген айыппен оның үстінен Швейцария, Франция, Швеция елдерінде тексеру жұмыстары басталғанын бұған дейін жазғанбыз.
Гүлнара Каримова мен Рүстем Иноятовтың арасының ушығуына себеп болған жайт – президент қызының нағашысы Акбарали Абдуллаевтың «қылмыстық топ құрды» деген айыппен тұтқындалуы еді.
Бірін-бірі кимелеген сыбыстардың мазмұны бір-ақ мәнге келіп саяды: Ислам-ака отбасы мүшелерінің, оның ішінде үлкен қызының не тындырып, не бүлдіріп жүргенінен бейхабар. Бейресми мәліметтерге қарағанда, Рүстем Иноятов жеткізген құжаттар арқылы Гүлнараның оспадар, орынсыз әрекеттерінен хабардар болған ол қатты ашуланған көрінеді. Осыдан соң қызын оңаша шақырып алып, ұрып-соққаны да айтылады.
Аз ғана күнде Гүлнараға тиесілі «Форум ТВ», «Марказ ТВ», «NTT», «SOFTS» телеарналары мен «Terra», «Замин», «Аъло FM» радиостанцияларының жабылып, оның туысы әрі серіктесі А.Абдуллаевтың ұсталуы, жақын адамдарының бірінен соң бірі тұтқындалуы – әкесі мен қызы арасындағы ірі жанжал болғанын айғақтайды.
Биыл 75-ті толтырған Ислам Каримовтың отбасы ішіндегі жағдайды реттеуге қабілет-қарымы жете ме? Отбасылық жанжал мемлекет шекарасынан асып, ақпараттық арандатуға ұласып жатыр. Бұл отты дер кезінде өшіріп үлгірмесе, мемлекеттің ішкі тыныштығына, сыртқы қауіпсіздігіне зиян тигізуі әбден мүмкін.
Келесі жылдың соңында өзбек президентінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Бір жылдан соң Өзбекстанда жаңадан президент сайлауы өтуі тиіс. Оған дейін – Парламент сайлауы. Мұндай саяси науқанның алдында Оксарайда мамыражай тыныштық болуы екіталай-ау…
Гүлбиғаш ОМАР