Біздің арамызға іріткі салмаңыздар!
Біздің арамызға іріткі салмаңыздар!
Жақында сайттардың бірінен бүркеме ат жамылған әлдекімнің Қайрат Жолдыбайұлына қатысты тисе терекке, тимесе бұтаққа бағытталып жазылған алып қашпа сөздері құлағыма жетті. Түймедейді түйедей етіп, мүфтияттағы ауыс-түйістерден саясат жасап, сан-саққа жүгіртудің жөні жоқ.
Қайрат Жолдыбайұлы мүфтияттан ешқайда кеткен жоқ. Ол әлі де менің білдей бір орынбасарым, әрі діни басқарма құрамындағы ең білікті ғалымдардың бірі. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мешітінде де айтқан болатынмын. Ол докторлық диссертациясын тәмамдағаннан кейін муфтияттың жұмыстарына белсене араласып, өзінің білімі мен тәжірбиесін дәстүрлі дініміздің насихатталуына жұмсайтын болады. Мешіттің қат қабат жұмысынан қолы босамай, ғылыми жұмысы қалып бара жатқан соң, осындай шешімге келді. Ғылым іздену инемен құдық қазғандай машақатты жұмыс екенін қолына қалам ұстағандар жақсы ұғынса керек.
Сондай-ақ Бас мүфти ретінде, Қайратты жақсы танитын азамат ретінде айтарым, ол қандай да бір ағымның, жамағаттың мүшесі немесе көсемі емес, үнемі дәстүрлі дінімізді ынта-шынтысымен уағыздап жүрген отандық дінтанушы. Осы уақытқа дейін жазған кітаптары мен мақалаларын зерделеп, айтқан уағыздарын тыңдаған адам бұған оп-оңай көз жеткізері сөзсіз.
Мұсылмандар арасына іріткі салғаннан ештеңе ұтпаймыз. Енді ғана аяғына тұрып келе жатқан егемен еліміздің алдында үлкен-үлкен жұмыстар тұр. Соның бір шетінен ұстасып, ел игілігіне қызмет етудің орнына шылғи өсектен мақала құрап жазуға уақыт сарп ету, момын жұртымызды ұшпаққа шығара қоймасы анық. Кісі артынан сөз теріп, ғайбат жасау да – ауыр күнә.