Алматы әкімшілігі Мэлс Елеусізовтен 15 миллион теңге талап етуде
Алматы әкімшілігі Мэлс Елеусізовтен 15 миллион теңге талап етуде
Эколог Мэлс Елеусізовті Алматы қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану жөніндегі басқарма сотқа беріпті. Аталған басқарма төрағасы Алтай Рахымбетов “экологтың “Алматыдағы жасыл желекті құртып жатыр” деген мәлімдемесі Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану жөніндегі басқарманың ар-намысына, іскерлік беделіне нұқсан келтіріп отыр. Одан келген моральдық шығын – 15 миллион теңге. Сол себепті де ол өзінің ақпаратынан бас тартып, теріске шығаруы тиіс. Ол таратқан мәліметте, Алматыда еден тақтайшаларын дайындайтын кәсіпорынның мүддесі үшін жасыл желектерді құртып жатыр. Олардың саны 35 мың түп ағашқа жетті делінген. Алайда бұл әңгіме шындыққа жанаспайды. Қазір қалада ескі ағаштардың орнына жаңа көшеттерді егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қалыпты жағдай” деген баспасөзге берген мәлімдемесінде.
Елеусізов мырза өз мәлімдемесінен бас тартпайтынын айтады.
– Егерде сот мені кінәлі деп тауып, аталған соманы төлеуге мәжбүрлесе өз әріптестерім мен замандастарым көмектеседі деп ойлаймын. Дегенмен алматылық шенеунік жала жапты деген сот ісін қазір Алматы қалалық ауданаралық арнайы экономикалық сот қарап жатыр. Бұл сот азаматтық жағдайда өтуі тиіс.
Эколог сонымен қоса тағы да қосымша кінәлар тағып отыр. Оның айтуынша, кәрі ағаштардың адамға ешқандай зияны жоқ көрінеді. “Қауіп жоқ. Біріншіден, қатты жел соқпаса, ағаш ешуақытта өзінен-өзі құламайды. Екіншіден, ол адамзатты ескертеді, тамыры шіриді, егер олай болмаса, ол ешуақыт та құламайды”, – деді “Табиғат” экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов.
Соттың келесі отырысы 2013 жылдың желтоқсанның 10-ында өтеді. Елеусізов бұл жиында қосымша ақпараттармен бөлісетіндігін айтты. Алайда әзірге өз мәлімдемесін айғақтайтын дәлелдері жоқ көрінеді.