Оралман куәлігі - өте маңызды құжат

Оралман куәлігі - өте маңызды құжат

Оралман куәлігі - өте маңызды құжат
ашық дереккөзі
1429

Жақында  Алматы қалалық Әуезов ауданы  Халыққа
қызмет көрсету орталығының мәжіліс залында «Шетелдерден келген қандастардың
жаңа ортаға орналасу, бейімделу және мемлекеттік қызметті пайдалану мәселелері»
(Алматы қаласы мысалында) 
атты дөңгелек үстел болып өтті.

Дөңгелек үстелді Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы, Еңбек
инспекциясы және көші-қон басқармасы, халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры
ұйымдастырды.

Жиынға Алматы қаласындағы оралмандарға қатысы бар мекемелердің барлығынан
өкілдер шақырылып, оралмандардың мұң-мұқтажын тыңдауға ұсыныс жасалған екен.
Сөйтіп, Алматыдағы 20-дан астам өкілетті органның  өкілдері қатысқан жиында басты мәселе –
оралмандардың Қазақстанда тұрақты тіркелуі, түрлі жәрдемақыларды алу және
балаларын мектепте оқыту проблемалары сөз болды.

Оралман куәлігінің күші қандай?

Дөңгелек үстел барысында оралмандар осы уақытқа дейін өз бастарынан
өткізген қиындықтарын және тұрақты тіркеудің күн өткен сайын қияметтің қыл
көпіріне айналғандығын жеткізді.

Мәселен, дөңгелек үстелге қатысушы, кәсіпкер Мақсұтхан Дәлей өзіне екі
адамның ықтияр хатқа байланысты шағым айтып келгендігін айтады.

– Мына жанымда отырған азамат жаңадан көшіп келді. Ол жақта зейнетке
шығып келген екен. Бұл кісінің әйелі және балалары Қазақстан Республикасының
азаматтығына құжат өткізіпті. Ал өзі Қытайдағы зейнетақысына бола, ҚР
азаматтығын алуға асықпайды. Сол себепті бұл кісіге ықтияр хат керек екен.
Алайда осы ықтияр хатты берудің Ережесі өзгерген бе? Әуезов ауданындағы
көші-қон полициясына барған екен, ондағылар барлық құжаттарын көріп, оған 2,5
миллионнан астам теңгені есепшотына салу қажеттігін айтыпты. Бұрын ондай
талаптар жоқ еді ғой.

Ал, анау Әділ деген кісі осында келгеніне он жылдан асты, бала-шағасының
бәрі ҚР азаматтары. Алайда өзі Қытайдағы зейнетақысын алу мақсатында ықтияр
хатпен жүр. Ықтияр хаттың мерзімі – бес жыл. Бұл кісі мерзімі аяқталғаннан
кейін, уақытын создыру үшін құзырлы органдарға барған екен. Бірақ олар ықтияр
хатты созбаған әрі визасының уақыты бітіп кеткендіктен, екі ортада сенделіп
қалды. Бұның қандай да бір сыры бар ма екен, соны білгім келеді! – деді ол.

Жиынға қатысқан Алматы қалалық Ішкі істер басқармасы, Көші-қон
полициясының инспекторы Әсет Жүнісбеков бұл арада мәселенің оралман куәлігіне
тіреліп тұрғандығын айтады:

– Бұл адамдардың барлығы шетел азаматы болып саналады. Сол себепті бұл
кісі өзінің қазақ екенін дәлелдеу үшін «оралман куәлігін» алуы тиіс. «Оралман
куәлігі» қолында болса, бұл кісіден төлем қабілетін кепілдендіретін есепшот
сұралмайды. Құжаттарыңызды өткізгеннен кейін, үш ай мерзімінде алатын боласыз.
Жұрт «Оралман куәлігінің» қаншалықты мәртебеге ие екенін түсіне бермейді. Былай
қараған адамға кішігірім дүние көрінгенімен, оның қуаты мол.

Екіншіден, «ықтияр хаттың» мерзімін созуға қатысты, бұл кісілер мерзімінде
ішкі істер органдарына тіркеліп тұруы тиіс. Бұл адамдардың тіркелген
аумағындағы учаскелік инспекторлар ай сайын тексеріп тұрады. Алайда, көп адам
уақытында келіп тіркелмейді, өзінің қайда жүргенінен хабардар етпейді. Егер,
тіркелген жерінен үш рет таппай қалса, олар мұрағатқа жібереді. Солай жүргенде
ол кісінің «ықтияр хатының» мерзімі аяқталып қалады. Жыл сайын айыппұлдың
көлемі өзгеріп тұрады, биылғы сомасы – 18130 теңге. Осы айыппұлды төлеп,
«ықтияр хатты» создырып алуыңызға болады, – деді ол.

Дәл осы «оралман куәлігі» туралы Алматы қаласы бойынша Бақылау және
әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Гүлсара Алтынбекова да өз
ойын айтып өтті. Ол кісінің айтуы бойынша, оралмандар өздеріне тиесілі
жеңілдіктің көбін біле бермейді және құқықтық сауаттылықтың төмендігі
салдарынан олар қажетті төлемақыларын ала алмайтын көрінеді:

– Сырттан келетін қандастарымыздың алдынан бірнеше үлкен мәселе
кездеседі. Олар – жұмысқа орналасу, тіркеуге тұру, өзіне баспана табу, жалпы
өмірден өз орнын табу және Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес өмір сүру.
Алайда біздің қандастарымыз заңдарды жақсы түсіне бермейді. Сол себепті де
кейбір мәселелерде қайшылықтар да туындап жатады. Сондықтан да, біздің көтерген
басты проблемаларымыздың бірі, бейімделу мәселесінде Қазақстан заңдарын оқыту
болған еді. Алайда осы мәселе өз деңгейінде оқытылып жатыр деп айту қиын. Соңғы
екі жылда  «Бизнестің жол картасына»19
миллиард теңге бөлінді. Ол бағдарлама бойынша оралмандар да қамтылған. Сондай-ақ,
40-тан астам төлемақылар бар. Бірақ олар өздеріне тиесілі көмектерді қаншалықты
пайдалана алуда, ол жағы беймәлім. Мен қолыма оралмандарға арналған құқықтық
нұсқаулық «Елдесіміздің есіне» деген кітапты алып отырмын. Біраз нәрселер
қамтылған екен. Алайда кейбір жағдайларда ағаттықтар да жіберіліпті. Мәселен,
аталған кітаптың 56-бетінде: «Сәби туғанда сізге берілетін жеңілдіктер»
жазылған. Бәрі дұрыс. Алайда, ол жеңілдіктерге Қазақстан Республикасы
азаматтарынан өзге оралмандардың да ие бола алатындығы айтылады да, олар бұл
үшін «оралман куәлігін» алуы тиістігі жазылмаған. Менің қолымда қазір екі
адамның құжаты тұр. Олар Қытайдан келген 
Мұса Аяған мен Гүлмира Қалыбай. Біз екеуіне де бала туғанда берілуге
тиісті жәрдемақыларды беруден  бас
тарттық! Неге? Өйткені, Қытай мен Қазақстан арасында жәрдемақыларды төлеу
туралы келісім-шарт жоқ. Сол себепті де ол кісілер «оралман куәлігін»
әкелгенде, біз аталған жәрдемақыны бере алатын едік. Сол секілді бұл жеңілдік
Өзбекстан, Ресей, Моңғолиядан келетін қазақтарға да қатысты. Олар «оралман
куәлігін» әкелмесе, ешқандай жәрдемақылар төленбейді,– деді ол.  

Есенгүл Кәпқызы.

Серіктес жаңалықтары