Ақберен Мырзан ағасына неге ренжіді?
Ақберен Мырзан ағасына неге ренжіді?
«Ақберен Елгезектіңбір кездегі:
«Әкем – Тәңір, өзің –
Ұмайсың, мама,
Ал, мен – Құдайдың
баласымын» деген жолдарынан-ақ шошығам.
Ақберен әр жерде өлеңдерін жарнамалаумен-ақ
қадірін кетіріп жүр. Талантты адам жарнамаға, жариялылыққа ұмтылмаса керек-ті.
Ақбереннің поэзиясының қасіреті – жалған ойшылдық, жалған уайым, өтірік қайғы. Ақбереннің
тағы бір қасіреті – білімді болып, ойшыл болып көрінгісі келеді. Ол сондықтан
да «Ноктюрн», «Фантасмагория», «Параллелизм», «Реквием-көңіл», «Медитация»,
«Утопиялық түс», «Эйфория», «Радиомистика», «Неврастения» деген өлеңдер жазады»,–
деген сын айтады Мырзан Кенжебай «Ақ
желкен» журналының «Сын шын болса…» атты сауалнамаға берген жауабында.
Ақбереннің поэзиясы туралы айтылған бұл пікірдің қаншалықты жаны бар? Мырзан
Кенжебайдың сынына қарсы өре түрегелген жастарымыз да жоқ емес. Тіпті, кейбір
оқырман: «Ақберен – ақын және мықты ақын! Бiреулердiң сынын да,
сыйын да қажет етпейдi ол. Поэзиядан өз орнын ойып тұрып алып алғалы қашааан?!
Ал, оның өлеңдерін өресi жетпегендер бәрiбip түсiнбейдi» дейді.
Ең әуелі, ақынның өзі не дейді?
Ақберен Елгезектің «ФБ»-дағы жеке
парақшасында: «Мен, Ақберен Елгезек, Мырзан секілді мыжырайған шалдар
әдебиеттен кетпей, біздің әдебиет жалған өмірдің логикасына, қатып қалған
техникалық қағидаларға бағынатын, не қиялы жоқ, не құрығанда өзі айтқандай
“еліруі” жоқ, қасаң, талқандай құрғақ тақпақтардан тұратын
өлімсіреген дүние болып қала бермек деп мәлімдеймін! Қуанышыма орай, Мырзанчик,
Аманханчик және сол секілді өте таяз ойлайтын, кеңестік цензурамен әбден
таланған, еркін ойлауға қорқатын мәңгүрт шалдардың заманы аяқталып келеді.
Құдайдан басқасы, ешкім мәңгі емес. Сонысы жақсы.
Әйтпесе, кешегі күнмен, кешегі
түсінікпен бүгін де, ертең де өмір сүре беретін едік.
Стив Джобстың “Өлім – өмірдің ең ұлы жаңалығы, ол жаңа дүниеге жол
ашады” дегені де сол. Жаңа дүние ескіні өлтіреді. Ескі дүние ешқашан
жаңаны өлтіре алмайды. Бұл заңдылық. Қанша аңсасаң да, ескі оралмайды. Аманханның
амалы жоқ. Мырзан да Тарзан боп кетсе де, әдебиеттегі жаңалықты, жаңа үрдісті
тоқтата алмайды.
“Ақ желкеннің”
қыздарына дән ризамын, еңбектері ерен. Әңгімем жоқ. Тек бір тілегім, осы
журналды оқып, өсіп келе жатқан жас һәм мүлде басқа дүниетанымдағы ұрпақты
бұдан былай осындай антипрогресстік ойлармен улай бермесеңдер екен.
P.S. Мен маған айтылған
“сыннан” кейін ашуланып, жазып отыр деп ойласаңыздар, өз еркілеріңіз.
Мен тек қазақтың қай саласының болмасын дамуына қарсы болатын кез келген
керітартпа көрсоқырларға үнемі қарсылық білдіремін және қорықпай соғысамын.
Себебі, бізге прогресс керек. Ал, тарихта кез келген қаламгердің қалу-қалмауын
Тәңір ғана шешеді. Мен үшін шынымды айтсам, сол тарихта қалу деген нәрсе аса
күлкілі. Себебі, бәріміз өлеміз. Олай болса, тарихта қалудың не мағынасы, не
мәні бар?
Мәселе парызда. Мен үшін Тәңір
жүктеген парызды орындап кету маңызды. Болды. Оны сіздер қалай түсінесіздер я
түсінбейсіздер, мүлде шаруам жоқ. Ешкімге ұнағым келмейді. Мәселе емес ол мен
үшін. Және кім “жалған философ”, “кімде қандай уайым һәм қайғы
бар” оны да Жалғыз Жаратушы ғана біледі. Басқа-басқа менің, болмаса кез
келген ақынның мұңына Мырзанның миы жетпейтініне мен жеке өзім жауап бере
аламын. Осыдан кейін Мырзан Кенжебай мен туралы 79 сұхбат беріп, 873
антиақберендік мақала жазса да, қылпығым да қисаймайды. Қалауы білсін. Жазса,
оған жаңалықты жатырқайтын баспасөздің басшылары әдемілеп қаламақы төлер. Егер
менің «түсініксіз, қызыл логикаға бағынбайтын» өлеңдерім Мырзан, Аманхан
секілді халтурщикерді асыраса – онда менің бұл өмірде біреуге болса да
пайдамның тигені деп білемін», – деп жазады.
Бәріне төреші оқырманның өзі.
Мырзан Кенжебайдың сынының шын сын екенінің бағасын беретін де оқырман. Ал, қазақ әдебиетінде Ақберен Елгезек ақын
ретінде танылса, онда оның өлеңдерін оқырманның мойындағаны. Демек, талғамға
талас жоқ.
Айна Хасанова