Марат Бөтеев: "Біз мемлекет құраушы ұлтпыз"

Марат Бөтеев: "Біз мемлекет құраушы ұлтпыз"

Марат Бөтеев:  "Біз мемлекет құраушы ұлтпыз"
ашық дереккөзі
313

Қарашаның 23-інде Алматыда “Қазақ ұлтшылдарының құрылтайы” өткені мәлім. Осы Құрылтайда қабылданған құжат бүкіл әлеуметтік желілер арқылы мәлімдеме ретінде таратылды.Бұл мәлімдемеде “Құрылтайдың күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Атап айтқанда Біріккен Ұлттар ұйымының «Байырғы халықтардың құқықтары туралы» Декларациясына сәйкес қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретінде  конституциялық құқықтарын қорғау және қазақ халқының атынан билікке талаптар қоя алатын өкілеттілік институты – Қазақ ұлттық Кеңесі құрылды” делінген болатын. Мәлімдеме соңында біраз адамның қолы да қойылыпты. Алайда бүгін Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы ақпарат таратқан “Аллажар” қоғамдық қорының жетекшісі Марат Бөтеев бұл мәлімдемеге қол қоймағанын және елдегі мемлекет құраушы ұлт қазақтарды БҰҰ-ның қорғауына алған құрып бара жатқан, тілінен айырылуға жақын ұсақ ұлттардың қатарына қосқандарымен келіспейтіндігін жазыпты. Түсінікті болу үшін Марат Бөтеевтің мәлімдемесін толық жариялауды жөн көріп отырмыз: 

“Құрметті халайық! Мен, Бөтеев
Марат Наукенұлы, «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының басшысы ретінде Алматы
қаласы Пушкин көшесі, 2 мекенжайында орналасқан «Жалын» жорналының фойесінде 2013 жылы 23 қараша күні өткен «Халық өкілдерінің
құрылтайы» атты жиында қабылданып, сонан кейін электронды ақпарат құралдарында
жарияланған «Халық өкілдері құрылтайы» құрған Қазақ Ұлттық Кеңесінің М Ә Л І М
Д Е М Е С І атты құжаттың «Сіздердің назарларыңызды «Халық өкілдерінің
құрылтайында» көтерілген мына мәселеге аударғымыз келеді. Біріккен Ұлттар
Ұйымының Байырғы халықтардың құқығы туралы Декларациясында республикадағы
байырғы халық жоғарғы билікке, жергілікті мемлекеттік органдарға талаптар
қоюға, Үкіметпен, басқа да ресми орындармен келіссөздер, кездесулер өткізуге,
ұлттық мемлекет құру тұжырымдамасын, әлеуметтік ахуалды жақсартудың, ұлттық
экономика мен ұлттық идеология қалыптастырудың өзге де мәселелерін көтеруге
және сол мәселелерді шешуге, мемлекеттік тіркеуді қажет етпейтін ұйым құруға
толықтай құқылы делінген. Осыған орай, «Халық өкілдерінің құрылтайы» Біріккен
Ұлттар Ұйымының Байырғы халықтардың құқығы туралы Декларациясының
18-19-баптарының және құрылтайдың қарарына сәйкес, республикамызда тіркеуді
мүлде қажет етпейтін Қазақ Ұлттық Кеңесін құрды.» – деген тұжырымды негіздеу
үшін ұйымдастырушы комитет сүйенген БҰҰ екі декларациясы да Қазақстан
Республикасына қатысты қолдануға жарамайды деп есептеймін. Мәлімдеменің барлық
23 талабын қолдаймын. Ал, «Құрылтай Қазақстанның қолданыстағы Конституциясы мен
заңдарында Қазақ халқының конституциялық мәртебесінің айқындалмағандығын ескере
отырып; «Біріккен Ұлттар Ұйымының 2007 жылы 23-қыркүйекте қабылданған Байырғы
халықтардың құқықтары туралы Декларациясындағы» байырғы халықтардың өзін өзі
билеуі құқығын баянды еткен және осы құқықтың негізінде өзінің саяси мәртебесін
өз бетімен еркін айқындайтындығы туралы 3-бабын басшылыққа ала отырып; Біріккен
Ұлттар ұйымының 1960 жылғы 14-желтоқсанда қабылданған «Отар елдер мен
халықтарға тәуелсіздік беру туралы декларациясының» барлық халықтардың өзін өзі
билеу құқығын пайдалана отырып өздерінің саяси мәртебесін орнықтыратыны туралы
2-бабын ескере отырып; «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы»
қағидаттарын қаперде ұстай отырып; Қазақстандағы қазақ халқының мәртебесін
бірден-бір байырғы халық әрі мемлекет құрушы ұлт ретінде айқындайтынын атап
өтті және бекітті» – деген мәтіндегі БҰҰ-ның екі декларациясы да Қазақстан
Республикасы сияқты унитарлы мемлекетке емес, Қытай мен Ресей Федерациясы
сияқты көпұлтты мемлекеттерде атам заманнан тұрып келе жатқан байырғы
халықтарды, оның ішінде қазақтарды, қолдауға байланысты шығарылған қаулы деп
есептеймін. Біз, қазақтар, өз елімізде отырып Біріккен Ұлттар Ұйымына қазақты
кімнен қорғауды, кімнен арашалауды сұрап отырмыз?! Бұл дегеніміз, қазақ ұлтын
Қазақстандағы өзге 129 этникалық топтан арашалап қорғауды сұрағанымыз емес
пе??? Бұндай мәлімдеме қазақтар диаспора, этникалық топ ретінде қоныстанған
Қытай, Ресей, Өзбекстан сияқты көптеген елге қатысты айтылып, сол елдердегі
қазақтілді мектептердің жабылуына байланысты Ресей, Қытай, Өзбек басшылығына
және БҰҰ шағымдансақ ақылға қонымды. Ал өз елімізде мемлекетқұрушы халықтың ұлы
болып тұрып осындай Нұрыпбаев фильканың грамотасына қол қоя алмаймын. PS. Мен
әрқашан мәлімдеме, үндеулерге мәтінін оқып танысып барып қол қоямын. Мына
мәлімдеменінің мәтінін тек сайттардан оқып отырмын және қол қойғандардың
арасынан аты-жөнімді көріп ыңғайсызданып отырмын” делінген онда.

Иә, халық өкілдерінің мәлімдемесіндегі 23 баптан тұратын Үкіметке қойылған талаптардың барлығы өзекті. Дегенмен, қол қоюшы 227 адамның барлығының келісімін алу қажет еді. Естеріңізде болса, Мұхтар Шахановтың мемлекеттік тілді қолдауға қатысты тағы бір мәлімдемесіне бір топ өнер қайраткерлері қол қоймағанын айтып бас тартқан болатын. Бұл осымен екінші рет осындай шуды көтеріп отыр. Қол қойды дегендердің “қол қоймадым” деушілердің әлі қаншасы шығарын кім білсін!

Есен Байнұр.

Серіктес жаңалықтары