Ұлт рухын асқақтатқан өнер

Ұлт рухын асқақтатқан өнер

Ұлт рухын  асқақтатқан өнер
ашық дереккөзі
680

Ұлттық
қолданбалы өнеріміздің халқымыздың өзімен бірге жасасып келе жатқанын
бүкіләлемдік тарихтың деректері дәлелдеп берген. Тарихи танымдарда өшпестей
болып таңбаланып, хатталып қалған сол деректер бізді арғы замандарға (антикалық
дәуірге) алып барады. Сақтардың, үйсіндердің, ғұндардың және басқа да
тайпалардың ерте дүниеде жасаған қолданбалы туындылары туралы Страбонның,
Гиппократтың және Эсхилдің біздің дәуірімізге жеткен көне жазбаларында болуы
тегін емес. Олардың деректерінен біз сол замандағы бабаларымыздың жасаған
туындылары мен бүгінгі ұлттық қолданбалы өнеріміздің ара жігі ажырамай осы
күнге жеткенін бағамдаймыз.

Жалпы, ғалымдардың
зерттеулері мен ғылыми еңбектеріне қызығып енген сайын бұрындары және бүгін де
айтылып келе жатқан «меңіреу дала», «бос жер», «тың дала» дегендердің бұралқы
бос сөз екеніне көзіңіз жете, көңіліңіз сене түседі. Қазақ жерінің үсті маңып
жатқанымен астында бос жер жоқ. Асты тұнған тарих, қазыналы байлық. Оны тек
заманалар, дәуірлер шаңы қабаттасып басып қалған. Оны арши білгендер
халқымыздың қолданбалы өнер қазыналарының тарихын біздің алдымызға тарту етіп
жайып салды. Жалпы, қазақтың дербес тұрмыс салты, өнері, кәсібі, шаруашылығы
орайында айтылған алғашқы деректер Бұхардың әйгілі тарихшысы Фазлал-лах ибн
Рузбихан Исфаханидің еңбегінде («Записки Бухарского гостя») бірінші рет
дәйектелген.

Арада екі ғасыр үзіліс.
Үзіліс болатыны – жаугершілік зар заман басталды. Халық басымен қайғы болды.
Отанды, жерді сыртқы басқыншылардан қорғап қалу керек еді. Қорғап қалды да. Тек
содан кейін ғана айнала алыс-жақын жұрт жер бетінде өздеріндей қазақ деген
халық барынан бірден-бірге хабардар болып біле бастады. Қойнына жалғанда
таусылмас қордалы қазынасын тыққан ұлы Дала тусырап жатты. Оның тегін Дала емес
екені бірте-бірте белгілі болды. Ақырында Қазақия туралы этнографиялық
пайымдаулар ХVІІІ-ХІХ ғасыр зерттеушілерінің жазбаларында баяндалды. Ресей
географиялық қоғамы 1845 жылы патшалықтың қоластындағы халықтардың тұрмысы мен
мәдениетін зерделеуге түбегейлі кірісті. Дала жатсынған жоқ. Ағылып келе
бастағандарды ұлы Даланың экзотикалық өмірі қызықтырды. Басы сол, содан бері
бұл Далаға кімдер көз тікпеді, кімдер келіп, кімдер жайламады. «Жеті жұрт
келіп, жеті жұрт көшкен» деп бекер айтылмаса керек. Қазақтың ұлттық қолөнер
туындылары аңдыздаған зерттеушілер мен шетелдіктерді тартымдылығымен
таңқалдырды. Суретке түсірді, жазды, жалғанның жарығына жариялады. Соның
қорытындысында жинақталған әралуан коллекциялардың бірінші көрмесі 1865 жылы
Петербургте, екінші көрме 1867 жылы Мәскеу университетінде болды. Көрген көзді
сиқырлаған экспонаттар байлықтың символындай еді. Сол Мәскеу көрмесінен Омбы
кадет корпусының оқытушысы Н.Буланже 500 экспонаттың суретін шығарған екен.

Сондағы экспонаттардың
басым дені – Шоқан Уәлихановтың әкесі, Көкшетау округының сұлтаны Шыңғыстың
жіберген сыйлықтары болатын. Сондай бағалы, қымбат экспонаттар Семипалат
округының сұлтаны Арынғазы Ханғожиннің атынан да жіберілген. Петербор мен
Мәскеудің сол көрмелерінде қазақ тұрмысына не қажеттің бәрі болған. Ер
кісілерге арналған ер өз алдына, әйелдер үшін жасалған ер де қойылған. Киімнің,
мүліктің неше түрі. Ал 1876 жылы Петербургте өткен ориенталистердің үшінші
конгресі ашылар алдында осы конгрестің президенті В.В.Григорьев Шыңғыс
Уәлихановқа Омбы суретшісі М.С.Знаменский арқылы Абылай ханның қымбат бағалы
асыл тастарды әсемдейтін станогын көрмеге қоюға өтініш жолдаған. Шыңғыс
жіберген экспонаттардың қатарында Абылайдың алтындап тіккен бас киімі, білтелі
мылтығы, қанжары, қымбат белбеуі болған. Сол көрмеге Шыңғыс бабаларының алтын,
күміс бұйымда-рын да, неше түрлі қымбат киімдерін де жіберген.

Солар қайда?

Сондағы экспонаттардың
басым қатары Ақмола, Атбасар, Көкшетау округтерінен жиналған. П.И. Лерхтың
жазуында бір ғана Омбы қазақтарынан төрт жүзге тарта бұйымдар жіберілген. Солар
кейін Ақмола, Петропавл және Омбы көрмелерінде көрсетілген. Сосын Батыс
Сібірдің залдарына қойылған. Үш залға бөліп орналастырған.

Солар қазір қайда?

Сол көрмелерге қойылған
ең қымбат бағалы сәукеле, көптеген зергерлік бұйымдар, «Алтынмен аптап,
күміспен күптеп» жасаттырған таңғажайып киіз үй 1878 жылы болып өткен
халықаралық этнографиялық конгрестің көрмесін ажарландыру үшін Парижге
жіберілген. Оның содан кейінгі тағдырын енді ешқашан біле алмаймыз.

Қазақтың байлыққа
бөккен дархан даласын төрт құбыласынан тұйықтап билеп-төстеуге құныққан Ресей
патшалығы әлгіндей көрмелерді өндірістік мақсатпен ұйымдастыратын болған. Сол
ыңғаймен қазақтың алтын қолды шеберлері жасаған көркем де көрікті бұйымдардың
түр-түрін қамтыған Бүкілресейлік өндірістік көрмелерді 1882 жылы Мәскеуде, 1888
жылы Екатеринбургте, 1890 жылы Ташкентте және сол жылы Қазан қаласында өткізген.

Патшалық құрсаудан
құтылған қазақ халқы жоғарыдағыдай қолданба-лы өнер көрмесін тұңғыш рет 1923
жылы Мәскеуде өткізді. Сол көрме барынша үлкен көрме болды. Содан кейін 1936
және 1958 жылы Мәскеуде болып өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасы
кезінде ұйымдастырыл-ды. Халқымыздың декоративті-қолданбалы өнер туындыларының
коллекциялары Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы мен
облыстық тарихи-өлкетану мұражайларында кездеседі. Ал ХVІ-ХVІІІ ғасырларда
жасалған қымбат бағалы ұлттық қолданбалы өнер туындылары-мыздың ең таңдаулылары
Эрмитажда, бұрынғы Кеңес Одағы халықтарының Мемлекеттік этнографиялық және
Антропологиялық-этнографиялық мұра-жайларында тіреліп тұр. Олардың ендігі
тағдырының қалай боларын кім білген… Тарих толқынында талай зобалаңды көріп
азапқа түскен қазақтың басы қайда қалмаған, байлығы қайда шашылмаған.
Қолданбалы өнеріміздің жекелеген бағалы жәдігерлері Мәскеудегі Мемлекеттік
тарих және Шығыс халықтарының мемлекеттік мұражайларында да, Омбы, Қазан,
Ташкент, Нөкіс қалаларының мұражайларында да тұр. Үнсіз тұр…

ІІ.

Әлбетте, шығу тегі мен
жарық дүниеде пайда болу өрістері сонау антикалық дәуірден басталған қазақтың
қолданбалы өнер туындылары біздің заманға түгел жеткен жоқ. Жалғыз бізде ме,
барлық халықтарда солай – көненің көзіндей болып кейбір жәдігерлері ғана
жеткен. Оны да археолог-тарихшылар дүниенің ой-шұқырын кезіп жүріп тапқан. Бұл
ыңғайда біз ғылым жолында жүйкесін жеп, көз майын тауысқан жер-дүние
ғұламаларына қарыздармыз. Алда қашан, атам замандарда жер астына көміліп,
көзден таса, көңілден ада болған ұлттық қолданбалы өнеріміздің туындыларын
тірілтіп, жаһанға жайып салған олардың еңбектеріне баға жетпейді. 

Өзімізде қазақтың
ұлттық этнографиясын танудың көш басында Шо-қан Уәлиханов тұр. Советтік дәуірде
бұл саланың жылдар бойы түрілмей келген түндігін бірінші ашқан деп ғұлама ғалым
Ә.Х. Марғұланды айтамыз. Бұл ыңғайда Әлкей Хақанұлын қазақ антропологиялық-этнографиялық
ғылы-мының атасы деуімізге болады. Оның Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегі
орасан. Сол еңбектерінің сүбелі бір саласы – қазақтың қолданбалы өнерін
зерттеген дүние жүзі ғалымдарының еңбектерін іздеп тауып, бір ізге түсіріп
жүйелеп, ғылыми айналымға қосуы. 

Бәрімізге белгілі,
халық өнері ешкімге еншіленбейді деген жазылмаған заң сияқты бір қағида бар.
Солай десек те, өнерді жасайтын әуелі жеке тұлғалар ғой, сонан кейін ғана халық
пен мемлекет меншігіне айналады. Әлкей Хақанұлы қазақтың ұлттық қолданбалы өнер
туындыларын түгендеумен бірге, оларды жасаушыларды да өнер тарихының төріне
шығарды. Соның нәтижесінде халық қолөнерін байытқан бірқатар дарынды шеберлер
есімін білетін болдық. ХVІІІ ғасырдың халық жадында жатталып қалған атақты шебері
Болан (Баянауылдан) және оның шәкірттері Күнбас, Ыбырай, Әбдірахман да аса
дарынды болыпты. Сол Боланның көркем өнерді дамыту дәстүрін келесі ХІХ ғасырда
айтулы шебер, баянауылдық Құлмағамбет Байбақыұлы жалғастырған. 1868 жылы
Омбыда, 1876 жылы Петербургте өткен көрмелерге шақырылып қатысқан.

Ақмешітте зергер
Қарамырзаның, Жаңақорғанда Алданазардың шебер-ханалары болған. Сырдариялық
шебер Жолтайдың ұсталық, зергерлік құралдары мен қалыптары баласы Палжігіт
Берсүгіровке ауысқан. ХІХ ғасырда өмір сүрген шебер Ысқақтың қолөнері Шиелі
жеріне мәлім болған. Оның шәкірті Жүсіп ұста Танабаев (1904-1969) жеке
шеберхана ұстаған. Қарамырзаның шәкірті Қобан ұста Аманжолов (1897 жылғы)
Қызылорданың іргесінде зергерлік өнерімен өмір кешкен. Ұсталар мен зергерлердің
шеберханалары Арал, Түркістан өңірінде де аз болмаған. Айдар Мамыров,
Әбдірахман Дәулетов және басқа қолөнершілер сол шеберханалардың атын шығарды.
Олар үй жабдығына қажетті керуеттер, шкафтар, қобдишалар, жүкаяқтарды өрнектеп,
оюлап жасаған.

Өнертанушы В.Чепелев:
«Қазақтар тек ою-өрнек әлемінде өмір сүретін секілді» деп бекер жазбаған.
Қазақта дүние-мүлік, киім-кешек, қару-жарақ, ыдыс-аяқ… бәрі де ою-өрнекпен
безендірілген. Бұның бір ғана мысалы және жарқын айғағы – киізүй мен оның
жабдық-жасаулары. Алтын орда, ақорда, көк орда, ақшаңқан ақбоз үйлер қымбат әрі
сәнді-салтанатты болған. Себебі белгілі, ондай ордаларды беделділер, байлар
жасатқан. Ақысына шебердің алдына үйір-үйір жылқы салған немесе таза алтын мен
күмістен құйған тайтұяқтар берген. Ал бір алтын тайтұяқтың өзі шебердің бүкіл
ғұмырына жеткен. Сол тайтұяқтарды сомдап құятын да шебердің өзі еді…

ІІІ.

Жиырмасыншы ғасырдың
зобалаң-топалаңдары халқымызды қанша қыспаққа алса да, тобасынан жаңылыстыра
алмады. Өктем күш аштықпен күрес деп, соғыста жеңіс үшін деп бардың бәрін
тонады. Халық жиған-тергенін берді, бабалардан қалған рухани байлығы да талауға
түсті. ХІХ ғасырда толық кемеліне келіп дамыған қолданбалы өнерінің жәдігерлері
кім көрінген әупірімнің қолында кетті. Бүгінгі бізге тек жұрнағы ғана қалыпты.
Сол жұрнақтарының өзіне таң қалып таңдай қағып жүрміз.

Өнер атаулы
қамқорлықсыз дами алмайды. Осыны ойластырған Совет Одағының үкіметі халықтың
көркем өнер кәсібін дамыту орайында әлде неше рет қаулы қабылдап (1966, 1968,
1986-жылдары), пәрмен берді. Соған байланыс­ты халықтың күнделікті тұтыну
заттарын молайту, ұлттық ерекшеліктерді ескеру, ағаш, тас, керамика, түсті
металл түрлерін көркемдеп өңдеп ұқсату күн тәртібінен түскен жоқ еді. Сондай
игі шаралардың дүмпуімен Алматыда «Сувенир», «Түскиіз» фабрикалары,
«Эксперименттік көркем керамика» зауыты ірге көтеріп, өндірістік бағытта дамыды.

Бұл орайдағы міндеттер
жергілікті жерлерде облыстық, қалалық, аудандық тұрмыс қажетін өтеу
комбинаттарына жүктелді. Республика орталығында ұлттық қолданбалы өнердің қыр-сырын
зерттеу үйлестірілді, ал жергілікті комбинаттар мен ательелерде, цехтарда
адамға қандай киімдер қажет болса, соның бәрін тігу, жеке және ұжымдық
тапсырыстарды орындау жүзеге асты. Кілемдердің түр-түрін тоқу жаппай үрдіс
алды. Кооперативтік сауда жүйесінде де халықтық өнер жәдігерлері сатылатын
болды. Жалпы ұлттық қолданбалы өнерді дамыту өндірістік ырғаққа толассыз көшті.
Республиканың кейбір қадау-қадау мектептерінде, пионер үйлерінде қолдан-балы
өнер үйірмелері ұйымдастырылды. Үйірмелерге қатысқандар арасынан кейін халық
шеберлері шықты.

Сондай үйірмелер
уақытында Қызылорда облысының мектептерінде де болды. Айталық, оқушыларды
халықтың қолданбалы өнерінің тағылымына баулуда бұрынғы Тереңөзек ауданына
қарасты болған № 135 орта мектеп республикаға белгілі болды. Ондағы үйірмені
туасы шебер Жәнібек Асанұлы Махамбетов басқарды. Үйірменің 30 мүшесінің балғын
қолдарынан шыққан түрлі мүсіндер кезінде қолөнер шеберлерінің облыстық
семинар-кеңесінде көрсетілді. 

Жәнібек ауданның
мұражайын толықтыруға да, келістіріп безендіруге де еңбек сіңірген шебер. Ауыл
тұрғыны Ахметбек ақсақалдың үйінен Абайдың асадалының /шкаф/ табылуы ауданның
мәдени өмірінде сенсациялық оқиға болды. Өмірден өткен айтулы қолөнер шебері
Марқа Қобыландиннің өзі жасап еңбек ері Керейтбаев Дүйсенбайға тарту еткен
сырлы сандық пен Абайдың асадалысы аудан музейінің төрінде тұр.

* * * 

Қазақтың қолданбалы
өнеріндегі ірі өкілдерінің бірі – Арал қаласында тұратын Құдайберген
Құлмамбетов. Бұл өнер Құдайбергенге әкесі Тағжан ұстадан дарыған. Құлмамбет
баласы Тағжан заманында аржағы Шалқар, бержағы Қазалының  халқына атағы
шыққан айтулы ұста болған. Ел іші «батыр Тағжан», «ұста Тағжан» дейді екен.
Кіші жүз еліне белгілі Жанқожа, Арал, Ақтан батырлармен замандас болған
Тағжанның туған нағашысы Ізбасқан ұста оларға арнап сауыт-сайман, қару-жарақ
жасап берді. Ал Тағжан ұста кішкентайынан сол Ізбасқан нағашысының тәрбиесінде
болып, өнердің қыр-сырын біліп өскен.

Құдайбергеннің тағдыр
жолы тегіс болған жоқ. Үш жасында анасы Қалмағамбетқызы Сәпимадан, кейін өсе
келе әкесінен айрылған ол өмірдің ауыр жүгін бір азаматтый арқалап келеді. Қиын
кезде Құдайбергенге Тағжанның тұрмыстағы кіші қызы Қанзипа қамқор болады, ал
өзі апасына қолғанат болып ержетеді. Тағдыр біреуге дархан, біреуге сараң ғой.
Құдайберген әкесінің жан дегенде жалғыз ұлы еді.

Арал ауданы елінде қыз
баланы ұзатарда киімдерін салатын жүкаяғы-мен сандық жасау басты мүлік болатын.
Бұл дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Құдайбергеннің айтуында сандық
пен жүкаяқтың бетіне ою-өрнектерді салу үшін Тағжан ұста темірді әуелі отқа
жасытып алады екен. Сосын оны әртүрлі пішінге келтіріп алу үшін қайтадан отқа
салып суарғасын сыңарөкше, түйетабан, құсқанат, күмбез, айшық, жыланба-уыр,
қосжүрек… сынды отызға тарта таңба, ою-өрнек түсіретін, − дейді. Зергер ұста
осы өнерін баласына үйреткен. Құдайберген ол кезде «мұрнының құрты түспеген»
шикі болса да үйреніп алған. Бұл күнде ол осы ою-өрнек, таңбаларды орнымен
қиюластыра жымдастырып ақ қаңылтырдың бетіне түсірудің, сосын оны сандық пен
жұкаяқтың бетіне жабыстырудың айтулы шебері. Ілгеріде оған Қанзипа апасы сол
ою-өрнектерді түрлі-түсті бояулармен сәнін келтіре айшықтап, ажарын ашып
көмектескен.

Құдайбергеннің қолынан
көзқұрты болып шыққан ұлттық нақыштағы бұйым­дарын Атырау, Ақтөбе, Қызыл­орда,
Қазалы мұражайларына арнайы алдырған. Шебердің бай тәжірибесі мен өнерін
халыққа жеткізу мақсатында облыстық телевидение «Көненің көзіндей – асылдың
өзіндей» деген теле-очерк түсірді. «Алтын қорда» сақтаулы. Астана, Алматы,
Қызылорда қаласында және Қорқыт Ата кесенесінің басында көне үрдіспен көрік
басып, ұсталық өнердің қыр-сырын көпшілікке көрсетті.

Өнерлі, өнегелі жолды
кие тұтқан Құдайберген әрі ұста, әрі зергер, әрі суретші. Түрлі шаруашылыққа
қолданылатын құрал-саймандармен бірге қыз-келіншектерге арнап алқа, сәукеле,
сақина, құсмұрын жүзік, қапсырма, білезік, қарсы ілгек, шашбау, тұмарша, сырға,
белдік, түрлі сувенирлер; ерлерге арнап сүйекпен өрнектелген домбыра, дегмент
белбеу, шақша, кәдесый ретінде қылыш, қанжар, тағы басқасын да жасай береді.
Бабалар мен аталар жасаған жәдігерлердің уақыт өте келе тозығы жеткен. Соны
ескерген Құдайберген ондай өңдеуге келмейтін бұйымдарды балқытып, иесінің
сұранысы бойынша қайтадан жасап береді екен. Жасау тәсілдерін де айтты: көне
үрдіспен құйма құяды, қақтайды, шекиді, бұрама, сіркелеу, сым-кәптеу, оймыштау,
көзтана, қаралау, бұлау және көпшілік біле бермейтін басқа да тәсілдерді
қолданады. Мұның атын шыңдалған, кемелденген шеберлік дейді.

* * * 

Тұңғыш ғарышкеріміз,
Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылына келген
сапарында Жәнібек жасаған қобызға қызыққаны сондай, жас баладай қуанып:
«Осындай кереметті жасаған азаматқа мың алғыс!» деп бір марқайса, «Азияда –
2011» ойындарына келген шетелдіктер Зылиха Календарованың шиге тоқыған
ою-өрнекті қолтумаларын қызығып тамашалады. 

Ал далада жел соқса,
бас шұлғып ызыңдап тұратын жабайы шиге бояуы әбден қанықтырылған түрлі-түсті
жіптен ою-өрнек салып тоқу бейнетпен ғана ойға келетін өте қиын өнер. Бір
сөзбен айтқанда, жүйкеге тиетін көк бейнет. Зылиханың сондай бейнетке толы
өнерінің бағын ашып, әлем көзіне әйгілеген «Мәдени мұра» бағдарламасы.
Қолданбалы өнер Зылиха үшін тек кейінгі он бес жылда ғана нағыз шығармашылық
кәсіпке айналды. Шеберлігіне ешкім мін таға алмайды, тек сүйсінеді, қызығады.
Өзі тігінші, өзі дизайнер, өзі қолданбалы өнер шебері Зылиха Амануллақызы:
«Шиден келістіріп ою-өрнекті тұс «кілем» тоқып шығарған баяғы шеберлерден
бүгінде ешкім қалмады деуге болады. Олардың өнегелі өнерін игеріп қалғандар да
жоқ есебі. Менің ойым да, арманым да қыз-келіншектерді осы өнерге баулып
тәрбиелегім келеді. Ол үшін маған жағдай жасайтын көмек керек. Мәселенің осы
кілтипаны қолбайлау болып тұр…» деген еді.

Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі Әшім Молдақараев: «Ауылда туып, ауылда тұрып жатқан қолөнер
шеберлеріне толыққанды жағдай жасау-дың кезеңі қоңыраулатып тұр. «Мәдени мұра»
бағдарламасы дегеніміз – сол» деп мәселенің күре тамырын дөп басқан. Бұл енді
жергілікті әкімдердің шалымдылығына, ұлт өнеріне деген көзқарасына және
патриоттық пейіліне байланысты мәселе. Ауыл, аудан, қала әкімдері басын
ауыртқысы келмесе, оларға мың ұсыныс айтқаныңызбен орындалмайды. Жоғарыдан
нұсқау болып көрме ұйымдастыру қажет бола қалған жағдайда ғана мәдениет
қызметкерлерін жан-жаққа жұмсап, бұрыннан бар қолданбалы өнер жәдігерлерін
жинатып, оны залға тездетіп орналастыртып әлек-шәлек болады да қалады. Ал
шеберлердің әлеуметтік жағдайы, қазақтың ұлттық қолөнер туындыларын дамыту,
ұрпақты осы өнерге баулу сол баяғы қазақы қалпымызбен кейінге ысырылумен
келеді. Бізде бұрыннан солай қалыптасқан. Егер «Мәдени мұра» бағдарламасы
болмаса, біз Зылиха мен басқа да есімдерді білер ме едік… 

Бір жағдай, ел ішінде
ұлттық өнердің жанашырлары көп те, сол өнерді жасайтын шеберлерді демеушілер
тым жоқ есебі. Қол қысқа, бола алмай жатырмыз. Болғандардың ұлттық өнермен, ұлт
намысымен, ұлт мерейімен шаруасы шамалы. Байып алса болды, басқаға мойын бұрмай
тек саясаттың жалына жармаса кететін болып алды. Біздің қоғамда осындай үрдіс
қалыптасып болды. Ұлт мәдениетінің көсегелі қайраткерлері Ілияс Омаров,
Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Иманғали Тасмағамбетовтың үлгі-өнегесі
байып алғандардың қаперінде жоқ… 

Осы ойымызды біз
бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Мысалы, біз білетін Құдайберген Тағжанұлының,
Пахраддин Садықовтың, Қарлығаш Ілиясованың, Гүлнар Тәжікқызының, Зылиха
Календарованың, Жәнібек Асанұлының және басқаларының қайсысында толымды жағдай
бар?!

Қызылорда қаласының №6
кәсіптік лицейінде 2011 жылы өткен көрме қорытындысында осы жағдаяттар айтылмай
қалған жоқ, айтылды. Қарлығаш Ілиясова лицейде қолөнерге қызығатын шәкірттердің
үйірмесін ашып, игі бастамасын ойына алған мақсатына жеткізген екен. Оның
талантты шәкірттері жоғары оқу орындары мен колледждерде шеберліктерін одан әрі
шыңдауда. Сол көрмеде Қарлығаштың қолданбалы бұйымдарына қызыққандар тарапынан:
«Жер-жерде ұлттық қолөнер бұйымдары сатылатын сауда орындары ашылса» деп ұсыныс
айтқандар да болды. Демек, қолөнер бұйымдары халыққа керек болғаны. Жер-жерде
демей-ақ қоялық, алдымен облыс, аудан орталықтарында бір-бірден сауда
нүктелерін аша алсақ та болар еді. 

Қарлығаш жасаған
сувенирлік бұйымдар Еуроазияны көктей өтіп Франция еліне де жетті. 

* * *

Жиырмасыншы ғасырдың
жетпісінші жылдарынан бастап бүкіл ел болып ғылыми-техникалық прогрестің
жетістіктеріне жетуге құлшынды. Халық дайынға ұмтылды. Ал зергер-ұсталар
қоғамның назарынан бірте-бірте ығысып көлеңкеде қала берді. /Сол кездегі алтын
қолды шеберлер қазіргі күні жарық жалғанда жоқ/. Халықтың әл-ауқаты жақсарған
сайын жеке кәсіпкерлік көпшілікті қызықтырмайтын жағдай қалыптасты.

Ол дәурен тарих көшімен
кетті. Ендігі заман басқа. Нарық экономика-сының ықпалымен кәсіпкерлердің күні
туды. Саусақтарынан шуақ шашырай-тын таланттар мен дарындар ақылмен іс қылса,
оларға қай тараптан болса да аялы қамқорлық болса, алынбайтын асу жоқ.
Кәсіпкерлерге бір Орталықтан үйлесімді басшылық керек. Халқымыздың қолданбалы
ұлттық өнерінің бағы сонда ғана ашыла бермек, жарқырай түспек. Олай болса,
ойымызды ұлы кемеңгер Абайдың отыз үшінші қара сөзімен аяқтасақ дейміз. «Егер
мал керек болса, қолөнер үйренбек болар. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. …Адал
еңбегін сатқан қолөнерші – қазақтың әулиесі сол».

Данышпанның айтуы-ай…

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,

Қазақстан
Республикасының 

мәдениет қайраткері

Қызылорда қаласы 

Серіктес жаңалықтары