315
«Ақбұлақтан» да үміт жоқ па? Келешекте...
«Ақбұлақтан» да үміт жоқ па? Келешекте...
Өркениетті
қоғамда өмір сүрсек те, әлі күнге тіршілік көзіне қолы жетпей отырған елді
мекендер бар. Бұл бағытта елімізде «Ауыз су», «Ақбұлақ» мемлекеттік
бағдарламалары қабылданып, миллиардтаған қаржы бөлініп жатқаны белгілі. Алайда,
халық үміт күткен бағдарламаның соңы сиырқұйымшақтанып кеткен сияқты.
Үкімет 2020 жылға дейін
жалғасатын жаңа «Ақбұлақ» бағдарламасын қабылдап, аты жақсы болмаған «Ауыз
судың» кебін кимеуге тырысып бақса да, оның орындалуы көңіл көншітпейді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, бағдарлама 2020 жылға қарай ауылдық жерлердің
80 пайызын, қалалық жерлердің 100 пайызын орталықтандырылған сумен
қамтамасыз ету керек. «Ақбұлақ» бағдарламасына жалпы сомасы 1,3 триллион теңге
қарастырылса, оның 1,2 триллионы республика қазынасынан, ал 109 миллиарды
жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылмақ. Биыл бағдарлама бойынша су тарату
нысандарын қалпына келтіруге 1,3 млрд. теңге қаражат көзделсе, өткен жылы 3,8
млрд. теңге бөлінген. Оның 400 млн.-ға жуығы облыстық бюджеттен қарастырылған
болатын.
Жақында үкіметтік емес
ұйымдар тұрғындардың тұрмысына тікелей байланысты осындай бағдарламаларға
қоғамдық бақылау қажет деген бастама көтеріп, осы мақсатта «Ангел» қоғамдық
бірлестігі «Ауылдық жерлерді ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерге
қоғамдық бақылау жүргізу тетіктерін енгізу» деген жобаны қолға алған еді.
Қоғамдық бірлестік 2012 жылдың сәуір айынан Ақмола және Шығыс Қазақстан
облыстарында қоғамдық мониторинг жүргізген. Себебі, дәл осы облыстарда ауызсу
мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Тұрғындар бағдарламаның жүзеге асырылуы
турасындағы сауалнамаға арыз-шағым, ұсыныстарын «жедел желі» арқылы білдіру
нәтижесінде жергілікті жерлерде орын алған бірқатар заңбұзушылықтар
анықталған. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы Абай
ықшамауданының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 350 су тұтынушыға
арналып қазынадан 52 миллион теңге бөлінген екен. Алайда, бұл ықшамауданда
бар-жоғы 100-ге тарта үй бар болып шыққан. Ал 250 үй әлі салынбаған, тіпті
оларды салу Глубокое ауданының таяу онжылдыққа арналған құрылыс жоспарында да
жоқ екен.
«Ақмола және Шығыс
Қазақстан облыстарына «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 2,9 миллиард теңге
бөлінген. Мониторингке алынған 4 нысанның біреуі іске қосылған. Халық сапалы
ауызсуды тағатсыздана күтуде. Жаңа жобада қоғамдық суағарлар қарастырылмаған.
Сонда суды үйіне кіргізіп алуға шамасы жетпейтіндер оны қайдан алады? Одан
кейін судың ай сайынғы құны да, үйге су келіп тұрғанымен, канализациялық
жүйенің жоқтығы да алаңдатады. Меніңше, азаматтар нысанның жобалауынан бастап,
іске қосылуына дейінгі барлық кезеңде қоғамдық бақылауға қатысуы қажет», –
деген еді «Ангел» қоғамдық бірлестігінің директоры Людмила Петрова.
Ал «Мемлекеттік қаржы
ашықтығы» бағдарламасының директоры Жәнібек Хасан: «Қоғамдық түрде бақылау
болып тұрса, нақты аудан мен ауылға бөлінген қаржының барынша тиімді игерілуіне
жағдай жасайды. Осы аудандардың мысалында жинақталған тәжірибе мен бақылау
тетіктерін еліміздің басқа да облыстарында табысты қолдануға болады», – дейді.
Міне, бағдарламадағы
олқылықтарға көз жеткізген Премьер-министр Серік Ахметов мырза сейсенбіде
өткен селекторлық отырыста өзекті екі мәселе жайын жан-жақты талқыға салды.
Оның бірі – пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шарасы мен
«Ақбұлақ» бағдарламасының орындалу барысы. Бірінші мәселе бойынша Өңірлік даму
министрі Болат Жәмішев: «Елімізде түгендеуге жатқызылған 90,0 млн. гектар ауыл
шаруашылығы алқаптарының 30,6 млн. гектарына түгендеу шарасы жүргізілді. Былтыр
7004 шаруашылық субъектілерінде 3100,6 мың гектар пайдаланылмаған жер
анықталып, оның 400 мың гектары егістік екені нақтыланса, биыл бұл жұмыс одан
әрі өрістеді. Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде пайдаланылмай жатқан жер
учаскелерінің иелері анықталып, әкімшілік жазаға тартылды. Жалпы, сомасы 4
170,8 мың теңгенің айыппұлы салынды», – деді министр.
Сонымен, 2013 жылы қосымша
түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 8,8 мың пайдаланылмаған жер телімдері
анықталған. Жоспар бойынша барлық жұмыс кешенін толық аяқтауға 53 әкімшілік
аудан мен 6 қала және 80 ауылдық округ қамтылған. Жыл соңына дейін түгендеу
шарасы қорытындыланып, заңмен белгіленген тәртіпте тиісті шаралар келесі жылы
қабылданбақ. Тапсырмасын лайықты орындамағаны үшін жер инспекцияларының лауазымды
тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Министрдің айтып өткеніндей,
жеке тұрғын үй құрылысына берілген жер телімдерін түгендеу жұмыстары жалғасып
жатыр. Мұнда жер телімдерін пайдаланбағаны үшін 1235 жеке тұлға жалпы сомасы
81,6 млн. теңге айыппұл төлеген.
Жер телімдерін түгендеу
тақырыбы бойынша Ақмола облысының әкімі Қ.Айтмұхаметов пен Оңтүстік Қазақстан
облысының әкімі А.Мырзахметов сөз сөйледі. Олар өз өңірлеріндегі салаға қатысты
мәселелерді ортаға салды. Аталған мәселеге байланысты талқылауды
қорытындылаған Үкімет басшысы жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарында
белсенділікті барынша арттыру қажет екенін тағы бір еске салды. Қайтарылған
жерлер – экономикамыздың қосымша резерві екендігін атап көрсеткен С.Ахметов
салаға қатысты заңға толықтырулар мен түзетулер енгізгенде жерді пайдалануға
берудің және қайтарып алу мен бақылауда ұстаудың тетіктерін жетілдіру
керектігін де шегелеп өтті.
Мұнымен қоса, үкімет
отырысында 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру
мәселесі де кеңінен сөз болды. Оны жүзеге асыру барысы туралы Өңірлік даму
министрі Б.Жәмішев, Қоршаған орта және су ресурстары министрі Н.Қаппаров
баяндама жасады. Сонымен қатар, Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасов пен
Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетовтің жұмыстары тыңдалды. Алайда, сөз бен
істің алшақтығы басым екені айдан анық.
«Бүгінде Елбасының тапсырмасымен
су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу аяқталып келеді.
Онда 2020 жылға дейін халықты ауызсумен қамтамасыз етуді шешудің жолдары
қарастырылған», – деген С.Ахметов бағдарламаны орындау кезінде бюджет қаражатын
ұрлау және мемлекеттік сатып алу процедураларын бұзу секілді келеңсіздіктердің
орын алғандығын атап өтті. Жергілікті атқарушы және құзыретті органдар
тарапынан құрылысты жүргізу мен бюджеттік қаражаттың жұмсалуына лайықты
бақылаудың болмай отырғандығын айта келе, аталған мәселе бойынша, тиісті
органдарға бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ, ол Өңірлік даму, Қоршаған орта
және су ресурстары, Индустрия министрліктеріне бағдарламаны жүзеге асыру
барысын, ал облыс әкімдеріне сумен жабдықтауды және су бұру нысандарын жобалауды
міндеттеп, қаражаттың игерілмеуіне жол берген шенеуніктердің мәселесін қатаң
қарауды шегелеп айтты. Себебі, қазір Бас прокуратура шалғайдағы елді мекендерді
сумен қамтуға жұмсалуы тиіс қаржыны талан-таражға салды деген күдікпен 26
шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғаған. Басы үлкен дауға қалғалы тұрған
бағдарламадан шашау шығармау ісі бұдан былай жаңадан тағайындалған Өңірлік даму
министрі Болат Жәмішевке жүктеліп отыр.
Динара Мыңжасарқызы